ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУЫМЫЗ ОСЫ МА?

Бүгінгі президент сайлауының ең басты ерекшелігі, интригасы – оған оппозиция өкілінің қатысуы.

Бұл интрига бірінші кезекте Ақордаға қажет еді. Ақорда әр сайлау өткен сайын оның баламасыз өтуіне байланысты «сайлау әділетсіз өтті, демократияға сай емес» деген сын мен айыптарды естуден шаршады, алдын ала жеңімпазы белгілі сайлаулардың ХХІ ғасырда болуы автократиялық биліктің белгісі екенін түсінгендігі еді. Осы кезге дейінгі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Назарбаев өткізіп келген сайлауларға халық 30 жылдан бері кешіріммен қарап келсе, БҰҰ-ның қызметкері болған Тоқаевтың баламасыз сайлаумен өтуіне халықтың көнбейтінін Ақорда түсінді.

Осыны түсінген ақордалық креативті сценаристер «Сайлау-2019»-ға Әміржан Қосановты қосу жөнінде шешім қабылдағаны көрініп отыр. Осындай шешім қабылдаған Ақорда Әміржан Қосановтың белгілі бір шектен, шекарадан шығып кетпейтін ымырашылдық қасиетін, келісілген ойын ережелерін бұзбайтын адам екендігін, билікпен келісім жүргізуге икемділігін ескерді. Ә. Қосанов билік ойластырған осы өлшемдерге сайма-сай келетін адам. 20 жылдан бері оппозиция қатарында жүруі оның саяси кредосы саналады.

Сөз жоқ, Ақорда мұндай батыл қадамға ешқашан бармаған болар еді, егер қоғамның наразылық бағыт ұстанған бөлігі Назарбаевтың әмеңгері Тоқаевқа деген қарсылық іс-қимылдар жасау жолында бірауызды болса. Бұл жерде Ақорда Қосанов пен Әбілязовтың арасындағы алауыздықты өте сауатты пайдаланып отыр, оппозиция лагеріндегі қырғи қабақ қарама-қарсылықты өз пайдасына қолдана отырып, оларды, яғни оппозицияның Әбілязов бастаған радикалды бөлігі мен ымырашыл, билікпен келісімге баруға икемді Қосановтың тобын бір-біріне айдап салып отыр. Мінеки, бүгінгі сайлаудың ең басты интригасы, ерекшелігі осы. Міне, осы екі топ қоғамды қақ жарған соң, екі топтың бір-біріне қарсы күресетіні белгілі болған соң, мәселе билік үшін толық шешілді – Тоқаевқа президент болуға жол ашық! 

Жеңімпаз айқын, оған күмәндарың болмасын, Тоқаевқа құттықтауларды қабылдай берсе болады. Сол үшін Тоқаевтан оппозиция өкілдеріне «мың да бір алғыс»! Осы сайлауда биліктің тас-талқанын шығаруға дайын отырған азаматтық қоғамның өкілдеріне оппозиция «таптырмас көмек» көрсетті.

Қоғам өкілдерінің санасында соңғы кездері болып жатқан сапалы өзгерістер, халықтың билікке «атарға оғы» болмай отырғандығы, сөз жоқ, көрініп отыр. Қоғамдық сана белсенділіктің жаңа сатысына көтерілді, егер оппозиция ақылды болғанда, осы үдерісті пайдалануына болатын еді. Әттең, әттең! Биліктің саяси технологтары керемет партияны жоспарлап, жүзеге асырып кетті, халық тарапынан болуы мүмкін қауіп бұлтын сейілтіп, бәрін өз пайдасына шешті.

Дегенмен, сайлаудың интригасы сақталып отыр, бірақ ол интрига биліктің жеңісіне әсер етпейді. Бүгінгі интрига сайлауға бойкот жариялаушылар мен оппозицияның өкілі Қосановтың жақтаушылары арасында сақталуда. Екі жақ та бір-бірімен көк езу болып, дау мен жанжал, бірін-бірі айыптау, балағаттауға белшелерінен батып жатыр. Бұл текетіреске екі жақтан қаншадан адам қатысып жатқанын ешкім білмейді, дауласушылардың саны екі жақтан бірер жүзден аспауы да мүмкін. Ал халықтың басым көпшілігі ежелден бейтараптар, олар «аққа да жақ емес, қызылдарға да жақ емес», аңырап не істерін білмей отыр. Дауыс береміз бе, жоқ па? Дауыс берсек, кімге дауыс береміз? Бойкот жарияласақ, қалай жариялаймыз? Бойкотшылар да, дауыс беруге шақырушылар да екіге бөлінген, енді біреулер үйден шықпай отырыңдар дейді. Тағы біреулер учаскеге барыңдар, бірақ дауыс бермеңдер дейді. Үшіншілері митингіге шығайық десе, төртіншілері бойкот жариялаймыз, бірақ сайлаудың қалай өткенін бақылаймыз дейді.

Дауыс береміз деушілердің арасында да осындай жағдай. Біреулері Қосановты қолдайды, екіншілері бөллетеньдерді бүлдіріп, барлығына қарсы дауыс берейік дейді. Үшіншілері – Тоқаевтан басқаны қолдасақ болды дейді. Бір сөзбен айтқанда – аққу көкке, шортан көлге деген жағдай. Мұндай жағдайда салиқалы наразылық тууы мүмкін емес. Бойкотшылар да, дауыс берушілер де түк тындырмайды. Себебі олар бірінің ісін екіншісі жоқ етуде. Билік өзімен күресетіндерді бір-бірімен қырылыстырып қойды. Билікке көмектесушілердің бірі – Қосанов болып отыр, себебі ол Назарбаев-Тоқаев режиміне қарсы нағыз көшбасшы бола алмады, соңына наразы топты ерте алмады. Режимге көмектесуші екінші адам – Әбілязов.

Ол сайлау науқанында үгіт-насихат мүмкіндіктерін азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға толық пайдалана алмады. Ол өзінің бұрынғы дәстүрлі тактикалық әдісі – халықты көшеге шығаруға үгіттеуден басқа ештеңе таппады. Қосановтың да, Әбілязовтың да ұстанған тактикалары бүгінгі таңда қазақстандықтар тарапынан кең қолдау таппайды.

Қайталап айтамын, осындай бишаралық жағдайдың орнауына оппозиция көшбасшылары кінәлі, олар өздерінің арасындағы жеке тұлғалық бірін-бірі жек көрушілік пендешіліктерден, жеке амбицияларынан асып кете алмады. Соның нәтижесінде еліміздегі наразылық жұртшылық бірнеше бөлікке бөлінген, бір-бірлерімен қырқысып, алауыздықтан шыға алмай отыр. Өзімнің жеке пікірім бойынша әу бастан осылай болары анық еді, себебі біздегі оппозиция әртүрлі. Бір жағынан ҚДТ-ның радикализмі, олар билікпен қандай да бір ымыраға келуге қарсы. Екінші жағынан – «Жаңа Қазақстан» командасы, олардың оппозициясы билікпен ымыраға баруды қолдайды.

Тағы бір бағыт бар, олар ЖСДП мүшелері, олар да ҚДТ-ның радикализмін қолдамайды, бірақ олардың билікпен ымырашылдығы көрінбегендер. Олар жақында Киевте оппозицияның жиынын өткізді. Бірақ олардың сандары шектеулі, қоғамда кең қолдау таппағандар.

Осы кісілерден басқа елімізде басқа да толып жатқан билікке наразы адамдар жеткілікті. Олар да өздерін оппозициямын деп санаушыларды қолдамайды, тіпті оларды білмейді де. Бұл адамдар саяси процестен тыс қалғандар. Олар өздерінің наразылықтарын ашық айтуға пісіп жетілмегендер, сондықтан да өз пікірлерін ашық жиындар мен митингілерде айтуға дайын еместер. Оларды көшеге шығарамын деу – болмайтын іс. Солай бола тұра, наразылық жағындағы адамдардың барлығы да Тоқаевқа қарсы дауыс беруге дайын. Олар Назарбаевтың адамының билікке келуіне қарсы, міне, осы жағдайды неге пайдаланбасқа. Өкініштісі сол, оппозиция өкілдері осы мүмкіндіктерді пайдаланбай отыр, «ақырын жүріп, анық бас» әдісімен сатылап алға жүре беру әдісін қолданбай жүр. Олар «тек қана қазір, тек қана түгелімен» деген принципте жұмыс істеуде.

Осындай алауыздықтардың нәтижесінде оппозиция билікке қарсы дауыс беруге дайын отырғандарды өздерінен алыстатып, бір-бірін күрестіріп қойды. Мұндай жағдайды көріп отырған Ақорданың қуанышында шек жоқ. Не істеу керек? Болған іс болды, бұл жағдайда, меніңше, бірдеңені өзгерту қиын. Бірімен-бірі күрескен үрдіс жүріп жатыр, бойкотшылар Қосановқа дауыс берушілерге қарсы жұмыс жасаса, Қосановты қолдаушылар бойкот үрдісін нашарлатады, митингіні қолдаушылар Тоқаев билігінің алдында өздерінің бишаралығын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, оппозицияның арасындағы тым-тырақайдың нәтижесінде қосановшылдар да, бойкотшылар да, митингішілер де түгелдей ұтылады. Жағдайдың өзгеруі мүмкін, ЕГЕР халық биліктің Назарбаевтан Тоқаевқа өтуіне жаппай қарсы болып біріксе ғана! Немесе түгелдей бойкот жарияласа, немесе түгелдей Қосановқа дауыс берсе!

Тағы бір ымырашылық жол бар – егер жұрт жаппай барлығына қарсы дауыс берсе. Ол үшін бюллетеньдер бүлінсе, хаттамаларда жазылса. Осы келтірілген көрсеткіш халықтың бүгінгі билікке деген наразылығының көрсеткіші болар еді. Ол үшін Қосанов дауыс беру алдында өз кандидатурасын алып тастаса. Әрине, бәрібір бұл жағдайда да биліктің адамы жеңетіні анық. Бірақ мұндай жағдайдың туындауы ел ішінде ерекше қоғамдық және халықаралық резонанс тудырған болар еді. Халықаралық жоғары орындарға шағым жасауға, сот биліктеріне жүгінуге мүмкіндіктер туар еді. Оған қоса, алдағы парламент сайлауының алдында орасан мол тәжірибе жиналған болар еді.

Дегенмен, бұл болжамдарымыздың орындалмасы анық, бір жағынан, оппозицияның амбицияға толы көкіректері, екінші жағынан, принципсіздіктері мен жұмсақ солқылдақтығы (мүмкін, арасында келісім бар шығар) бәрін жеңері анық. Нәтижесінде қазақстандықтар тағы да өздерінің билікке деген наразыға толы ашық көзқарасын көрсете алмайды.

Сергей Дуванов

Республиканский еженедельник онлайн