ЕРДОҒАНҒА ЕЛДЕН ХАТ

Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаға!

Аса құрметті Режеп Тайып Ердоған мырза!

Қасиетті Рамазан айында үлкен құрметпен Сіздің ару еліңізге бейбіт пен береке-бірлік тілейміз! Асыра сілтеу мақтаусыз, Сіз біздің заманымыздың бүкіл түрік өркениеті мен ислам әлемінің қорғаушысы мен арқа сүйері болдыңыз. Түркия бүкіл әлемге даму мен өркендеудің бірегей үлгісін көрсетті. Сіздер барлық қиындықтарды жеңіп, Түркия елін дамыған құрылыс индустриясы мен халықаралық сауда және қаржы орталығына айналдырдыңыз. Сіз өз халқыңыз үшін ғана емес, бүкіл әлемнің әділ дамуы үшін жұмыс жасап отырғаныңызды әлем көзі көріп отыр. Сіз түрік өркениетінің барлық бауырлас халықтарын елдікке шабыттандырып, ауызбірлігімізге дем беріп отырсыз. Көптеген елдердің билеушілері бүгінгі күнді бағалай алмай отырған шақта Сіздер болашаққа қызмет жасайсыздар. Олар үшін Сіз ұстазсыз. Оларға елдік пен көрегендікті, кең ойлау мен батыл жасауды үйретіңіз. Әлемге және Түрік әлеміне жасап отырған игілікті істеріңізді ортақ бабаларымыз қолдап, Алла жәрдемші болсын! Сізге және сіздің отбасыңызға, халқыңызға ұзақ ғұмыр, бақыт тілейміз!

Аса құрметті Режеп Тайып Ердоған мырза!

Сізге Түрік халықтары өркениетіне аса қажет, кереметтей идеологиялық жобаны ұсыну үшін, осы хатты арнайы жазып отырмыз. Бұл ортақ бабаларымыз – көне Түріктер құрған Ғұн империясының кемеңгер қолбасшысы Мүде ханның (Мете хан) Ұлы мемлекетшіл тұлғасы жайлы кинороманға әлемдік кино түсіру миссиясы. Киносценарийдің авторы мен авторлық құқық иесі – Қазақстанның көрнекті көне түрік тарихшысы, ойшыл абыз Қойшығара Салғара ғалым ағамыз. Қасиетті аруақтардың рухы адам таңдайды деген бар. Қойшығара ағамызды Мүде ханның рухы таңдағанға ұқсайды. Ғалым кинороманды жазу мақсатымен тіл бөгетіне қарамай, үш жыл Қытай архивтерінде ғасырлар шаңын жұтып, Мүде хан мен ғұндар жайлы көне деректерді барынша зерттеді. Кинороман 2010 жылы кітап болып, жарыққа шықты. Кинороманның авторы ғалымдарда сирек кездесетін логика мен терең ойлау қабілетінің арқасында Мүде ханның екі мың жылда өшуге айналған тарихи тұлғасын асқан шеберлікпен қалпына келтіргені – бөлек әңгіме. Сараптама бойынша, бұл шығарма – Мүде хан жайлы жазылған деректердің ішіндегі әлемдік кино түсіруге жарайтын бірден-бір ең көркем туынды.

Мүде хан тұлғасы әлем тарихындағы теңдесі жоқ мемлекетшілдік үлгісімен ерекшеленеді. Қуаты басымдау елдің патшасы соғысқа сылтау іздеп, жас Мүде ханға үш рет елші жіберіп, намысын қорлап, бірінші ретінде сыйға атақты тұлпарын, екінші ретінде жаңа үйленген сұлу жарын, үшінші ретінде арадағы мың шақырым бос жатқан жерін бермесе, соғысатынын айтады. Бұл қорлық Мүде ханның жанына батса да, ел амандығын жеке мүддесінен жоғары санап, алғашқы екі шартқа көнеді. Ал жауы жер сұрап келген кезде: «Жылқы құлын тапса, ғұн әйелі қыз тапса, орыны толады. Ал ел асыраушысы – Жер Ананы кім туып береді ғұндарға?!» – деп, халқын жер қорғауға рухтандырып, рух күшейту саясатының арқасында барлық соғыстарда жеңіске жетеді. Мүде ханның осындай кемеңгер рухы мен елдік саясаты ғұн империясы негізін қалап, елдік идеологиясы империяның бес ғасыр жасауына себепші болады.

Әлемдік ел басшылары тарихында көне түріктер мемлекетінің Мүде хандай елбасының мемлекетшілдігі – бүкіл пендешіл әлемге теңдесіз үлгі болатыны һақ. Оның киносы да әлемдік тарихи бестселлер болатыны һақ.

Қазақстан қоғамында кинороманның осы аса құнды сюжеті кереметтей абырой жинап, он жыл бұрын белгілі режиссерлар кино түсіруге Үкіметтен бата мен қаражат сұрады. Алайда белгілі қайшылықтардан Мүде хан жайлы кино түсіру жобасы аяғынан шалынды. Содан бері Тұран одағының идеологиялық қазынасы – Мүде хан киносы дүниеге шықпай, абыройлы миссия қор болып тұр.

Бұл кино әлем сахнасына шықса, Сіздің Тұран одағындағы миссияңыз бен Түрік өркениетінің абыройы үшін мықты идеологиялық импульс болатыны анық. Әйел себепші болған Троян соғысы жанында Мүде ханның мемлекетшіл парасаты евроцентризм идеологиясына жер мен көктей үлгі болуы айдан анық.

Біз – Елорда билері ақсақалдар кеңесі Қазақстанда ғалымдардың басын қосып, Ұлттық идеология мен Тұран идеологиясы мәселесін көтеріп отырған қазақ зиялылырының қоғамдық бірлестігіміз. Біз Тұран одағының туысқан Түрік халықтарының өркениетін сақтау жайлы саясатын толық қолдауға аса мүдделі бауырлас Қазақ еліміз. Сіз, Тұран одағының халықтарының рухы күшеюі үшін, Түрік халықтары өркениетінің идеологиясын жасау аса маңызды шаруа екенін жақсы білесіз. Сол себептен Сізге осы тарихи және идеологиялық маңызы бар киноның әлем сахнасына шығуына көмек беруіңізді сұраймыз.

Мүде хан киносын Одақ көшбасшысы Түркия мен қарашаңырақ Қазақ елдерінің бірлескен киностудиясы шығаруына да идеологиялық негіз бар. Сол себептен біз бірлескен кинокомпания құруға мүдделіміз. Киноны Қазақ даласында түсірген абзал екені түсінікті. Киноның мыңнан бір туар дара сюжеті жұмсалған бюджетті еселеп қайтаруына кепіл болады.

Құрметті Президент, Сізден Мүде хан киносын түсіруін қолдап, қайтарымды қаражат бөлуіңізді сұраймыз!

Аса құрметпен,

Асхат БАЗАРХАНҰЛЫ,

«Елдік кеңес» қоғамдық бірлестігі

Ұлттық идеология бөлімінің меңгерушісі

Республиканский еженедельник онлайн