«ТАС» ТАУСЫЛДЫ МА?

Сонымен көпті күпті қылған мәселе шешілді: Иманғали Тасмағамбетов ақыры пенсияға кетті. Жөпелдеме жазбада не айтамыз: Назарбаевтың оқшантайындағы «ескі гвардияның» жалғыз жолбарысы саяси элитадағы карьерасын тауысты.

Бірақ бұл «Тас» (саяси истеблишменттегі Тасмағамбетовтың атауы) таусылды деген сөз емес: саяси биліктегі жолы түгесілсе де, саясаттағы қызметі таусыла қойған жоқ. Керісінше, «Тастың» алысқа атары енді басталатын сыңайлы. Пенсияға пара-пар келген пайғамбар жасын қажылықта қарсы алғаны тегін емес: «кітапханаға» кіріптарлықтан құтылудың алғашқы сигналы осы болса керек. Осымен оның діндегі емес, ділдегі қызметі қаулап кетуі мүмкін деген болжам бар.

Екіншіден, бізге жеткен инсайдерлік ақпараттың айтуына қарағанда, Ақорданың маңынан Иманғали мырзаға қызмет ұсынылған, бірақ таңдауы тастай «Тас» одан бас тартқан көрінеді. Бәлкім, ол ұсыныстың ұсқынын өзіне шақ көрмеген, әлде осымен «болдым, тойдым» деген шығар.

«Тойғанын» кім білсін, ал болғаны – жалған. Себебі кіндігі билікпен бітісіп кеткен, реті келсе, президенттік таққа таласы бар тұлғаның «болдым» деуі мүмкін емес. Оның үстіне президент болатын «уақытын жеп қойған» Назарбаевқа деген ішкі наразылығы бұрқ-сарқ қайнап жүрген жігіттің 63-те аптығы басылды деудің реті жоқ. Бұл – оның таласқа түсер нағыз жасы. Сексендегі Назарбаевпен салыстырсақ, «Тастың» тас-түйін 15 жыл «запасы» бар. Ендеше биліктің барлық биігінде табанының табы қалған ол неге «болуы» керек?

Айтпақшы, «салыстыру» дегеннен шығады: келер жылы 70-ке жететін Ахметжан Есімов «Самұрықта» «самруктың» (сам руководитель) мүддесін бағып отырса, 60-тың алқымына жетпеген «Тас» неге тайсақтауы тиіс? Сондықтан Имаштың (достары осылай атайды) именетін жөні жоқ.

Бұл, әрине, біздің ой. Оның ойы қандай екені белгісіз. Бірақ қалай болғанда да, тастай «Тастың» пенсияға кетуі – қытымырға қарсылықтың бастауы болады деген болжам бар. Әлбетте, өзін «өнім» атаған адам авторынан асып кетпесі анық. Бірақ атақ-абыройы «Шаңырақ шатағымен» шайқалса да, «қарғайын десем – жалғызымның» керіне дес бергің келеді…

Сондықтан «Тас» таусылды деудің реті жоқ: атары да, оның айтары да – алда. Мінезі мұқалмаса, майлы жіліктің басын ұстап үйренген адамның асыл арманынан айнып қалуы мүмкін емес. Тек ол арман Шаңырақта «шықпа жаным – шықпа» деп отырғандарға оңтайлы болса – болғаны. Басқадайда – оның арманы әдірам қалады…

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн