Четверг , 12 ноября 2026

Қарыз өсіп, бала туу азайып барады БҰЛ ЖАЙ ҒАНА СӘЙКЕСТІК ПЕ?

2021 жыл­дан бері Қаза­қстан­да екі көр­сет­кіш бір-біріне қара­ма-қар­сы бағыт­та өзгеріп келеді. Халы­қтың тұты­ну­шы­лық несие алуы өсіп, бала туу азай­ып барады.

Сан­дар­ды қатар қояйық.

2021 жыл – тұты­ну­шы­лық несие 6,1 трлн тең­ге, 445,9 мың бала дүни­е­ге келді.

2022 жыл – 7,7 трлн тең­ге, 403,9 мың бала.

2023 жыл – 10,3 трлн тең­ге, 388,4 мың бала.

2024 жыл – 13,8 трлн тең­ге, 365,9 мың бала.

2025 жыл – 16,7 трлн тең­ге, 335 мың бала.

Қарап отыр­саңыз, төрт жыл­дың ішін­де тұты­ну­шы­лық несие көле­мі шама­мен 2,7 есе өсті. Ал дүни­е­ге кел­ген бала­лар саны шама­мен 25 пай­ы­зға азай­ды. Бұл жай ғана сәй­кест­ік пе?

Менің­ше, мұны зерт­те­мей тұрып, «бай­ла­ныс жоқ» деп айтуға бол­май­ды. Әрине, бала туу тек неси­енің кесірі­нен азай­ды деу дұрыс емес. Демо­гра­фи­яға жұмыс, табыс, бас­па­на, бала­бақ­ша, көші-қон, әйел­дер­дің жұмыспен қам­ты­луы, отба­сы­лық құн­ды­лы­қтар сияқты көп­те­ген фак­тор әсер ете­ді. Бірақ 2021 жыл­дан бері қары­здың тұрақты өсуі мен бала туу көр­сет­кі­шінің жыл сай­ын төмен­де­уі Үкі­мет­ті осы бай­ла­ны­сты арнайы зерт­те­у­ге міндеттейді.

ҚАРЫЗ ЖАС ОТБАСЫНЫҢ ШЕШІМІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Қара­пай­ым жас отба­сы­ның жағ­дай­ын алай­ық. Еке­уі де жұмыс істей­ді. Пәтер жал­дай­ды неме­се ипо­те­ка төлей­ді. Тұты­ну­шы­лық неси­есі бар. Бірін­ші бала дүни­е­ге келеді. Шығын көбей­еді. Ата-ана­ның біре­уінің табысы уақыт­ша аза­юы мүм­кін. Ал банк­ке төлей­тін ай сай­ы­нғы төлем сол күй­ін­де қалады.

Осын­дай жағ­дай­да екін­ші неме­се үшін­ші бала тура­лы шешім қабыл­даған­да, отба­сы нені бірін­ші есеп­тей­ді? Балаға кететін шығын­ды ма? Әлде келесі айдағы несие төле­мін бе? Осы құбы­лы­сты шар­тты түр­де «қарыз кон­тра­цеп­ци­я­сы» деп ата­уға бола­ды. Меди­ци­на­лық кедер­гі жоқ. Бала сүю­ге ниет бар. Бірақ отба­сы­лық бюд­жет­те келесі балаға орын азай­ып барады.

БАСҚА ЕЛДЕР БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ҚАРАП ОТЫР

Оңтүстік Коре­я­дағы бала туу дең­гей­інің төмен­деу мәсе­лесін зерт­те­ген халы­қа­ра­лық сарап­шы­лар жастар­дың эко­но­ми­ка­лық және қар­жы­лық тұрақ­сызды­ғын, бас­па­на­ның қым­бат­ты­ғын, бала өсі­ру шығын­да­рын маңы­зды фак­тор­лар­дың қата­ры­на қоса­ды. Бірқа­тар мем­ле­кет­тер тек жәр­де­мақы төле­умен шек­тел­мей, бала туған кез­де отба­сы­ның ұзақ мерзім­ді қар­жы­лық жүк­те­месін азай­туға тырысады.

Поль­ша­да арнайы отба­сы­лық тұрғын үй неси­есі бой­ын­ша екін­ші бала туған кез­де мем­ле­кет негіз­гі қары­здың бір бөлі­гін өтей­ді. Үшін­ші және одан кей­ін­гі бала дүни­е­ге кел­ген­де, қол­дау көле­мі тағы да өседі.

Вен­гри­яда да бала тууға бай­ла­ны­сты жеңіл­детіл­ген отба­сы­лық несие жүй­есі бар. Бірін­ші бала туған кез­де төлем­ді уақыт­ша тоқта­ту мүм­кін­ді­гі беріледі. Екін­ші бала туған кез­де қары­здың бір бөлі­гі аза­яды. Үшін­ші бала дүни­е­ге кел­се, арнайы бағ­дар­ла­ма бой­ын­ша қалған қары­зды өте­у­ге дей­ін­гі қол­дау қарас­ты­ры­лған. Яғни, кей­бір мем­ле­кет­тер­де бала дүни­е­ге кел­ген­де, отба­сы­ның шығы­ны ғана көбей­мей­ді, қарыз жүк­те­месі де азаяды.

ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ЖАҢА ҚАҒИДА КЕРЕК

Мен бар­лық неси­ені кеші­ру керек деп оты­рған жоқ­пын. Бірақ мына қағи­да­ны талқы­ла­уды ұсы­на­мын: бала дүни­е­ге кел­ген сай­ын, жас отба­сы­ның қарыз жүк­те­месі аза­юы керек. Қалай?

Бірін­ші бала туған кез­де отба­сы­ның табысы төмен­десе, 6 неме­се 12 айлық неси­елік демалыс.

Екін­ші бала туған кез­де ипо­те­ка­ның негіз­гі қары­зы­ның бір бөлі­гін мем­ле­кет өтеу мүмкіндігі.

Үшін­ші бала туған кез­де қол­да­уды одан әрі күшей­ту. Әсіре­се табысы төмен және орта­ша жас отба­сы­лар үшін.

Бұл – бар­лық ада­мға ақша тара­ту емес. Бұл – отба­сы­ның ең қиын кезең­де­гі қар­жы­лық жүк­те­месін жеңілдету.

ЖАС ОТБАСЫҒА ҚАЗІР КӨМЕК КЕРЕК

Мем­ле­кет әле­умет­тік көмек­ті нақты мұқтаж адам­дарға бағыт­та­уы керек. Жағ­дайы жақ­сы адам­дарға негіз­сіз жеңіл­дік бер­меу де дұрыс. Кей жер­де үнем­де­у­ге бола­ды. Кей­бір артық жеңіл­дік­ті қай­та қара­уға бола­ды. Бірақ жас отба­сы­ның ертең­ге деген сені­мі­нен үнем­де­у­ге болмайды.

Мен – әке­мін. Бір­не­ше неме­ренің ата­сы­мын. Қазір­гі жас отба­сы­лар­дың қалай өмір сүріп жатқа­нын көріп жүр­мін. Бірі екі жер­де жұмыс істей­ді. Бірі күн­діз негіз­гі жұмысын­да, кеш­ке қосым­ша табыс іздей­ді. Бірі ипо­те­ка­сын төлей­ді. Бірі пәтер жал­дай­ды. Бала­сын бала­бақ­шаға апа­ра­ды. Неси­есін төлей­ді. Ата-ана­сы­на да көмек­те­седі. Сөй­тіп жүріп бала өсіреді.

Кей­де шыны­мен сол жастарға қарап жаным аши­ды. Бар күшін салып, өздері аяқтан тұруға тыры­сып жатыр. Бірақ дәл солар­дың бала­ла­ры ертең Қаза­қстан­ның эко­но­ми­ка­сын көте­реді. Солар дәрі­гер бола­ды, инже­нер бола­ды, мұғалім бола­ды, кәсіп­кер бола­ды, салық төлей­ді, эко­но­ми­ка­ны дамы­та­ды, елді қорғай­ды. Сон­ды­қтан жас отба­сы­ға көмек­те­су жай ғана әле­умет­тік шығын емес. Бұл – бола­шаққа салы­нған инве­сти­ция! Адам­гер­шілік тұрғы­сы­нан да солай, мем­ле­кет­тік тұрғы­дан да солай. Балам дей­тін мем­ле­кет бол­ма­са, мем­ле­кетім дей­тін бала қай­дан шығады?

ҮКІМЕТКЕ ТӨРТ СҰРАҚ

Бірін­ші – қары­зы бар және қары­зы жоқ жас отба­сы­лар­дың бала туу көр­сет­кі­ші салы­сты­рыл­ды ма?

Екін­ші – неси­елік төлем отба­сы табысы­ның қан­ша бөлі­гін алған кез­де екін­ші неме­се үшін­ші бала тура­лы шешім өзгереді?

Үшін­ші – Қаза­қстан үшін Поль­ша неме­се Вен­гри­ядағы­дай бала туған сай­ын отба­сы­ның қарыз жүк­те­месін азай­та­тын тетік­тің құны қан­ша болады?

Төр­тін­ші – мұн­дай қол­дау келесі бала­ның дүни­е­ге келуіне қан­ша­лы­қты әсер етуі мүмкін?

Осы сұрақтар­дың жау­а­бын біл­мей тұрып, «мұн­дай тетік біз­ге керек емес» деп айтуға болмайды.

ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ СИГНАЛ БЕРЕМІЗ?

Пре­зи­дент әле­умет­тік сая­сат­тағы өзгерістер­ді «өгізді өлтір­мей, арба­ны сын­дыр­май» жүр­гі­зу керекті­гін айт­ты. «Артық қыла­мын деп, тыр­тық қылуға мүл­дем бол­май­ды» деп ескерт­ті. Менің­ше, жас отба­сы­ларға қаты­сты сая­сат­тың негіз­гі мақ­са­ты да осы болуы керек.

Жастарға: «Бала туған соң өз күніңді өзің көр» деген сиг­нал емес, «Бала дүни­е­ге кел­ген­де, мем­ле­кет отба­сы­ң­ның аяғы­нан тұруы­на көмек­те­седі» деген сенім керек. Сон­ды­қтан мен нақты ұсы­ныс айтып отыр­мын: Қаза­қстан­да бала туған сай­ын, жас отба­сы­ның қарыз жүк­те­месін азай­та­тын жүй­ені талқы­лау керек!

Ол қалай іске аса­ды? Ипо­те­ка арқы­лы ма, неси­елік дема­лыс арқы­лы ма, әлде негіз­гі қары­здың бір бөлі­гін мем­ле­кет өтеу арқы­лы ма? Оны маман­дар есеп­тесін. Бірақ мәсе­лені көте­рудің өзі бүгін қажет. Өйт­кені қарыз өсіп жатыр. Ал бала туу азай­ып бара­ды. Бұл бай­ла­ны­сты Қаза­қстан енді еле­мей оты­ра алмайды.

Ағай­ын, сіз қалай ойлай­сыз? Бала туған сай­ын, жас отба­сы­ның неси­елік жүк­те­месін азай­ту керек пе? Қан­дай тетік әділ әрі тиім­ді болар еді?

Пікір­леріңізді жазыңыздар.

Мұрат ӘБЕНОВ, Қаза­қстан Халық Кеңесінің мүшесі,

Білім және ада­ми капи­тал жөнін­де­гі комис­сия төрағасы

Республиканский еженедельник онлайн