ҚАЗАҚСТАН қарақшылар мемлекетіне АЙНАЛДЫ!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіз президент болғалы бес ай өтіпті. Алған бағытыңыз әлі түсініксіз. Халықты қинап отырған мәселелердің біріне араласпадыңыз. «Арыста – өрт қылмыстың артын жапты…» дейді жұрт. Генералдар «табиғи құбылыс» деп сандырақтайды. Сіз үнсіз қалдыңыз. Бар байлығымыз көлеңкелі жолдармен сыртқа кетіп, мемлекет қарызға батып, халық қайыршылыққа ұшырап жатыр. Бұл дегеніміз – Қазақстан жоғарыда отырғандардың меншігіне айналғаны. Заң сақшылары ұрыларды жақтап, бұқараның құқын таптап жатыр.

Қазақстан қарақшылар мемлекетіне айналды!

Әділетсіздік пен жемқорлыққа қарсы шыққан бейбітшіл ереуілшілерді полицейлер қатыгездікпен жайпап, көп балалы аналар мен мүгедектерге дейін жаппай қамап жатыр. Жерін қорғаған Макс Боқаев пен басқалар түрмеде отыр. 86-шы Желтоқсанның қаһармандарының бүгінгі лидері Құрманғазы Рахметовты жасақшылар еш себепсіз үйінен алып кетіп, 15 тәулік қамауда ұстады. Белгілі қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлинді көшеде кетіп бара жатқан жерінде полицейлер тұтқындап, бірнеше сағат аудан әкімшілігінде бостандығын шектеген. Бәрі заңсыз. Бұл шетсіз, шексіз былық (беспредел)! Билік нағыз ұйымдасқан қылмысты топқа (ҰҚТ-ОПГ) айналды!

Билікке келген ҰҚТ заңнамаға қосымшалар енгізіп, енді ішкі тәртіп орнатуға қарулы күштерін пайдалануға мүмкіндік алды. Демек, елін сырттан келген жаудан қорғайтын армиямыз қаруларын халқына қарсы бұрып жатыр. Қазақстанға ГУЛАГ заманы тақалды.

Президент мырза!

Сіз бен Мәсімов (ҰҚК төрағасы – Ред.) екеулеріңіз кезінде дипломатия жолын Қытайдан бастадыңыздар. Алып көршіміздің тарихын, әдет-ғұрпын, басқару тәсілдерін жетік білетіндеріңіз байқалады. Азаматтарымызды жаппай қамауға алуларыңыз Қытайдың «мәдениет революциясына» ұқсап барады.

Ал Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде құрылған «тәрбие-түзету» лагерьлеріне аз ұлттардың өкілдерін: қазақ, ұйғыр, қырғыз бен өзбектерді жаппай қамауға алып, жандарын қинап, бауыздап, ағзаларын саудалап жатқандарына қарсы шыққан Қазақстан азаматы Серікжан Біләшті қамауға алғандарыңыз – Қытайдың геноцид саясатын ашық қолдау деген. Қылмыс!

Төрт айға созылған қамаудың себебін тергеуші, прокуратура өкілі сот алдында айта алмай, былжырап қалды. Оған қарамастан судья тағы бір айға үйқамақты созды. Мақсаттары қайтсе де Біләшті түрмеге тығу. Ұятсыздар!

Серікжан Біләш Астана қаласының сотында айыпкер емес, айыптаушы ретінде Қазақстанның былыққа батқан, ұлттық намысын жоғалтқан, ар-ожданынан айырылған билікті соттап жатыр десе болады.Серікжанның сотта сөйлеген сөзі келесі сілтемеде: https://youtu.be/ZPb3V1PakAE?fbclid=IwAR1d9oentr KiL6eETCojVPSvZ 0jiJWP-fWZdCwLnmrCw-1__GjWmTSQhmEk).

Қытайда орын алған геноцид АҚШ, Еуропа басылымдарында жарыққа шықты. БҰҰ, өркениетті ел парламенттері, халықаралық ұйымдар, дүниеге белгілі тұлғалар бұл хайуандыққа наразылық білдірді. Осыған себепші болған – Қазақстан азаматы Серікжан Біләш. Ол қамауға алынып, «зорлық көріп жатқан Қазақстан азаматтары, олардың туыстары, қандастарымыздың бас бостандықтары үшін «жаным құрбан» деп, күреске шыққан. Ол түрмеде отырып шыққандардың видеоға түсірілген сұхбаттары мен лагерьлердің ішінде адамдарды қорлап жатқан сәттерін, қамаудағы нақты мыңдаған адамдардың тізімін дәлел ретінде дүниеге жолдаған.

Серікжанның осы әрекеттерінің арқасында 800 мың адам бостандыққа шыққан. Көбінесе біздің қандастар. Бұл –халықаралық тәуелсіз сарапшылардың мәліметі. Серікжан Біләш – батырдың аты, істеген ерлігі қазақтың тарихында алтын әріптермен жазылып, ғасырларға қалатыны сөзсіз. Бұл жігіт ел арасында аңызға айналып, көпшіліктің құрметіне бөленіп жатыр. Оны Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде пікірлер көбеюде.

Ал Серікжан Біләшті Қытай үкіметі өзіне «№ 1 жау» етіп белгіледі. Себебі – Қытай мемлекетінің миллиондаған аз ұлттардың азаматтарына жасырын істеген геноциді дүниеге жария болды.

Серікжан Біләш Қазақстан билігінің де «жауы» болғаны – масқараның масқарасы! Биліктің кешірілмес қылмысы! Біздің биліктің мұндай бишара жағдайға түсіп қалуы – Қытай берген несиелердің қомақты бөлігін жоғары лауазымды жандар жұтып қойған. Міне, осының бәрі – «ілгек» болып, Қытай басшыларының қолында. Біздің «жұтқыштардың» ауыздарына құм құйылғандай, үнсіз отырғандары – осыдан.

«Қытай Қазақстан басшыларын сатып алған» деп ел айтып жүр.

Ресми кездесулерде Қытай басшылары Қазақстанға өте риза екендігін ылғи білдіреді. Неге риза болмасқа – қалағанының барлығын алды. Ал неге олар қазақты қыспаққа алады? Жоқ, қазақ та сатылып кетті ме?..

Президент мырза! Сіз Сайрагүл Сауытбайдың жұбайы (Сләм Уәли – Ред.) Қазақстан азаматы болып тұрғанның өзінде Қытайдан қорғай алмай қалдыңыз. Швеция үкіметі сіз істей алмағанды істеді, қандастарымыздың жанұясын қорғап, өз азаматтығына алды.

Ал енді Серікжан Біләшті сіз қорғай алмасаңыз, қазақтар сізді «Менің Президентім» деп қалай атайды?.. Осыған қатты ойланыңыз.


Халық депутаты

Серік Абдрахманов,

Алматы,

2019 жыл, 15 шілде

Республиканский еженедельник онлайн