Талғар қаласында тұратын Бақтығали Айжігітов – жасы 70-ке жуықтағанына қарамастан, ауданның әлеуметтік-мәдени өміріне өте белсенді араласып жүрген қоғам қайраткері. Оның бастамасымен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен қаһарман ата-әкелеріміздің есімдерін мәңгілікке есте қалдыру бойынша зерттеу, іздестіру, ескерткіштер қою, кезінде Үйсін мемлекетінің орталығы болған тарихы терең, ортағасырлық Талхиз көне шаһарының қазақ халқының дамуындағы орны мен маңызын кеңірек оқып-үйрену үшін тарихи-өлкетану музейін ашу, сол арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеу мақсатында Д.Қонаев атындағы «Жастар саябағы», өңірдің бірнеше мектебінде «Кемелтанушылар клубы» ашылып, көрме, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, үлкен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Ақсақал Қарағанды кооперативтік институтында оқып жүріп, сол кездері көтерілген «Неміс автономиясын құру» бастамасына қарсылық көрсету үшін студенттердің «Жас қазақ» ұйымын құру жөніндегі біраз жұмыстардың басы-қасында болыпты.
Бүгінгі жас ұрпақтың, тіпті жасамыс жандардың да адамгершілік, әділеттілік, еркіндік, отаншылдық тұрғыдағы ой-пікірлеріне, іс-әрекеттеріне ұнамды әсер етеді деген ниетпен белсенді ағамызбен бүкпесіз әңгіме-дүкен құрдық.
– Бақтығали аға, халқымызда «Жүздің жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген жақсы қағидат бар. Оқырман кеңірек танып-білуі үшін, алдымен өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Қайда тудыңыз, қайда оқыдыңыз, ата-анаңыз кім?
– Мен Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында 1957 жылы, 17 қыркүйекте дүниеге келдім. Әкем Сағымқожа – ауылда жүргізуші, анам Айнагүл – мемлекеттік қамсыздандыру мекемесінде есепші болып істеген қарапайым адамдар. Сол ауылдағы бұрынғы Юрий Гагарин, қазіргі Кеңес Одағының батыры, 28 панфиловшылар қатарында Мәскеудің Волоколамск тас жолындағы шайқаста асқан ерлігімен көзге түскен Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектепті бітірдім. Одан соң Қарағанды кооперативтік институтының экономика бөлімінде жоғары білім алдым. Курстастарым, сабақ берген ұстаздарым менің есіміме қарап, батыстың жігіті деп ойлайды екен. Сонда білдік, адамның есіміне, тегіне қарап, оның қай облыста, қай өңірде туғанын анықтауға болатынын. Сондай сұрақ туындағаннан кейін каникулға келген кезімде шешемнен: «Жұрттың көбі менің Бақтығали деген атыма қарап, батыста – Ақтау, Атырау жақта туған жігіт деп ойлайды екен. Менің есімімді кім қойды?» – деп сұрадым. Бұл бір жағынан қызық та болды, өйткені бұрын есімнің қалай қойылатынына мән бермеген екенмін.
Сонда шешем: «Сенің есіміңді қойған Кемел аға. Негізі шілдехана кезінде сенің атыңды Иманқұл дейтін немере ағамыз қоюы керек еді. Сол кезде «дидар – ғайып, несіп – ғайып» дегендей, ауданда өтетін бір шараға партия-кеңес қызметкері болып істейтін Кемел аға келіп, шілдехананың үстінен түсті. Иманқұл аға: «Тойдың үстінен түстің, құтты қонақсың, баланың есімін сен қой», – деп жолын берді. Сөйтіп, сенің есіміңді ойланбастан Бақтығали деп сол ағаң қойды. Мүмкін, еліне-халқына қызмет етіп, өмірі бақытқа бөленген азамат болсын деп ырымдаған шығар», – деді. Ол кісі Бақанасқа келгенде, Иманқұл ағамызға немесе біздің үйге түседі екен.
Бірақ мені жұрттың бәрі мектепте, институтта оқып жүрген кезімде, әскерде де ылғи Бақыт деп атайтын. Тіпті Бақтығали деп өзі қойса да, Кемел ағамның өзі кейде Бақыт дейтін.
Мен есімді білгелі білемін, ол кісі біздің ауылға жиі келетін. Өйткені «Түнде атылған оқ» деген кітабының біраз бөлігі Бақанаста жазылды. Апаларымыз айтып отыратын, Іленің жағасына киіз үй тігіп, сол жерде жазды деп. Сол кезде ағамыздың ас-суын дайындап, шай-тамағын берген, қызмет еткен апаларымыздың біразының көзі тірі. Солардың бірі кезінде аупарткомда есепші болып істеген, қазіргі Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың шешесі Рәткүл апай. Ол Кемел ағамызды қарапайым, кішіпейіл, адамгершілігі жоғары, өте ақылды адам деп жиі еске алып отырады.
Менің және мен сияқты біраз жігіттердің елін, жерін сүйетін отаншыл азамат болып қалыптасуымызда Кемел ағамыздан алған өнегенің орны үлкен деп ойлаймын. Қолыма қару алып, ешқандай соғысқа, шайқасқа қатыспасам да, мен де елімді, жерімді өзімше сүйдім, қорғадым деп айта аламын. Құдай бетін аулық қылсын, «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дегендей, егер қазір де қару ұстап, Отанды қорғау қажеттігі туып жатса, сапқа тұруға дайынмын. Оны талай жерде айтып та жүрмін. Өйткені Кемел ағам өзінің болмыс-бітімі, өмірлік ұстанымы, үлгі-өнегесі, айтқан ақыл-кеңесі арқылы бәрімізге бағыт-бағдар көрсетті, отансүйгіштікке тәрбиеледі деп есептеймін. Тіпті өмірде, адамгершілік қасиеттерімнің қалыптасуында менің ұстазым болған – Кемел Тоқаев деп санаймын.
– Кемел атамыз қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі емес пе? Сонда сіздерге туыстық жақындығы бар ма?
– Біз бесінші атадан қосылатын, қыз алыспайтын жақын ағайын болып шығамыз. Кемел ағамыздың біздің ауылға жиі келіп, аунап-қунап жатып, біраз шығармаларын осында жазуының да бір сыры «Ағайының бар кезде басыңда тұрар әруағың» дегендей, осы ағайындықта жатса керек.
Кемел аға өте бауырмал, балажан адам еді. Ауылға келгенде жазушылық жұмыстарымен аудандық ішкі істер бөліміне барып, тергеушілермен тікелей жұмыс істейтін. Мысалы, Жамбыл ауданына жиі баратын, сөйтіп жүріп алтын ұрлаушылар туралы «Сарғабанда болған оқиға» дейтін кітабын жазды. Оны жазу үшін үш ай бойы Алматы қаласы, Сейфуллин көшесіндегі түрмеде солармен бірге отырған. Сөйтіп, қылмыскерлердің айла-тәсілдерін, мінез-құлқын, психологиясын зерттеген. Ол кісі детектив шығармалардың өзін нақты оқиғаның негізінде және тек шындықты жазған.
Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл, орыстың біраз жазушылары детектив жазғандарын білесіз. Бірақ олар фантастикалық негізде жазған, сол үшін де олардың шығармаларын еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оқуға құмар. Ал Кемел Тоқаев ағамыз тек болған оқиғалардың негізінде деректі детектив шығармаларын өмірге әкелді. Олар фантастикадан да құнды әрі оқылымды. Өйткені бәрі – өмірде болған, орын алған қылмыстық не басқа оқиғалардың негізінде жазылған. Сол үшін ол тиісті мекемелер, құқық қорғау ұйымдарының басшыларымен келісіп, рұқсаттарын алып, түрмеде отырған қылмыскерлермен бірге бір ауаны жұтып, бір суды ішіп, бір тағамды жеген. Не үшін? Кітап сөзінің бірінші кезекте шын, содан соң барып қызықты, қисынды, тартымды болуы үшін! Онда әдетте кәсіби жазушылар қолданатын ойдан шығару, ойдан қосу дегендеріңіз дерлік болмаған. Сол себепті де Кемел Тоқаевтың шығармалары өте оқылымды, өте тартымды, 120–130 мың таралыммен басылған.
– Демек біз Кемел Тоқаев атамызды жай ғана детектив жанрының емес, деректі детектив жанрының атасы деп атауымыз керек шығар? Өйткені детектив, менің ойымша, кейіпкері өмірде болғанмен, көбіне ойдан шығарылған оқиғалардың негізінде жазылады. Ал Кемел атамыз керісінше, болған оқиғаны негізге алады. Бұл ойыма не дейсіз?
– Дұрыс айтасың! Бауыржан Момышұлы атамыз оны «Детектив жанрының атасы» деп атады. Ал Қасым Қайсенов: «Көркем сөздің шебері» деді. Қазақта бұл жанрдың шыңына шыққан жалғыз жазушы – Кемел Тоқаев. Ал біз оны тек қазақ емес, бүкіл түркі әлеміндегі детектив жанрының дарабозы ретінде дәлелдедік. Мен бүкіл Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Москваға барғанда, ылғи жазушылармен кездесемін. Сонда олардан: «Сіздерде детектив жазатын жазушылар бар ма?» – деп сұраймын. Олар: «Бар, бірен-саран, бірақ шын мәніндегі детектив деуге келмес», – деп жауап береді.
Мысалы, «Түнде атылған оқты» жазғанда, ол үш күн бойы айыпталушылармен бірге абақтыда жатты. Сондай-ақ «Атаманның ақыры» дейтін фильмді күллі қазақ біледі, бірақ осы фильмнің Кемел Тоқаев жазған «Соңғы соққы» деген романның негізінде түсірілгенін көп адам біле бермейді.
– Иә, ол керемет кинотуынды ғой, атақты әртістеріміз, көзінің тірісінде аңыз адам атанған, марқұм Асанәлі Әшімов, Наталия Орынбасарова, Нұрмұхан Жантөрин, Нұржұман Ықтымбаев сияқты өнер саңлақтары ойнайды…
– Оны да детективті фильм деп бағалауымыз керек. Әңгімеміздің басында ол кісінің балажандығын айтып кеттім. Кемел аға жұмысқа қанша асығып бара жатса да, тоқтай қалып, бес-алты баланы жинап, соғыс, шекара бұзушылар немесе ұрылар жайында әңгіме айтып беретін. Ең қызық тұсына келгенде: «Ал сендер сабақтарыңды жақсы оқыңдар, ата-аналарыңа көмектесіңдер, қалғанын келесі кездескенде айтып беремін», – деп кетіп қалады. Содан достарым: «Ағаң келді ме, қашан келеді?» – деп күнде сұрап, асыға күтетінбіз.
Жалпы, менің түсінігімде детектив жанры дегеніміз – оқиға барған сайын шиеленісіп, оқушыны әрі қарай не болар екен деп қызықтырып, ақырына дейін оқуға ынталандыратын шығарма.
Біз таңертеңнен кешке дейін суда жүреміз, Іле өзені ауылдан 500–600 метр жерде ағып жатыр, қазіргідей тартылып кетпеген кез. Балқаш пен Іле станциясының, қазіргі Қонаев қаласы, ортасында баржылар қатынайды. Таңғы сағат 5‑те Іле станциясына қарай, тура кешкі сағат 5‑те кері қарай Бақанастың жанынан өтеді. Сол кезде біз күтіп отырып, кеменің толқынына қарай суға секіреміз. Толқын ұрған кезде есіңнен тандырып жібереді, талай бала сөйтіп суға кетті. Бес бала болып секірсек, көз алдымызда бір не екі бала жоқ болып кеткен жағдайлар болды. Сонда да қоймаймыз.
Сол да себеп болуы керек, бір күні мынадай оқиға болды. Ауылға келген Кемел аға «кешкі сағат 5‑терде достарыңды жинап, ішкі істер бөліміне кел» деді. Ол кезде оның бастығы балуан денелі, бойы 2 метрдей, полковник Сайын Әділшынов деген кісі еді. Біз айтқан уақыттан да ертерек бардық. Кемел аға мен Сайын аға сыртта әңгімелесіп отыр екен. Содан «жүріңдер, балалар» деп, бізді ІІБ сыртындағы шағын бір бөлмеге алып келді. Кірсек, бір жалпақ үстел тұр. «Мынаның не екенін білесіңдер ме? Бұл – теннис үстелі», – деді. Әділшынов кезекші қызметкерді шақырып, тор мен ракеткаларды алып келуді бұйырды. Кемел аға: «Осыны күнде кешкі сағат 4–5‑тен 7‑ге дейін кезектесіп ойнайсыңдар. Күнде келмесеңдер де, күнара келіңдер», – деді.
Сөйтіп біз теннис ойнауды үйрендік, өзенге баруды қойдық. Кейін сол теннис үстелі біздің мектепке берілді. Оқушылар арасында жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, талайы чемпион атанды.
Мұның мәнісі, жоғарыда айтқанымдай, Кемел аға өте балажан адам еді, осылай бізді бос уақытты құр өткізбеуге, спортпен айналысуға ықпал етті, суға секіріп, мерт болудан сақтандырды. Оның үстіне ол кісінің кітаптарын қызыға оқитынбыз. Осының бәрі тәрбие, үлгі-өнеге емес пе!
Кезінде Әзілхан Нұршайықов ағамыз оның оқырманы ең көп жазушы екенін айтқан, кітаптарының ең аз таралымы – 85 мың дана. Ол кітаптарды оқып, қаншама полковник, генералдар шықты.
– Осылай Кемел атамыз тек балалар, жасөспірімдер емес, құқық қорғау ұйымдарының да қаншама қызметкерін тәрбиеледі, үлгі-өнеге болды дейсіз ғой?
– Дәл солай! Сол себепті де мен көп жерде ішкі істер ұйымдарында Кемел Тоқаев атындағы бұрыш ашылса деп айтып жүрмін. Ол кісі шындықты жазды. Тергеудің қалай жүргізілетінін көрсетіп берді. Мысалы, Бауыржан Момышұлының соғыстағы әдіс-тәсілдері шетелдердің әскери академияларында оқытылады. Кемел ағамыз оқиға орнына өзі барып, тергеушілермен қоян-қолтық жұмыс істеген, әрқашан қылмыстың ашылуына қызмет етіп, тек қана шындықты жазуға ұмтылған. Осының өзі кейінгілер үлгі алатын, оны ұстаз тұтып үйренетін дүние емес пе?! Ол кісі суреттеген тергеу жөніндегі әдістерді бүгінгі және келешек тергеушілер оқып-үйреніп, тәжірибеде қолдануы керек қой! Егер полиция бөлімдерінде арнайы бұрыш ашылып, кітаптарын қойса, әрбір қызметкер ол баса мән берген мәселелерді, әсіресе әділдік, этика, тәртіп мәселелерін қатаң сақтауды үйренер еді.
– Сіздің Кемел атаны ұстаз санайтыныңыздың бір қыры осы екен ғой?!
– Бұл – бір. Екіншіден, ол кісі өте ақылды адам болатын. Мектеп бітіретін жылы бір күні үйге келсем, Кемел аға әкеммен әңгімелесіп отыр. Әкем ылғи: «Сен мен сияқты май-май болып жүрмеуің керек, бар дүниемді сатсам да оқытам, бірақ ешқашан милицияның оқуын оқымайсың!» – дейтін. «Ассалаумағалейкүм!» – деп сәлемдестім де, отыра қалдым. Сөйтсем, Кемел аға: «Бақыт милицияның оқуына түседі», – десе, әкем: «Жоқ, ол мұғалімнің оқуына түседі», – деп отыр екен.
Кемел аға осыны айтып: «Бақыт, сен өзің не дейсің?» – деді. Мен ол кісіге қарап тұрдым да: «Мен милиционер де, мұғалім де болмаймын. Мен – ұшқыш боламын!» – дедім. Кемел аға маған сәл қарап отырды да: «Өте тамаша! Сен өз пікіріңді айттың. Балам, әрқашан осындай бол!» – деді. Ағамның сол сөзі әлі күнге құлағымда, ешқашан ұмытпаймын. Егер ол басқа бірдеңе айтқанда, менің болмысым бұлай қалыптаспауы мүмкін еді. Осыдан кейін мен ешкімнен қаймықпай, ылғи өз ойымды, шындықты ашық айтатын жігіт болып қалыптастым деп ойлаймын. Мен әкімдердің жұмысына көңілім толмай, Ақорданың алдына да барған адаммын. Егер сол кезде Кемел ағамның әлгі сөзінен қуат алмасам, рухтанбасам, ол кісі дұрыс бағыт көрсетпегенде, менің мінезім мұндай болмас еді. «Менің ұстазым – Кемел Тоқаев!» – дейтін басты себеп сол!
– Сөйтіп ұшқыш болуды армандадыңыз?
– Иә, сол арманға жету үшін, мектепті бітірген соң, кезінде Юрий Гагарин оқыған ұшқыштар даярлайтын Орынбор жоғары әскери училищесіне оқуға түстім. Бірақ орыс тілінен қатты қиналдым. Формулаларды жақсы білем, есептерді шығарам, бірақ өз сөзіммен түсіндіріп бере алмаймын. Бес жасымнан мылтық атып үйреніп, әкеммен бірге аңға шығып, мал бағып, қара жұмыс істеп өскендіктен, физикалық дайындығым да өте жақсы. Алайда күзде өз еркіммен әскерге кеттім. Балтық теңізінде теңіз жаяу әскерінде снайпер болып қызмет еттім. Қызметім аяқталуға тақағанда, әкем қайтыс болып, мерзімінен бұрын ауылға қайттым. Ары қарай әскери училищедегі оқуды жалғастырғым келмеді. Сөйтіп Қарағанды кооперативтік институтына оқуға түстім.
– Сонда әскерде снайпер болуға бала күніңізден мылтық атып, аңшылыққа қатысқаныңыздың да себі тиген сияқты?
– Дұрыс айтасың. Әкем де, Кемел аға да керемет аңшы еді. Үйде бір аңшы итіміз де болды. Бірде Сайын аға, Кемел аға, әкем, мен және екі адам аңға шығатын болдық. Ол кезде мен 7–8 жастамын, қазіргідей дайын оқ жоқ, әртүрлі аңға: мынау – қоянға, мынау – қырғауылға, мынау – қабанға деп, дәрісін, бытыра мөлшерін өлшеп, бәрін қолдан жасаймыз, соны бала болсам да мен істеймін. Өзімнің мылтығым бар. Аңға шыққанда, әлгі итіміз бізден бұрын машинаға шығып алады. Менің де дайындалып жатқанымды көріп, бұрын әкеммен талай аңға шыққанымды қайдан білсін, Кемел аға: «Бақыт та бара ма, тоңып қалмай ма? Қап, прожектор ұстайтын бір жігіт ертіп алмаппыз», – деді. Сонда әкем: «Тоңбайды, ол үйренген, прожекторды да өзі ұстайды», – деді. Бәрі аң-таң.
Сөйтіп, мен прожектор ұстадым, үлкендер оның жарығымен көп қоян атты. Барлық қоян 7–8‑ден бес адамға бөлінді. Сонда Кемел аға: «Бақыттың үлесі қайда?» – деді. Әкем: «Ол – менің балам, оның үлесі менде ғой», – деді. Кемел аға: «Жоқ, бұлай болмайды. Оның үлесі бізден де көп болуы керек. Егер Бақыт прожектор ұстамағанда, біз осынша қоян алмас едік», – деп, бәрін қайта бөлгізді. Содан бастап әр аңға шыққанда, аға болсын-болмасын – мен басқалармен теңдей үлес алатын болдым.
Бұл – Кемел ағамның әділдігін, біреудің ақысына қиянат жасамайтын асыл қасиетін, адамгершілік болмысын көрсететін оқиға! Мен соны бала болсам да, жақсы сезініп, есімде мәңгі сақтап қалдым. Ол кісі ренжіген кезде айтатын ең ауыр сөзі «күл-қоқыстар» еді. Оны үкіметтегі аузың қайда десе, мұрнын көрсететін, тамыр-таныстықпен келіп қалған біліксіз шенеуніктерге қатысты айтатын. «Осы күл-қоқыстардан арылмағанша, бізде ешқандай жақсылық болмайды», – дейтін.
– Мынау бүгінгі күні де, жалпы ешқашан өзектілігін жоймайтын керемет сөз екен!
– Үшіншіден, Кемел Тоқаев ағамыз – үлкен мәселелердің шешілуіне ықпал еткен қоғам қайраткері. Мысалы, 1967 жылға дейін Қазақстан халықаралық ЭКСПО көрмесіне қатыспаған. Көбіне Кеңестер Одағынан Ресей, Украина, Беларусь қатысады екен. Осыған байланысты Кемел аға Қонаевтың атына хат жазады. Онда: «Біз басқалармен тең – 15 одақтас республиканың біріміз, орыстар, украиндар, беларусьтар өздерінің салт-дәстүрін, мәдениетін көрсетіп жатыр, біз неге көрсетпейміз? – деген мәселе көтереді. – Шетелдіктер бізді орыстардың құлы деп есептейді. Солар сияқты бізді де делегацияға қоссын, барлық 15 республика кезек-кезегімен барсын!» – дейді.
Қонаев бұл хатты ҚазКСР Жоғары Кеңесінің төрағасы Ниязбековке жолдап, ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Подгорныйға, өзі Брежневке барады. Сөйтіп, бұл ұсынысты Брежнев қолдап, сол жылы Канадада өткен ЭКСПО көрмесіне Қазақстаннан 17 адам Ниязбековтің басшылығымен барып, халқымыздың салт-дәстүрін көрсетеді. Сонда сол ЭКСПО директорының қызы сәукелені көріп, «тұрмысқа шыққанда киемін, сатып алып бер» деп кетпей қояды.
Делегация басшысы: «Бұл жалғыз дана, оны сатуға болмайды», – десе де, қиылып кетпей қояды. Ақыры болмаған соң, Мәскеумен ақылдасып, оны бір «Чайка» автокөлігінің құнындай бағаға сатады. Көрмеге келген туристер біздің ұлттық тағамдарымызды да үлкен қызығушылықпен тамашалайды, әсіресе ән-күйімізді естігенде, әбден таң-тамаша болады. Делегация үлкен табыспен қайтып келген кезде Подгорный Ниязбековті шақырып, Мәскеуде Қазақстанның онкүндігі болады, осы делегация түгел соған қатыссын деп, тағы он күн сонда болады.
Былайша айтқанда, мемлекет басшылары ойлауы тиіс мәселені қарапайым жазушы көтеріп, ол іске асып, Одақ қана емес, әлем жұртшылығы қазақ халқын, оның мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін кеңірек тани бастайды. Бұл нағыз қайраткерлік емес пе?!
Кемел ағамыз – үлкен тұлға, кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің баспасөз хатшысы болған, 500-ден аса мақала жазған журналист. Оның өмірін, адамгершілік, қайраткерлік қасиеттерін жас ұрпаққа үлгі ету, шығармашылығын насихаттау мақсатында мен Талғар ауданының бірнеше мектебінде «Кемелтанушылар клубын» ұйымдастарып, олар бірқатар шаралар ұйымдастырды, мүшелерінің саны 100-ге жуықтап қалды.
Жалпы, мен үлкен кісілердің, соның ішінде Дінмұхамед Қонаев атамыздың әкесі Ахмет, Балтағұл дейтін аталарымыздың, Кемел ағамның әңгімелерін көп тыңдап өстім. Ол кісілер біздің үйге қонаққа жиі келетін. Олардан естіген тәрбиелік мәні зор әңгімелерді оқушылардың ортасында, қоғамдық іс-шараларда үнемі айтып жүремін.
– Қарағандыдағы студенттік дәуіріңіз қалай өтті?
– Ол да бір үлкен тарих. Мен өзі қызу қанды, кейбіреулердің астамшылдығын, әділетсіздігін көтере алмайтын, басымнан сөз асырмайтын адаммын. Соны байқады ма, Марат Шегенов дейтін политэкономиядан сабақ берген ұстазым Мәскеудегі қазақ жастарының «Жас тұлпар» қоғамын ұйымдастырушылардың бірі, мені шақырып алып: «Қазақ тілінде қабырға газетін шығару керек, ауылдан келген балалар ата-анасын, туып өскен жерін, бауырларын сағынады. Сол сезімдерін жариялауға, бір-біріңді тани түсуге, жақын араласуға себін тигізеді», – деді. Ол кезде мен мұның түпкі мақсатын түсінген жоқпын. Сөйтіп «Жас қазақ» қабырға газетін шығара бастадық. Сөйтсек, оны біреулер қайта-қайта жұлып алып тастайды, біз тағы шығарамыз. Оқытушылардың көбі орыс ұлтының өкілдері, газетті 5‑қабатта ілу керек деді. Оны шығаруға қарсылар да көп болды, ұлты қазақ декандарымыздың өзі «партбюроның, кәсіподақтың газеті бар ғой» деп, онша мақұлдамады. Оған менің көнгім келмеді.
Бір күні Марат аға маған ректорға бар деді. Онда сіз келісіңіз, сосын барайын дедім. Павел Филиппович Котляров дейтін ректорымыз бар еді, қазақша жақсы сөйлейтін, сөйтіп бір күні сол кісіге кірдім. Барсам, оның алдында партия ұйымы хатшысының орынбасары Телғарина, кәсіподақ төрағасы Тастемесова, экономика бөлімінің деканы Көлібаев, біздің Марат ағайымыз, тағы да бірнеше декан отыр екен. Ректорымыз қазақша сөйлеп: «Бақтығали, осының бәрін сен, өзің ұймдастырып жүрсің бе, әлде біреулер көмектесе ме?» – деді.
Мен біз, студенттер, өзіміз осылай ұйғардық. Осы оймен, міне, партбюроға келдім дедім. Сол кезде Көлібаев. «Мен қарсы емеспін!» – деді. Марат ағамыз да орнынан тұрып: «Мен Бақтығалиға айтып жатырмын, қазақ театрын ашу, айтыстар ұйымдастыру керек», – деп өз ойын қосып жіберді. Котляров: «Өте дұрыс, газетті қай жерге ілесіңдер?» – деді. Көлібаев тұрды да: «5‑қабатқа ілу керек», – деді.
Сол кезде Лидия Тимофеевна Телғарина тұрды да, қазақша сөйлеп: «Мен – қазақтың келінімін, қазақша газет шығарғанда не тұр? Бұл – ректорға келіп талқылайтын нәрсе емес қой, жай ғана қабырға газеті. Оны 5‑қабатта емес, 2‑қабаттағы партия ұйымы бұрышының жанына ілу керек», – деді.
Сөйтіп, біздің бастамамызды ректор мен партия ұйымы қолдады, газеттің көлемі үлкейіп, комсомол, кәсіподақ ұйымының жұмыстарын, әртүрлі шаралар жайында жазып, хабарландырулар беретін болдық. Сөйтіп жүріп қазақ театрын аштық. Оған Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының директоры, режиссері болған халық әртісі Қарғаш Сатаев жұбайымен бірге жақсы көмектесті. Оған да Марат ағамыз жіберді, әйтпесе біз қайдан білеміз. Сахнадағы бірінші қойылым – марқұм Дулат Исабековтің «Әпке» атты пьесасы болды. Бір жылдың ішінде халық театры деген атақ алдық.
Бұл әңгіме обкомға дейін жетіп, бір жауапты қызметкер келіп, менімен біраз әңгімелесті. Кейіннен мен бұл істеріміздің маңызын түсіне бастадым. Өйткені біздер ауыл шаруашылық жұмыстарына барған кезде Марат ағамыз: «Біз – Қазақстанда тұрамыз, жергілікті тұрғындар соны білуі, сезінуі керек, ол үшін қазақша концерт, айтыс, басқа да әдеби-мәдени шаралар өткізіп, ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетуіміз қажет», – деп, ақыл-кеңесін айтқан.
Бір күні Марат аға маған ертең сағат кешкі 5‑те вокзалдың жанындағы құймақханаға кел деді. Екеуміз сол жерде біраз әңгімелестік. «Мен Москваға кетіп бара жатырмын, оншақты күн демаламын. Сен білмейтін шығарсың, Үкімет Неміс автономиясын құру жөнінде қаулы қабылдады. Орталық Комитеттің қандай шешім қабылдайтынын білмейміз. Осыған байланысты әйгілі әншілер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, тағы басқа зиялы қауым өкілдері Қарағандыға келейін деп жатыр. Сен қаладағы барлық институттардан «Жас қазақ» ұйымына кірген студенттерді бастап, мен айтқан кезде бейбіт шеруге шығу қажет болады. Мен болайын-болмайын, осыны істеу қажет, бірақ ештеңе бүлдірмеңдер!» – деді.
Бұл – 1979 жылдың маусым айы еді, бес күннен кейін 500–600 адам болып шығу керек деген хабар келді. Сонда Фарид Жұмажанов дейтін суретті керемет салатын жігіт болатын, сол қолдан лозунг, транспаранттар жазып, біз 1000-нан аса адам алаңға шығып, «Менің Қазақстаным», басқа да туған жер, ел туралы әндерді айтып, екі күн тапжылмай тұрдық. Қыздарымыз шай-су дайындап әкелді. Сол жылы күзде Марат ағаның ұсынысымен мен «Атамекен» студенттер құрылыс отрядының командирі болдым. Молодежный ауылында концерт қойып, Чайковскийдің «Лебединое озеросын» сахнада жігіттер ойнап, жергілікті жұртты қыран-топан күлкіге батырдық. Айтыс ұйымдастырдық. Сол студент кезімде Құдай маған мына Сәуле жеңешеңді кезіктірді.
– Институттан кейінгі қызметіңіз жайында айтсаңыз, ұзаққа созылып кетер. Негізгі әңгіме Кемел ата туралы болғандықтан, соған оралайық. Сіз ол кісінің адамгершілігі, әділетсүйгіштігі, тектілігі жөнінде көп айттыңыз. Осыдан түйгенім, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан» бастамасы әкеден алған тәрбиенің, үлгі-өнегенің жемісі іспетті. Бұған не дейсіз?
– Әрине, ұрпақтың бойындағы барлық жақсы қасиет ең алдымен әкенің қаны, ананың сүті, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Осы тұрғыдан алғанда ойың өте дұрыс. Бұл туралы ХVІІІ ғасырда Абылай ханның бас кеңесшісі болған атақты Бұқар жырау Қалқаманұлы:
«Таудан аққан тас бұлақ
Тасыса құяр теңізге.
Қанша малы көп болсын,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
Жақсыдан жаман туса да –
Тартпай қоймас негізге», – деп, тамаша нақыл қалдырған.
Шынында да, Қасым-Жомарт Кемелұлының бойындағы жоғары адамгершілік қасиеттердің бәрі әкенің қаны, ананың сүті, солардың берген тәрбиесі, көрсеткен үлгі-өнегесі арқылы берілгені анық. Президентіміздің ақырын жүріп, анық басып, әкесі армандаған әділеттілік, шыншылдық үшін күресіп, айналамызды «күл-қоқыстан» тазартып, бар білімін, қажыр-қайратын, мол тәжірибесін әділетті мемлекет, таза қоғам құруға бағыттап отырғаны да күмәнсіз!
– Салиқалы әңгімеңіз үшін көп-көп рахмет! Аман жүріңіз, аға!
Сұхбаттасқан Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ, «D»