ҚР Премьер-министрі
Олжас Бектеновке!
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы Жолдауында «Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр. Жұрттың өңірлерден не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды орталықтар құруға бағытталған шұғыл шешімдер қабылдау керек» деп тапсырма берді.
Осының дәлелі ретінде – бүгінгі күні еліміздің 15 өңірінде ауыл халқы санының айтарлықтай азаюы тіркелуде. Оның ішінде ең жоғары көрсеткіштер Абай облысында 3,2%-ды, Солтүстік Қазақстан облысында 3%-ды және Қарағанды облысында 2,9%-ды құрап отыр. Ағымдағы жылдың 1‑жартыжылдығында 383 мың қазақстандық қоныс аударса, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға қоныс тепкен.
Соңғы 20 жылдың ішінде елімізде1400-ден астам ауыл жойылып кетті, ал Үкіметтің бағалауы бойынша тағы 500 ауылдық елді мекен «перспективасы жоқ» елді мекендер қатарына енгізіліп отыр. Бұл дегеніміз – адамдардың тағдыры, жабылып қалған мектептер мен медициналық пункттер, иесіз қалған ауылда жалғыздықта өмір сүріп жатқан қариялар, болашағын ауылдан емес, қаладан іздеуге мәжбүр болған жастар.
Негізгі себептері баршамызға мәлім: ауылда заманауи қолайлы тұрғын үйлер жоқ, инфрақұрылым әлсіз, адамдарға жұмыс жоқ, әлеуметтік қолдау да жеткіліксіз. Жастарымыз да өз болашақтарын ауылмен байланыстырмайды!
Ал басқа елдердің тәжірибесі ауылдарға нақты қолдау көрсетуге болатынын дәлелдеп отыр. Мәселен, Ресейде 2020 жылдан бері «Ауыл ипотекасы» бағдарламасы бойынша жылдық 3%-ға дейін 25 жылға кредит беріледі. Оның нәтижесінде бүгін 100 мың отбасы ауылда баспанаға ие болып отыр. Әзербайжанда мемлекет ауылдық жерлерде 4%-дық кредитпен үй салып беруде. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Біздегі «Асыл мекен» ауыл ипотекасы басталмай жатып тоқтап қалды. Оның үстіне көптеген ауылдарда сатып алатын үй де жоқ: жаңа тұрғын үйлер салынбайды, нарықта ұсыныстар жоқ.
«Ауыл» партиясы фракциясы ауылды қайта жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдау мәселесін көтеріп отыр. Ол ең алдымен:
мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жеке әріптестік арқылы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй салуды;
ауыл ипотекасын 1%-бен беруді;
әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жаңа серпін беруді көздейді.
Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңа мемлекеттік қолдау шараларымен толықтыруды қажет етеді. Ауыл тұрғындары күн сайын қарапайым өмір сүру жағдайы үшін күреспеуге тиіс!
Сонымен қатар ауыл экономикасын дамыту керек, яғни фермерлік қожалықтарға, кооперацияға, қайта өңдеуге қолдау көрсетіп, елдегі 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылықты экономикалық айналымға тарту қажет. Олар бүгінгі таңда жалпы ауыл шаруашылық өнімнің 70%-дан астамын өндіруде.
Депутаттармен кездесулер кезінде фермерлер бірінші кезекте салалық «Агробанк» құруды сұрайды. Сонымен қатар маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына шетелдік жұмыс күшін тартуға квоталарды ұлғайтып, өтінімдерді қарау мерзімдерін 2 айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқартып, оны оңайлату және мемлекеттік бажды жеке тұлғалар үшін қолданылатын деңгейге дейін белгілеу мәселелерін шешуді сұрайды.
- ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары