Қалай ойлайсыз, НЕГЕ, Қырымбек аға?

ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаевқа.

Құрметті Қырымбек Елеуұлы!

Сізді жоғары дәрежелі лауазымға тағайындалуыңызбен құттықтай отыра, Қазақ халқы және Еліміздің Тәуелсіздігі үшін жемісті жұмыстар тілеймін! Жақында, Қызылорда қаласында еске алу шарасы аясында Сіз Ашаршылықты әйгілі Холокостпен салыстырдыңыз. Сіздің таяу тарихымызда болып өткен оқиғаға көзқарасыңызды толық қолдаймын.

Өз басым ұлтшыл ретінде бірнеше архивтерді аралап, жүздеген құжаттарды зерттеп, ең заманауи әрі қолайлы архивті Қызылордада кездестірдім. Бірақ Ашаршылыққа және саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты көп құжаттардың құпия сырларын ашуға әлі күнге дейін тыйым салынған. Ең қынжылтатын мәселе – бұл тыйым Кеңес үкіметі кезінде салынған. Демек, біз Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан жоқпыз.

Ашаршылықты Орта Азия халықтары, оның ішінде қазақтарға да қатысты Түркістан майданын қоспағанда:

  • 30-жылдардың ортасы мен соңына таман орын алған географиялық және хронологиялық масштабы мен өлгендер саны жағынан сталиндік репрессиялармен салыстыруға;
  • нацистік Германия жүзеге асырған еврейлердің геноциді саясатымен салыстыруға болады.

Екі жағдайда да адамдар миллиондап қырылды және бұл саясат әдейі, мақсатты түрде жасалған. Жалғыз айырмашылығы – нацистік Германия басшылығы әділетті түрде жазаланды, оның саясаты Нюрнберг трибуналы шешімімен мансұқталды. Үшінші рейхтің символикаларына, оның идеялары мен қозқарастарына тыйым салынды.

Ал сәбеттік идеология, оның символдары, басшылары, әскери және сот-жазалау органдары юридикалық түсінік ретінде сотталудан құтылып кете алды. Сондықтан да Сіз сияқты өте жоғары дәрежедегі шенеуніктің аузынан осындай әділ, халқымыз бастан кешкен сұмдық катастрофаны адал бағалау – біз үшін жағымды жаңалық.

Осындай көзге көрініп тұрған, қазақ халқының басынан өткен трагедияны, ғылыми қоғам, архившілер мен тарихшылар тура, біржақты бағалап отырғанына қарамастан, әр нәрсені өз атымен тура атауға, менің ойымша, тек Сіздің ғана батылыңыз жетті.

Өкінішке орай, мемлекеттік аппараттың қалған бөлігі – әкімдер, министрлер тарихымыздың осындай қаралы беттерін айтудан қашқақтайды немесе тек жалпы фразалармен ғана шектеледі, не ештеңе де айтпайды. Тіпті әкімдер де 31 мамыр күні саяси репрессия құрбандары мен ашаршылық туралы қызмет бабына сай әртүрлі шаралар ұйымдастыруға мәжбүр бола тұра, Сіз сияқты ашаршылық тақырыбына өз көзқарасын айқын да нақты айтудың орнына, осы тақырыпты айналып өтуге тырысады.

Мысалы, Астана және Алматы қаласының әкімдері ұрлана, қорғансоқтап мемориалға келеді де, тездетіп гүл шоғын қоя сала, жиналып тұрған халыққа ешнәрсе де айтпастан, айналасындағы свитамен бірге асығыс қашып кетуге тырысатынын мен әлденеше рет байқадым. 2018 жылы – Астанада, 2019 жылы – Алматыда дәл сондай жағдай болды.

Осыған байланысты мен Сізге, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы ретінде төмендегі хатпен қайырылып отырмын:

  • «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындауға жауапты органның басшысы ретінде Сізден бұл бағдарламаға тиісті түзетулер енгізе отырып, оның орындалу барысын қайта қарауыңызды сұраймын;
  • Сізді таяуда өткен тарихымызға, сәбет кезінде орын алған оқиғаларға назар аударуды күшейтуге шақырамын;
  • Осы кезге дейін орын алып келгеніндей, бұдан 400–500–600 жыл бұрынғы қазақ-жоңғар соғысын қазбалап, одан бізге қатысы жоқ эпостардағы сакральды орындар іздеуді доғаруды өтінемін.

Одан да бізден қол созым жерде тұрған, күні кеше басымыздан өткен оқиғаларға назар аударып, алыстағы абстрактылы ата-бабамызды қазбаламай, кешегі әкелеріміз бен аталарымыз, әжелеріміз мен бауыр-апаларымыздың тарихын зерделесек деймін.

«ОГПУ-НКВД», қызыл армия, коммунистік партия қылмыстарын айтқаннан да, қазақ-жоңғар соғыстары кезеңін, Алтын Орда, Жәнібек пен Керей хандар кезін әңгімелеген әлдеқайда қауіпсіз екендігін түсінемін. Тіпті сақтар мен хундар кезеңін айту одан да жайлырақ, бірақ бәрібір мен ХХ ғасыр оқиғаларынан бастағанды дұрыс көремін, сосын біртіндеп ХІХ ғасырға түссек: ондағы қазақ халқының ұлт-азаттық, Ресей империясына қарсы тарихымыздың хас батырлары Кенесары, оның сардарлары мен сарбаздары бастаған көтерілісін зерттесек деймін.

Сосын барып тарих өзенінің толқынымен төмен қарай жүзе отырып, орта ғасырлар мен одан да ерте ғасырларға келуге болар. Бірақ бәрібір ХХ ғасырдан бастаған дұрыс.

Өйткені онда біздің осы жағдайға қалай жеткеніміздің себептері бар – неге біздер әлі күнге шейін өзімізді біртұтас халық ретінде сезінбейміз, неге біздер қазақтан гөрі, негізінен орыс сияқтымыз?

Неге біздер Боранбай немесе Көшербайтегі емес, Боранбаев пен Кушербаевпыз, Қырымбек аға?

Неге біздің әрқайсымыз, 30–40–50 жастағылар Радищевті, Державинді, Чеховты, Наташа Ростованы біледі, бірақ өз ана тілінде төрт жол өлеңді жатқа айта алмайды?

Неге бізде Василий Темный мен Иван Калитаның қай уақытта билікте болғанын біледі де, сол қарсаңда қазақтың ханы кім болғанын білмейді?

Неге тіпті осы күні егеменді Қазақстанның мыңдаған шаршы километрі орыс әскери полигондарының қарамағында және біздің телеканалдардың жартысынан көбі біздікі емес – Ресейдікі?

Неге студия қонақтары мен оның жүргізушілері, дәрежелі адамдар, мемдума депутаттары мен вице-спикерлері біздің елімізге қатысты қастық сөздер айтады немесе күш қолданумен қорқытады, ал біздер бұған шыдаймыз және ондайларды жазасыз қалдырамыз?

Неге бізде «ЛНР», «ДНР» атты террорлық ұйымдарға қатысқан содырлар еш жазасыз талтаңдап жүреді?

Неге олар жастарға әскери-патриоттық тәрбие берумен және жоғарыдағыдай бандаларға қаражат пен дәрі-дәрмек, азық-түлік жинаумен айналысады?

Неге олар шетелдік ұйымдар есебінде еш кедергісіз Қазақстан азаматтарымен көшелерімізде жорық жасайды?

Неге олар өз эмблемалары, символдары, белгісіз немесе Ресей мемлекеті жалауларымен «бессмертный полктар» ұйымдастырады?

Неге біздің Үкімет пен Парламент мәжілістері мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде жүргізіледі?

Неге Қазақстанда білім беру мемлекеттік тілде жүргізілмейді? Мектептер мен балабақшалардың басым бөлігі, мемлекет қаржыландыратын профтех, жоғары оқу орындарында сабақ неге мемлекеттік тілде жүргізілмейді?

Неге тәуелсіздіктің 30 жылдығында қазақтар әлі күнге дейін өз ана тілін меңгермеген? Мен басқалар туралы тіпті айтпай-ақ та қояйын.

Неге армияда, ІІМ мен ҰҚК, басқа да қызметтерде командалардың ресми тілі – орыс тілі, неге оларда ресми тіл мемлекеттік тіл емес?

Міне, мұндай «неге?» деген сұрақтар жүздеп саналады. Бұл сұрақтардың жауабын біз таяудағы тарихымыздан табамыз.

Менің білуімше, «Рухани жаңғырудың» өзі декоммунизация, десоветизация, деколонизация жүргізу үшін ойлап табылған. Біз жоғарыда айтқан көптеген «неге?» деген сұрақтардың жауаптары да осының ішінде астарланған.

Бірақ іс жүзінде біз не көріп отырмыз? Бағдарлама бір орында тұрып қалды, барлық күш қайдағы бір сакральды орындарды іздеуге кетті. Жұмыс құмға сіңген судай болды. Қазына есебінен еш пайдасы жоқ отырыстарға кетті. «ВЛКСМ»-ның 100 жылдығын тойлауға кетті. Бар ынта айдалаға кетті. Солай болуға тиісті де еді.

Өйткені декоммунизация мен десоветизацияны сол сәбет пен партхоз номенклатурасы қайдан жүргізсін?! Деколонизацияны барлық колониалдық дегендердің алдында дірілдеп отыратындар, бәрін Мәскеуге жалтақтап отырып жасайтындар қайдан іске асырсын?

Біз «Рухани жаңғыруда» мәлімделгендей, деколонизация жүргізбесек, онда жоғарыда аталған «неге?» деген сұрақтардың бірде-біріне жауап бере алмаймыз және оны шеше де алмаймыз.

Сөйтіп, біз бұрынғыша малти беретін боламыз, шын тәуелсіздікті ала алмаймыз және қоғам бұрынғыша «ватниктер» мен одан басқаларға бөлінген күйі қала беретін болады, қазіргі кездегідей, мұнда біріншілер әлдеқайда басым болып қала береді.

Ресейге жалтақтап өмір сүретіндер, өмірге солардың үгіт-насихатының көзімен қарайтындар, оның құрамына қайта кіргісі келетіндер, «сыпайы жасыл киімділерді» шыдамсыздана күтіп жүргендер, ашаршылықты мойындамай, «СССР»-дың қылмыстарын ақтаушылар, ап-айқын тарихи фактілерді теріске шығарушылар, есесіне әңгіме не туралы болса да, сәбеттің фейк агитпропына сенетіндер; екінші жаһан соғысының басталу мерзіміне, Катынь қырғынына, халықтар депортациясы болсын, Қырым аннекциясы болсын, Грузия оккупациясы болсын, қазақ алфавитінің латынға көшуі – бұл тізімді жалғастыра беруге болады – мұндай адамдар саны біздің Қазақстанда жалпы халықтың жартысындай болады-ау.

Қалай ойлайсыз, Қырымбек аға?

Осындай қоғамда отырып, біз экономикасы тұрақты, саяси және индустриалды дамыған, ақпараттық және идеологиялық тәуелсіз Қазақстан құра аламыз ба?

Бізде барлық қазаққа тән нәрсенің бәріне қарсы, оның тілін, тарихын, мәдениеті мен салт-санасын жек көретін, әлеуметтік желілерде отырып алып, біздің ел мен халықтың атына лас боқтықтарды ақтарудан жиренбейтін шовинистер бар екендігін сіз білесіз және оны теріске шығармайтын шығарсыз деп үміттенемін.

Сізге мұндай жанжалдардың хабары, мысалы, қандай да бір адвокат, немесе «Казконтенттің» жоғары дәрежелі Горожанкин тәрізді менеджері, банктің немесе телеканалдың қызметкері, немесе бір әнші, не қайырымдылық қорының заңгері әлеуметтік желіде отырып алып, қазақофобтық, антисемиттік пікірлер жазып, онысы қоғам тарапынан қатты ашу-ыза туғызып жүргені, бірақ оларға қарсы қылмыстық іс қозғалмай, аяқсыз қалып келе жатқаны естіліп жатқан болар деп ойлаймын.

Қазақтардың үстінен осындай ащы мысқылдарға біздің полиция тарапынан тым толеранттылық танытылып келеді. Бірақ оған таңданатын несі бар?

Біздің ірі шенеуніктер мұндай ұлттық мақтаныш сезімінен ада, олардың басым көпшілігі қазақ тілді де емес. Ал шовинистер осыны сезеді де, соны пайдаланады.

Біздің шенеуніктердің басым бөлігі мәңгүрттер мен «ватниктер». Сондықтан да «Рухани жаңғыру» басталмай жатып аяқталды. Егер уақытыңыз болса, мені қабылдасаңыз: қарапайым ұлтшылдарды бүгінгі толғандыратын мәселелерді Сізге жеткізсем деген үмітім бар.

Жалпы, Сізді өте қиын іс күтіп тұр. Өте ауыр жұмыс. Істеріңізге тек сәттілік тілеймін!

Ізгі ниетпен,

Марғұлан Боранбай деген бауырыңыз

Республиканский еженедельник онлайн