«DАТ» газеті 2018 жылы елді елең қылған елеулі 10 оқиғаның нұсқасын анықтады.
Жұмыссыздарға САЛЫҚ САЛУ
2018 жылдың күзінде ҚР Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, елде «жұмыссыздарға салынатын салық» деген норматив пайда болды. Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдің салық жүйесіне Бірыңғай Жиынтық Төлем (БЖТ) енгізу жоспарланды. Ресми насихат бойынша, «жұмыссыздарға салынатын салық» деп атаған төлемнің бұл түрі өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға (базар саудасымен күнелтушілер, арба сүйреушілер, жалдамалы құрылысшылар, таксишілер, т.б.) тікелей қатысты. Жұмыспен қамтылмаған азаматтарды медициналық сақтандыруға, олардың зейнеткерлікке шығуына және еңбекке жарамсыздығына жәрдем етеді деген бұл салық, түптеп келгенде, Қазақстан экономикасындағы қаржылық тапшылықтың орнын жабуға арналған еді.
Еске сала кетейік, 2008 жылы қабылданған Салық кодексі 9 жыл ішінде 16 рет өзгертіліп, 3 рет қайта жазылды. Ал 2009 жылдан бастап бұл кодекске 130 өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екен.
Латын әліпбиінің ҚАБЫЛДАНУЫ
Елді елең еткізген бір оқиға – елдің жазу жүйесіне латын қарпіндегі әліпбиді енгізу жөніндегі ҚР президентінің жарлығы болды. Қоғамда бұл әліпбидің жекелеген қаріптері мен дыбысталуына қатысты қарсылықтар болса да, бұған дейін ел ішінде дау туғызған апострофты латын қаріптері қолданылмайтын болды.
Бұл жаңалық халық арасында толық қолдау тауып кетпесе де, латын әліпбиінің болашақ әлеуеті қазақ халқын Ресейдің империялық қысымынан құтқаруға себеп болады деген сенім бар. Жаңа әліпбидің қабылдануы жөнінде жарлық шыққан соң, елдегі бірқатар атаулар латын қарпіне көшіріліп, жекелеген газеттер латын әліпбиінің негізінде үлгілік нөмірлер шығара бастады. Осындай үрдістің жаппай қолдау табуы өз кіндігін Ресеймен байланыстырған келімсек халықтың елден кете бастауына түрткі болды. Ал ресейлік лауазымды тұлғалар мен саясатшылар өз ықпалынан жылыстауға бет алған Қазақстанға қоқан-лоқы көрсетуде.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ЖАҢА ЛАУАЗЫМ АЛУЫ
Қазақстан парламенті «ҚР Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, президент Назарбаевқа «Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы» деген жоғары құрылымдық және жаңа лауазым берді. Бұл заңның негізінде Нұрсұлтан Назарбаев ҚК-іне өмір бойы басшылық жасау құзіретіне ие болды.
Сарапшылардың пікірі бойынша, Назарбаев өзінің 27 жылдық жеке-дара авторитарлық билігін одан ары сақтап қалу мақсатында бұл лауазымды биліктің болашақ транзиті үшін пайдалануы мүмкін. Себебі, қабылданған заң бойынша, жаңа үлгідегі Қауіпсіздік кеңесіне Қазақстандағы билік тармақтары және олардың басшылары түгелдей бағынышты болмақ. Тәуелсіз саясаткерлер мен сарапшылар, танымал заңгерлер бұл жағдайды Қазақстан Конституциясына қарсы норма ретінде қабылдады. Бірақ «қойдан жуас» Қазақстан халқы бұл норманы үн-түнсіз «жұтып қойды».
Зейнетақы қорының ТОНАЛУ ҚАУПІ
Жыл жабылар желтоқсанның өткен аптасында ҚР Ұлттық банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 450 миллиард теңгелік активі «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингіне инвестиция ретінде аударылатынын хабарлады. Хабарда айтылғандай, Қазақстан үшін бұл орасан зор сома «ҚазАгро» ұлттық операторына 15 жылға 10 пайыздық үстеме қайтарыммен берілмек.
Сарапшылар мен әлеуметтік желілерді қолданушылардың пікірі бойынша, әрбір салық төлеушінің жеке жинағы саналатын бұл қордың қаржысын зиянға әбден батқан және қызметі ауыл халқына тиімсіз холдингке беруге болмайды. Оның үсітне БЗЖҚ-ның 250 миллион доллар қаржысы бұған дейін Әзірбайжан халықаралық банкінде талан-таражға түскенін ескерсек, ҰБ мен үкіметтің мұндай тәуекелге баруына негіз жоқ.
Еске сала кетсек, ҚР үкіметі мен ҰБ басшы-менеджерлерінің біліксіздігі мен жауапсыздығы және шетелдік инвестордың қаржысына мемлекеттік рэкет жасау салдарынан молдовалық бизнесмен Анатол Статидің шағымы бойынша, Қазақстан Ұлттық қоры активінің $22 млрд қаржысы бұғауға алынған болатын. Қазақстандық биліктен зардап шеккен шетелдік инвесторды Батыс пен АҚШ соттары және олардың қаржы институттары қолдап, Ұлттық қордың қауіпсіздігіне нақты қатер төнді.
Сайрагүлдің соты және ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫ
Өтіп бара жатқан жылы Қытайдағы қандастарымызға жасалған қысым өрши түсті. Бір деректер бойынша, жазықсыз қамауға алынған қазақтардың жалпы саны 10 мыңға жуық көрінеді. Олардың арасында 15 жастағы баладан 70 жастағы қарияға дейін теңсіздіктің теперішін көруде. Арғы беттегі 1,5 миллионға жуық қазақ қытайлық геноцидтің құрбаны болуда.
Сондай қасірет пен қамаудың қаупінен қашып, екі елдің шекарасын бірдей бұзып өткен, бергі бетте қалған бала-шағасына қосылуды арманындай аңсаған қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстандағы соты дүниені дүр сілкіндірді. Қапастың қаупінен қашып құтылған жас келіншек ата-бабасының еліне келіп, ақыр соңында тағы да мұндағы бюрократизм мен безбүйректіктің құрбаны болды: өзінің қазақ елі оған азаматтық түгілі, босқын мәртебесін бере алмай отыр. Енді бірер айдан кейін Сайрагүлге босқын атағы берілмейтін болса, бала-шағасы шырқырап, соңында қалар жас келіншектің Қытайға депортациялануы әбден мүмкін.
Чемпионның ҚАЗАСЫ
19 шілдеде мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ұрылардың қолынан қаза табуы бүкіл Қазақстанды дүр сілкінтті. Әлемдік спорт ареналары мен беделді халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшы өз көлігінің айнасын шешіп жатқан екі көлік ұрысын тоқтатпақ болып, қылмыскерлер қолынан қаза тапты.
Күдікті ұрылардың келесі күні ұсталғанына қарамастан, қазақстандық азаматтық қоғам ішкі істер министрінің отставкаға кетуін, сондай-ақ қазақстандық полицияны реформалауды талап етті. Генерал-полковник Қасымов доғарысқа кетудің орнына ел президенті тарапынан «ең таза министр» деген атқа ие болып, полицайлардың формалық киімін «реформалауға» кірісті.
Тәуелсіз ақпарат көздерінің деректері бойынша, Назарбаевтың үкіметі үшін Қасымов пен оның министрлігі «қаржы табу министрлігінің» рөлін атқаруға көшкен. Бейресми деректерге қарағанда, ІІМ жүргізушілер мен тәртіп бұзушыларға аяусыз салық салудың нәтижесінде ел бюджетіне жыл сайын 1 триллион теңгеге дейін кіріс кіргізеді екен.
Үш бірдей банктің БАНКРОТ БОЛУЫ
Биылғы жыл көлемінде ҚР Ұлттық банкі бірден үш қаржылық институттың лицензиясын қайтарып алды: тамызда – Qazaq Banki мен Эксимбанк, қыркүйекте – «Астана» банкі қызмет көрсетуді тоқтатты. Бүгінде бұл банктерге депозит салған мыңдаған қазақстандық ақшаларын қалай қайтарып аларын білмей, сеңдей соғылысуда.
Қаржы саласы тәуелсіз сарапшыларының пікіріне қарағанда, бұл банктердің кенеттен жабылуына ҚР президенті Н.Назарбаевтың тікелей қатысы бар. Біріншіден, қаржы саласындағы хабары «үш кластық» президент үкіметтің кеңейтілген отырысында үш банктің қызметіне қатысты негізсіз сын айтып, банк клиенттерін үркітуге себепкер болған. Екіншіден, дүрліккен салымшылар өз ақшаларын жаппай қайтарып алуға кіріскен кезде банктердің қызметі күрт қиындап, банкроттық жағдайға тап болған. Төртіншіден, аталған үш банкті жабу арқылы президент өзінің бақылауындағы банктерді басы артық бақталастардан құтқарған.
Елін әйгілеген ДАРА ДИМАШ
Бірегей Британияның астанасы Лондонда жеке концертін берген қазақтың дара дарыны Димаш өзінің халқын әлемге тағы бір рет әйгіледі. Оның бергі жағында Ресей эстрадасы мен шоу-бизнесінің бел бабасы Игорь Крутой ормандай орысты қоя тұрып, қазақтың қара баласын Мәскеу сахнасына шығаруға мәжбүр болды. Мэтрді мәжбүр еткен – Димаштың дүниеде теңдесі жоқ дауысы мен қарапайым ғана азаматтық аты еді.
Музыка саласындағы мамандар мен сол саланың саясатын саралаушылардың пікірі бойынша, Кремльдің көсемдері орыстың ән өнері арқылы Димашты миллиардтық қытайдың қолдауынан тартып алуды көздеп отырған сыңайлы. Мәскеудегі Кремль сахнасында ән салып, «НТВ» арнасының «Орталық телевидение» бағдарламасында қонақта болған Димаш Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен «Шаршаған аққулардың махаббаты» әнін орындап, осқырынған орыс ордасын бұзды. Сонымен қатар Димаш Ресейдегі «Жыл әні–2018» бағдарламасына қатысып, енді Кремль сарайында өтетін жеке концертіне дайындық үстінде.
Қазақ киносының СҰЛУ САМАЛЫ
Биыл Каннда өткен 71-ші әлемдік кинофестивальда қазақ қызы Самал Есләмова «Үздік әйел рөлі» үшін берілетін «Пальма бұтағын» жеңіп алды. «Айка» деп аталатын ресейлік фильмге түссе де, Самал қазақ киносының сұлу да, саумал самалы атанды. Ендігі кезекте әлемдік кино көрмелерінің сарапшылары қазақ киносына Самал салған жолдың сілемі арқылы баға беретін болады.
Ең бастысы – бөтен елде, өзгенің өнерін өркендетіп жүрсе де, Самал-қыз қазақи қалпынан, ұлттық тұғырынан таймаған екен: тілі де, бал мінез биязылығы мен инабаттылығы да ұлтының ұлағатын ұран етіпті. Сондықтан Самалдың сара жолы бүгінгі дүбәрә-дүлей талай қазаққа өнеге болса дейміз…
«ӨМІРЛІК ЖАЗА» және жазықсыз «жиһад»
Биылғы көктемде сот шешімімен «экстремистік ұйым» ретінде тыйым салынған «ДВК» қозғалысының көсемі, Ақорда режимінің оппоненті Мұхтар Әбілязовқа қарашада кезекті жаза кесіліп, ол «адам өліміне тапсырыс беруші» ретінде өмірлік түрме жазасына кесілді. Адвокатын Ақорда белгілеген сотта ол банкир «Ержан Тәтішевтің өлімін әдейі ұйымдастырған» қылмыскер атанды. Еске салсақ, М.Әбілязов бұған дейін 20 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал ең өкініштісі – заңсыз «ҚДТ»-ны қолдады деген айыппен елдегі бірнеше азамат жазаға тартылды: олардың соңғысы – «үш жиһадшы» өткен аптада түрме жазасына кесілді.
«Он оқиғаны» анықтаған редакциялық кеңестің шешімін қағазға түсірген – Ермұрат БАПИ