Ау, ағайындар! «Хиджаб қазақтың киімі емес, арабқұл, бірдеңе-сірдеңе» деп неге шулап, неге тілдеп жатырсыздар?! Араб қазаққа орамал тартуды, кимешек киюді үйретіп пе? Қазақ қазақ болып жаралғалы киіп келе жатқан кимешекке неге тіл тигізіп отырсыздар?!
Қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, ұлттық киім – кимешек, қамзолды киіп, насихаттап жүргеніме жеті жыл болды. Қайсыңыздың қолыңыздан осындай рухани ерлік келді, айта аласыздар ма?
Осыдан жеті жыл бұрын қазақтың ұлттық киімін киіп алып, жасанып үйден шыққанда, жұрттың бәрі таңғалып қарап тұратын. Қазір қамзол, кимешек киетін аналар біртіндеп көбейіп келе жатыр, соған шүкіршілік етемін. Бір қазақтың әйелі ақ жаулықты болса, қуанып жүрген ананың бірі менмін.
Киелі кимешек – құр шүберек емес. Бұл – әйелдің, ананың денсаулығы. Ақ жаулығы бар ананың баласы аруақтың қорғанында болады. Жаулықсыз әйелдің жанынан періштесі қашады. Анасында жоқ періште қорғаны баласында қайдан болсын?!
Ақ жаулықтың, киімнің киесін бір күнде айтып тауыса алмаймын. Киімнің ғылымын біртіндеп, аздап айтамын. Барлық ақпаратты бір күнде лақ еткізсем, көтере алмай қаласыздар. Сондықтан тілге ие болып, сабыр сақтай тұрыңыздар.
Қазақ анасының қасиетті ақ жаулығы мен кимешегіне тіл тигізбеңіздер. Қазақтың жеріне хиджаб болып келген араб әйелінің киімі қазақта баяғыдан бар. Ол – киелі кимешек, ол – ақ жаулық!
«Қазақпын, қазақпын» деп кеудені ұру бір басқа, қазақтың ұлттық киімін кию бір басқа. Қазақ деген ұлт жойылғалы тұрған, тіл, дін, діл, салт-дәстүр ұмытылған мына заманда қазақ екеніңді дәлелдейтін ұлттың қасиетті киімі – кимешегі, ою-өрнекті қамзол, шапанын үнемі киіп жүрген (үйде де, түзде де) қайсыңыз бар?! Рухани ерлік жасап, «қазақ деген ұлы халықтың ұлттық киімін үнемі киіп жүрмін» дейтіндеріңіз болса айтыңыздар. Құр патриот болудың керегі жоқ, Отанды, елді сүюді іспен дәлелдеу керек, құр босқа ауызбен орақ ора бермей. Ал ауызбен орақ орғанның ешқашан белі де, жүрегі де ауырмайды!