Суббота , 19 апреля 2025

АЛТЫНБЕКТАНУ бағыты басталды

  • 2006 жылы қастандықпен өлтірілген оппозиция лидері Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл толуына арналған ғылыми конференцияда ашылған көрмеден көрініс суреттер. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.

Жуықта Алматыда саясаткер, оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл толуына арналған ғылыми конференция өтті. Ғалымдар «оппозиция белсендісінің саяси мұрасын зерттеу арқылы Алтынбектанудың ғылыми тұғырын жасап, сол арқылы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді шешу маңыздылығын» атап өтті.

– Тарих, филология, әлеуметтану, қоғамтану, саясаттану, журналистика ғылымында Алтынбектану деген бағытқа түрен салынды. Енді ғылыми негізде сараптап, Алтынбектей тұлғаның қалыптасуының негізі неде? Алтынбектің рухы кейінгі ұрпақтарға жұғысты болуы үшін қайтпек керек? Қалай зерттеу керек? Қай бағытта, қай қырынан алып саралау керек деген мәселелер қозғалды, – дейді конференция ұйымдастырушыларының бірі Сағатбек Медеубекұлы.

Жиында совет дәуірінде тәрбиеленіп, Мәскеуде білім алса да, «ұлтсызданбаған» саясаткердің «билік басында жүріп те, жүйенің қателіктерін көріп, соны дұрыстау үшін күш салғаны» айтылды. Саясаткердің өмірі мен саяси жолын зерттеу маңыздылығы сөз болды.

«Тәуелсіз елдің тәуелсіз азаматтары өздері үшін және болашақ ұрпағы үшін бейбіт саяси күресті бүгін бастаймын десе, Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси мұрасы темірқазық болуға дайын», – деді баяндамасын оқыған саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

Конференция барысында Алтынбек Сәрсенбайұлының жазбалары мен ол туралы жазылған мақалалар топтастырылып шығарылған екі кітап таныстырылды. Ұйымдастырушылар үшінші томға осы конференция барысында оқылған баяндамалар енгізілетінін жеткізді.

  • Алтынбек Сәрсенбайұлы 1993–2001 жылдар аралығында ҚР Қоғамдық келісім және ақпарат министрлігін басқарған. Кейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. 2003 жылы оппозицияға өтіп, билікті сынады.
  • 2006 жылдың 11 ақпанында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы жасағының офицерлері ұрлап әкетіп, екі күннен кейін үшеуінің мәйіті Талғар ауданындағы Көктөбе ауылының маңындағы сайдан табылды. Қастандыққа тапсырыс беруші ретінде әуелі сенат аппаратын басқарған Ержан Өтембаев айыпты деп танылды. Кейін бұл қылмыс экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің экс-төрағасы Әлнұр Мұсаевқа таңылды.
  • Бұған дейін Алматы облысындағы елді мекенде саясаткер оқыған мектепке Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілген болатын.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн