Ермұрат Бапи: КІМНІҢ – КІМ ЕКЕНІН Парламентке барған ДЕПУТАТ ДӘЛЕЛДЕЙДІ

  • Өтіп жатқан парламенттік сайлау науқаны демократиялық оппозицияның арасына жік салып, бір мандатты округтерден додаға түскен үміткерлер арасында алып-қашпа сөз тудыруда. Белгілі оппозициялық журналист Ермұрат Бапи өзіне байланысты айтылған осындай жебегей жамылған сөзге байланысты өз пікірін білдіріп, Qazaqtimes.com интернет-порталына сұхбат берген еді. Төменде сол сұхбаттың газеттік нұсқасын спикердің қатысуымен редакциялап, ықшамдап жариялап отырмыз.

– «Қазақ таймс» ақпарат агенттігі Ютуб-арнасының кезекті сұхбаттасы – Парламент мәжілісінің үміткері, Алматы қаласы №3 округтен түсіп жатқан Ермұрат Бапи ағамыз. Сұрақтың басын үгіт-насихат науқанынан бастайық. Осыған дейін сайлаушылармен кездескен кезде сізді жұрт қалай қабылдауда?

Жалпы, «ДАТ» газеті арқылы жұртшылық мені азды-көпті таниды деп ойлаймын. Сондықтан болар, жалпы қабылдау, қолдау жаман емес, көңіл көншітерлік. Дегенмен, соңғы кезде халықтың газет оқымай кеткеніне байланысты әсіресе жастар жағы біраз біліңкіремейтін шығар. Соған орай насихатты нықтауға тура келіп жатыр.

Қандай жұмыстар жасап жатырсыздар?

– Жұмыстың бастысы – сайлаушылармен кездесулер. Менің сайлауалды штабымның жоспары бойынша, әр жерге – еңбек коллективтеріне, мектеп, емхана, «КСК», тағы басқа ұйымдарға кездесу өткізу жөнінде өтініш беріп, қайсысы қарсы емес – соларға түгелдей бардық. Сайлаудың алдындағы науқанда 80-ге жуық мекеме, ұйым, кәсіпорындарға өтініш бергенбіз. Бұлардың ішінде жауап бергендерімен күніне 3-4, кейде 5 кездесуге дейін өткізіп жүрген жағдайымыз бар. Әрине, барлығы бірдей «келе ғой» деген жоқ. Оппозициялық саясаткер болған соң, ішінара жалтаратын, қорқатындар да бар. Әлеуметтік желілер арқылы, көшедегі билборд, басқа да үгіт-насихат құралдарының мүмкіндігін пайдаланып жатырмыз.

– Иә, сіздің сайлаушыларыңыздың арасында көбісі сізді таниды ғой. Осы жерде бір сұрақ: неше күннен бері әлеуметтік желіде Алатау ауданы әкімінің орынбасары сіздің үгіт-насихатыңызды жүргізіп жатыр деген сөз тарап жатыр. Енді 25 жыл оппозицияда жүріп, ширек ғасыр бойы билікпен күресіп келген адам тура бүгінде әкімшілік ресурсты не үшін пайдаланып жатырсыз деген заңды сұрақ туады?

Бұл жерде «пайдаланып жатырсыз» емес, бәлкім, біреулердің мені пайдаланып жатуы мүмкін. Мәселен, менімен бірге осы округте сайлауға түскен Бейбіт Тұрабаев деген бір жігіт баспасөз мәслихатын өткізіпті. Бірақ оған көңіл бөліп жатуға, біріншіден, менің уақытым жоқ. Екіншіден, далбаса дақпырттарға көңіл бөлуге аса құлқым да жоқ.

Менің ойымша, бұл – біріншіден, арандатушылық. Арандатудың да бірнеше түрі бар ғой: біреулер сенің танымал атыңды пайдаланып, өзіне жарнама жасауы мүмкін. Танымал адамның атымен өзін танытуға арналған саясат технологиясы бар. Екіншіден, қарсыласыңды мейілінше ластау арқылы саяси ұпай жинау әрекеті болуы мүмкін.

Менің атымды билікке қосып қаралау мақсатында баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, маған қатысты әлдебір сөз таратып жатқан жігіттің әрекеті – бұл өзін өзгеге танытудың мақсаты деп ойлаймын. Себебі ол жігітті қоғам білмейді, мен өзім де «Тұрабаев» деген жігітті бірінші рет естіп отырмын.

Екіншіден, әкімшілік тарапынан маған немесе мен әкімшілікке шығып, маған көмектес деген әңгіме болған жоқ. Иә, бұған дейінгі сұхбаттарымда мен «маған билік кедергі келтірмесе, сайлау тәртібі бұзылмаса – болды, мен сайлауда өздігімнен жеңіске жетеріме сенімдімін» деп айттым да, газет бетінде жаздым да.

– Маған берген сұхбатыңызда айтқансыз…

Сайлау шын, әділ, таза өтетін болса, мен өзім сайлаушыларымның қолдауымен-ақ өтетінімді білемін. Өйткені ел алдында біраз атым бар, затым бар, қоғам үшін атқарған біраз еңбегім бар дегендей…

Ермұрат-аға, «КСК»-да, корпоратив, мектептегі мұғалімдерге әкімшілік жағынан «Ермұрат Бапиға дауыс беріңдер» деген әңгіме жүріп жатыр дейді…

– Осы сайлау науқаны басталғаннан бері мен депутаттыққа үміткер ретінде түсейін деп жатырмын, маған көмек беруге, сенімді өкіл, үгітші, бақылаушы болуға ниеті бар азаматтар болса, келіп хабарласыңдар деп, үш рет газетке және әлемжеліге хабарлама бердім. Соның нәтижесінде біздің штабқа келіп жатқан адамдардың санында есеп жоқ. Тек қазірдің өзінде 253 адам сенімді өкіл ретінде тіркелді.

Ал жәрдем жасаймыз деп, сырттан келіп жатқандар арасында арнайы арандатуға жіберілген адамдар жоқ деп айта аламыз ба? Нешетүрлі адамдар келді, мен олардың көпшілігін жеке танымаймын. Ал «сенімді өкіл» немесе «үгітші» деген куәлікпен жүрген азаматтар тарапынан науқанға қатысты әрқилы әрекеттер болуы мүмкін ғой: көпшілігі елде өзгеріс жасауға лайықты азаматтың бірі деп, менің сайлауалды кампанияма жүрек қалауымен араласуда. Өкінішке қарай, «қара пиар» мен «компромат» жасау технологтарының тапсырмасымен жүргендері де бар шығар.

Ал «КСК» дегенге келер болсақ, өздерінің жергілікті проблемасына байланысты мені ондаған «КСК» шақырды. Әуезов ауданының өзінде ғана 5-6 «КСК»-мен кездестім. Олардың айтатыны – ескірген үйлер, көшелер мен аулаларды жөндеу, жылу мен суға байланысты мәселелер.

Сіз айтып отырған Алатау ауданында бірнеше «КСК» мен көше комитеттерінде кездесулер өткіздім. Олардың дені өздерінің ықыласын білдіріп, мені қолдауға ниет білдірді. Менің штабым олармен бірге жұмыс істеп, ақпараттық үгіт-насихат материалдарын тарату жұмыстарын атқарып жүр. Менің жеке өзімде олардың әрқайсысын бақылап отыруға мүмкіндік жоқ.

Ал сол әр «КСК»-ның өз уатсаб-чаттары, телеграмм-каналдары бар, менің «пиар» технологтарым сол чаттармен өте тығыз және белсенді түрде жұмыс жүргізуге қатты ықыласты болып отыр. Әрбір тұрғынның телефонына баратын смс-хабарламаның тиімділігі өте жоғары дейді менің көмекшілерім. Сондықтан сол чаттар арқылы үгіт-насихат хабарламаларын таратып жатырмыз. Біздің штабта тұрақты жұмыс жүргізетін 40 шақты адам болса да, бірнеше ондаған чаттардың әрқайсына ананы айт, мынаны айтпа деп, бақылап отыратын менің де, штабтағылардың да мүмкіндігі жоқ. Өйткені әр «КСК»-ның чаттарын, оған тіркелген адамдардың санын есептесек, қатысушылар көлемі геометриялық прогрессиямен өседі.

Бірақ чатқа тіркелген адамның барлығы менің жақтастарым емес қой, олай болуы тіптен мүмкін емес. Міне, олардың ырқынан тыс тарап жатқан хабарламаға наразы болушы немесе басқа үміткерді жақтаушы адамдар бар. Солардың біреуі «КСК»-дан келіп жатқан хабарды «әкімшілік таратып жатыр» деп, бүгінгі гаджет-технологияның көмегімен провокация жасауы мүмкін. Міне, сіздің сұрағыңызға қайтарар жауабым осы.

Әкімдіктің, әкімнің орынбасары көмектесіп жатыр деген әңгіме ше?

Мен, біріншіден, ешқандай әкімнің орынбасарын білмеймін. Маған жеке шығып, «сізге көмек, жәрдем етейік» деп, оппозицияға көмектесіп, «өле алмай жүрген» әкімді де көрмедім.

Ал енді уатсаб-чатқа «акиматтан» деген аккаунтпен тіркеліп, жалған ақпарат таратуға болатын әдісті мен де меңгере аламын. Оның ешқандай қиындығы жоқ. Ендеше анық-қанығы белгісіз чаттағы хабарламаны жала ретінде жалаулату – провокацияның нақ өзі деп айтар едім.

Одан кейін мынадай мәселе бар: Алматының төңірегіндегі «Әйгерім», «Шаңырақ», «Дархан», «Алғабас», «Көкқайнар», «Ақбұлақ», т.б. ықшам аудандардың 95 пайыз халқы – 90-жылдардың ортасынан бері ауылдан көшіп келген қазақтар. Ал Алатау ауданына жататын ықшам аудандардың 50 пайыздан астамы – Семей мен Шығыс Қазақстаннан көшіп келген менің жерлестерім. Ол жерде, жасыратыны жоқ, трайбализмнің негізінде маған көмектесіп жатқан адамдар бар. «Найманның бір жігіті депутаттыққа түсіп жатыр» деп, жапатармағай насихат жүргізіп жатқанын жоққа шығара алмаймын. Бұл – сол жерлестерімнің ырқындағы және менің қатысымнан тыс әрекет. Қазақтың қанына сіңген ондай рушылдық «көмекке» мен бөгеу бола алмаймын.

Олар өздері арнайы чат құрып, үгіт-насихат жүргізіп, тіпті ауылда қалған біздің Шығыс пен Семей жақтағы қазақтардың көпшілігі Ермұратқа қызмет етіңдер деп, осы Алматыдағы өзінің туысқандарына хабар салып жатқанын білемін. Ондай ақпарат менің телефоныма да келіп жатыр. Жергілікті биліктің ішінде де маған ықыласты пейілмен көмектесіп жатқан рушыл бір Найман бар шығар, кім білсін?

Ал сол жалған ақпаратқа қиқу қосып, журналистерге желбегей мәлімдеме жасаған Бейбіт Тұрабаев деген маған беймағлұм біреуге келер болсақ, оның да біраз жағдайын менің тілшілерім 54 үміткер тіркеліп қойған кезде анықтап білген. Оның жеке өзін ғана емес, сол түгел 54 үміткердің өткен-кеткенін анықтауға мен өзім тапсырма берген едім.

Сонда анықталғаны – Бейбіт Тұрабаевтың өзі Алматы қалалық Ішкі істер саясат департаментінде қызмет істеп, мемлекеттік тапсырыс бойынша тендерге байланысты шатаққа ұрынып, жұмысынан кеткен екен. Кезінде онымен бірге қызметтес болған жігіттерің біразы әлі де сол Ішкі саясат департаментінде отыр. Бұл провокацияға Бейбіт мырзаның сол қалалық әкімдікте отырған, тендерді теңдей бөліскен «жолдастары» ықпал еткен жоқ па?

Сондықтан менің бұл орайдағы ойым мынадай: сен өзіңнің мықтылығыңмен сайлауға түсуге лайықты екеніңді дәлелдегің келсе, біреудің тырнағының астынан кір іздеме, басқаның атын пайдаланып, өз атыңды дақпырт қылма. Өзіңнің күштілігіңді, қоғамға сіңірген қандай үлесің, өнегең, атқарған жұмысың бар, қазаққа, елге, мемлекетке, ұлтқа қандай пайда келтірдің – сол арқылы өзіңнің мықтылығыңды дәлелде. Ал басқа біреуді жазғыру арқылы «атыңды шығару» – бұл азаматтық тірлік, жігіттік іс емес. Бұны қазақ «қатынтірлік» дейді.

Мемлекеттік тендерді кеміру жолында күдікті болып, қызметінен кеткен сол бейбақ мені емес, кеше өзі «су ішкен құдығы» – әкімдікті жазғырады. «Бапи биліктің қызметін пайдаланып жатыр» деп айтпайды, керісінше, «билік Бапиға қызмет етіп жатыр» дейді. Сондай әлпетіне қарағанда, бұл өзінің ұпайын кеше «нанын тауып жеген» билік арқылы түгендеудің әрекетін жасап жүрген сияқты.

Енді Бейбіт Тұрабаевты қоғамда ешкім білмейді десек те, сіздің басты оппонентіңіз ретінде қарастырып отырған Инга Иманбайдың посты шықты.

Ол не деп айтқан екен?

Ол әкімнің орынбасары шығып, көмектесіп жатыр, мектептегі мұғалімдерге тапсырма берген дейді, сол жерде бір дүние ұсынған: Ермұрат аға, егер сіз өзіңіздің бұған дейінгі атақ-абыройыңызды құлатқыңыз келмесе, «екінші Қосанов» болғыңыз келмесе, онда кандидаттығыңызды қайтарып алыңыз дейді. Осы туралы айтсаңыз.

– Бұл тұрғыда Ингаға байланысты менің алабөтен айтарым жоқ. Әрбір үміткер мынау дода кезінде өзі жеткен ар-ождан деңгейімен амал қылып жатыр. Мен кандидаттығымды кері қайтарып алсам, басқалардың «жері кеңитіні» мәлім. Бірақ бұл салиқалы, салмақты саясаткердің ісі болмайды. Біреуді қуып шығып, өзіңді асқақтату – жетелі жанның қылығы емес.

Ал енді әлдекім сондай жалған ақпарат таратты екен деп, әлі дерегі дәлелденбеген дәйексіз сөзге бола үміткерліктен бас тартсам, менің кім болғаным? Осы 25 жылғы оппозициялық соқпақта ондай қоқан-лоққы мен отты-сотты жағдайдың талайын бастан кешірдік.

Әрине, мен Инганы сыйлаймын, күйеуі Жанболатты да газеттің әр санында қолдап, оған қатысты талай қорғау мен қолдаудың сөзін айттым. Енді осындай сәтті пайдаланып, кеше өзің «бір бақшада» қатарлас жүрген адамға «кет» деген сөз айтуға бола ма?

Менің редакциям мен газеттің электронды поштасына Жанболат пен Ингаға қатысты біраз компроматтар түсті. Бірақ сол дәйексіз деректі пайдаланып: «Сендер солай екенсіңдер, демократиялық әрекеттерің жалған екен, оппозициялық күрестен кетіңдер» деп, мен бір ауыз сөз айттым ба?!

Мен өзіммен бірге оппозициялық жолда жүрген бірде-бір адамға ешқашан ондай сөз айтып көрмедім. Себебі – оғаш әрекетке мені ар-абыройым жібермейді. Маған оның қажеті қанша? Бірге сайлауға түсіп жатқан әріптестерімді жамандау арқылы өзімнің күштілігімді дәлелдеу маған керек пе?!

Мен өз мықтылығымды бұған дейін, 25 жылдан бері дәлелдеп келемін. Назарбаевтың режимімен, одан қалған саяси мұрамен айқасып келе жатқаныма ширек ғасыр болды.

Сондықтан мен аяқ астынан «жоқ, мен ондай емеспін» деп, әлдекімге өзімнің тазалығымды дәлелдеп жатудың өзі – майға май құйғандай артық дүние. Біреудің бір бұрышта былжыраған сөзін пайдаланып, «сайлаудан кандидаттығыңды алып таста» деген талап – жандәрмен адамның далбасасы.

– Ер-аға, кешегі назарбаевтық жүйе оппозициядағы, азаматтық қоғамдағы күштерді бір-біріне қалай қарсы қоюы – оның бәрі түсінікті. Бүгінгі Тоқаевтық жүйе, сіз енді 25 жыл бойы осы бір газетті арқалап келе жатқан, тура жолдан таймаған журналистсіз, ал Инга Иманбай бүгінде тіркеле алмай отырған демократиялық партияның қудаланып жүрген бастауыш тобының мүшесі. Осы екі мәселенің бір жерден шығуының астарында саяси дүние жоқ па?

Мен газеттің өткен санында жариялаған сұхбатымда айттым: бұл сайлау науқаны онсыз да дал-дұл болып айырылып, бірімен-бірі қырқысып, бет жыртысып жүрген мына біздің демократиялық қоғамның арасына тағы да жарықшақ салып жатыр. Мысалы, Инга екеумізді былай қойғанда, біздің жақтастарымыздың өзі екіге бөлініп, қырық пышақ болып жатуы қай адами-демократиялық санаға сыяды? Қоғамда бұрыннан алауыз болып жүрген біздерді «биліктің адамы», «КНБ»-ның жансызы» деп, араға от салу одан әрі өршімей ме?

Билік қазір Алматыдағы небары үш мандат үшін бізді бір-бірімізге айдап салып, алақанын ысқылап отыр. Аман болсақ, ертең сайлау бітеді, өмір жалғаса береді, біз осы қоғамда қаламыз – сонда бір-біріміздің бетімізге қалай қараймыз? Депутаттық мандат үшін азаматтық қасиетімізді мансұқ еткеннен не ұтамыз? Мен осыған түсінбеймін, санама сыймайды. Адами қалпымызды сақтауымыз керек қой. Осындай бет жыртысудан кейін бір-бірімізге қалай қараймыз, бірімізді – аға, екіншімізді – қарындас деп қалай айта аламыз? Бір саяси науқан үшін, әлдебір жетістік үшін қатарыңда жүрген адамның жағасынан алып, кейін оның бетіне қарау деген… мен үшін қиын жағдай. Мен ондай арамдыққа бара алмаймын.

Иә, осы сайлауда демократиялық қауымдастықтың арасына жік салатын жағдай болып тұр. Біз осыны түсіне алмай жүрміз, бірақ оның ертеңгі қасіретін түсіне білуіміз керек. Біз өзіміздің сөзіміз бен соңымызға ерген адамдар алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз керек қой. Артымыздағы халықты, қоғамды топтастырамыз, сол арқылы билікке өз талабымызды таңамыз деп жүрген саясаткерміз. Басқаны білмеймін – мен сондай саяси тұлға болғым келеді.

Бүгін бір-бірімізбен быт-шыт болып, ертең сайлау өткен соң, халыққа не айтамыз? Осындай азаматтық жауапкершілікті сезіну керек, саясаткерліктен гөрі, адами, қарапайым қазақи қарым-қатынасты, ағайындықтың салмағын ұмытпауымыз керек. «Мен дәл осы сайлауды пайдаланып, қайтсем де Парламентке өтуім керек, әріптесімді жермен-жексен етіп, басына аяғымды қойып, әрі қарай секірем деу» – мен үшін түсініксіз жағдай.

Мен газетіме де, әлеуметтік желіге де өзгелердей өлармандықпен маған дауыс бер деп, «анау – жаман, менікі – дұрыс» деп, бір ауыз сөз жазған жоқпын. Тексеріп көргісі келетіндер болса, менің парақшамды қарасын – мен тек сайлауға түсіп жатқан азаматтардың сұхбаттары мен азаматтық пікірін беріп, соларды ел-жұртқа жеткізуге әрекет етіп жатырмын. Ал өзімді жарнамалап, «мен осындай керемет едім, басқасы лайық емес» деген сөз менде жоқ.

Сондықтан бұл жерде, қалай болғанда да, өзіміздің адами, азаматтық арымызды сақтайық, артымызда бізге қарап тұрған ел-жұрт бар екенін ұмытпайық!

Ер-аға, жалпы мынау 2019 жылы президент сайлауынан кейін саясаткерлерге ауыр қойылатын бір сұрақ пайда болды. Ол – «Қосанов-2» қайталанбайды ма деген сұрақ. Көп адамдар, мысалы, жасыратын ештеңесі жоқ, Ермұрат Бапи билікпен келісті, «Қосанов-2» болады деген сөз біраз жерде айтылып жүр…

– Бұл сайлау мен ол сайлау – екеуі екі бөлек. Президенттік сайлауда көпшілік халық Тоқаевтың оппонентіне үміт артып, дауыс берді. Ал бұл парламенттік сайлауда тек қана бір мандаттық 30 округтан, менің естуімше, республика бойынша 900 адам үміткерлікке түсіп жатыр. Сондықтан мұны президенттік сайлаумен салыстыруға келмейді.

Екіншіден, сіз айтқандай, «Қосанов-2» болу үшін, сен ертеңгі күні елдің, халықтың мүддесін сатып кетуің керек немесе саған үміт артқан елдің ерік-жігерінен аттап кетуің керек. Мен әлі өтпеген сайлаудың нәтижесін мойындап, Қосанов сияқты әрекетке барған жоқпын.

Біз қазақ деген осындай сөзге әуес халықпыз ғой: кең далада найқалып, беймарал жүріп, сөз қуып жүретін әдетіміз бар. Сайлауда әрбір іс-әрекетіміз бен сөзіміздің нәтижесін ертең депутат болғанда, парламентке барып дәлелдеуіміз керек. Бірақ бір ғана мәселені ұмытпауымыз керек…

Алайда ол жерге демократияның «балалық ауруынан», митингілердегі «ойбайымыздан» айығып баруымыз керек. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда елдің бірлігіне деген жауапкершілік бар. Елдік мәселе құр айғаймен шешілмейді, өйтіп біз саясат құра алмаймыз… Менің түсінігімде, парламенттік жұмыс – ол ұжымдық жұмыс. Парламентте сөзіңді өткізу – ол сенің өрең мен табандылығыңа байланысты мәселе. Сенің халықшыл, ұлтшыл, қазақшыл мәселені парламент талқысына қалай қойып, оны шешудің жолын көрсетуіңе байланысты.

Сондықтан ол «Қосанов-2» ме, әлде басқа ма – сіздің сөзіңіз бен ісіңіз Парламентке барғаннан кейін дәлелденеді. Біз Парламенттің ішіне барып, сол жерде халықтық оппозиция құруымыз керек. Менің ойым – 19 наурызда сайлау өткеннен кейін, мен одан өтем бе, жоқ па – ол маңызды емес, 30 пайыздық сайлаудан өткен 29 депутатқа ұран тастағым келеді: Парламентте «Халық блогы» деген фракция құрыңдар немесе құрайық. Сол арқылы билікшіл «Аманаттың» фракциясына қарсы әрекет қылыңдар немесе қылайық.

Міне, сол кезде біз шынында да осы елді өзгерте аламыз, сол кезде халық сенің сөзіңе сенетіндей азамат, саясаткер болғаныңды дәлелдейсің. Басқа жол көріп тұрған жоқпын. Әйтпесе қазір биліктің тарапынан халықтың мүддесіне сай келмейтін қаулылар, заңдар шығып жатыр. Соған қарсы өре түрегеліп шыққан халық бар ма? Жым-жыртпыз! Яғни, біздің халық осы жағдайына, осы үрейлі күніне мойынсұнған немесе біздің халық осы тұрмысына риза деген сөз.

– Сұхбатыңызға рақмет, Ер-аға! Іске сәт!

Қойшыбек МҮБАРАК, фото

Qazaqtimes.com

  • Видео-сұхбаттың газеттік мәтінін дайындаған

Алма Жақсылыққызы – «D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн