Суббота , 5 июля 2025

ІНІМЕ ХАТ

Ермұрат!

Сенің жасың АЛПЫСҚА тола­ты­ны­ң­ды азуын айға білеп жүр­ген жігіт­тер­дің ешқай­сысы­нан кем емес ақжарқын қарын­да­сым Бақыт­гүл­дің уәлі аузы­нан есті­гені­ме алты күн бол­са да, әлі сене алмай жүр­мін. Бірін­ші­ден, мен – алпы­сты анда-сан­да сағы­нып қоя­ты­ны­на жиыр­ма төрт жыл болған пен­де­мін. Сол себеп­тен сенің 60-ты ерт­теп мін­геніңе сен­гім кел­мей­ді, неге, қай­да асы­қтың екен, елудің ауы­лын­да 10–15 жыл неге жүре тұр­ма­дың екен, – әлі мен­ше сағы­на­сың ғой?!. 

Екін­ші­ден, кеше­гі Кеңес дәуірін­де мөл­шер­мен он сөз ақиқат­тың ара­сын­да екі-үш сөз ғана өтірік жүру­ші еді, ал сол дәуір­ден ат-тоны­мы­зды ала қашып, алақай­лай бастаға­лы жиыр­ма сегіз жыл десек, өз басым осы мерзім­де он сөз өтірік­тің ара­сы­нан бір сөз ақиқат­ты әрең көріп жүр­мін. Ертеңді-кеш ести­тінім, оқитыным: 

Қаза­қстан тәу­ел­сіздік­ке табан­ды күре­спен жет­ті; демо­кра­тия жолы­на бір­ден түсті; адам құқын қадір­ле­уді бір­ден қолға алды; эко­но­ми­ка­сын гүл­ден­діру­ге бір­ден кірісті; ауыл шару­а­шы­лы­ғын ғажап рефор­ма­ла­ды; ғылым-білім­нің өрісін кеңейт­ті; сай­ла­уды әділ өткі­зуді жүзе­ге асыр­ды; сөз бостан­ды­ғы мен ой еркін­ді­гін қам­та­ма­сыз етті; жер бетін­де­гі ең бай отыз елдің қата­ры­на ұмтыл­ды. Иә, Нобель сый­лы­ғы­ның бола­шақ иесі, Елба­сы Н.Назарбаевтың даны­шпан­дық бас­шы­лы­ғы арқа­сын­да! Бүгін Қаза­қстанға бүкіл дүние жүзі қызы­ға көз тігіп, жан-жақты өркен­деу тәсілі­мізді зерт­теп, құл­шы­на үлгі-өне­ге алу­да және Нұр­сұл­тан Әбі­шұ­лы Назар­ба­ев­ты ғасыр сая­сат­кері деп мой­ын­да­уда; біздің пре­зи­дент кеше­гі қазақ Абы­лай хан­мен, түрік Ататүрік­пен, ағы­л­шын Вашинг­тон­мен тере­зесі тең тари­хи тұлға!..

Бетіне бір­ден пәрән­жә киген билік­тің, оның шабар­ма­ны­на айналған бұқа­ра­лық ақпа­рат құрал­да­ры­ның айта­тын­да­ры – осы. Бет­пақ билік­тің азан­шы­сы, қол­шоқ­па­ры, езуін­жа­ла­ры болып алған, ат-атақта­ры­нан жер үстін­де­гі жылқы тұрғай, судағы итба­лық үркетін сарай ақын-жазу­шы­ла­ры­ның жыры – осы. Бүгін­гі бір жазу­шы депу­тат оны «2‑Нұх пай­ғам­бар!» деп, тағы бір ақын «Мұхам­мед пай­ғам­бар­дың бей­несі!» деп жазып, Күн мен Айды бағыт­та­ры­нан ада­сты­ра жаз­да­ды. Пой-пой-ой!.. 

Ал өмірі­міз­де бәрі де – керісін­ше! Міне, осын­дай тір­лік­тен кей­ін, Ермұрат-ау, жасың алпы­сқа кел­геніне қалай ғана сене алай­ын?!. Алай­да сеней­ін, себебі көзі тірі тари­хи тұлға­лар: сая­сат­тың сақа­сы Серік­бол­сын Әбділ­дин, эко­но­ми­ка­ның ғұла­ма­сы Әке­жан Қажы­гел­дин, ақиқат­тың ақ сем­сері Ғалым­жан Жақи­я­нов сын­ды ардақты інілерім бастап, басқа шын­шыл шырай­лы іні-қарын­даста­рым да қостап, сенің 60 жастағы ержүрек қалам­гер екеніңді айт­ты, жазды. 

Әлбет­те, сенің КІМ екеніңді ешкім­нің мағлұ­ма­тын­сыз-ақ баяғы­дан біле­мін. Енде­ше: құдай қосым­ша қуат беріп, енді бір қырық жаса және келін еке­уің бала-неме­ре-шөбе­ре­лер­дің тек қызы­ғын көріп, дос-жол­даста­ры­ң­ның орта­сын­да жақ­сы жаса! Бұл – өзім­нің де, Отба­сым­ның да тілегі. 

Ғаб­бас ҚАБЫШҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн