Қонаев қалай КЕТІП ЕДІ?

Елімізді ширек ғасырға жуық басқарған қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 12 қаңтарда 107 жыл толады. Осы датаға орай, кейінгі жастар біле жүрсін деп, Димекеңнің «Өтті дәурен осылай» деп аталатын кітабынан оның қызметтен кету жағдайын баяндайтын үзінді жариялап отырмыз.

Бұрынғылардан қалған: «Замана сенімен санаспайды, санассаң – сен санас!» – деген сөз бар. Сол айтқандай, ерте ме, кеш пе – әйтеуір әрбір саяси қайраткердің өмірінде тәуекелге бел байлар шешуші бір сәті болады.

Байлам жасалды. Зейнетті демалысқа шығатыным туралы арызымды жазып, 1986 жылғы желтоқсан айының алғашқы күндерінің бірінде саяси өмір тәжірибем қалайда Мәскеуге барып, М.С. Горбачевпен жүздесуіме түрткі болды. Солай Мәскеуге келдім. «Чистый прудтағы» Қазақ уәкілдігімен іргелес Қазақстан өз күшімен салған «Қазақстан» қонақ үйіне тоқтадым. Келесі күні таңертең Кунцев ауруханасында емделіп жатқан зайыбым Зухра Шәріпқызына барып, көңілін сұрадым. Содан шығып, ескі алаңдағы Орталық Комитетке тарттым. КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы отыратын бесінші қабатқа көтерілдім. Бұл бірінші рет емес, талай жүріп-тұрған үйреншікті коридормен Бас хатшы бөлмесіне маңдай түзедім. Онда дәм-тұздас болған Хрущев, Брежнев, Андропов та, Черненко да кезінде жұмыс істеген. Хан келеді, кетеді, халық қалады, халық қаласа – тақ қалады.

Ой, жалған дүние-ай десеңші! Бәрі де бір күнгідей өте шықты, соның бәрі еріксіз еске оралды. Мен бұл жолы Бас хатшыға жеке шаруаммен келе жаттым. Горбачев әдеттегіше орнынан тұрып, жылы амандасты. Сыйлы кісілердің сыпайы есендесуінен кейін әңгімені ұзартпай, бірден іске көштік. Мен асықпай алдына арызымды қойдым… Сондай-ақ арызда дәл қазіргі уақытта денсаулығым мен жасымның ұлғайғаны мына қызметте жемісті еңбек етуіме мұрсат бермей жүргенін айтып, соған орай менің зейнеткерлікке шығу мәселемді қарауын өтініш еткенмін.

Горбачев менің байқауымда бұл әңгімеге тас-түйін болып дайын отырса керек: «Ұсынысыңызды құптаймын, өтінішіңіз Саяси Бюрода қаралады», – деп, аз-кем үнсіз отырды да, өз байламын айтты. «Жұмыс мойын бұрғызатын емес, соған орай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумына қатыса алмаймын, пленумға Г. Разумовский барады», – деді.

Бас хатшы менен «Өз орныңызға кімді лайықты деп отырсыз?» – деп сұрайды деп үміттеніп едім. Бірақ ол жұмған аузын ашпады. Оның есесіне мен сұрадым. Горбачев: «Ол мәселені шешуді бізге қалдырыңыз», – деп қысқа қайырды. Бас хатшы, обалы не керек, маған мен күтпеген ұсыныс жасады.

– Москваға көшіп келіңіз, үй-жаймен қамтамасыз етемін, – деді.

– Ниетіңізге рахмет, туған жерден ыстық не бар, Алматыда тұра беремін! – деп, ықыласына ризалық білдірдім. Ол орнынан тұрып, менімен қимай қоштасқандай рай танытты. Қолымды қысып: «Москваға жолыңыз түскендей болса, міндетті түрде келіп тұрыңыз», – деді. Бар әңгіме осы.

Кешкілік Алматыға ұштым. Алматыдағы Орталық Комитетте өзім отырған бөлмеме келдім. Бұрынғыдай емес, тып-тыныш, телефоннан дамыл бермейтін Мәскеу де, табалдырық құрғатпайтын Алматы да сап тыйылған…

Менің қызметтен кететініме көздері жеткен кісілер атқа кімді отырғызарын білмей, дал болып, сырттан тон пішіп, осы лайық-ау дегендердің аяғын үзеңгіге іліктіріп жатты. Уақыт өз төрелігін айтты. Мені Мәскеуге Саяси Бюроның мәжілісіне шақырмай-ақ, өтінішімді қанағаттандырды… Шешім қолыма тиісімен, өзіміздің Орталық Комитеттің Бюро мүшелерін жинап, зейнетті демалысқа кетіп бара жатқанымды хабарладым. Бюро мүшелері атынан сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С. Мұқашев сөйлеп, елімізге сіңірген еңбегіме алғыс айтты.

Артынша, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Орталық Комитеттің атышулы Пленумы өтті. Оны өзім ашып, КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г. Разумовскийге сөз бердім. Ол менің зейнетті демалысқа шығуыма байланысты Саяси Бюроның шешімін оқып берді. Маған тілегін айтып, ыстық ықыласын білдірді. Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Г. Колбинді сайлады. Г. Разумовский сол күні сағат бірде Мәскеуге ұшып кетті.

Ертеңіне желтоқсанның 17-сі күні сағат 11-де маған Қазақстан Орталық Комитетінің екінші хатшысы О.С. Мирошхин телефон соғып, Орталық Комитетке тез келуімді өтінді. «Жайшылық па, мен зейнетті демалыстамын ғой?» – деп едім, ол: «Алаңға бір топ жастар жиналды. Олар кешегі өткен Орталық Комитеттің Пленумының шешімін дұрыстап түсіндіріп беруді талап етеді. Жиналғандардың алдына шығып, істің мән-жайын түсіндіріп берсеңіз, өте дұрыс болар еді», – деп жауап берді.

Мен: «Колбин оған келісе ме?» – дедім. Мирошхин телефон тұтқасын Колбинге берді. Ол да жастар алдында сөйлеуімді өтінді. Мен келісімімді бердім. Менің Орталық Комитетке тез келуімді сұрады. Айтқан уақытында бірінші хатшының кабинетіне кірсем, Бюро мүшелері түгел жиналып, алаңға жиналғандарға не істеу керектігін ақылдасып отыр екен… Колбин маған: «Сіз боссыз, дем ала беріңіз, біз өзіміз-ақ тиісті шаралар қолданып, тәртіпке келтіреміз», – деді.

Мен Мирошхиннен сол сәтте: «Онда мені не үшін шақырдыңыздар?» – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Ақылдаса келіп, сіздің алаңға шығып, сөйлеуіңіздің қажеті болмас», – деп шештік.

Күндізгі сағат бір шамасында Орталық Комитеттен оралдым. Дәл сол кезде М.С. Горбачев телефон шалып:

– Жастардың бұлай алаңға шығуын немен түсіндіруге болады? – деп сұрады.

– Қазір Орталық Комитетте республика басшылары кеңесіп жатыр, олар сізге баяндайтын болар, – дедім.

– Мұны кімдер ұйымдастыруы мүмкін?

– Ұйымдастырушылар маған белгісіз.

– Жақсы, біз реттеп, шара қолданамыз. Тәртіп орнатамыз. – Горбачевтың соңғы сөздері осы болды… Арты не болғаны, қандай шаралар қолданғандары белгілі…

Мұхтар Шахановтың құрған комиссиясының деректері бойынша, 1986 ж. 17 желтоқсанда жастарды ұрып-соғу тәулік соңына қарай басталып, ол 18 желтоқсан күні де жалғасқан… Г.Колбин сөз сөйлеген жерлерінде аузы қисаймай, мені «алаңға жиналғандар алдында сөз сөйлеуден бас тартты» деп айыптаумен болды. Оның мені жамандаған жалған сөзі «ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына кетті». Бірақ уақыт кімнің кім екенін көрсетіп берді. Менің естуімше, республиканың бірде-бір басшысы алаңға шыққандарға Пленумның мән-жайын дұрыстап түсіндіріп бермеген. Түсіндірудің орнына олар «мұздай қаруланған әскер мен милицияны алаңға жиналғандарға қарсы қойып, аяусыз жазалағаны белгілі… Менің ешқандай да қатысым болмағанына қарамастан, «Алматы оқиғасын» басты ұйымдастырушылардың бірі» деп, мені нысанаға алды. Г. Колбиннің өзі: «Оқиғаның өршіп, белең алуына ең басты себеп – Қонаевтың алаңға барып, жастардың алдында сөйлемеуінен» дегенге иек артумен болды… Мені таптап өтіп, күллі халқымызға «Қазақ ұлтшылдығы» деп қара күйе жақты…

«Асқан батыр болсаң да, ағайын мен ел керек» деген ескіден қалған сөз бар. Елді пір тұтып, сабыр сақтап, арқа сүйеп едім, мен адаспаппын. Жабыққан күндері жаныма жебеу, көңіліме демеу болды. Аяғы жеткендер күн сайын ағылып келіп, сәлем берді, жетпегені хат жазып, хабарымды біледі. Қазақстанның ғана емес, тіпті шетелдерден де сәлем айтушылар өте көп болды…

Үзіндіні дайындаған –

Айбол Битуғанов,

Қонаевтанушы, жоғары білікті ұстаз

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн