Воскресенье , 20 апреля 2025

Бергейді сырттай соттау: АТЫРАУ НЕ ДЕЙДІ?

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, мәжілістің экс-депутаты Аманжан Рысқали және тағы сегіз адамның үстінен сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды «Азаттықтың» тілшісі Сәния Тойкен.

Қарашаның 13-күні жалғасқан сот мәжілісінде «Бергей Рысқалиевтің нұсқауымен заңсыз иеленген пәтерлер мен бизнеске» қатысы бар куәлерден жауап алынды. Атыраулық бизнесмен Махмұд Мералиевтің өкілі ретінде сөйлеген адвокат Жұмаханова Рысқалиевтердің бизнесменге тиесілі «Брандо» және «Приоритет финанс» фирмаларының 50% пайыз үлесін «күштеп иеленгенін» айтты.

Адвокат Жұмаханованың сөзінше, Аманжан Рысқали мен оның әйелі Тұрсын Рысқалиева және Бергей Рысқалиевтің туысы Рүстем Әлбақасов кәсіпкер Махмұд Мералиевтің бизнесінің жартысын «егер келіспесе, ісі жүрмейтінін айтып» тартып алған. Рысқалиевтің құқығын қорғап жатқан адвокаттардың бірі бұған ешқандай фото, видеожазба дәлелдердің жоқтығын айтып, кәсіпкердің өзінің сотқа келуін талап етті.

12 қараша күнгі сот процесінде Атырау облысы әкімдігі аппаратының қызметкерлері жауап берген. Бергей Рысқалиевтің тұсында облыстық қаржы департаментінің басшысы, оның орынбасары болған және қазіргі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева жауап берген. Іске қатысқан мемлекеттік айыптаушы Досбол Бақытжанов одан «Теңізшевройл» компаниясына салынған 37 миллиард теңге айыппұлдың қайда кеткенін сұрады.

«Заңға сәйкес, эмиссия – облыстық бюджетке, ал айыппұл – республикалық бюджетке түсуі тиіс. Ал «Теңізшевройлдан» түскен айыппұл эмиссия ретінде рәсімделіп, Қызылқоға ауданын газдандыруға, көпірлер салуға жұмсалды», – деді ол.

Еске сала кетейік, ағайынды Рысқалиевтер және сегіз адамға қатысты сот процесі 18 қазанда басталған. Оларға «ұрлық пен алаяқтық жасады», «сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленді», «жалған кәсіпкерлікпен айналысты», «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды», «ұйымдасқан топ құрды», «қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдаланып, пара алды» және «жалған құжат жасады» деген бірнеше айып тағылған. Айыптау актісінде Бергей Рысқалиевтің «Атырау облысы әкімдігінің өзге лауызымды тұлғаларымен бірлесіп, мемлекеттік сатып алулар арқылы мемлекеттің аса көп мөлшердегі ақшалай мүлкін иеленгені» айтылған. Мемлекетке келген зиян 72 миллиард теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Azattyq.org.
Ал біздің газетте жарияланған «Рысқалиев кімнің жолын кесіп кетті?» деп аталатын мақаланың datnews.onlaine сайтындағы нұсқасына жүздеген оқырман пікір жазған екен. Бір қызығы – сол пікірлердің 95 пайыздан астамы экс-әкімнің Атыраудағы қызметін қолдаған. Бір-бірін қайталайтын пікірлердің арасынан біз іріктеп алған топтаманың мазмұны төмендегідей.

Куляш Кулжанова: Қалай айтылса да, кім не ойлап, оны айта алмай отырса да, Бергей Атырау облысы халқының жүрегінен орын алған азамат болып қала береді.

Жексембай Бигалиев: Иманғали ағамыз бен Бергей екеуінің Атырау облысы үшін жасаған жақсылықтары ұшан-теңіз. Оны халық біледі. «Халық айтса, қалт айтпайды».

Роза Махмутова: Атырау облысының 85-90 пайызы осы сөзге қосылатынына сенімім мол. Осы екі азаматтың аттары аталса, атыраулықтар әлі күнге дейін сағынышпен күрсінеді.

Талшын Максотовна: Қызылқоға өңірін газдандырған, ауыз сумен қамтамасыз етіп, ел аузында еңбегімен еленген Бергей азамат қой!

Сария Мустапаева: Мына кісінің жазғанына қосылам: мен төрт жылдан кейін Атырауға барсам, қаланы танымай қалдым. Қала таза, теректер, шырша отырғызылған, көшеде балшық жоқ, көше бойындағы шамдар жарқырап жанып тұрды. Сол кездегі əкім Бергей екен. Қала халқы: «Бұл – əкімнің арқасы» деп айтатын.

Беркин Садыков: Мақалада жазылған нәрсенің бәрімен келісе қоюға болмас, бірақ Бергейді облыс халқының біразының қолдайтыны рас.

Галия Галия: Мен осы әкімнің кезінде құрылыс компаниясында тілмәш болып жасадым. Бұл кісінің жасаған жұмысын, халыққа деген адал пейілін және де мемлекеттік тілді дәріптеп, құжатты екі тілде қабылдауды ұйғарды. Қай жерде тасқын, өрт болса, басы-қасында өзі жүрді. Әкімді бетпе-бет көрген адамым емес, істеген жұмысы арқылы білем. Бізде қолынан түк келмейтіндерді көтереді, ал қолынан іс келетіндерді түрмеге қамайды. Әділдік қайда?

Ұлы Қазақ: Жылыой ауданының Құлсары қаласының көшелеріне 2-3 жылдың ішінде 52 шақырым асфальт жол төселді. Қазір халық игілігін көріп отыр. Отан соғысына мұнай берген ауыл арасы шіріп жататын еді, егер Бергей ақша тауып, жол салмағанда, алтынның үстінде отырған Құлсарыға ондай жол бұйырмас еді.

Загипа Тастамбекова: Назарбаев екі азаматтан да қауіптенеді. Содан біреуін ел басқаруға – сайлауға түспейтіндей лауазымға, екіншісін қылмыскер деген жаламен қудалады.

Серик Муратшин: Қарабатан заводы салынғанда, мыңдаған жұмысшылар вахталық әдіске көше алмай жүргенде, осы Бергей вахталық әдіске көшірген еді. Инофирманы тыпырлатпай қойғанын көзіміз көрді. Бергей сол кезде мыңдаған жұмысшылардың рахметіне бөленген еді!

Дайындаған –
Айсұлу ОСПАН,
«D»

Республиканский еженедельник онлайн