Абайды мүсіркеу – АДАСҚАНДЫҚ!

  • Ұлы Абай неліктен «жұмбақ адам» болып қалуда? Себебі кемелденуінің саты-сатылары ашықталған жоқ. Тіпті бұл дүниеден қалай баз кешкенін де анықтап болған жоқпыз. Әйтеуір болжам, дақпырт көп, бірақ шыны қайсы, аңызы қайсы екенін айыру қиынға соғады.

Баршаға аян, кешегі советтік дәуірде қайғы-қасірет шөктірген, мыңмен жалғыз алысқан Абай бейнесі қалыптасты. Ол – ұлт қамын ойлаған, сахнаға күрсініп, күңіреніп шығатын трагедиялық тұлға. Дұрыс-ақ. Бірақ Аллаға жақындап, Оны жар еткен, басқаша айтқанда, дүние тіршілігі алдамшы екенін танып-біліп, оның қызығынан суынған, қайғы-қасіретіне бой алдырмаған Абай да бар емес пе?! Кешегі атеистік заманның осы хакімдік деңгейдегі Абайды жатырқап, ол туралы тіпті ауыз аштырмағаны шындық емес пе?

Адам баласы шынайы да тұрақты бақытқа тек Құдай жолына қадам басқанда бөленбек. Бұл – Яссауи бабамыздың «Диуани хикмет» кітабында анықталған, барша сопылық поэзияның классиктері қақсап айтқан аксиома-ақиқат. Ойлаймын, қазіргі таңда қазақ қоғамы ұлт ұстазы Абайға ғана емес, бүкіладамзаттық руханият шыңына шыққан Абайға да зәру.

Сөйтіп, Абай бейнесі советтік дәуірдегідей тек трагедиялық қырынан сомдалуы керек пе, әлде Абай өмірінің соңғы хакімдік кезеңі, жаңағы суфизм іліміне сәйкес, ең сәулелі де бақытты шағы деп мойындалғаны жөн бе? Мақала мақсаты – осы жәйттің басын ашып, күрмеуін тарқатуға саяды.

Алдымен Абай өмірінің соңғы кезеңінде болған оқиға, құбылыстарды барлап көрмекпіз («жұмбақ жан» дегізетін ұлы өмірдің осы – соңғы бөлігі).

Әйгілі «Сегіз аяқта» Абай: «Жалғыз қалдым – тап шыным!» деп, халық үшін қайғырып, күйзеліске түседі. Алайда 1889 жылғы Абай мен кейінгі Абай бір емес. Ойлау жүйесіндегі өзгеріс, айырма зор! Мұны сонау 1920 жылдары татар ғалымы Абдрахман Сағди былайша ашықтап берген еді: «…Әуелде Аллаға онша жақын болмаған һәм көбірек дүние үшін, халық үшін қайғырған Абай 1898 жылдан соң Аллаға жақындап, Алланы жар етеді» («Абай» журналы, 1993, №6). Бұл әділетті пікірге ешкім таласа қоймас.

Өйткені 1898 жыл дейміз-ау, тіпті онан үш жыл бұрын «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деп Алланы жар еткен Абайды көреміз («Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңі). Бұл Абайдың жалғыздықпен қоштасқаны есепті. «Дос кетті», «Сенісер адам таптық па?» немесе «Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты» дегендері жалғыздықтың мұң-зары емес. Бұлай десек, жаңсақтыққа ұрынамыз. Айтайын дегенім: «жалғызбын» деген сөздің Абай лексикасынан ғайып болуы – ойлау жүйесі өзгеруінің көрінісі.

Жоғарыда айтылғандай, дінімізде шынайы да тұрақты бақыт – адамның Аллаға жақындап, Оның дидарымен қауышуы. Абай 1899–1901 жылдары күрделі еңбегі «Тасдиқты» (қазіргіше 38-сөз) жазып шығады. Бұл – таза ғайыптың тілімен, яки сопылық тілімен жазылған шығарма. Аталмыш мұрада Абай хакімдерді: «…Дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады», – деп сипаттаса, бұл өзіне де қатысты шындық. Жеке басының тәжірибесі, жан әлемі рахат пен тыныштық тапқанының дәлелі.

Сөйтіп, өмірінің соңғы хакімдік деңгейінде Абай өзін шын бақытты жан сезінген деуге бейілміз. Өйткені поэзиясынан тұтастай алғанда оптимистік рух еседі. 1895–1900 жылдарға қатысты естеліктерге көз жүгіртсек, жайдары мінезінен, көтеріңкі көңіл-күйінен айнымаған кемеңгерді көреміз. Қыр мен қалаға кезек жүріп-тұрғанының, рухани мәжілістерге белсене қатысқанының куәсі боламыз. Көңілі бір тынбай көп іздеген, биік деңгейде қауышатын сырлас досты орыс ақыны Лермонтовтан тапқанын да айта отырайық.

Өкінішке қарай, өмірінің соңында жаны жай тапқан Абай емес, қайғыдан сынған, жүйкесі жұқарған Абай көзімізге елестейді. Оның өзіндік себептері бар. Айталық, баласы Мағауияның өлімінен соң, күйікке шыдай алмай науқастанып, қырық күн өткенде дүниеден баз кешті деген әңгіме кең таралды. Шындығында ойшыл ақын екі бірдей дертке (гипертония және инсульт) ұшыраған. Өліміне тікелей себепкер осы екі дерт-тұғын.

Асан ОМАРОВ

  • Жалғасы газеттің келесі санында

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн