«Торгаштардан» ТҮК ШЫҚПАЙДЫ!

Менің байқағаным – «торгаштардың» тұқымынан ешқашан мемлекетшіл тұлға шықпайды екен. Олар əртүрлі шетелдік экспансиялық, диверсиялық жобалардан делдал болып, үлес алып, ақша табу үшін үнемі мемлекет мүддесіне қарсы əрекет етеді.

Ал жемқорлардың жиылып партия құра алмайтын себебі – олар мемлекет бюджетін тонап байығандар, яғни шенеунік тонын жамылып алып, мемлекет қазынасын тонаған қарақшылар. Қарақшыда мемлекеттік, ұлттық сана болмайды. Олар ешқашан мемлекеттік сана биігіне көтеріле алмайды.

Ал оппозициялық партияның дені мемлекетшіл тұлғалардан, ұлттық буржуазия алпауыттарынан жасақталуы тиіс. Кезінде Назарбаев Бутя (Болат Әбілов – Ред.) бастаған келешек ұлттық буржуазия олигархтарының көрін өз қолымен қазды. «Карметкомбинатты» Бутядан тартып алып, Үндістан еврейі Лакшми Митталға су тегінге бере салғаны есіңізде шығар. Президент егер жөргегінде тұншықтырмағанда – жер асты байлығы мол мемлекетте ұлттық буржуазия аз уақытта есепсіз байып, өзінің билігіне ие бермей кететінін бірден сезді. Сезді де – ұлттық буржуазияны құрдымға жіберді.

Сөйтті де, маңайына саудагерлердің тұқымы – өңшең жемқорларды жиып алып, өзінің отыз жылдық билігін қамтамасыз етті. Ал ұлттық буржуазия болса – қазақта əлі жоқ. Қазақ ұлттық буржуазиясы жоқтығының сазайын əлі талай заман тартатын болады. Себебі ұлттық буржуазиясы жоқ елге көрінген трансконтинентальды компаниялар, Қытай сияқты аждаһа мемлекеттер қожа болып алады. Алды да!

Қазіргі қазақ билігінде Қонаев заманынан келе жатқан «торгаштардың» тұқымдары өте көп! Олар ақша үшін шетелдік компаниялардың ықпалына тез түседі, сөйтіп мемлекет мүддесін арсыздықпен сатып жіберіп жатыр. Соның бір айғағы Лондонға жиылған, ел тонап, есепсіз байыған қашқын қарақшылар құрылғалы жатқан жалғыз оппозициялық партияны (ЖСДП – Ред.) сатып жіберді. Егер ұлттық буржуазия болғанда, қазақ қоғамындағы қазіргі ситуация мүлде басқаша сипатта өрбір еді. Мен саясаттың сасық ауылында шошайып жалғыз қалған Ермұрат Бапи ағамды түсінемін, бірақ амал нешік, ұлттық буржуазиясы, мемлекетшіл тұлғалары жоқ елдің саяси өмірінің сиқы осылай болып қала бермек.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн