Еліміз Most Powerful Countries 2026 рейтингісінде 34-орынды иеленді
Тізімді World Population Review халықаралық статистикалық платформасы жариялады. Оның негізінде американдық U.S. News & World Report басылымының жыл сайынғы зерттеулерінің деректері жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Рейтингке жүз мемлекет енді. Қазақстан Мысыр, Дания, БАӘ, ОАР, Норвегия, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Ираннан жоғары тұр.
Құрастырушылар елдерді бес белгі бойынша бағалайды. Олардың қатарында экономикалық және саяси ықпал, көшбасшылық, халықаралық одақтар мен әскери альянстар бар.
Платформаның сипаттамасы бойынша мемлекеттің күші бірнеше құрамдас бөліктерден құралады, олардың арасында әскери қуат, экономика және мәдени ықпал бар. Тізімдегі орынмен қатар авторлар ЖІӨ мен жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні экономикалық салмақтың қысқаша өлшемі ретінде келтіреді.
Бірінші үштікте Қытай, АҚШ және Үндістан тұр. Олардың соңынан Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия келеді.
Посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан тек Ресейге ғана жол берген, ол 11-орында. Бұрынғы Одақтың тізімге енген қалған елдері төменде орналасқан. Қазақстанға ең жақын тұрған 51-орындағы Украина. Одан кейін Литва, Беларусь, Өзбекстан, Латвия, Эстония, Армения және Грузия келеді. Орталық Азия елдерінің ішінде рейтингте тек Қазақстан мен Өзбекстан ғана бар. Оларды 37 жол бөледі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан экономикасы өткен жылы 6,5% ‑ға өскен. Негізгі үлес өнеркәсіп, көлік, құрылыс және сауда саласының еншісінде. Сол жылы ЖІӨ көлемі 305 миллиард доллардан асты. Осындай көрсеткішпен Қазақстан Орталық Азияның ірі экономикасы болып қала береді.
Халықаралық валюта қоры сәуір айындағы болжамда биылғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні 17,5 мың долларға бағалады. Бұл – қордың бақылау жүргізген жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.
Елдің рейтингтегі орны оның халықаралық күн тәртібіне қаншалықты белсенді қатысатынына да байланысты. Соңғы жылдары Қазақстан бұл тұрғыда бірнеше жаңа рөл алды. 2024 жылғы наурызда ол БҰҰ миссиясына алғаш рет дербес бітімгершілік контингентін жіберді. Қазақстандық әскери рота Голан биіктігінде қызмет атқарады.
Бір жылдан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы консенсуспен Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөнінде Өңірлік орталық құрды. Резолюцияның тең авторлары 152 мемлекет болды. Бұл Орталық Қазақстанның БҰҰ бүкіл өңірмен жұмыс істейтін алаң ретіндегі рөлін бекітті.
Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Ибраһим (Авраам) келісімдеріне қосылды. Қаңтар айында Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста Таяу Шығысты реттеу үшін АҚШ президентінің бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойды. Қазақстан құрылтайшы мемлекеттердің қатарына енді және Таяу Шығысты реттеуде дауыс алды.
Елдің рейтингтегі экономикалық ықпалы оның әлемдік саудадағы орнына байланысты. Өткен жылы Қазақстан аумағы арқылы 36,9 миллион тонна транзиттік жүк өткен. Транскаспий бағыты бойынша контейнерлiк тасымал үштен бiр еседен астамға өстi.
Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері әлемдік Top-500 тізімінде 86-орынға ие болды. Қазақстан осы рейтингтің алғашқы жүздігіне алғаш рет кірді. Жүйе елге жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер үшін өз базасын береді.
Сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясын қабылдады. Саммитте Су жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы консультациялар басталды. Астана өңір елдері ортақ ұстанымды келіскен алаңға айналды, бұл Қазақстанның өңірлік саясаттағы салмағын растайды.
Үш жыл бұрын, U.S. News & World Report мәліметтері бойынша, Қазақстан осы рейтингте 50-орынды иеленді. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жақсы нәтиже болды. Содан бері еліміз 16 сатыға көтерілді. Енді Қазақстан тізімнің жоғарғы үштен бірінің қатарында тұр.
Рейтингтің өзі осы жылдар ішінде 13 мемлекетке кеңейді. Қазақстан оған қатысушылар санының өсуімен бір мезгілде жоғары көтерілді.
Сарбаз ҚҰТ-МҰХАММЕД, «D»