Алматы қаласында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бақылауында болған «Байсат» базары ERG бас директоры Құдрат Шамиевтің бақылауына көшті, деп хабарлады «За нами уже выехали» ютуб-арнасы.
Ақпараттық технология жақсы дамыған мына заманда көпшіліктің есінде болар, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге тоғытылған Қайрат Сатыбалдының отбасынан тәркіленген Алматы қаласындағы «Байсат» базары бірнеше рет сатылымға қойылып, ешкім «бүлінгеннен бүлдіргі» алғысы келмеді ме, әйтеуір өтпей тұрған еді. Алайда 7 тамыз күні «Sauda» порталында өткен аукционда аяқ астынан алушы табылып, нысан 24 772 753 285 (24,77 млрд) теңгеге сатылды. Үш рет ашық саудаға шығарылып, «бағы жанбаған» «Байсаттың» жаңа иесі небәрі төрт ай бұрын тіркелген компания, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Нақтырақ айтсақ, бұл нысанды холдингтік компаниялардың қызметі, өз меншігіндегі немесе жылжымайтын мүлікті жалға алу және пайдаланумен айналысатын ERG бас директоры сатып алған. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, ресми тіркеуден өткеніне бар-жоғы төрт ай ғана болған бұл компанияның қазірше ешқандай салық аударымдары, соттылығы, мемлекеттiк келiсiмшарттары мен лицензиялары жоқ. Оның құрылтайшысы және жетекшісі – Құдрат Шамиев. Ол 1990 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
«Алматыда орта білім алып, Банк ісі академиясының колледжін, содан кейін Малайзияның Asia Pacific University университетін бітірген. 2025 жылы Қазақстандағы Alikhan Bokeikhan University-де «Қаржы» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған. Ол мансабын малайзиялық Hikmet Travel компаниясында бастаған, компания мұсылмандардың қасиетті жерлерге сапарларын ұйымдастырған. 2015 жылдан бастап Altau Group-та (майлы дақылдардың көтерме саудасы) жұмыс істеді, 2017 жылдан 2020 жылға дейін алматылық Mangosteen Development элиталық жылжымайтын мүлік девелоперін басқарды, содан кейін «Найза-Құрылыс» концерні бас директорының орынбасары болды. 2020 жылғы мамырда Шамиев ірі мемлекеттік келісімшарттар (2024–2025 жылдары Т2,8 трлн) алатын темір жол құрылысы және жөндеу жөніндегі ірі қазақстандық компания – Integra Construction KZ компаниясына келді. Осы сәттен бастап оның мансабы сол кезде компанияны бақылауға алған Шахмұрат Муталиппен тығыз байланысты. 2024 жылдың қаңтарында Шәмиев Integra бақылау кеңесін басқарды», – деп хабарлайды БАҚ.
2026 жылғы 30 мамырда Шамиев «Қазхром», ССКӨБ, «Қазақстан алюминийі», Қазақстан электролиз зауыты және басқа да активтерді басқаратын Eurasian Resources Group (ERG) қазақстандық бөлімшесі – «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директоры болды.
«Тағайындау Муталип ERG акцияларының 40%-ын сатып алғаннан кейін болды. БАҚ-тың мәліметі бойынша, соңғы айларда Шамиев өзінің бақылауындағы заңды тұлғалар санын күрт арттырды: 2026 жылғы 22 мамырда ол АХҚО-да тіркелген Central Trade Management Ltd холдингтік компаниясының директоры және иесі болды. Компания карточкасындағы Email Integra Construction KZ құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Дархан Естиярға тиесілі. 25 мамырда жаңадан құрылған тағы үш компанияны – Q‑Metals Group, Qaz Commodities Group және Prime Minerals Holding Ltd басқарды. Сондай-ақ итальяндық Todini Costruzioni Generali SpA («Алматы – Қорғас» тас жолын салған) бақылау кеңесінің құрамына кіреді», – делінген хабарламада.
Ulysmedia журналистері Шамиевті ERG активтерін бақылауға алумен бір мезгілде ресімделген холдингтер желісі тез өсіп келе жатқан, мемлекетке адал басқарушы – Муталиптің «көлеңкесі» ретінде сипаттайды.
«Байсат» базары бұған дейін Қайрат Сатыбалдының отбасымен байланысты құрылымдарға тиесілі болғанын айта кету артық болмас. 2024 жылғы қаңтарда сот активті мемлекетке қайтару туралы шешім шығарған еді. Өйткені базарды жекешелендіру кезінде заң бұзушылықтар болғаны және нысанның құны төмендетіліп көрсетілгені анықталды.
Мемлекет базарды бір жарым жылға жуық уақыт бойы сатуға тырысты. Бастапқы бағасы бірнеше рет төмендетіліп, 28,6 млрд теңгеден 24,8 млрд теңгеге дейін түсті. Тіпті нысанды Алматының коммуналдық меншігіне өтеусіз беру мүмкіндігі де қарастырылды. Алайда Шамиевке дейін оны сатып алуға ниет білдіргендер болмады. Сірә, ешкімнің даулы нысанды иелеуге құлқы соқпаса керек, мүмкін, алғысы келгендердің қаржысы жетпеген шығар. Енді, міне, кезекті аукционда базар ақыры сатылып, жаңа иесі пайда болды.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары алып олигархтар қатарына қосылған Шахмұрат Муталиптің пайда болуы кездейсоқтық емес. Оған кезінде әртүрлі заңсыз жолдармен халықтан тартып алынған, талан-тараж болған активтерді мемлекет меншігіне қайтарып, ел игілігіне жарату үшін мемлекеттің өзі көмектесіп жатыр деген әңгіме де естіліп қалады.
Халқымызда «Атаң бермегенді базар берер» деген нақыл сөз бар. Қалай дегенде де, заңсыздықтарға жол берген базардың жаңа иесі, жаңа болғанда да, мемлекет мүддесіне, демек халық мұқтажына қызмет ететін иесі табылды деп сенейік. Ләйім, «Байсаттың» бағы жанып, халықтың жоғын тауып бере бергей!
Сарбаз ҚҰТ-МҰХАММЕД , «D»