Суббота , 19 апреля 2025

«ҚАҢТАРҒА» рақымшылық ЖАРИЯЛАНДЫ

  • Кеше – 19 қазанда «Қаңтар оқиғасына» қатысып, жауапқа тартылған азаматтарға рақымшылық жасау жөніндегі заң жобасын ҚР парламентінің мәжілісі мақұлдады.

Дегенмен, «Азаттықтың» хабарлауынша, «Қаңтар оқиғасы» бойынша айыпталған бір полицей рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Мәжілісте «Қаңтарға» қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заң жобасы талқыланған кезде осындай мәлімет айтылды.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтің айтуынша, қазіргі кезде «Қаңтар оқиғасына» байланысты күштік құрылымның 49 өкіліне айып тағылған. Біреуі рақымшылыққа ілінуі мүмкін.

– Қазіргі кезде 49 құқық қорғау қызметкерінің өкілі жауапқа тартылып жатыр. Оның біреуіне ғана рақымшылық қолданылуы мүмкін. Іс әлі сотқа жіберілген жоқ. Ол «Қылмысты жасыру» (432-бап) бойынша айыпталған, – деді Әсет Шыңдалиев. Оның айтуынша, қалғандарына «Азаптау» және «Билікті асыра пайдалану», «Адам өлтіру» баптары бойынша айыптар тағылған.

Заң жобасын мәжілісте таныстырған депутат, мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанованың айтуынша, құжатқа сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі «заңбұзушылықтарға қатысы бар» 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінуі мүмкін. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады. Заң жобасы бойынша, «ауыр қылмыс жасағандардың жазасының төрттен үші, ерекше ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімінің жартысы қысқартылады».

Рақымшылықтың «мемлекетке сатқындық жасау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптаумен байланысты» қылмыс жасағандарға қатысы жоқ.

Ресми мәліметтерге қарағанда, қазірге дейін «Қаңтар оқиғасы» бойынша 1060 адамға сот үкімі шыққан, 106-сына бас бостандығын айыру жазасы қолданылған.

Бұған дейін кейбір құқық қорғаушылар қаңтар кезінде «бейбіт халыққа оқ атқан» күштік құрылым өкілдері амнистияға ілінуі мүмкін деген қауіп айтып сынаған. Олардың айтуынша, рақымшылық туралы заң жобасына «Адам өлтіру» бойынша айыпталғандар ілінбегенмен, «кездейсоқ адам өлтіру», «қорғану мақсатында оқ ату» сияқты баптар бойынша айыпталғандар ілінген.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн