РЕСЕЙ ЕНДІ КЕЛІССӨЗГЕ БАРУҒА ТЫРЫСАДЫ

Қоғам белсендісі Арман Шораев соғысып жатқанына мың күн болған Ресей мен Украинаның текетіресі жөнінде Ulysmedia.kz порталына ой-пікірін айтты. Біз одан осы соғыс кейбір сарапшылар айтып жатқандай келіссөзбен уақытша тоқтаған жағдайда Қазақстанға әсері қандай болатынын сұрап көрдік.

СОҒЫСҚА СОЛТҮСТІК КОРЕЯ АРАЛАСТЫ. ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ

Соңғы уақытта соғысқа Солтүстік Корея әскерінің араласа бастауы, Еуропаның соғысқа көбірек мән бере бастағаны, АҚШ, Батыс елдерінің ұзақ қашықтыққа жете алатын зымырандарды Украинаға қолдануға рұқсат етуі, Скандинавия елдерінің кешегі ескерту хаттарды таратуы нені білдіреді? Бұл соғыстың ауқымы кеңейіп кетуі мүмкін бе? Оған жанама түрде Қазақстан араласуы мүмкін қауіптер бар ма? Кейбір геосаяси сарапшылар айтып жатқандай, Ресей–Украина соғысы келіссөз жүргізу кезеңіне таяп қалды ма? Украинадағы соғыс уақытша тоқтаған жағдайда ол фактор Қазақстанға қалай әсер етеді?

Бұл сұрақтарға жауап берген Арман Шораев Солтүстік Кореяның осы соғысқа қатысуы украиналықтар үшін жақсы жаңалық деп айтуға болмайтынын, бірақ майдан шебіне соншалықты өзгерістер әкеледі деп ойламайтынын айтады. Өйткені Солтүстік Кореяның әскерилері баяғы тәсілмен соңғы мәрте соғысқа қатысқанына 65–70 жылдай болған. Сондықтан қоғам белсендісі олардың ешқандай тәжірибесі жоқ деп есептейді.

– Одан қалды әскери техникалар болсын, қару-жарақтарының бәрі ескірген. Сондықтан шайқасқа соншалықты күрделі өзгерістер әкеледі деп ойламаймын. Бұл Ресейдің амалсыздан жасап жатқан әрекеті. Осы әрекеттен кейін Украинаға болысып, Оңтүстік Корея, Жапония елі қазір белсенді кірісіп жатыр. Өйткені олар үшін Солтүстік Кореямен өзінің майданында емес, Украинада да шайқасу принципиалды мәселе, – дейді ол.

Арман Шораевтың сөзінше, КХДР төрағасы Ким Чен Ын әредік Жапония жақын маңға зымырандарын сынап жібереді. Сондықтан Шораев Украинадағы соғыс жаһандық сипат алып бара жатқаны бәрімізге мәлім деп есептейді.

– Өйткені Ресей енді «сасқан үйрек артымен жүзеді» әрекетінен басқа амалы жоқ. Қасында көмектесіп жатқан үш-төрт ел бар. Олар: Солтүсік Корея, Иран бар. Беларусь аса қатыса алады деп ойламаймын. Қалған әлем Украина жақта. Скандинавия елдері де Ресейдің қандай әрекеттерге бара алатынын түсінеді. Әсіресе Финляндия Ресейдің агрессиясынан бірнеше рет зардап шеккен. Оларға ядролық соғысқа дайындалу қиын емес. Скандинавия елдерінде әр адамға баяғыдан бері бомбалаудан тығылатын нешетүрлі бункерлер бар. Олар дайын деп білемін, – дейді қоғам белсендісі.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ҚАУІП БАР

Арман Шораев Қазақстанға соғысқа араласу қаупі жоқ деп есептейді. Қазақстан тарапы шиеліністі реттеу үшін халықаралық деңгейде ұстанымын білдіргенін айтады. «Қазақтың әскері ешқашан бұл соғысқа араласпайды» деп ойлайтынын айтады.

Кейбір геосаяси сарапшылар айтып жатқандай, Ресей–Украина соғысы келіссөз жүргізу кезеңіне таяп қалды деп ойлайсыз ба?

– Келіссөзге, әрине, келеді деп ойлаймын. Бұл келіссөзге ең бірінші Ресей тарапынан бірнеше мәрте месседжді естідік, өйткені Ресей қазір құлдырап жатыр. Бұрынғы арсеналдары жоқтың қасы. Танктерінің шамасын соғыста, майданда көріп жатырмыз. Соғыс барысында танктердің саны еселеп азайды. Дефицитке айналды. Қару-жарақтары да дәл солай. Мысалы, Украинаға бүкіл әлем көмектессе, ресейліктерге тек Иран мен Солтүстік Корея ғана қол созды. Олардың арсеналдары көбейіп жатқан жоқ. Сондықтан, әрине, Ресей келіссөзге барғысы келеді, бірақ өзінің жоспарларына жеткен жоқ. Жете алмайтындары да түсінікті болды. Дәл осындай қарқынмен соғыс жүре берсе, Луганск облысы мен Донецк облысын түгел жаулап алу үшін, Ресейге тағы кем дегенде үш жыл қажет. Ол мерзімге Ресейдің қаражаты да, қару-жарағы жетпейтіні әбден түсінікті. Ресейдің генералдары да, президенті де оны түсінеді. Сондықтан келіссөзге барады деп ойлаймын, – дейді Шораев.

АЛ ШАЙҚАС ТОҚТАСА…

– Соғыстың кесірін, оның шет-жағасын, әрине, біз де көріп отырмыз, өйткені Ресейге салынған санкциялардың ықпалы, салқыны бізге де тиіп жатыр. Мұнайымыздың 95 пайызы Ресей территориясы арқылы экспортқа тасымалданады. Сондықтан соғыстың үш жылы ішінде Ресейде инфляция болса, рубль құлдыраса, біздің теңгеміз де дәл солай құлдырауда. Қазір 1 доллар 500 теңге болғанын өзіңіз де көріп отырсыз. Жалпы осы үш жылда инфляция асқақтады. Ресейдің кесірінен қазақтың экономикасы да зардап шегіп отыр. Азық-түліктің бағасы осы үш жылдың ішінде Ресейде ғана емес, Қазақстанда да 50 пайызға көтерілді. Сондықтан соғыстың тоқтағаны Қазақстанға жақсы әсер етуі тиіс деп білемін, – дейді Арман Шораев.

СОҒЫС

Ресей әскері 2022 жылдың 24 ақпанында Украина аумағына басып кірген болатын. Соғыс әлі жалғасып жатыр.

БҰҰ, Amnesty International және Human Rights Watch халықаралық гуманитарлық ұйымдарының хабарлауынша, Ресей әскерлері Украинаның тұрғын аудандарына, ауруханаларына және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына зымырандармен соққылар жасаған. Соғыс ірі көші-қон дағдарысын туғызды. БҰҰ мәліметтері бойынша, Украинадан 7,86 миллион адам босқын ретінде кеткен (2022 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша), ал тағы 8 миллионға жуық адам ішкі қоныс аударған. Бірқатар журналистер шапқыншылықты Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Еуропадағы ең үлкен әскери қақтығыс деп атайды. Ресейдің әрекеттерін әлемнің көптеген мемлекеттері мен ықпалды халықаралық ұйымдары қатты айыптады.

Соғыс Ресейде және әлемде соғысқа қарсы наразылықтарға, ресейлік БАҚ-та цензураға АҚШ, Еуропалық одақ және басқа елдердің Ресейге қарсы жаңа санкцияларына, соның ішінде елді әлемдік экономикадан ішінара оқшаулауға, Ресейдің бірқатар спорттық және басқа да халықаралық іс-шараларға қатысуын шектеуге әкелді, сондай-ақ Ресей үшін ауыр экономикалық салдары болды. Украинада соғыс экономиканың құлдырауына, әуе және теңіз көлігінің жұмысын тоқтатуға және басқа да бірқатар жағымсыз салдарға апарып соқты. Украинаның қоршаған ортасына және Украинаның мәдени мұрасына үлкен зиян келтірілді. Әлемдік ауқымдағы шапқыншылық және онымен байланысты санкциялар халықаралық сауданың төмендеуіне және азық-түлік пен энергия бағасының күрт өсуіне әкелді. Екі жақтан да адам шығыны көп. 

 Аян ӨРІБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн