
- Бірінші желтоқсаннан бастап, бұрынғы «Нұр Отан» — қазіргі «Amanat» партиясынан өз еркіммен жұмыстан кеттім. Енді, партияның мүшелігінен де шығамын.
Мен «Нұр Отан» партиясына мүшелікке жалғыз мақсатпен – Ұлы көш үшін өткем. Осы партияға жұмысқа да сол мақсат үшін тұрғамын. Мені аталған партияға қызметке алған – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед аға.
Алты жыл ішінде үш төрағаның бірінші орынбасарымен, бір атқарушы хатшымен жұмыс істедім. Түйгенім – партияда және партияға мүше болған азаматтарда тұрған ештеме жоқ. Мәселенің бәрі – жетекшіде. Партияны өр қылатын да, жер қылатын да – жетекші!
Дау жоқ, «Нұр Отан» биліктің бірегей партиясы болды. Материалдық ресурсы да әлемнің «мен» деген партияларынан артық болмаса, кем емес шығыр деп ойлаймын.
Арғы басшыларын білмеймін, Мұхтар Құл-Мұхаммед партия төрағасының бірінші орынбасары болып тұрған кезде, «Нұр Отан» партиясында мінез де айбын да болды. Мұхтар Абрарұлы министрлерді «Нұр Отан» партиясына шақырып алып, партияның Мәжілістегі фракция мүшелері мен Орталық аппарат қызметкерлерінің алдында Президент тапсырмасының орындалуы, бюджеттің игерілуі жайында айына бір рет есеп алатын. Өз көзімізбен көрдік қой – депутаттар айқұлақтанып, министрлеріңіз дірілдеп қалатын.
«Нұр Отан» партиясының сол Мұхтар Құл-Мұхаммед қалыптастырған мінезі мен айбыны Маулен Ашимбаевтың тұсында жер болды.
Мәулен Сағатханұлы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша тегін АйТи-орталықтар мен IT-сыныптар ашып, IT-мамандар даярлау ісімен болып кетті. IT – негізі партияның емес, атқарушы биліктің – министрліктің шаруасы! Партия кілең саясатпен айналысып, халықтың саяси мәдениетін көтеруге, саяси тұлғалар дайындауға және сайлау жүйесін дамытуға күш салуы керек қой.
Маулен Әшімбаевтың кезінде құлдыраған партияның беделін Бауыржан Байбек те тіктей алған жоқ. Есесіне, ол «Нұр Отан» партиясы фракциясы депутаттарының әлеуметтік желідегі жазбаларына балл қою арқылы, депутаттарды тұқыртумен айналысыты. Сонымен бірге, ақпараттық соғыста Жанболат Мамайдан жеңіліп, соңында елден жыраққа бой тасалап кетті.
Сөйтіп, ақыры не болды? «Нұр Отан» атын «Amanat» деп өзгеруге мәжбүр болды. Өйткені, «Нұр Отан» десе, жұрттың төбе шашы тік тұратын жағдайға жетті.
Естеріңізде болсын, қолдан жасалған партия бала құрастырған қуыршақ секілді болады екен. Оны бір жұмсақ алақан аялап отырмаса, өз бетімен күн көре алмайтынын көрдік…
Ал, қазіргі атқарушы хатшы Асхат Оралов жөнінде әңгіме бөлек. Асхат Раздықұлы – Тәуелсіздіктің құрдасы. Бұл жігіттің «Amanat» партиясына атқарушы хатшы болып келгеніне көп бола қойған жоқ. Келгелі бері сиезден – съез, сиезден көз ашқан емес. Сол сиездердің ұйымдастырылу жұмысы тап-тұйнақтай өтуде. Ең бір көзге түскен кезі – соңы кезектен тыс Президент сайлауы. Маулен Әшімбаев пен Бауыржан Байбектің уағында өткен съездер мен сайлаулардағы шоулар бұл жолы болған жоқ.
Есесіне, сайлаудың үгіт-нәсихатын кілең сайси тұлғалар мен белсенділер жүргізді. Демек, «Amanat» партиясы өз жолын тауып келеді. Асхат Раздықұлы бауырыма табыс тілеймін!
Ал, өз басыма келсем, жоғарыдағы аты аталған басшыларыма өкпем жоқ. Бекітілген кесте бойынша, Мәжіліс депутаттары, министрлер мен олардың орынбасарлары, Бас прокурордың орынбасарлары ретімен келіп, «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен қабылдау өткізеді.
Партияның осы мүмкіндігін пайдаланып, өзім жоспарлап келген жұмыстарымды түгелге жуық орындап алдым. Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттарға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енуіне ықпал еттім. Ешкім аузыма қақпақ, аяғыма тұсау салған жоқ. Кімге – не айтам десем – айттым, кірем деген министрлердің бәріне кірдім. Бір сөзбен айтқанда, сол үшін, бұрынғы басшыларыма алғысым шексіз! Алты жылдағы ең бір мақтанышпен айтатын жетістігім – «Нұр Отан» партиясының қатып-семген субординациясын бұзып, еркін жүріп-тұруға, жазып-сызуға және айтуға қол жеткізгенім дер едім.
Реті келіп тұрғанда айта кетейін, «субординация» деген бұл бәле Кеңестік кезеңнен қалған «сарқыт» болса керек.
Орыс шенеуніктері қазір сол «субординация» дегеніңді пысқырмайды, еркін сілтейді. ТМД-да «субординация» қалпағын баса киіп алып, суқаны ұшып отырған – баяғы біздің қазақ шенеуніктері ғана секілді.
Партиялық мектептен өтуіме ерен еңбек сіңірген, жарқын жол ашқан Жұмажан Жүкенов ағама басымды ием! Аскар Кумарбай досымның жақсылығы мен көмегін екі дүниеде ұмытпаймын!!
Барша әріптестеріме бақыт тілеймін! Аман болыңыздар!
Ауыт МҰҚИБЕК