ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамды нығайту және еліміздің тұрақтылығын сақтау үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатының басты мәнін атап өтті.
Мемлекет басшысы: «Қоғамда ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным болуға тиіс. Қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс», – деп айтты.
Электрондық үкіметті цифрландыру және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың маусым айында Egov қосымшасында әрбір азаматқа құқық бұзушылық туралы тікелей полицияға хабарлауға мүмкіндік беретін «Заң мен Тәртіп» атты жаңа сервис іске қосылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, сервис іске қосылғаннан бері полицияға азаматтардан 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
«Заң мен Тәртіп» сервисі әлемдік тәжірибеге сәйкес келетіні сөзсіз. Көптеген елдерде ауладағы бұзақылықтан бастап, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа немесе қауіпті жол жағдайларына дейін бұзушылықтар туралы хабарлау үшін жедел желілер мен цифрлық сервистер жұмыс істеуде. Мысалы, Францияда мұндай қосымша тәулік бойы полицияға жүгінуге немесе онлайн шағым беруге мүмкіндік береді. Австралияда 2023 жылы киберқылмыстар туралы 600 000-ға жуық хабарлама тіркелді. Испанияда қосымшаны 2,3 миллионнан астам пайдаланушы жүктеп алды, оны туристер белсенді пайдалануда. АҚШ пен Канадада қосымшалар полициямен чат арқылы анонимдік хат алмасуға мүмкіндік береді.
Біздің сервиске келсек, «Заң мен Тәртіп» сервисі жұмысының тиімділігі мен құқықтық дұрыстығына қатысты азаматтарда бірқатар сұрақтар туындап отыр. Мәселен: Қосымшада жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік туралы ескерту бар ма? Оның дұрыстығы қалай тексеріледі? Және басқа да сұрақтар.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып:
1. Жалған мәліметтер үшін жауапкершілік туралы ескертуді қоса алғанда, келіп түскен хабарларды тексерудің нақты регламентін әзірлеу және енгізу.
2. Халықаралық стандарттарға, Қазақстан заңнамасына сәйкес өтініш берушілердің анонимділігін және дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету.
3. Азаматтармен кері байланысты ұйымдастыру.
4. Сервистi «сөз тасушылық» емес, азаматтық жауапкершiлiк құралы ретiнде қабылдауды қалыптастыру үшiн, өңiрлерде кеңінен ақпараттық-түсiндiру науқанын жүргiзу бойынша шараларды іске асыру қажет деп есептейміз.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева