Шағымшы не дейді?

Бауыржан Байбек:

ЖАСЫРАТЫН ЕШТЕҢЕМ ЖОҚ

  • «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамайды сотқа беретінін Тәңірберген Бердіоңғаровқа берген сұхбатында ресми түрде мәлімдеді.

«Әрбір адамның өз аты мен ар-ожданын қорғауға конституциялық құқы бар. Қазір мен мемлекеттік қызметші емеспін және айыптауларға жауап бермесем де болар еді. Бірақ ең алдымен мен заңды құрметтейтін Қазақстан азаматымын және қарапайым адам ретінде маған өз атым қымбат. БАҚ-тағы жарияланымдарды анам мен жақындарым оқиды, сол себепті БАҚ арқылы өз шындығымды айтуға тура келді», – деді ол.

Бауыржан Байбек партия жарғысы, партия мүшесінің этика кодексіне сай әрекет ететінін және сотта Мамайдан нақты құжат жүзінде дәлелдер күтетінін айтты.

«Менің жасыратын ештеңем жоқ. Меніңше, әрбір адам ресми түрде мәлімдеме жасап, оны видео ретінде таратпас бұрын, демократия дегеніміздің жауапкершілік екенін түсінуі тиіс. Мен мұндай әрекетке болашақта Мамай сындылар ешқандай кінәсі жоқ адамдарды айыптамас үшін барып отырмын. Елбасы әрдайым «ар-ұятың таза болып, өзіңе сенімді болсаң, бар да, әділ сот арқылы қорға» дейтін. Қазір сот отырыстарының бәрі онлайн және ашық түрде өтіп жатыр. Айыптаушы сотқа қандай да бір құжаттарын алып келіп көрсетеді деген үміттемін», – деді Бауыржан Байбек.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын YouTube желісінде Жанболат Мамайдың «Бауыржан Байбек: коррупционная бизнес-империя сына одноклассника Назарбаева» деген атаумен видеосы жарияланды.

Saigez.kz

  • «Байбек Алматыда әкім болып тұрғанда, әл-Фараби даңғылындағы өте қымбат «Есентай Апартментс» деген тұрғын үй кешенінде тұрды дейді. Бір ғана емес, бірнеше пәтері болды дегенді де айтады. Ал енді бұл мультимиллионерлер тұратын аса қымбат тұрғын үй кешені емес пе? Әкімнің айлығымен ол қалай бұл жерде өмір сүре алады?

Инга ИМАНБАЙ:

БАЙБЕКПЕН ЕМЕС, назарбаевтық жүйемен шайқасатын СОТҚА БАРАМЫЗ!

  • Қазақстанда саяси партиялар жетекшілері арасында соттасу жағдайы бұрын-соңды болмаған еді. Енді, міне, елдегі биліктік «Нұр Отан» партиясы төрағасының (Нұрсұлтан Назарбаев) бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің ар-ожданын сот арқылы қорғау мақсатымен тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайды сотқа берді. Байбектің талап арызы бойынша, сотта жауап беруші екінші тұлға – Жанболаттың жары Инга Иманбай.

Бүкіл елді билеген назарбаевтық «Нұр Отанның» жетекшісі желеу еткен азаматтық шағым әлеуметтік желі қолданушылары мен қоғамның қызу талқысына түсті. Осыған орай біз танымал тәуелсіз журналист, құқық қорғаушы, аталған бейнефильмнің бір авторы Инга Иманбайды «ДАТ» айдары аясында сұхбатқа шақырып, сотта жауап беруші тараптың ой-тұжырымын білген едік.

– Сонымен, Инга бике, Жанболат екеуіңізді Бауыржан Байбек сотқа бергенде, қандай қылы қисайып қалыпты? Шат-шәлекейі шыққан шағымында не дейді?

– Байбек өзін сүттен ақ, судан таза, ел қамы үшін қызмет істеп жүрген азамат ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ ондай азамат қайда, Байбектің жемқор, ұры емес екеніне кім сенеді?

Өзінің арыз шағымында ол деректі фильмде көрсетілген фактілердің барлығына қатысты емес, тек ішінен жинап-тернеп, бірқатарына ғана шүйлігіпті. Мысалы, оның Ахметовтердің отбасымен қандай бизнес байланысы бар? Бауыржанның әкесі мен ағайынды Ахметовтердің ортақ кәсібі туралы біз ашық айттық. Бұл туралы Байбек жұмған аузын ашпайды. Оның әпкесінің бизнесі, әйелінің, туысқандарының кәсібі туралы бір сөз айтпайды. Тек қана ашық ақпарат көздерінен алынған деректерді жоққа шығаруды талап етіп отыр.

– Демек?..

– Демек, Байбек бұл фильмде көрсетілген деректерді жалпы мойындап отыр деген сөз ғой. Тек сөз арасында бірқатар мәліметтерді жоққа шығарамын деп, бұлқан-талқан болуда. Оның айтатыны: Алматыда жерді ешкімге заңсыз үлестірген жоқпын, жемқор емеспін, ешқандай топ құрып, елдің қазынасын тонамадым дейді.

Ал енді Байбек судан таза, сүттен ақ дегенге кім сенеді? Бізге қазір біршама мәліметтерді келтіріп жатыр. Мысалы, Байбек Алматыда әкім болып тұрғанда, әл-Фараби даңғылындағы өте қымбат «Есентай Апартментс» деген тұрғын үй кешенінде тұрды дейді. Бір ғана емес, бірнеше пәтері болды дегенді де айтады. Ал енді бұл мультимиллионерлер тұратын аса қымбат тұрғын үй кешені емес пе? Әкімнің айлығымен ол қалай бұл жерде өмір сүре алады? Оның отбасы мүшелерінде қалайша кәсіпорындар мен компаниялар пайда болды? Осы сұрақтың бірде-біреуіне Байбек жауап бере алмайды.

Жалпы, бұл фильмнің туу тарихы қалай болды? Оның басты кейіпкері неге Байбек? Неге басқа емес?

– Қазіргі заманның талабы, журналистика мен күрестің ұштасқан жері – зерттеу журналистикасы болып тұр. Көрші елдегі Кремльдің басты қарсыласы Навальный мен оның командасы да дәл осы іспен айналысты. Біз де кәсіби журналист санатында күрестің жаңа бір сатысы ретінде осындай зерттеулер бастадық. Және Байбек бірінші кейіпкер емес. Осыған дейін біздің «Демократиялы Қазақстан» арнасында 10 қаңтар күні заңсыз парламентте депутат атанған партиялар мен депутаттар туралы бірнеше зерттеуіміз шықты. Қазір өздерін «Халықтық партия» деп атайтын коммунистер туралы, өздерін «парламенттік оппозиция» көрсеткісі келетін Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясының депутаттары туралы, парламенттегі «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин туралы, Астана әкімі Алтай Көлгінов туралы, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев туралы зерттеулер шықты. Бауыржан Байбек жайындағы зерттеу де солардың қатарында.

– Сонда бұл журналистік зерттеулердің жалғасы болады ғой?

– Әлбетте! Жалпы, бұл істі біз енді ғана қолға алдық, сондықтан Байбек бірінші емес және соңғы да емес. Халықтың көзін ашып, барлық жемқорлар туралы осындай зерттеу жасау жоспарымызда бар. Байбек туралы мәліметтерді біз ашық ақпарат көздерінен және мемлекеттік органдардың сайттарынан таптық. Мысалы, Бауыржанның әпкесіне тиесілі мекеме «Дос-Мұқасан» ансамблі жайында фильм түсіремін деп, осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттен 154 миллион теңге алған. Ол фильмді 2020 жылдың аяғында тапсыруы тиіс болатын. Біз осы мәліметті тексердік: келісімшарт жасалған, бірақ фильм жоқ.

Сол сияқты Байбектің туыстары мемлекеттік органдармен, министрліктермен жасасқан толып жатқан келісімшарттарын тауып, жұртшылыққа көрсеттік. Міне, осы мәліметтердің барлығы ашық жарияланды.

Біз бұл зерттеуімізді тоқтатпаймыз. Жұмыс жалғаса береді. Жақында Медеу аудандық сотына байланысты үлкен дау шықты. Ал біз дәл қазір ұзақ жылдар бойы сотты басқарып, Назарбаевтың жанында жүрген бір дөкей туралы мәліметтерді жинастыру үстіндеміз. Ол жайында да фильм дайындап жатырмыз.

– Ол «дөкейдің» аты-жөні кім?

– Кешірерсіз, Байбектің шағымына жақтас болмас үшін, қазақстандық соттарға ықпалы күшті ол «дөкейді» мен әзірге атай алмаймын.

– Ал «Дайрабайдың көк сиыры» сияқты дауға айналған ол фильмде Байбектің жемқорлық схемаларға қатысы турасында не айтылады?

– Ол, әрине, кәсіпорындар мен бизнесті өзінің атына тіркемеген. Бірақ оның әке-шешесінің, әпкесінің, әйелінің туысқандарының атында бірнеше мекеме бар. Ең басты бизнес серіктесі – қарағандылық ағайынды Ахметовтер. Олардың екеуі мемлекеттік қызметте болса (Байбектің қолдауымен келген деп топшылаймыз), қалған екеуі ондаған кәсіпорынның меншік иесі. Бұлардың әкесі де көптеген мекемеге қожалық етуде. Ал бұл Ахметовтер Байбектің әкесімен бизнес серіктес. Мысалы, дәл қазір «Рахат» базарының саудагерлері дау көтеріп жатыр. Себебі оның жаңа қожайыны – Ахметов базарды жауып тастамақ. Ал бұл базардың 1 гектар жерін Ахметовке берген кім? Сол кездегі Алматының әкімі Бауыржан Байбек.

Бұл жер не себепті берілді? Біз сотта осы сұрақты қоямыз: не дер екен, Байбектің уәжін тыңдағымыз келеді.

Одан бөлек бірнеше мысалды келтіруге болады. Алматыда Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысында «Баянауыл» деген базар болғаны белгілі. Сол базарды Байбек әкім болып тұрған тұста сүріп тастап, жерін мемлекет меншігіне өткізді. Бұл орынға мектеп пен балабақша салынады деді. Ал қазір кадастрлық мәліметтерді қарасақ, ол жерге мектеп те, балабақша да салынбаған, жеке меншікке өтіп кеткен. Осының бәрі Байбектің тұсында орын алып отыр. «Мектеп саламыз» деп, мемлекет меншігіне өткізіп, кейін орнына көпқабатты тұрғын үй кешенін салып жатқан көптеген мысалдар бар.

Мысалы, Әл-Фараби даңғылының бойындағы «Есентай Сити» деген зәулім үйлер мен кеңселер салынған жерді алыңыз. Байбек бұл жерде алма бағы болмаған дейді. 2017 жылғы басылымдарды оқып қарайық. Дәл осы жердегі алма бақтардың оталып жатқаны туралы экологтар дабыл қағады. Оның заңсыздығы туралы әкімдікке хат жазады. Одан нәтиже шықты ма? Жоқ! Алма бақтарын отап тастап, орнына қымбат үйлер мен кеңселерді салып тастады. Осының бәрі кімнің тұсында болған жағдай? Байбектің! Міне, осы мәліметтердің барлығын біз ашық айттық. Фильмді «ДАТ»-тың оқырмандарына көріп шығуға кеңес беремін.
– Әлеуметтік желіде тараған монологтары мен жазбаларында Жанболат ол фильмде аталған жемқорлық әрекеттің барлық дерегі мен фактілері қолында бар екенін айтады. Бірақ назарбаевтық сот Жанболаттың дәйегін қапер қылады деп ойлайсыз ба?

– Сұрағыңыз өте орынды. Себебі назарбаевтық соттың талай құқайын көрген «ДАТ» газеті мен Ермұрат аға Бапи бұл органнан шындық іздеудің қажеті жоқ екенін жақсы біледі. Сол себепті де Жанболат Байбекті сотқа жүгінбей, ашық дебатқа – тікелей эфирге шығып, барлық мәселені талқылауға шақырды. Біздің өзіміз де талай сот пен оттан өттік. Бірде-бір сот біздің келтірген дәлелімізді қаперге алып, әділетті шешім шығарған емес.

Айтпақшы, Байбекпен бұл бірінші соттасуымыз емес. 2016 жылы Байбек Алматыда әкім болып тұрған тұста «Алматыжарнаманы» басқаратын Сыздықов деген азамат «Трибуна» газетін сотқа берген еді. Ол мақалада дәл осы Байбек пен Сыздықовты сынаған едік. Медеу аудандық соты біздің барлық арыз-талаптарымызды жоққа шығарып, құлағына да қыстырмастан, бір күннің ішінде Сыздықовтың пайдасына шешім шығарып берді. Халықаралық ұйымдар қанша шу көтерсе де, журналистер қауымдастығы ара түссе де, билік дегенін жасады. Яғни, сот биліктің қудалау құралына айналған! Өздеріне қарсы шыққан, сын айтқан кез келген тұлғаны немесе ұйымды жауып тастау үшін, қамау үшін пайдаланатын жазалау органы – сот.

Оның үстіне бұл сотта Назарбаевтың «Нұр Отандағы» бірінші орынбасарының мәселесі қаралады. Байбек сотқа берместен бұрын, бұл мәселені Назарбаевпен ақылдаспады ма? Келісімін алмады ма? Әрине, ақылдасты, сотқа беруге келісімін алды. «Нұр Отан» мен Назарбаев жүрген жерде қайдан әділдік болсын? Бірақ бұл сотта біз шындықты айтуға, оны жұртшылыққа жеткізуге тырысамыз. Бұл сот біз үшін саясаттың кезекті трибунасы болады!

– Айтпақшы, тағы да сол әлемжеліден көріп білдік: өткен аптада пара алу үстінде ұсталған алматылық судья Байбектің жаңа келіншегімен құрбылас екенін айыпталушының өзі айтыпты. Елдегі саяси билікке мүдделі осындай соттар Жанболаттың қорғану уәжін назарға алады дегенге сенім жоқ-ау!..

– Әрине, ешқандай сенім жоқ. Медеу аудандық сотының судьясы – Байбектің әйелінің группаласы болып шықты. Оны өзі де ашық мойындап, айтып отыр. Бұл ұсталып отырған бір ғана сот. Қазақстанда жемқорлыққа батқан, парақор қаншама соттар бар! Былтыр Астана сотының төрағасы Тілектес Барпыбаев жеке ұшақпен Германияға отбасымен бірге ұшқаны белгілі болды. Соттың жеке ұшақпен жүретіндей қандай қаржылық мүмкіндігі болуы мүмкін? Бір ғана жалақыға қарап отырған сот бұлай жүре ала ма? Кәсіпкердің ұшағы деп ақталғанын білеміз Барпыбаевтың. Кімнің ұшағы болса да, бұл жемқорлықтың көрінісі емес пе?

Соңғы жылдары сот жүйесінен 46 судья аластатылған екен. Негізінен жемқорлығы үшін. Мұны Жоғарғы сот төрағасы Асановтың өзі айтып отыр. Біздің соттар баяғыда атқарушы биліктің қолшоқпарына айналған! Тәуелсіз сот деген атымен жоқ. Бірақ бір нәрсені айтқым келеді: Назарбаевтың сотында жеңілсек те, халық сотында біз жеңіп шығамыз! Себебі халық қазір байбектер мен соттардың сөзіне емес, біздердің, сіздер сияқты тәуелсіз ақпарат құралдарының айтқанына сенеді. Себебі біз шындықты жеткіземіз! Ақиқат – біздің жақта.
– Сіз қалай ойлайсыз: өзінің ар-ожданын қорғамақ болғанда, Байбек Жанболатты журналист ретінде сотқа беріп отыр ма, жоқ әлде өзімен бәсекелес саясаткерді тұқыртып алмақ ойда ма? Оның не көздеген мақсаты барын біле алдыңыз ба?

– Сөзсіз, бұл биліктегі саясаткердің өзіне қарсы сын айтқан саясаткерге жасаған қарсы шабуылы. Себебі Жанболат қазір журналистік қызметтен гөрі қоғамдық-саяси бағытта қызмет етіп жүр. «Нұр Отанды» да, Назарбаевтың режимін де, оның Байбек сияқты «өнімдерін» де ашық сынауда. Бұл, әрине, тек қана Байбекке емес, жалпы билік жүйесіне ұнамайды.

Ал біздің қазіргі бағытымыз – жемқорларды әшкерелеу әрекетіміз биліктегілердің зәре-құтын тіпті қашырып отыр. Себебі олардың ұрлағанын айдай әлемге жайып салудамыз. Сондықтан бұл тек қана Байбекпен шайқас емес, тұтастай назарбаевтық жүйеге қарсы майдан деп айтуға болады. Егер билік өзіне сенімді әрі мықты болса, олар Байбекті Жанболатқа қарсы дебатқа шығарар еді. Бірақ оған бармай отыр. Өйткені жеңілетінін біледі. Сондықтан оған жүректері дауаламайды.
– Елдегі билеуші партияны басқарып отырған Байбектің саяси өресіне де күмән туып жатыр: әлдебір блогерге берген сұхбатында ол «билікті Жанболат сияқты көлденең біреуге беріп қоя алмаймыз» деген сыңайда бірдеңе дегенінен хабарыңыз бар ма?

– Иә, Жанболаттардың билікке келуінен үрейленіп отырғанын ол өзі ашық мойындады ғой. Байбек те жақсы түсініп отыр, егер Демократиялық партия бастаған саяси күш билікке келсе, онда жемқорлыққа, ұрлық-қарлыққа жол болмайды. Бұлардың барлығының қылмыстары ашылып, әділ сотта жазаға тартыларын түсінеді. Ал қазір өзімбілермендікке салынып, ойларына келгенін жасауда. Бұл оларға, әрине, тиімді. Сондықтан демократиялық бағыттағы биліктің келуінен Байбек өлердей қорқады. Оның бастығы Назарбаев та тура солай.
– Егер елде әшкере болып жатқан жемқорлық пен парақорлық қылмыстардың 99 пайызы «Нұр Отанның» мүшелеріне қатысты екенін ескерсек, билікті басып алған бұл партия турасында қандай тұжырым жасайтын едіңіз?

– Жанболаттар ашық айтып жүр: «Нұр Отан» – ұрылар мен жемқорлардың партиясы деп. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Парақорлықпен ұсталғандар – ол тек биліктегі өзара соғыстың жолы болмай қалған құрбандары. Жемқорлықты «Нұр Отан» ешуақытта әшкере етпейді, жазаламайды. Себебі бұл биліктің фундаменті – жемқорлық. Егер Назарбаев шенеуніктерге ұрлауға, пара алуға мүмкіндік бермесе, бұл режим сол мезетте құлап қалар еді. Бұрынғы кеңестік биліктің негізі – коммунизм идеясы болса, қазіргі режимнің өзегі – жемқорлық.
– Ал енді Демократиялық партияны мемлекеттік тіркеуге беру төңірегінде қандай қам жасалып жатыр?

– Бұл сұрақты тікелей Жанболатқа немесе Демпартияның белсенді мүшелеріне қойған жөн болар. Мен белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис басқаратын бюроның қызметкерімін. Сондықтан партия ісіне араласып жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ білетінім – Қазақстанда дәл қазіргі заңдармен саяси партияны тіркеу мүмкін емес. Ол үшін не халықаралық ұйымдардың қатты қысымы, не елде халықтық дүмпу болу керек. Онсыз билік саяси реформаларға бармайды деп ойлаймын.
– Айтпақшы, Жанболат Мамайдың оппоненттері, биліктің саясаттанушылары мен жалдамалы блогерлер Демпартияны өзінің имиджін сақтау үшін митингілік саясатқа көшті деген пікірлерге қатысты қандай уәж айта аласыз?

– Митингке шығу, наразылық таныту – саясаттың ажырамас бөлігі. Егер саясаткер алаңға шығуға дайын болмаса, онда ол саяси өлік деген сөз. Қазақстанда қандай да мәселені митингісіз шешемін деу – бос әурешілік. Демпартия митингке шықса, өздерінің мүддесін қорғап емес, халықтық мәселені қозғап көтерілуде. Бұл өте дұрыс деп санаймын.

Дәл қазір ақпараттық кеңістікте болсын, саяси өмірде болсын, Демпартия өте белсенді екені анық. Қоғамда талқыланып жатқан жер мәселесіне қатысты да олар табандылық танытуда. Егер жер шетелдіктерге жалға берілетін болса, 15 мамырдан бастап аштық жариялаймыз деп отыр. Меніңше, бұл талапты халық қолдайды. Себебі жерді қорғау – әрбір қазақ азаматының парызы. Сондықтан Демпартия тек қана имидж үшін алаңға шығады деу – қатты қателік! Алаңға шығудан басқа амал қалмаған соң, әрі талапты орындатудың жалғыз жолы осы болғандықтан, митингке шығады деп санаймын.

– Жері үшін алаңдаған қазақ пен көш бастаған Жанболаттар алаңда ат ойнататын күн жақын деп сенейік! Ашық айтқан сұхбатыңызға рақмет, Инга бике!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн