30 ЖЫЛДЫҢ КЕСАПАТЫН үш жылда өзгерту мүмкін емес

Қоғамда күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде туындаған сұрақтар жайлы газет тілшісі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Нұртазамен сұхбаттасқан еді.

Самат мырза, бүгінгі біздің қоғамда кеу-кеулеп тұрған маңызды мәселе Қазақстанға Атом электр стансасы керек пе, жоқ па деген сұрақ. Бұл турасында дау көп. Ал АЭС құрылысына халық арасында қарсылықтың өршіп тұрғанын қалай бағалайсыз? Мәселен, қоғамның айнасы саналатын әлеуметтік желілерде негатив өршіп тұрғанын өзіңіз де байқап жүрген боларсыз?

– Елімізде АЭС салуға деген қарсылық – кезіндегі Фукусимо мен Чернобыль трагедияларының нәтижесі деп ойлаймын. Әрине, үрейдің болуы заңдылық. Бірақ қорыққанға қос көрінеді демекші, елімізге АЭС керек екенін де ұмытпауымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, қазір энергия көзін сатып алып отырмыз. Сондықтан бұл энергияға тәуелдіктен құтылу үшін мәжбүрлі түрде жасалып жатқан шара деп ойлаймын. Себебі көмірмен алысқа бармаймыз.

Жалпы, Қазақстанда АЭС салу қаншалықты қажет? Сіз электр қуатына деген мұқтаждықты қандай аргументтермен айтып берер едіңіз?

– АЭС салынатын жерге байланысты екі таңдау болды. Бірі Курчатов, екіншісі Балқаштың жағасы. Елімізде халқымыздың 50 % тұратын үш облыс бар. Олар: Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облысы. Біздің елімізге қажетті фабрикалар мен зауыттар салайын деп әртүрлі шетелдік инвесторлар келсе, энергия көзінің тапшылығы басты мәселе болып туындайды. Сондықтан осы негізгі үш облыстың тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында Балқаштың маңы таңдалды.

6 қазан күнгі референдумда дауыс беруде «иә» мен «жоқтың» аралық мөлшері қандай болады деп болжам жасай аласыз?

– Менің ойымша, халықтың 70 %-дан жоғары бөлігі қолдайды деп ойлаймын. Себебі үйімізді жылытып тұрған жылу стансалары болсын, зауыттар болсын, үлкен энергия қуатын қажет етеді.

Соңғы кездері әскер қатарындағы сарбаздардың қазасы жиілеп кетті. Сіз қорғаныс саласына қатысты Парламент комитетінің мүшесі ретінде бұл келеңсіздіктің салдарын атап бере аласыз ба?

– Иә, мұндай мәселе бар. Бұл мәселе Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне қарасты болғандықтан, жіті бақылауда ұстаймыз. Бейбіт заманда сарбаздарымыздың қаза тапқаны офицерлік құрамның әлсіздігі деп есептеймін. Сарбаздардың арасында лудомандар да кездесіп жатады. Жаңадан келген сарбаздардың атына мәжбүрлеп несие алдыртып, ол ақшаны букмекерлік компанияларға салып, ұтылған жағдайлар да болған. Мұндай мәселелер әрбір әскери бөлімшенің командирінің жауапкершілігінде болуы керек.

Жеке басым контрактілі кәсіби әскерді қолдаймын. Армия деген екінің бірі бара бермейтін қолжетпес жұмыс болуы керек. Кейде әскери комиссариатта белгіленген жоспарды орындау үшін, әскерге жарамсыз жастарды да шақыртады. Салдарынан әскерде физикалық күшті талап ететін қатаң тәртіп сарбаздардың денсаулығындағы барлық кем-кетіктерін асқындырады. Бұл да әскерде қайғылы жағдайлар көбеюінің бір факторы. Сондықтан әскери-медициналық іріктеу жағын жіті қадағалау керек.

– Соңғы күндері БАҚ-та мектеп оқушыларының арасында да суицид жасау фактілері жиілеп кетті. Жалпы, өзіне-өзі қол жұмсау бойынша, Wisevoter мекемесінің дерегіне сүйенсек, Қазақстан 19-орында тұр екен. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар қолданылуда және суицид мәселесі не себепті өршіп кетті деп ойлайсыз?

– Иә, қабырғаны қайыстыратын қайғылы жағдайлар тым көбейіп кетті. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін, мектеп қабырғаларында тәрбие жұмыстары мен сынып сағаттары жиі жүруі керек. Егер эмоционалды интеллектісі дамыған ұстаз болса, ол оқушының жүріс-тұрысы мен отырысынан-ақ баланың ауыр депрессияда жүргенін, я болмаса күмәнді ортамен байланысқанын біле алады деп ойлаймын.

Екінші жағынан, тек ұстаздарға жауапкершілікті артып отыра бермей, ата-аналар да балалары үшін бірінші кезекте жауапты екенін түсінуі керек. Тіршіліктің қамымен күні-түні жұмыстан бас алмайтын әке-шеше баласының жай-күйі қалай болып жатқанын, оның не нәрсемен әуестеніп жүргенін де білмейді. Әрине, заман талабы сол, оларды да кінәлай алмаймыз. Бірақ тым құрығанда кешке жатарда балаңыздың телефонын бір тексеріп қойғаныңыз жөн. Ол кімдермен сөйлеседі, кімдерді көреді, қандай әлеуметтік желілерде отырады, кімдерге тіркелген – осының барлығы баланың психо-эмоционалды фонын туғызады. Біздің ата-аналар «бұл мәселелердің бізге қатысы жоқ, менің балам ондай емес» деп қарайды. Олай ойлау дұрыс емес. Бұл кез келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін жағдай. Нақты біреуге айып таға алмаймыз.

Жалпы қоғам болып жүйелі жұмыстар жасалуы керек. Соңғы күндері ата-аналарды алаңдатқан тағы бір үндеу шығып жатыр. Чаттардағы хаттарға сенсек, тағы да қауіпті ойынның жаңа түрі пайда болған. Осыған байланысты еліміздегі барлық мектептерде бала қауіпсіздігіне арналған жиналыс ата-аналармен бірге өткізіліп жатыр. Онда қауіптің алдын алу шаралары баяндалады.

Ол ойында балаға түрлі тапсырмалар беріледі екен. Басым бөлігінің мәні – ата-анаға деген агрессияны тудырып, үйден қашып, түрлі қатерлі қадамдарға баруға итермелейді. Бірақ бірде-бір заң адамды сен мынаны істеме, мынаны қарама деп шектей алмайды. Мемлекеттің, Үкіметтің парызы – жақсы жолды ұсыну. Негативті жаққа бала бара ма, бармай ма – ол жақындарына, қоршаған ортасына байланысты.

– Парламент Мәжілісінің бірнеше депутаты болып, 15 күн бойы шекара әскерін аралап қайтқан едіңіз. Осы сапарыңыз туралы айтып берсеңіз, Заставалардың жай-күйі қандай екен? Біздің шекара берік деп айтуға бола ма?

– Өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасы 5 мемлекетпен шектеседі. Біз Қырғыз Республикасымен арадағы шекараға бардық. Жалпы шекара қызметінің жағдайы жаман емес. Бірақ тоқтала кететін бір мәселе – шекарашылар ұстап жүрген қару-жарақ ескіріп бара жатыр. Заманауи техниканы да байқамадым. Кеңес кезінен қалған Калашников автоматтары, Драгунов снайперлік винтовкасы, Калашников пулеметі, өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері келе жатқан Макаров тапаншасы сияқты қарулар әлі қолданыста жүр. Елімізде 252 шекара заставасы бар екен. Шекарамыздың жалпы ұзындығы – 15 мың шақырым. Ал шекарашылар заставалардың жағдайын жалпылай алғанда түсіндірді. Олардың айтуынша, КСРО мен Қытай шекарасында заставалардың құрылғанына биыл 100 жыл толды. Яғни, Өскемен, Семей, Талдықорған жақтағы, Алматы облысының шығысындағы заставалар КСРО кезінен бар. Кеңес Одағы кезінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресеймен арада шекара заставасы болған жоқ. Өйткені шекара картада болғанымен, іс жүзінде жоқ еді. Ал бұл елдермен арада шекара заставаларының құрылғанына 30-ақ жыл болған. Бірақ олар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы экономикалық дағдарыс, қиын-қыстау кезде жасақталғандықтан, орналасқан ғимараттары – бұрынғы балабақша, әкімшілік, аурухана немесе жеке үй дейсіз бе, әйтеуір тікелей әскери мақсатқа арналмаған құрылыстар. Біз Қарасу, Қарасай, Еңбек, Өтеген батыр және тағы басқа да заставаларға бардық. Сонда арнайы ғимараттар мәселесінен бөлек, су тапшылығы бірден көзге түсті. Біз болған заставаларда су таңертеңгі сағат 9.00-ден түскі 13.00-ге дейін беріледі екен. Одан кейін су тоқтатылады. Осы уақыт аралығында адамдар суды түрлі ыдыстарға толтырып, келесі күнге дейін жететіндей етіп сақтап қояды. Дәл осы мәселе – менің ойымша, ерекше назар аударатын жағдай. Мақтанатын дүние емес.

Тағы бір байқағанымыз – шекарада адамдар малды әрі-бері көп айдайды екен. Яғни, контрабанда кездесетіні байқалды. Бұл жерде әңгіме қазақ-қырғыз шекарасына қатысты екенін ескеру керек. Мал контрабандасына КСРО кезінде өңірді мекендеген адамдардың туыстық қарым-қатынасы әсер ететін сияқты. Бұрын бір елде болған адамдар – қазір екі мемлекеттің азаматтары. Шекараның арғы-бергі жағында бір қазақтың немесе дүңгеннің аға-інісі, нағашы-жиені қалып қойған. Мәселен, Қырғыз Республикасы шекарасының арғы жағында дүңгендердің ауылы тұр, біз жақта да дүңгендер шоғырланған Масанчи, Сортөбе тәрізді ауылдар орналасқан. Сонда ағасы Қырғызстанның, інісі Қазақстанның азаматы болуы мүмкін. Төлқұжаттары әртүрлі болғанымен, кіндіктес туыс. Олар бір-біріне мал, дүние-мүлік береді, апарады дегендей. Соғым немесе торқалы той мен топырақты өлімге арналған сойыс малын апарып бергісі келетін кездері болады. Кейде осындай адамдар шекара бұзады. Барымташылар да кездесіп қалатыны бар. Дегенмен қазір шекара сызығының басым бөлігіне сымтемір тартылған. Алайда таулы жерлерде әлі де сымтемірі жоқ аумақтар кездесіп қалады. Ол жаққа сымтемір тарту өте қиын. Бір сөзбен айтқанда, шекара күзетіне қатысты шешілуі керек мәселелер жетіп артылады. Шекарашылармен жарты ай бірге болған төрт депутаттың әрқайсысы өзінше ақпарат жинады. Көкейге біраз дүние түйдік. Сарбаздармен, офицерлермен, жергілікті халықпен сөйлестік, жағдайға біршама қанықтық. Қару-жарақты өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық, оқ аттық. Шекара күзетіне кезекшілікке шықтық. Түні бойы кірпік қақпай, күзетте болдық. Қысқасы, шекарадағы жағдаймен біршама жақыннан таныстық.

Қоғам тарапынан депутаттардың атына да қатты-қатты сындар айтылуда. Қазіргі Парламент бұрынғы шақырылымдармен салыстырғанда әлдеқайда азулы болса да, оған қоғамның көңілі неге толмайды деп ойлайсыз?

 – Осы Парламенттің тарихта ұзақ жылдарға қаларын білемін. Бұл қатардағы кезекті шақырым емес. Себебі бұл жаңа Қазақстан тарихындағы үлкен трагедия – Қаңтар оқиғасынан кейін құралған Мәжіліс болды. Бұрын жасырын айтылатын тақырыптар қазір үлкен мінберде қозғалып жатыр. Менің ойымша, қоғам, керісінше, дептутаттарды қолдауы керек. Депутат деген Мәжіліске ұйқысын қандыру үшін келетін өтірікші алаяқ деген стереотиптер қалыптасып қалған. Бірақ қазір ондай заман емес. Қазіргі депутаттар қоғамға да, журналистерге де ашық. 2022 жылға дейінгі видеоларды қарасаңыз, депутаттардың журналистерден қашып, сұхбат бермей, көліктеріне жүгіріп бара жатқандарын көресіз. Пленарлық отырыстан кейін журналист кез келген депутатқа өзінің сауалын қоя алады. Қолдан келмейтін нәрсені келмейді деп ашық айтамыз. Ал қолдан келетінге аянып жатқан жоқпыз. 30 жылда өзгермегенді 3 жылда қопарып тастаймыз деп айту – популизм. Көш жүре түзеледі. Көптеген жағдайлардың беті бері қарады, жұмыс жүріп жатыр деп есептеймін.

Бұл шақырымдағы депутаттардың көбі – қарапайым жандар. Тіпті әлі күнге дейін баспанасыз жүрген депутаттарды білемін. Шақырылым аяқталғаннан кейін біраз қыз-жігіттер қайтадан жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр болады. Олар өмірін осы мемлекеттік қызметке арнап, таза жалақыға ғана күн көріп, адал еңбегімен көтерілген азаматтар.

– Осы сұхбатта біздің сұрақтардан басқа күн тәртібіндегі тағы қандай тақырыпқа тоқталу керек деп пайымдайсыз?

– Йель университетінің жанындағы Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан өткен жылы қоқысты қайта өңдеу деңгейі бойынша 175-орынды иеленді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісінде біз дамыған елдерден ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ бойынша көршілес елдер мен Орталық Азия мемлекеттерінен де артта келеміз. Мысалы, Қырғызстан 106-орында, ал Өзбекстан болса 30-орында.

Одан кейін ақылы автотұрақ мәселелерін көтерген едім. Жеке серіктестерге еш қаражат жұмсауды қажет етпейтін, жұмыс істеп тұрған автотұрақтар беріледі. Жеке серіктес төлем алу құрылғыларын орнатады. Кірістің 95 пайызы жеке серіктеске, ал 5 пайызы мемлекетке түседі. Абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Шарт талаптарын әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қайта қарау абзал Бұл айыппұлдарды автотұрақ әкімшілері емес, Ішкі істер министрлігі алып отырады. Әкімдік пен ақылы автотұрақ операторларының өзара осындай қарама-қайшылық қатынастары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік талаптарына сай келмейді. Сондықтан ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын жерлерде ғана қалдырып, олардың санын қайта қарап, қысқартуды ұсындым.

Биыл көтерген маңызды мәселелерімнің бірі – колледж педагогтарының мәртебесі туралы болды. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде педагогикалық колледждердің жалпы жұмыс істеу жүйесіне, әдістемесіне бөлек қолдау қажеттілігі көрініп тұр. Осыған орай өзімнің депутаттық сауалымда педагог кадрларды даярлауды жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айттым. Жоғарғы оқу орнына туыстас мамандықтарға қабылдауға білім беру грантын көбейту туралы; Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі педагог қызметкерлерінің мәртебесін көтеру туралы; Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары мен тағлымдамадан өту туралы; «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы № 578 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы.

Өздеріңіз білетіндей, биыл қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, әр мұғалім үлгі тұтатын Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойы аталып өтпекші. Алайда осындай атаулы жылда бүгінгі білім беру саласында осындай олқылықтар бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Дина ӘДІЛ,

«DAT»-тың Парламенттік тілшісі

Республиканский еженедельник онлайн