Ғани ҚАЛИЕВ, академик: «Бейресми» желеумен ЖАЛА ЖАБУ – менің арыма сай емес

«ДАТ»-қа ДАТ!

Газетіміздің алдыңғы сандарында ҚР Ұлттық ғылым академиясына (ҰҒА) қатысты бірнеше резонансты материал жарық көрген-ді. Еске салсақ, оған түрткі болған – ел президентінің атына жазылған «академиктер хаты» еді. Артынша ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов біздің газетке берген сұхбатында аталған хатта келтірілген дәйектерді жоққа шығарып, бейресми мәліметтерге сүйеніп, оның ұйымдастырушылары ретінде Оразалы Сәбден мен Ғани Қалиевтің есімдерін атады. Бұл сұхбатқа жауап ретінде газетіміздің өткен санында Оразалы Сәбден жауап берді («Қазақстан ғылымы тоқырау тұңғиығына батты», 27.09.2018). Бүгін оқырмандар назарына ҚР Ауыл шаруашылық академиясының президенті Ғани Қалиевтың сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Ғанеке, сізді «академктер хатын» ұйымдастырушылардың бірі деп, академик Мұрат Жұрынов қолына түскен «бейресми пікірін» жария еткенін оқыған шығарсыз?..
– Мұрат Жұрыновтың сұхбатын оқығанда, аң-таң болдым. Өйткені Жұрыновтың өзімен жолықпағаныма біраз жыл болды. Президентке жазылған хат авторларының бірі ретінде көрсетілген академик Қошановты көрмегеніме бес-алты жылдан асты. Ал академик Анатолий Грибановскиймен осыдан біраз жыл бұрын бірге жұмыс жасағанбыз. Ол жылдары екі мемлекеттік академия болған еді. Біреуі – ҰҒА болса, екіншісі – біздің Ауыл шаруашылық ғылымдар академиясы (АШҒА). Сол академияның вице-президенті Грибановский болды. Алайда ол академиямыздың тарқағанына 20 жылдан асып кетті. Сол уақыттан бері ол кісіні көргенім жоқ. Сол себепті «академиктер хатының» артында Қалиев тұр дегеніне қайран қалдым. Жалғыз мен ғана емес, ғылым саласындағы адамдардың бәрі аң-таң болды.

– Бізге берген сұхбатында академик Жұрынов Ауыл шаруашылық академиясы – ҰҒА-ның құрамында деп мәлімдеген еді. Осының мән-жайын нақтылап өтсеңіз…
– Кезінде мемлекеттік екі академияның біріктірілгені рас. Екеуіндегі академиктердің саны 40-қа жуық болды. Ол екеуіне қатысты ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығы бар. Осы 40 академикке стипендия тағайындалған. Содан кейін сайланған академиктерге ешқандай стипендия тағайындалған емес. Бұл 1996 жылы болған оқиға. Өкінішке қарай, осы жылдар аралығында 40 академигіміздің де қатары сиреді. Сол жылы АШҒА қоғамдық бірлестік болып қайта құрылды.

– Сонда сіздердің Ұлттық ғылым академиясына заңды тұрғыдан қатыстарыңыз болмағаны ма?
– Иә, біз 1996 жылдан бері ҰҒА секілді бөлек, дербес қоғамдық бірлестікпіз. Біздің өзіміздің академиямыз, өзіміздің жарғымыз бар. Бірақ біздің академиктер ҰҒА-ға, ал ҰҒА академиктері бізге сайлана алатын еркі бар. Бұл кең тараған тәжірибе.
Мысалы, мен уақытында Кеңес Одағы Ауыл шаруашылығы академиясының академигі болдым. Қазіргі кезде Ресей мен Украина елдерінің академигімін. Бүгінде Ауыл шаруашылығы академиясының академигі әрі президентімін.
Жақында біздің академияның 100-ге жуық мүшелері жиналып, атқарылған жұмыстарымызды қорытындылап, есептерімізді беріп, кезекті сайлауымызды өткіздік. Біздегі сайлау жасырын дауыс беру арқылы, бір орынға кемінде екі үміткердің қатысуымен өтеді. Сол сайлауда маған басым дауыс беріліп, академиямыздың президенті болып қайта сайландым.
Көп жылдан бергі ғылым саласындағы жинаған беделімнің ықпалы болған шығар деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы академиясын 1991 жылы мен өзім ұйымдастырып, оның бірінші президенті болдым. Кейін қоғамдық бірлестік болып қайта құрылғанымызда, ғылымдағы әріптестерім «көп жылғы жинақтаған тәжірибеңіз бар, ғалымдарды әрдайым қолдап келдіңіз, енді біз сізді қолдайық» деп, мені академиямыздың басшылығына ұсынды. Біздің академияда анау-мынау қаңқу әңгімелер жоқ, бәрі адал өтеді.

– Ал ендеше өтпелі кезең мен мынау дағдарыс заманында АШҒА «ашыққан» жоқ па?
– Қазір ғылымның өзі өте қиын жағдайда екені баршаға мәлім жағдай. Бұрын, 1991-92 жылдары ауыл шаруашылығы ғылымдары саласына ауыл шаруашылығы ішкі өнімінің 1,2 % бөлінетін. Ал қазір ол көрсеткіш 0,12% болып тұр. Сонда бұрынғымен салыстырғанда, ғылымды қаржыландыру 10 есеге азайған. Біз бұл мәселені ашық айтып, үкіметтің алдында да көтердік.
Рас, ғылымның жағдайы мәз емес. Осындай жағдайда менің интригалар жасайтын мүддем де, уақытым да, тіпті шаруам да жоқ! Шешімін таппай отырған мәселелер өзімізде де бастан асады.
Біз 2015 жылдан бастап қосалқы Ұлттық аграрлық ғылыми білім орталығын ұйымдастырдық. Соның директорлар кеңесін биылғы жылға дейін басқарып келдім. Ал қазір оның вице-президенті және Ауыл шаруашылық министрінің кеңесшісімін. Министрлікте де, өзіміздің академияда да жұмысым жетерлік. Сондықтан Жұрыновтың маған тағып отырған айыбына таң қалдым!

– Жұрынов мырза өз сөзінде сізді «ҰҒА жиындарына қатыспайды, өзінің теріс пікірлерін көмекшілері арқылы білдіріп отырады» дегендей айтқан еді…
– Біріншіден, менің көмекшім жоқ. Себебі ондай құзыр менде бекітілмеген. Екіншіден, егер осы хаттың артында мен тұрсам, дәлелдерін келтірсін. Ал келтірмейтін болса, мен өзімнің ар-ожданымды қорғау мақсатында кез келген қадамға бара аламын. Бірақ ол маған керек пе?!

– Ал ҰҒА-ның бүгінгі жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Мен біреудің жұмысына баға беріп, әуре болғым келмейді. Өйткені өзіміздің ғылыми академиямыз, ғылыми институттарымыз бен тәжірибе шаруашылықтарымыз бар. Онда белгілі ғалымдар қызу жұмыс жасап отыр. Бәрі біздің академиямыздың мүшелері. Сондықтан өзіміздегі шаруаларымыз жетіп жатыр. Басқаның жұмысында не шаруам бар?!
Ал Оразалы Сәбденге қатысты айтар болсам, өзімнің атқарып отырған жұмысыма, жасыма орай, еліміздің көптеген азаматтарын танимын. Оның ішінде Оразалы Сәбденді де білем. Бірақ ол бізде жұмыс істемейді. Оның үстіне академик Жұрыновтың сұхбатының соңында «егер Сәбден мен Қалиев осы орайда түсініктеме бермесе, редакция атынан кешірім сұрауға мәжбүр боламыз» деп жазған екенсіздер. Сондықтан сіздерге сұхбат беруге ынта білдірдім. Өйткені сіздерде Жұрыновтан кешірім сұрауға негіз жоқ.

– Дегенмен Жұрынов мырзаның «біздегі бейресми мәлімет бойынша» деп, сізді хатты «ұйымдастырушылардың» біріне қосуы қалай?
– «Бейресми» деген ұғым не болса, соны айтуға негіз бермейді. Жұрынов жай адам емес қой. Ол ҰҒА президенті, академик, жасы да мен қатарлы. Сондықтан өз сөзіне жауап беруі тиіс. Егер Жұрыновпен араздасып калсақ, түсінуге болар еді. Олай да емес қой. Біз бір-бірімізді бұрыннан танимыз. Сондықтан артық әңгіме айтқым келмеп еді…

– Әйтсе де, қазақта «ала мысық жүгіріп өтті» деген сөз бар ғой…
– Оны мен өзім де білмеймін. Жұрыновтың өзінен сұрап көріңіз. Арамызда бір араздық болып па? Мен одан бір нәрсе талап етіппін бе? Мен оның жасап жатқан жұмысына сын айтыппын ба? Адамдардың не айтып, не жазып жүргенін мен де естігенмін, оқығанмын. Бірақ ол менің шаруам емес. Мен «бейресми» деген желеумен Жұрыновқа жала жаба алмаймын. Ондай қылық менің арыма сай емес.
Негізі, айтқым келмеп еді, дегенмен бұл даудың мен білетін мән-жайын ашып берейін. Айтып өткенімдей, біз кезінде Мемлекеттік ауыл шарауашылығы академиясы болдық. Ауыл шарауашылығының барлық салалары бізде болды. Ал ҰҒА-да – тарих, география және басқа жаратылыстану салалары болды. Біздің академиямыздың қоғамдық бірлестік ретінде құрылу мерзімі Жұрыновтың ҰҒА президенттігіне сайлануына дейін болды. Ол алғашқы рет сайлауға түскен кезде сайлауға бірнеше үміткер қатысты. Сонда маған шыққан үміткерлер болды (олардың аттарын әдейі атамай отырмын). Солар «сіздердің академиктеріңіз бізді қолдасыншы» деген өтінішпен келді. Мен болсам, сайлауға түскен үміткерлердің бәрін танимын, сол себепті араларына түскім келмеді. Сайлауға еш араласқан да, қатысқан да жоқпын. Артық сөз болмасын дедім…

– Бірақ бүгінде «артық сөз» шығып жатыр ғой, Ғанеке…
– Сол жылдары мен Жоғарғы кеңестің депутаты едім: Астанадан Алматыға келгенімде, Мұрат Жұрыновтың жеңіске жеткенін естіп, оған телефон соғып, құттықтап, қазір саған келемін деген едім. Ол болса: «Ғанеке, мен сізге өзім келемін» деп, өзі келді.
Сонда біз былай келіскенбіз. Ғалымдардың басын ыдыратпайық, АШҒА мен ҰҒА болып бірлесіп, жұмыс атқарайық. Ел – біздікі, жер – біздікі. Мемлекеттің дамуы үшін білім мен ғылымның әсері зор. Білім жақсы болса, кадрлар жақсы болады. Ғылым жақсы болса, жаңа техника, жаңа технология, малдың және өсімдіктердің жаңа тұқымы пайда болады. Сен ауыл шаруашылығының бөлімшесін ашпа дедім. Бұл бағытта біздің бөлімшелер жұмыс жасайды. Саған бір вице-президент берейін. Сенімен бірлесіп жұмыс жүргіземіз, ортақ мәселелерді бірге шешеміз деп айтқанмын. Сонда Мұрат Жұрынов маған келісімін беріп, қалай айтсаңыз, солай болады деген.

– Екеуара болған бұл әңгімеңіздің куәгерлері бар ма?
– Бар болғанда қандай! Сол уағдадан кейін ҰҒА-ның бірінші жиналысы өтті. Ол жиналысқа мені де шақырды. Президиумда Мұрат Жұрыновпен қатар отырдым. Жиналыстың күн тәртібіне қарасам, ҰҒА-ның аграрлық бөлімшесін құру және ауыл шаруашылығы саласы бойынша вице-президентті сайлау деп жазылған екен. Мен Мұратқа:
«Мына мәселені келісіп едік қой. Мемлекеттің пайдасына жасаған жұмысымыз тиімді болу үшін бірігіп жұмыс жасаймыз деп едік қой?!» – десем, жауап бермей қойды. «Күн тәртібіндегі бұл тармақты жариялама, басқа шаруаларыңды шеше бер, бұл мәселені сосын өзіміз шешіп аламыз» деп өтініш айтып едім, тағы үнсіз қалды. Мен де сол жерде орнымнан тұрдым да, кетіп қалдым. Бұл 2003 жылы болған оқиға. Содан бері мен оған барған емеспін. Өйткені академик Жұрынов өз уәдесінде тұрмады.

– Е-е, бәсе! Кикілжіңнің кебі осы болған екен ғой…
– Қалай болғанда да, біздің өзіміздің академиямыз бар. Жұмысымызды ешбір қиындыққа қарамастан өзіміз атқарып келеміз. Ғылымның дамуына қосқан үлесіміз де жоқ емес. Сондықтан әртүрлі дау-дамай, өсек әңгімеге жақындағым келмейді, себебі олар елдің алдында ғалымдардың беделін түсіреді! Сондықтан Мұрат Жұрынов маған қатысты айтқан сөзіне дәлелін келтірсін. Ал дәлелдей алмаса, сіздердің газеттеріңіз арқылы кешірім сұрасын. Басқа айтарым да, талабым да жоқ.

– Мән-жайға қанықтырған сұхбатыңызға рахмет! Табысты болыңыздар!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,
«D»

(медиа-проект «DAT» №35 (447) от 4 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн