2021 жылдан бері Қазақстанда екі көрсеткіш бір-біріне қарама-қарсы бағытта өзгеріп келеді. Халықтың тұтынушылық несие алуы өсіп, бала туу азайып барады.
Сандарды қатар қояйық.
2021 жыл – тұтынушылық несие 6,1 трлн теңге, 445,9 мың бала дүниеге келді.
2022 жыл – 7,7 трлн теңге, 403,9 мың бала.
2023 жыл – 10,3 трлн теңге, 388,4 мың бала.
2024 жыл – 13,8 трлн теңге, 365,9 мың бала.
2025 жыл – 16,7 трлн теңге, 335 мың бала.
Қарап отырсаңыз, төрт жылдың ішінде тұтынушылық несие көлемі шамамен 2,7 есе өсті. Ал дүниеге келген балалар саны шамамен 25 пайызға азайды. Бұл жай ғана сәйкестік пе?
Меніңше, мұны зерттемей тұрып, «байланыс жоқ» деп айтуға болмайды. Әрине, бала туу тек несиенің кесірінен азайды деу дұрыс емес. Демографияға жұмыс, табыс, баспана, балабақша, көші-қон, әйелдердің жұмыспен қамтылуы, отбасылық құндылықтар сияқты көптеген фактор әсер етеді. Бірақ 2021 жылдан бері қарыздың тұрақты өсуі мен бала туу көрсеткішінің жыл сайын төмендеуі Үкіметті осы байланысты арнайы зерттеуге міндеттейді.
ҚАРЫЗ ЖАС ОТБАСЫНЫҢ ШЕШІМІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Қарапайым жас отбасының жағдайын алайық. Екеуі де жұмыс істейді. Пәтер жалдайды немесе ипотека төлейді. Тұтынушылық несиесі бар. Бірінші бала дүниеге келеді. Шығын көбейеді. Ата-ананың біреуінің табысы уақытша азаюы мүмкін. Ал банкке төлейтін ай сайынғы төлем сол күйінде қалады.
Осындай жағдайда екінші немесе үшінші бала туралы шешім қабылдағанда, отбасы нені бірінші есептейді? Балаға кететін шығынды ма? Әлде келесі айдағы несие төлемін бе? Осы құбылысты шартты түрде «қарыз контрацепциясы» деп атауға болады. Медициналық кедергі жоқ. Бала сүюге ниет бар. Бірақ отбасылық бюджетте келесі балаға орын азайып барады.
БАСҚА ЕЛДЕР БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ҚАРАП ОТЫР
Оңтүстік Кореядағы бала туу деңгейінің төмендеу мәселесін зерттеген халықаралық сарапшылар жастардың экономикалық және қаржылық тұрақсыздығын, баспананың қымбаттығын, бала өсіру шығындарын маңызды факторлардың қатарына қосады. Бірқатар мемлекеттер тек жәрдемақы төлеумен шектелмей, бала туған кезде отбасының ұзақ мерзімді қаржылық жүктемесін азайтуға тырысады.
Польшада арнайы отбасылық тұрғын үй несиесі бойынша екінші бала туған кезде мемлекет негізгі қарыздың бір бөлігін өтейді. Үшінші және одан кейінгі бала дүниеге келгенде, қолдау көлемі тағы да өседі.
Венгрияда да бала тууға байланысты жеңілдетілген отбасылық несие жүйесі бар. Бірінші бала туған кезде төлемді уақытша тоқтату мүмкіндігі беріледі. Екінші бала туған кезде қарыздың бір бөлігі азаяды. Үшінші бала дүниеге келсе, арнайы бағдарлама бойынша қалған қарызды өтеуге дейінгі қолдау қарастырылған. Яғни, кейбір мемлекеттерде бала дүниеге келгенде, отбасының шығыны ғана көбеймейді, қарыз жүктемесі де азаяды.
ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ЖАҢА ҚАҒИДА КЕРЕК
Мен барлық несиені кешіру керек деп отырған жоқпын. Бірақ мына қағиданы талқылауды ұсынамын: бала дүниеге келген сайын, жас отбасының қарыз жүктемесі азаюы керек. Қалай?
Бірінші бала туған кезде отбасының табысы төмендесе, 6 немесе 12 айлық несиелік демалыс.
Екінші бала туған кезде ипотеканың негізгі қарызының бір бөлігін мемлекет өтеу мүмкіндігі.
Үшінші бала туған кезде қолдауды одан әрі күшейту. Әсіресе табысы төмен және орташа жас отбасылар үшін.
Бұл – барлық адамға ақша тарату емес. Бұл – отбасының ең қиын кезеңдегі қаржылық жүктемесін жеңілдету.
ЖАС ОТБАСЫҒА ҚАЗІР КӨМЕК КЕРЕК
Мемлекет әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттауы керек. Жағдайы жақсы адамдарға негізсіз жеңілдік бермеу де дұрыс. Кей жерде үнемдеуге болады. Кейбір артық жеңілдікті қайта қарауға болады. Бірақ жас отбасының ертеңге деген сенімінен үнемдеуге болмайды.
Мен – әкемін. Бірнеше немеренің атасымын. Қазіргі жас отбасылардың қалай өмір сүріп жатқанын көріп жүрмін. Бірі екі жерде жұмыс істейді. Бірі күндіз негізгі жұмысында, кешке қосымша табыс іздейді. Бірі ипотекасын төлейді. Бірі пәтер жалдайды. Баласын балабақшаға апарады. Несиесін төлейді. Ата-анасына да көмектеседі. Сөйтіп жүріп бала өсіреді.
Кейде шынымен сол жастарға қарап жаным ашиды. Бар күшін салып, өздері аяқтан тұруға тырысып жатыр. Бірақ дәл солардың балалары ертең Қазақстанның экономикасын көтереді. Солар дәрігер болады, инженер болады, мұғалім болады, кәсіпкер болады, салық төлейді, экономиканы дамытады, елді қорғайды. Сондықтан жас отбасыға көмектесу жай ғана әлеуметтік шығын емес. Бұл – болашаққа салынған инвестиция! Адамгершілік тұрғысынан да солай, мемлекеттік тұрғыдан да солай. Балам дейтін мемлекет болмаса, мемлекетім дейтін бала қайдан шығады?
ҮКІМЕТКЕ ТӨРТ СҰРАҚ
Бірінші – қарызы бар және қарызы жоқ жас отбасылардың бала туу көрсеткіші салыстырылды ма?
Екінші – несиелік төлем отбасы табысының қанша бөлігін алған кезде екінші немесе үшінші бала туралы шешім өзгереді?
Үшінші – Қазақстан үшін Польша немесе Венгриядағыдай бала туған сайын отбасының қарыз жүктемесін азайтатын тетіктің құны қанша болады?
Төртінші – мұндай қолдау келесі баланың дүниеге келуіне қаншалықты әсер етуі мүмкін?
Осы сұрақтардың жауабын білмей тұрып, «мұндай тетік бізге керек емес» деп айтуға болмайды.
ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ СИГНАЛ БЕРЕМІЗ?
Президент әлеуметтік саясаттағы өзгерістерді «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» жүргізу керектігін айтты. «Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды» деп ескертті. Меніңше, жас отбасыларға қатысты саясаттың негізгі мақсаты да осы болуы керек.
Жастарға: «Бала туған соң өз күніңді өзің көр» деген сигнал емес, «Бала дүниеге келгенде, мемлекет отбасыңның аяғынан тұруына көмектеседі» деген сенім керек. Сондықтан мен нақты ұсыныс айтып отырмын: Қазақстанда бала туған сайын, жас отбасының қарыз жүктемесін азайтатын жүйені талқылау керек!
Ол қалай іске асады? Ипотека арқылы ма, несиелік демалыс арқылы ма, әлде негізгі қарыздың бір бөлігін мемлекет өтеу арқылы ма? Оны мамандар есептесін. Бірақ мәселені көтерудің өзі бүгін қажет. Өйткені қарыз өсіп жатыр. Ал бала туу азайып барады. Бұл байланысты Қазақстан енді елемей отыра алмайды.
Ағайын, сіз қалай ойлайсыз? Бала туған сайын, жас отбасының несиелік жүктемесін азайту керек пе? Қандай тетік әділ әрі тиімді болар еді?
Пікірлеріңізді жазыңыздар.
Мұрат ӘБЕНОВ, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі,
Білім және адами капитал жөніндегі комиссия төрағасы