Англияның Ливерпуль қаласында 4–14 қыркүйек аралығында World Boxing ұйымы алғаш рет ұйымдастырған Әлем чемпионатында қазақ боксшылары бұрын-соңды болмаған тарихи жетістікке жетті. Жеті боксшымыз алтыннан алқа тағынса, тағы бір спортшы – күміс, екеуі – қола медельді жеңіп алып, Қазақстан командасы жеке-дара топ жарды. Бұл – ел спорты тарихындағы ең ірі жеңістердің бірі.
Оның үстіне Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізсе, бұл сайыстың тағы бір ерекшелігі – бір үйдің қос қыраны – Махмұд пен Төрехан Сабырхан жеңіс тұғырына көтеріліп, осы спорт түрінің отаны саналатын қалада олардың құрметіне еліміздің әнұраны шырқалды. Санжар 2023 жылы 19 жасында Ташкенттегі Әлем чемпионатында атой салып, олимпиадалық спорт түрінен әлем чемпионы болған қазақтың ең жас спортшысы атанса, осы дүниежүзілік сайыста Төрехан да 19 жасында бокстан әлем чемпионы атанып, ағасы Махмұд чемпион болған еді. Олардың ендігі арманы – Олимпиада шыңына Қазақстанның Көк туын тігу!
Ливерпуль рингіндегі жеңіс – шын мәнінде тарихи үлкен жетістік! Оның ауқымын түсіндіру үшін, жүлделі үш орынға ие болған құрамалардың нәтижесін салыстырып көрейік. Екінші орынды иелеген Өзбекстан құрамасы 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алса, үздік үштікті түйіндеген Үндістан құрамасы – 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді қанжығасына байлады.
Осы ретте аса ауыр салмақта жетінші алтын медальді қайтпас қайсарлығы, жеңіске деген құштарлығы, Қазақстан құрамасының капитаны ретіндегі намыс пен жауапкершіліктің арқасында және оны өзбек қарсыласынан жұлып алған Айбек Оралбайдың жеңісін ерекше атап айтқан жөн. Егер Айбек жеңілсе, жетінші алтын медальді Өзбекстан құрамасы иемденіп, олар командалық есепте бірінші орынға көтерілетін еді. Айбек ондай абыройсыздыққа жол бермеді. Міне, нағыз капитан! Шешуші шайқаста құрама сардарының ортақ жеңіске қосқан үлесінің салмағы осындай!
Айбек Оралбай финалда өзбекстандық қарсыласымен болған жекпе-жекте шешуші сәт соңғы раундта болғанын айтты.
– Соңғы раунд ең қиын кезең болды. Бірақ дәл сол кезде өзімді толық жинап, бар күшімді салдым. Қарсыласымның шаршағанын көріп, басымдық таныту керектігін түсіндім. Соңында бұл маған жеңіс әкелді, – деді спортшы.
Сондай-ақ ол Ұлттық құраманың капитаны ретінде команда рухын жоғары деңгейде ұстаудың маңызды екенін де атап өтті.
– Шынымды айтсам, Олимпиададан кейін Әлем чемпионаты қарапайым турнир секілді сезіледі. Себебі екі жарыстың атмосферасы мүлде бөлек. Біз – мен, інім Нұрбек, Санжар, Махмұд төртеуміз – бұл жарысқа тек жеңеміз деген мақсатпен бардық. Иә, інімнің жолы болмады, бірақ, менің ойымша, Нұрбектің жеңісі әлі алда. Ол маған сенеді, мен оған сенемін, – деді чемпион.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы уақытта команда ақпан айында өтетін Әлем кубогының шешуші кезеңіне дайындалатынын атап өтті. Сонымен қатар ол чемпионаттағы төрешілер жұмысына да назар аударды.
– Бірнеше сәт болды, қандай жағдай болса да, біздің боксшылар қарсыластарынан бір саты жоғары өнер көрсетті. Олар жеңіске жету үшін бар күшін салды. Уақыт өте келе барлығы ретке келеді, – деді ол.
Боксшыларымыздың жеңісіне орай ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин де өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі жеңістер Қазақстан боксының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.
– Еліміздің құрама командасы тәжірибелі, техникалық тұрғыда сапалы бокс көрсете білді. Бірақ біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмаймыз. Алдағы басты міндет – 2026 жылғы Азия ойындары мен 2028 жылғы Олимпиада ойындары. Қазіргі уақытта жоспарлы дайындықты бастап кеттік, қателіктерді сараптап, алға жылжимыз. Бізде жас боксшылардың да үлкен қоры бар, олар іріктеуге дайын. Бірақ кейбір спортшылардың неге Әлем чемпионатына бабында келе алмағанын түсінуіміз қажет. Талдау жүргіземіз, содан кейін нақты шешім қабылданады, – деді Есеналин.
Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларымызды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады.
– Ливерпульде өткен бокстан Әлем чемпионатында Ұлттық құраманың жеңіс жолын Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Төрехан Сабырхан, Наталья Богданова, Айбек Оралбай жалғастырды. Қазақ боксшылары әлем біріншілігінде керемет нәтиже көрсетті. Әйтсе де алдымызда АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Соған қазірден бастап дайындалу қажет. Қазақ бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болсын, – деп жазды Президент Instagram парақшасында.
Жеңімпаздардың елге оралуы олардың жанкүйерлері мен туыстары үшін нағыз мерекеге айналды. Қалың жұртшылық спортшыларды ұлттық туымызбен, гүл шоқтарымен және ыстық қошеметпен қарсы алды. Осы жайында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 24 жастағы Виктория Графеева әуежайдағы қарсы алу өте әсерлі болғанын айтты.
– Қаншама адам келіп қолдады – туыстар, жанкүйерлер, барлығы құттықтап, қолдау білдірді. Біз, спортшылар, ең алдымен еліміздің абыройы үшін өнер көрсетеміз. Халықтың осындай қолдауын көру – үлкен қуаныш. Мен қола жүлдегер атансам да, халықтың қолдауы жігер береді. Келесі жарыстарда бұдан да жоғары медаль алуға тырысамын. Жартылай финалда төрешілер жеңісті қарсыласқа берді, бірақ мен өз жекпе-жегімде жеңілдім деп санамаймын. Төрешілердің шешімі солай болғанымен, енді келесіде оларда еш күмән тумауы үшін барымды салу керек, – деп түйіндеді Графеева.
Құраманың ең атақты спортшысы, үш дүркін әлем чемпионы, 32 жастағы Назым Қызайбай Ливерпуль-2025 жарысында күміс жүлде иеленді. Алайда бұл нәтижеден оның көңілі титтей де түспеген, керісінше, алға жетелейтін сыңайлы.
– Менің басты мақсатым – 2028 жылғы Олимпиадада алтын медаль иелену. Мүмкін, салмақ дәрежесін ауыстыру керек болар. Мен оған дайынмын, бастысы – мақсатқа жету, – деді Назым.
Иә, өмірдің мәні сол. Қашанда ел намысын арқалап жүретін спортшыларымызға сол асқақ арманға қол жеткізу бұйырсын деп тілейміз!
Сарбаз ҚҰТ-МҰХАММЕД