Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырып кетті. Айдың-күннің аманында, бейбіт өмір жағдайында тепсе темір үзетін жап-жас 14 азаматымыздан айырылып қалдық. Осы ауыр қазаға байланысты терең қайғыра отырып, ең алдымен олардың ата-аналарына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Ләйім, сарбаздарымыздың жаны жәннатта, топырағы жеңіл болғай! Алла оларға нағыз Отан қорғаушылар ретінде бейіштен орын бергей!
«Ұлы сөзде ұят жоқ» – дейді халық даналағы. Бұл қайғылы апат «Өлім – байдың малын шашады, кедейдің – көтін ашады» демекші, Қазақ армиясындағы бар былық, бірінші кезекте тәртіп пен жауапкершіліктің жоқ екенін ашқан ауыр да болса, ащы ақиқат болды. Президентіміз мұны қылмысқа теңеді. Қаза тапқан жауынгерлердің құрметі, оларды ел есінде қалдыру үшін, Аза тұту күнін жариялады. Жедел түрде қылмыстық іс ашылып, жауапты офицерлер тұтқынға алынды, Қорғаныс министрі лауазымынан босатылып, жаңа басшы тағайындалды. Бұл саладағы былықтарды тексеру мақсатында үкіметтік комиссия құрылып, кешенді тексеру басталды. Енді ол оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруі тиіс.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті, сондай-ақ Қорғаныс саласын реформалау жөнінде шұғыл тапсырма берді.
Президент Қарулы күштердің «өткен ғасырда қалып қойғанын» айтып, бейбіт уақытта сарбаздардың қаза табуын «генералдарды қоса алғанда, офицерлердің қылмыстық сипаттағы кәсіби біліксіздігімен» байланыстырды.
– Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жаңа министр қазірдің өзінде әскерде қандай өзгерістер жасалатынын айтты. Оның сөзінше, нақты нәтиже бермейтін есептер мен жиындардың саны қысқарады, әкімшілік рәсімдердің бір бөлігі цифрлық форматқа көшіріледі, оқу-жаттығу тәсілдері өзгереді. Сарбаздар мен офицерлерді даярлау кезінде қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріледі, ұшқышсыз ұшу аппараттарына көбірек көңіл бөлінеді. Әскери қызметшілер радиоэлектрондық күрес, барлау және байланыс құралдарын қолдануға да машықтанатын болады.
– Армия есеп үшін немесе көзбояушылық шаралар үшін дамымауы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс нақты нәтиже беріп, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуға тиіс. Әр сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек, – деді министр Айдос Мырзахметов.
Сондай-ақ ол бюджет қаржысының жұмсалуын бақылау күшейтілетінін, сатып алу мен ресурстарды бөлуге қатысты шешімдер ашық болуы тиіс екенін, командирлер әскери қызметшілердің қандай жағдайда қызмет атқарып жүргеніне жеке жауапкершілікпен қарауы талап етілетінін айтты. Аса бөліп айтатын жайт – әскердегі жарғыға қайшы қарым-қатынастарға қатаң тосқауыл қою қажет деп мәлімдеді.
Мұның бәрі жөн дейік, бірақ бұл саладағы басты сұрақтардың бірі – әскер қатарында қызмет ету еліміздің 18 бен 28 жас арасындағы барлық азаматтары үшін міндетті бола ма, уақыт мерзімі өзгере ме, ол жас жігіттердің абыройы мен беделін арттыратын құрметті қызметке айнала ма деген мәселе!
Өйткені Аза тұту күнін әжуалап: «Біз үшін өлді ме?» – дегендер де болды. Бұл – қоғамда әскер, оның қатарында қызмет етіп жүрген жауынгерлерге деген құрметсіздікті көрсететін дерек. Әрине, «мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде». Бірақ осындай бір «құмалақ» бүкіл қоғамды шірітетінін ешқашан ұмытпауымыз керек!
Сондықтан Қорғаныс саласын реформалау бірінші кезекте барлық азаматтар үшін ең асқақ арманға айналып, ең абыройлы, ең құрметті кәсіп, мамандық болатындай, әр жасөспірім физикалық жағынан мығым, адамгершілік, отаншылдық қасиеттері, тұлғалық ерекшелігі жағынан өзінен кейінгілерге әрқашан үлгі болатындай деңгейде жүргізілгенін қалар едік. Осы тұрғыда доғарыстағы бұрынғы офицер, 40 жылдық еңбек өтілі бар ардагер журналист ретінде өз басым мынадай ұсыныстар айтқым келеді.
1. Әскер қатарында қызмет ету Қазақстандағы барлық ер азаматтар үшін міндетті шартқа айналуы тиіс. Өйткені бұл – өскелең ұрпақты Президентіміз күнде айтып жүрген «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын сақтап, заңға мойынсұнатын тәртіпті, жинақы, әділ болуға бастайтын алғышаттардың бірі.
2. Оның мерзімі қазіргідей 1 жыл емес, 2 жыл болғаны дұрыс және алғашқы бір жылында негізгі әскери мамандықтарға қоса, әртүрлі кәсіп, айталық, құрылыс мамандықтары, техника жүргізу үйретіліп, соңғы бір жылында осы бағытта жұмыс істеп, тапқан табысы есепшотында бір тиыны да жұмсалмай тұруы керек. Мұны сарбаздардың әскерден кейінгі өмірін қалыптастыруға қажет мызғымайтын қор деп түсінген жөн.
3. Әскердегі барлық тіршілік міндетті түрде тек қана мемлекеттік тілде жүргізіліп, сарбаздарды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін, қазақ халқының тарихы, ұлттық және географиялық ерекшеліктері, қазіргі кездегі геосаяси рөлі мемлекеттік тілде оқытылуы тиіс. Бұл – жастардың бойында ата-баба даналығы мен ерлігіне, еліміздің кеңдігі мен байлығына деген мақтаныш сезімін тудырып, жауынгерлік рухының асқақтауы үшін қажет. Сонымен бірге өзге этнос өкілдерінің де қазақ халқына, оның тілі мен діліне, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне деген құрметін асырып, ақырғы есепте біртұтас Қазақстан халқының тату тірлігін, мызғымас бірлігін нығайту тұрғысынан аса маңызды.
4. Әскер қатарында қызмет етпеген ер азамат ешқандай мемлекеттік қызметке алынбағаны жөн. Өйткені әскери өмір мен тәртіпті басынан өткізбеген адам мемлекеттік тәртіп пен жауапкершілікті тиісті деңгейде сезінуі екіталай. Қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәртіпсіздіктердің басты себептерінің бірі осы деуге де болады.
5. Әскери мамандарды негізінен Ресейде даярлауды доғарған жөн. Есесіне түбі бір туысқан Түркия, сондай-ақ АҚШ, Еуропа елдерінде оқытуға басымдық берген дұрыс.
Бұл менің қысқа ғана айтқан ұсыныстарым. Кең көлемде әскери тәжірибесі мол және ұлттық мүдде тұрғысынан ойын шынайы жеткізетін нағыз мамандармен пікірлесіп, сұхбат аламын деген ойым бар.
Қалай дегенде де, еліміздің Қорғаныс саласына түбегейлі реформа қажет. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтып, аса маңызды міндет жүктеп отыр. Жалпы, «Заң мен Тәртіп» қағидатының нақты жүзеге асуы, ниеті адал, ұстанымы берік, отансүйгіштік сезімі жоғары тұлға тәрбиелеу тұрғысынан Қорғаныс министрлігі өзге үкіметтік мекемелерге үлгі болуы тиіс. Әскерде тәртіп болмаса, қоғамда тәртіп болуы қиын!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ, «D»