Айман ТҰРСЫНҚАН, тәуелсіз сарапшы: ҚОСАНОВ ҮШІН ЕМЕС, елдің болашағы үшін дауыс бердік

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады.

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өтті. Олардың соңғы үшеуі кезектен тыс болды. Сайлау науқанының бәрінде де елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткені белгілі. Әлемдік қауымдастық бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысы халықаралық стандартқа сәйкес өтпегенін мәлімдегенімен, елдегі билік ешуақытта ешкімнің бағасына мән берген емес.

Бейбіт митингіге шыққандарды жаппай ұстау Қазақстан үшін бұрыннан таңсық дүние емес. Бірақ бұған дейінгі наразылықтар әлемнің назарына ілінбеген еді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ОБСЕ) Қазақстан билігі сайлау күні бейбіт митингіге шыққандарды ұстау арқылы «демократиялық стандарттарды сыйламайтынын көрсетті», – деп мәлімдеді. Биылғы кезектен тыс өткен президенттік сайлауды бақылап жүрген тәуелсіз сарапшылар: «Назарбаевсыз өткен алғашқы сайлау билікке қарсы наразылықпен есте қалады», – дейді.

Ел ішіндегі қоғам өкілдерін кезектен тыс өткен президенттік сайлауға қандай баға беретінін, сайлаудан кейінгі Қазақстанның саяси дамуы қай бағытқа бұрылатыны жөнінде ой-пікірлерін білу үшін сауалнама жүргізіп, жауаптарын оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

– Елімізде сайлауалды кампанияға өте аз уақыт берілді. Елдегі демократиялық күштер өзара бірігіп, науқанға дайындалуына уақыт аздық етті. Азаматтық қоғам да өзінің үміткерін ұсына алмады, сайлауға қатысып, үміткер болуға қолданыстағы «Сайлау заңындағы» баптар мемлекеттік қызметте болуға қатысты мәселе бойынша шектеу қойған. Сөйтіп, «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, Әміржан Қосановтың кандидатурасы үшін бар күшімізді салдық. Сайлаудың нәтижесін алдын ала білсек те, елдің болашағы үшін, елде өзгерістер болуы үшін Қосановқа дауыс беруге үндеп, сайлаушылар арасында насихат жұмыстарын жүргіздік.

Билік бұл сайлаудан қаржысын аяған жоқ, сайлауды сайқымазаққа айналдырып, алты үміткерін қосты. Екіншіден, Қосановты қатыстырып, халықаралық қауымдастыққа сайлаудың заңды өткенін көрсетті. Қосанов Тоқаевтың жеңісін сайлау қортындысы шықпай жатып мойындаса да, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың белсенділігінің артуына ықпал еткені анық. Бірақ биліктің саяси технологтары сайлауды бұрынғы әдеттерімен өткіземіз деген әрекеттерінің нәтижесінде азаматтық қоғамды екіге жарып, бір-біріне айдап салды.

 Осы сайлауда екі учаскеде бақылаушы болдым. Сол жерден ақпарат таратып отырдым. Біз Қосанов үшін емес, елде өзгеріс болуы үшін дауыс бердік. Билік осы жағдаймен есептесуі керек. Бақылаушылар осы сайлауда саясаткерлердің, азаматтық қоғам өкілдерінің қолынан келмеген қызметті атқарды. Саяси науқанда халықтың 50-70 пайызы өзгерісті қалайтынына көзіміз жетті. Сайлаудың әділ өтпейтінін білсе де, дауыс беруге келгендердің саны 30-40 пайыз болды. «Карусель» арқылы Тоқаевқа дауыс бергендер жәшікке топ-тобымен бюллетеньдерді тастады. Осы жағдайлары нақты дәлелдермен дәйектелді.

Әміржан Қосановтың сайлау аяқталмай жатып жасаған мәлімдемесінен көңіліміз қатты қалды. Алайда біз өзіміздің дауысымыз бар екенін, оны қалай қорғай алатынымызды білеміз, аяғына дейін қорғаймыз. Осы сайлаудың нағыз батырлары – бақылаушылар! Таң атысынан бастап, түннің бір уағына дейін ұйқысыз қызмет атқарып, заң бұзушылықты сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеген байқаушылардың не кінәсі бар? Кеше қазақ xалқы өзінің саяси ниетін нық білдірді. Халықтың тобыр емес екеніне биліктің көзі жетті.

Сайлауға алдын ала бойкот жариялап, «қарсымыз» дегендердің қатары аз болды. Мен бақылаушы болған № 863 учаскеде 789 дауыс бергендердің 20 бюллетені ғана жарамсыз болды, басым бөлігі үшінші тұрған үміткерге дауыс берді. Амал қанша, Қосанов елдің жігерін осылай аттап кетеді деп ойламаппын. Біз сол үшін таңдау жасап, сайлауға қатыстық. Қосанов үшін емес, елдің болашағы үшін дауыс бердік.

Билікті дәл қазір өзгертуге күшіміз жетпес, бірақ елдің өзгеріске деген ерік-жігерін ешкім баса алмайды. Қазақстан 9 маусымдағы сайлаудан кейін басқа даму жолына түседі. Осы сайлауға қатысы бар барлық саясаткерлер, оның ішінде шетелде отырып, саяси науқанға ықпал етуге тырысқан саясаткерлер, бойкотшылар, билікке бағыныштылар – бәрі-бәрі өздерінің дәрменсіз екенін көрсетті.

Мен енді ешкімге сенбеймін! Осы жылдың ішінде бәрінің де бет-жүзін көрдім, әркіммен жеке-жеке кездесіп, сөйлестім. Олардың алдампаз түрін де көрдім. Алдымызда парламенттік сайлау күтіп тұр. Түбі қазақ жеңеді! Кеше xалқымыз қайсар мінезін көрсетті! Сайлауға белсене қатысып, әділ өтуі үшін жанын салған бақылаушыларға батылдығы, ұйымшылдығы үшін раxмет айтам!

Біздің тағдырымыз өз қолымызда екенін түсіндік! Мәселен, кешегі сайлауда халық жиылып, үлкен күш бола білді, бұрын ондай жағдайға сену қиын болатын. Түптеп келгенде, сайлауда берілген әрбір дауыс Әміржан Қосановқа берілген жоқ. Жүйеге қарсы берілген дауыс болатын. Халық енді мал болып жүре бермейтінін көрсетті. Бұл жүйені жек көретінін, шаршағанын, жаңа бетбұрысты қалайтынын аңғару қиын емес еді. Алдағы уақытта тек қана азаматтық қоғам өкілдеріне ғана сенім артуға болатынына көзім жетті.

Республиканский еженедельник онлайн