ҚР Бас прокуроры
Берік Асыловқа!
Өткен аптада, қыркүйектің 25‑і күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» идеясын қолдау және оны жүзеге асыру жолындағы кінәраттарды жою мақсатында депутаттық сауал жолдаған еді. Онда Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың заң мен әділет атаулыны белден басып, бірқатар азаматтарға қатысты жасаған қиянаттары турасында сөз болды. Әріптес інімнің депутаттық сауалын мен де қолдап, қол қойдым.
Менің бүгінгі депутаттық сауалым Ринат мырза көтерген тақырыптың жалғасы және Мәжіліс тарапынан жасалған жоспарлы науқан сияқты көрінуі мүмкін. Себебі бұл депутаттық сауал да Нұрбол Назарбаевтың қылмысты қиянаттарына қатысты болмақ. Және бұл да оның жазықсыз азаматтарға жасаған зорлықтарын сөз ететін депутаттық сауал.
Жоқ, Нұрбол Назарбаевқа қарсы Мәжіліс тарапынан немесе депутаттар өзара ұйымдастырған ешқандай жоспарлы әрекет жоқ. Бұны тек атышулы әулет өкілдерінің елде 30 жылға жуық жасаған қиянатты қысастығы мен заңсыздықтарынан зардап шеккен азаматтарға қатысты әділеттілікті орнатудың ғана әрекеті деп түсіну керек.
Тиісті мемлекеттік органдар да осы депутаттық сауалдарда қозғалатын мәселелерге әділеттілікті қалыптастыруға деген ықыласты және табанды ұстанымға берік болуы тиіс деп есептейміз. Егер мүдделі құқық қорғау органдары азаматтар атынан жолданған көз жасқа толы өтініштерді жылы жауып қоятын болса, бұны Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру бастамасына қарсы жасалған нақақ қастық деп түсіну керек!
Менің депутаттық құзіретіме жүгініп, Нұрбол Назарбаевтың бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу әрекеттеріне қатысты бұған дейін де бірнеше өтініш келіп түскен еді. Олардың бірқатарын бұрында мен жазбаша түрде Бас прокурордың атына жолдағанмын.
Еске сала кетейін, әділет іздеген бір емес, екеу емес, бір мыңнан астам адамнан – Алматы облысы, Қарасай ауданы, бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауыты жұмысшыларының атынан келіп түскен өтінішті мен үш рет депутаттық сауал ретінде жолдағаным осында отырған әріптестерімнің есінде болар. «Мықтының арты диірмен тартады» дегендей, ағасын арқаланған Нұрбол Назарбаев бүкіл бір кеңшар жұмысшыларының жекешелендіруге берілген 9 мың гектардан астам жер үлесін тартып алғаны жөніндегі менің депутаттық сауалым Бас прокурордың алдында да сөз болған еді. Бірақ одан әділетке лайық нәтиже болмады.
Міне, сол «мықты» Нұрбол Назарбаев жасаған зорлықтан араша сұрап, рейдерлік жолмен тартып алынған бизнесін қайтарып беруді өтінген қарағандылық Қуат Ерментаев деген азаматтан тағы да өтініш түсті. Бұл жігіт сол рейдерлік шабуылдан кейін барлық мүлкінен айырылып, тақырға отырып қалған.
Бір қызығы – өтініш берушінің талабы бойынша 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның мүлкін, атап айтқанда, «PORUS» ЖШС-дегі үлесін рейдерлік басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған екен.
«Бірақ белгілі себептерге байланысты мен ол кезде рейдерлік басып алу Нұрбол Назарбаевтың нұсқауы бойынша жасалды деп айта алмадым» дейді менің депутаттық қабылдауымда болған өтініш иесі. Алайда арада екі жыл өткенде – 2024 жылы Алматы қаласының прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі «қылмыс құрамының болмауына байланысты» деген желеумен тоқтатқан. Себебі айтпаса да түсінікті: прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған.
Бұл қылмысты мәселенің егжей-тегжейін тізбектеп, осы залда сөз ету артық болар, менің атыма келіп түскен өтініштің түпнұсқасын (көрсету) сіздің атыңызға жолдаймын, құрметті Бас прокурор мырза! Заңнаманың «жілік майын шағып ішетін» майталман маман – Бас прокурорға менің ақыл үйреткенім де орынсыз болар. Тек қана 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қозғаған қылмыстық істі қайтадан көтеріп, зар илеп, жапа шеккен өтініш иесінің аргументтерін құлаққа ілсеңіздер жеткілікті деп ойлаймын.
Қайтадан көтерілген сол істің заңды нәтижесі жөнінде мені ғана емес, бұрынғы биліктің Нұрбол Назарбаев сияқты қиянатшыларынан зардап шеккен қоғамды да хабардар етсеңіз деп сұраймын. Заңсыздықтан зәбір көрген азаматтарға қорған болайық, Бас прокурор мырза!
Ермұрат БАПИ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты