Суббота , 19 апреля 2025

А-У-У, БАСПАНАСЫЗ СТУДЕНТ, министрлікке шұғыл хабарлас!

  • Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі баспанасыз қалған студенттердің хабарласуын сұрайды.

«Әлеуметтік желілерде Алматы студенттерінің «далада түнеп жүргені» жайлы видео тарап жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі ролик авторларын/қатысушыларын ведомствоға хабарласуды сұрайды. Қажет болған жағдайда ол студенттерге көмек көрсетіледі», – делінген таратылған хабарда.

Ведомство атап өткендей, Алматы қаласында қиын жағдайға тап болған студенттерді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штаб жұмыс істейді. Студенттер тәулік бойы +7 778 655 60 83 нөміріне хабарласа алады.

Егер азаматтарды баспанадан заңсыз шығару немесе жалға беру құнын өсіру жағдайы орын алса, олар Әділет министрлігінің 119 колл-орталығына немесе 58-00-58 нөміріне (Алматы, Астана қалалары үшін) хабарласа алады.

ҚазТАГ

СОЛТҮСТІКТІ ҚАЗАҚҚА ТОЛТЫРА АЛАМЫЗ БА?

  • Қазақстан билігі «еңбек күші көп» өңірлерден «еңбек күші тапшы» өңірлерге халықты көшіру бағдарламасын қайта қарауды көздеп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде көш жоспары 71 пайызға орындалған.

«Суық түсуіне байланысты оңтүстіктен көшкісі келетіндер азая түседі, соған байланысты квотаның орындалмай қалу қаупі бар. Қазіргі уақытта Павлодар облысында 1 мың, Солтүстік Қазақстан облысында 500, Қостанай облысына 362 адам квотасы орындалмай тұр», – деді еңбек министрі Тамара Дүйсенова.

Еңбек министрлігі көшкен отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен жеткілікті қамтамасыз етілмеген деп санайды. Ведомство мәліметіне қарағанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында көшіп келген еңбекке жарамды адамдар 58,5 пайыздан 67 пайызға дейін ғана жұмыспен қамтылған. Жұмысқа орналасқан 54,4 пайызы ғана зейнетақы қорына жарна аударады.

Министр сөзінше, жаңа ереже бойынша, мұнан кейін азаматтар жұмыс орны бар аймақтарға ғана көшіріледі. Көшіп келушілерді қабылдайтын аймақтардың әкімдіктеріне көшті ынталандыратын жол картасын жасау тапсырылған.

Қазақстанда 2017 жылдан бері оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы жұмыс істеп, мыңдаған адам қоныс аударған. Алайда жергілікті БАҚ-тардың жазуынша, көшіп келушілер кейінгі жылдары азая бастаған. Оған тұрғын үй тапшылығы, жергілікті инфрақұрылымның дамымағаны себеп болуы мүмкін.

Azattyq.org

Сайлауға сауалнама жүргізу БИЛІККЕ ҚОРҚЫНЫШТЫ МА?

  • Екі зерттеу институты мен бір орталық Қазақстан президенттігіне сайлауда сауалнама жүргізуге жіберілді, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясынан.

«2022 жылғы 11 қазандағы жағдай бойынша, Орталық сайлау комиссиясына 3 заңды тұлғадан құжаттардың көшірмелерін қоса, қоғамдық пікірге сұрау салуды жүргізгені туралы хабарлар келіп түсті», – делінген хабарда.

Олар:

1. «Қоғамдық пікір» зерттеу институты («Общественное мнение» зерттеу институты);

2. «AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институты»;

3. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы.

ҚазТАГ

ДУМАН ДУЫЛДАМАСЫН ДЕП, полиция қоқан-лоққы жасауда

  • Қаңтар оқиғасы туралы жиі ақпарат тарататын «Не дейді Youtube-арнасының авторы Думан Мұхаметкәрім үйіне полицейлер келгенін хабарлады. Журналист әлеуметтік желіде полицияның келген сәтінен видео жариялады. Онда құқық қорғау орган қызметкерлерінің журналисті үйінен алып кетпек болғаны көрінеді.

– Онға жуық форма киген полицей үйіме келді. Ішінде учаскелік полицей, Алматы облысының полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасынанмын дегендер бар. Қазір үйімнің жан-жағында қаптап тұр. Маған орыс тілінде шақырту алып келіпті. Мен орысша оқымаймын, қазақ тілінде толтырылғанын әкелсін деп талап еттім. Қазақ тілдіндегі шақырту әкелуге кетті. Әкеп жатса, заңға бағынам, барам, әрине, – дейді Думан Мұхаметкәрім «Азаттық» тілшісіне.

Журналист таратқан видеода үйінің маңында төрт жеңіл көлік тұрғанын көруге болады. «Мен ешқандай заң бұзған жоқпын. Қазанның 25-і кезектен тыс сайлауға қарсы шығамыз деп, Алматыдағы орталық алаңға шығайық деп үндеу тастағам. Қоғам белсенділермен бірлесіп шешімге келдік. Бес жұмыс күні қалған кезде біз өзіміздің ескертуімізді береміз, рұқсат күтіп отырмаймыз. Ел-аймақтардан барлығын шақырғанбыз, соған бола келген болар», – дейді журналист.

«Не дейді?» Youtube-арнасының авторы Думан Мұхаметкәрім қаңтар оқиғасы кезінде халыққа ақпарат таратып, дүрбелеңге қатысты азаматтардың соты мен белсенділерді жиынына күн сайын материал беріп келеді.

Azattyq.org

 

Катар әміріне – «Алтын Қыран», ЕРДОҒАНҒА «ДОСТЫҚ» ҚАНА

  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді Қазақстанның ең жоғарғы наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.

Орден табыстау рәсімінде мемлекет басшысы Катар әмірінің халық алдындағы абырой-беделін, ел басқару ісіндегі даналығы мен ерекше тұлғалық қасиеттерін, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін атап өтті, деп жазады «Азаттық» осы орайда.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Дохада өткен кездесуде шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін, екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Бұл екі арада Астанадағы саммитке қатысуға келген Түркия президенті Реджеп Ердоғанға «Достық» ордені ғана бұйырды. Бұл «Достық» Қазақстан марапаттар иерархиясында «Парасат» және «Құрмет» ордендері сияқты екінің біріне таратылатын орденнің бірі. Билік Ердоғаннның «тұраншыл» идеясын неге елемегені түсініксіз.

ДАТ-ақпарат

Жаңаөзен мұнайшылары ӘРІПТЕСІНЕ АРАША ТҮСТІ

  • 12 қазанда Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшылары өткен аптада соққыға жығылған белсенді Мұратбай Жұмағалиевті қолдап, жұмысты екі сағатқа тоқтатты. Олар белсендінің соққыға жығылуына орай қозғалған қылмыстық істі тезірек тергеуді, кінәлілерді табуды талап етті.

«лыКешегі күні Мұратбай Жұмағалиевті өлімші қып таяқпен сабап, қазір үйінде балдақпен жатыр. Сол Мұратбайды ұрып кеткен азаматтарды тапқанша осылай қарсылық білдіреміз. Мұратбай Жұмағалиевтің үйінің алдындағы көлік өртеніп кетті. Ол ашылған жоқ. Қорасындағы жылқысын өлтіріп кетті. Ол ашылған жоқ. Енді өзін өлімші қылып сабап кетті. Сондықтан Жаңаөзен полициясынан Мұратбайды ұрып кетуге орай қозғалған қылмыстық істі тезірек ашып беруді талап етеміз» деді видеомәлімдемеде Нұрлыбек Нұрғалиев.

Нұрлыбек Нұрғалиев «Азаттыққа» акцияға шамамен қанша адамның қатысқанын айта алмайтынын, «Өзенмұнайгаз» бұрғылау жұмыс басқармасы вахташыларының жұмысты тоқтатқанын жеткізді. Кәсіпорын басшылары келіп «бір адамға бола тұтас кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға бола ма?» деп сұрап, шараға қарсылық білдірген. Алайда жұмысшылар екі сағаттық акцияны үзбеген.

6 қазанда Жаңаөзенде үйінің маңында белсенді Мұратбай Жұмағалиевті ұрып кеткен еді. Маңғыстау облысы полиция департаменті белсенді ауруханаға түскеннен кейін «Бұзақылық» (293-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн