Қазақ мемлекетін БАСҚАРАТЫН АДАМ қандай болуы керек?

  • Бұдан бұрын біздің газетте «Бірінші президенттің кесірін түзеу – екіншінің елдік міндеті» деген тақырыппен бір топ азаматтың Ашық хаты жарияланған еді (№ 40, 31.10.2019 г.). Осыған орай оқырмандар тарапынан редакция поштасына бірнеше үнқатулар келіп түсті. Төменде соның бір тобын жариялап отырмыз.
  • Жалпы, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған Ашық хатты мазмұнымен түгел және дұрыс деп есептеймін. Өз пікірімді бірден айтайын: Қ.-Ж.Тоқаевтың қолынан ештеңе келмейді де, болмайды да. Оның жаратылысы – Н. Назарбаевтың көлеңкесі: күн шықса – қасында, күн болмаса, жоғалып кетеді. Осы орайда жазылған «Қазақ мемлекетін басқаратын адам қандай болуы керек?» мақаламды «ДАТ» редакциясына жолдап отырмын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мысалымен елім, жерім деген қазаққа мемлекет басшысын сайлағанда, қандай адамнан сақ болуымыз керек? 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ Республикасы Компартиясының Бірінші хатшысынан Қазақстанның президенттігіне сайлаймыз дегенде, мен оның атынан шыққан кітаптарымен таныстым: «Әділеттің ақ жолы» (Алматы, «Қазақстан», 1991), «Без правых и левых» (Москва, «Молодая гвардия», 1991). «Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін», депті Назарбаев. Әкесі – Әбіш, шешесі – Әлжан жетім болғандарын жазды. 11 жасында Әбішті ауқатты орыс Никифоров өз үйіне жалшылыққа алған екен. Нұрекең алыс туысқандарына дейін жоғары білім алмағанын айтады. Шамалған ауылы интернационалды болған еді: Қаскелең өзенінің бір жағында – қазақтар, екінші жағында – Ресейден қоныс аударылғандар тұрған.

Сол кезде мен Т. Жүргенов атындағы Театр және көркем-сурет институтының (қазіргі Өнер академиясы) ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры едім. Қабылдауымда екі кафедра меңгерушісі отырғанда, декан Болат Досжанов келіп Н. Назарбаевты президенттікке ұсынуды қолдайтын ынталы топ құрылғанын көрсетіп, жиналғанымызға қол қоюды ұсынды. Сонда мен: «Тарихтан белгілі, тексіз құлдан мемлекет көсемі болмаған, қазақ халқының даналығына сүйенсек, қарадан хан шықпаған, осы отырған төртеуміз де Нұрсұлтан сияқты отбасында туып-өскен ортадан, орыстың жалшысы болсақ – халқымыздың көсемі бола алмаймыз», – деп, қол қоюдан бас тарттым.

2005 жылы Алматыдағы «Алатау» кинотеатрында (қазір оны Назарбаевтың жекжаттары қиратып, орнына ресторан салып алды – Ред.) «Қазақстанның демократиялық күштер блогы» (ҚДКБ) жиналыс өткізді. Мақсат – президент Н. Назарбаевтың өз халқына зиян саясатына наразылық білдіріп, өзін ақылға шақырып, мемлекетімізді күйреуден сақтау еді. Кезінде Қазақстан азаматтық «Азат» қозғалысының төрағасы болсам-дағы, мені бұл біріккен жиынға шақырмады. Бірақ өзімді білетін бір журналистің көмегімен ҚДКБ жиынына кірдім. Мен сөз сұрадым, бірақ сөз бермеді. Осы жиында айтар тілегімді кейіннен «Ақ жол» партиясының газетінде («Апта.кz», №11, 22.04.2005 ж.) жарияладым. Сол кезде келесі президент қандай адам болуы керек екенін жазған мақаламнан үзінді келтірейін.

«…Жетесіз, өнегесіз, сауатсыз, жалшының ұрпағынан шыққан құлдық мінезді адам билік басына келсе, елін де, жерін де, халқын да көгертпейді. Бұл табиғи құбылыс: жасында қайыршылық көрген бала өсіп, билікке келіп, байлыққа жеткенде, құлқынының құлына айналады. Және де ондай адамға өзгелердің айтқан ақылы қонбайды, сөз өтпейді, тақта неғұрлым ұзақ отырса, соғұрлым өзін әулие санайды».

Сонда мен өткен тарихтың тәжірибесін пайдаланып, арнайы манифест арқылы алдымен бұқара халықтың сана-сезімін ояту керек дегенмін. Содан бері ақпарат құралдары арқылы «сөз өтпейтін адамға тек таяқ қана өтеді» дейтін халқымыздың даналығын айтып келемін. Сол кезде Саакашвили билікке әлі келмесе де, грузиндерден үлгі алу керектігін айттым…

Әділетті Қазақстан орнату үшін мемлекетіміздің жаңа президенті қандай адам болуы керек? Мұның жауабын беру үшін, әр кездегі озық ойлы көсемдерге қандай қасиеттер тән болғанына көз жүгіртіп, өткен тарихтан сабақ алу керек. Осы тұрғыда халықты соңыма ертем деген көсем өзін тек сөзімен ғана емес, нақты ісімен де көрсете білуі керек. Ондай адам, біріншіден, өз ұлтының тілін, тарихын, әдебиеті мен өнерін, салт-дәстүрін жоғары деңгейде және міндетті түрде білумен қатар, жан-жақты дамыған, ар-ожданы таза, намысы биік азамат болуы керек.

Екіншіден, отарланған орысшыл және батысшыл санадан ада, жалтақтамай, туған халқының мүддесі, оның болашағы үшін неге болса да дайын отаншыл, парасатты қайраткер болуы тиіс.

 ҚДКБ жиынының Н.Назарбаевты мемлекет басқаруда ақылға шақырғанынан нәтиже шықпады. Керісінше, ол оппозицияны әлсіретуін күшейтті. ҚДТ қозғалысын бастаған «жас түріктерді» екіге жарды, Заманбек Нұрқаділов о дүниеге кетті, жалған оппозицияның өкілдерін көбейтті. Назарбаевқа жазылған, оны әділеттілікке шақырған ашық хаттар, үндеулер әдеттегідей жауапсыз қалды. Яғни, Назарбаев осындай іс-әрекеттерімен өзінің жаратылысын, алған тәрбиесін, өскен ортасын, адамдық қасиеттерден алыс екенін тағы да дәлелдеді.

 «Взгляд» газеті (15.01. 2010 ж.) оқырмандарға үш сұрақ қойып: «Каким он будет следующий глава государства?» деген тақырыппен сауалнама жүргізді. Ол сұрақтарға менің жауаптарым:

  • ол интеллигент отбасынан шыққан, рухани байлықты дүниеден жоғары қоятын;
  • адамгершілікті, әділетті, ұйымдастыру қабілеті мол, терең ойлы, стратегиялық сезімі жоғары;
  • міндетті түрде өз ұлтының тілін, ежелден бүгінге дейінгі шынайы тарихын, әсіресе орыс империялары қазақ халқын үш ғасыр бойы жоюға әрекет жасағанын жақсы білетін;
  • мемлекетімізді дамыту, халқымыздың өмірін жақсарту үшін, өзіміздің өндіріс ошақтарын, жұмыс орындарын жаппай көбейтіп, шетелдің тауарларына шектеу салып, өзіміздің өнімдерді молынан шығарып, халықты өзіміздің өнімдерді тұтынатындай дәрежеге көшетін;
  • тарихтан үлгі алатын, бүкіл үш жүздің соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы сияқты тұлға болуы керек.

Сайып келгенде, қазақ халқын басқаратын адам келесі жәйттерді ескеруі керек:

  • ата-бабамыздың дала демократиялық-ұлттық мемлекеті болғанын;
  • ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының арманын;
  • ХХ ғасырдың аяғындағы Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының мақсатын;
  • халықаралық ережеге сәйкес, 1993 жылғы ҚР Конституцияға оралуын.

Тарихтан сабақ алайық – жаңа қоғамды орнату үшін, бұрынғы қоғамның өкілдерін жолатпау керек.Мысалы, ХҮІІІ ғасырда француз буржуазиясы революциямен билікке келгенде, бұрынғы феодалдық жүйенің ешқандай өкілі мемлекет үкіметінде болмаған. Король ХІҮ Людовиктің басы алынды…

 Сөз соңында «ДАТ»-та жарияланған Ашық хатқа байланысты нақты айтарым: Нұр-Сұлтан қаласына Жұмабектің /Тәшенов/ атын беру керек. Кезінде ол қазақ жерінің бес облысын Ресейден сақтап қалған. Оның үстіне Жұмабек Тәшеновтың туып-өскен жері – астананың аймағы. Ал тарихи шындық жағынан «Алашорда» деп Семей қаласын атау керек.

Төлеубек СЕЙІТҚАЛИҰЛЫ,

ғалым, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн