Суббота , 19 апреля 2025

БЕРГЕЙДІ ЖЕДЕЛ СОТТАУ билік үшін неге қажет болды?

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның інісі, мәжілістің экс-депутаты Аманжан Рысқали және тағы сегіз адамның үстінен қозғалған іс бойынша жарыссөз өтті. Айыпталушылардың ешбірі сот процесіне қатысқан жоқ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағайынды Рысқалиевтер мен сегіз адамға ұрлық, алаяқтық, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену, жалған кәсіпкерлікпен айналысу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, қызмет өкiлетін асыра пайдалану, пара алу және жалған құжат жасау баптары бойынша айыптар тағылған. Айыптау актісінде Бергей Рысқалиевтің мемлекетке келтірген зияны 72 миллиард теңге деп көрсетілген.

«754 томнан тұратын істі екі ай ішінде сот тергеуінде қарап шығу мүмкін емес… Бұл – соттың істі бір жақты қарап отырғанын және /биліктің/ айыпталушыларды тезірек соттауға мүдделі екенін көрсетеді», – деді адвокат Саян Жүнісбаев сотта.

Прокурор Досбол Бақытжанов жарыссөз қорытындысында Бергей Рысқалиевті 17 жылға, Аманжан Рысқалиев пен Рүстем Әлбақасовты – 16, Мұрат Желдібаевты – 8, Нұрлан Жұлмағамбетовты – 9, Ерболат Ізбасар, Артем Данаевич пен Айбат Сүлейменовты – 10 жылға соттауды сұрады. Бұған қоса, олардың мүліктерін тәркілеп, он жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салуды өтінді.
Ал адвокаттар жағы өздері қорғап жатқан адамдарды ешқашан көрмегенін, өздеріне тағылған айыптарға қатысты пікірлерін білмейтінін айтып, «адвокат ретінде /билік/ тағайындаған соң, жарыссөзге қатысуға мәжбүр» екендерін айтты. Адвокат Саян Жүнісбаев айыпталушыларсыз өткен бұл процесті «гуманды, демократиялық деп санауға болмайды» деді.

«Бұл өте ерекше және қиын мәжіліс. Сотталушылар өздерінің сотталып жатқандарын білмейді. Олар тірі ме, жоқ па – ол да белгісіз. Оларды өздерін қорғауға, соңғы сөз айтуға мүмкіндік бермеген бұл сотты конституциялық құқықтары сақталмаған жазалау соты деп айтуға болады», – деді Саян Жүнісбаев.

Судья Тыныштық Нұримова «бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында сот пікірталасының болатыны жайлы хабарланғанына қарамастан, сотталушылардың соңғы сөз айтуға келмегенін» айтып, «жарыссөз өтті деп саналатынын» хабарлады. Сот үкімі қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Бергей Рысқалиев Атырау облысын 2006–2012 жылдар аралығында басқарған. Сол жылы жазда қызметінен босатылған. 2012 жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали «өз өтінішімен» депутаттық мандатынан бас тартқан. Біраз уақыттан соң ағайынды Рысқалиевтерге іздеу жарияланған, бірақ олардың қайда екені әлі күнге дейін белгісіз.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін «күдіктілер Қазақстан аумағынан тыс жерде және тергеуден жалтарып жүр» деп, оларды бірнеше рет Астанаға тергеуге шақырған.

Azattyq.org

Республиканский еженедельник онлайн