Айман Омарова, адвокат: БИЛІК БІЛӘШ ТУРАЛЫ ІСТІ қоғамның білгенін қаламайды

Наурыздың 19-ы күні Астана қаласы полиция департаменті Тергеу (ПД ТБ) бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры М.Баймағанбетов Серікжанның қорғаушысы ретінде мені №197100031000203 санымен тіркелген Серікжан Бияшқа (төлқұжаты бойынша – Бияш) қарсы қылмыстық істің кейбір құжаттарымен таныстырды.

Соның ішінде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы бар еді.

Осы қаулыда былай жазылған:

«Серікжан Бияш «Атажұрт еріктілері» атты тіркелмеген қоғамдық бірлестіктің өзі сайланған басшысы ретінде әлеуметтік, ұлттық нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру мақсатында, 8 ақпан 2019 жылы шамамен 10 сағат 00 минутта Алматы қаласы, Яссауи көшесі, №105 үй мекен-жайында орналасқан «Амаль» мейрамханасында, негізінде ұйғыр ұлты азаматтарының жиналған асына келген. Содан, С.Бияш қылмысты ойын ары қарай жалғастыра отырып, 11 сағат 25 минут шамасында өзіне сөз алып, күллі қоғамның алдында жариялы түрде Қытай Халық Республикасында тұрып жатқан қазақ және ұйғыр ұлтты азаматтарының мүшкіл жағдайын, онда тұрып жатқан қазақ және ұйғыр халқына себепсіз қытай халқы қысым көрсетіп, ұлтты жою мақсатында іс-әрекеттер жасап жатқанын айтып, саяси мәселелерді көтеріп, ұлттық белгілері бойынша қайшылықтар туғызу түріндегі, ұлттық араздық пен алауыздықты насихаттап, Қытай билігі ұлттық, нәсілдік, тектік-топтық ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін немесе сезімдерін қорлайтын әрекеттерді жасап жатқанын айтып, оларға қарсы ақпараттық технологияны қолданып, қарсы шығуды (жиһад) жариялады. Бұл жерде егер оларға қарсы шықпаған адам кәпір болып табылады, бұл ретте математикалық есеппен анықтап, былай шешілуі тиіс деп, төмендегідей қоғамның пікірлерін қарсы қойған…»

Сөйтіп, Астана қаласы ПД ТБ-нің аға тергеушісі M.Баймағанбетов Серікжан Бияштың әрекеттерін ҚР ҚК 174-бабы 2-бөлімімен саралау қаулысын шығарған.

Одан бұрын, 20.02.2019 жылы Астана қаласы ПД-не азамат Алишер Турабаев арызданған. Осы арыз бойынша, аға тергеуші Э. Сұлтанқұлов рапорт (баяндама) жазып, қылмыстық іс тіркелген.

Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.

Осы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы және жүргізу әрекеттерін заңсыз деп санаймын. ҚР ҚПК-ның 188-бабына сәйкес (сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзiлетiн жер):

1-тармақ: Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық құқық бұзушылық жасалған ауданда (облыста, республикалық маңызы бар қалада, астанада) жүргiзiледi.

2-тармақ: Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жедел және толық болуы мақсатында, ол қылмыстық құқық бұзушылық анықталған орын бойынша, сондай-ақ күдіктi немесе куәлардың көпшiлiгi тұратын жерде жүргiзiлуi мүмкiн.

Атап өткен «күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының» мазмұнында нақты айтылған: «қылмыс әрекеттері құрамы бар» деп тіркелген іс Алматы қаласында болған, Серікжан Бияш Алматы қаласының тұрғыны, куәлардың көпшілігі Алматыда тұратыны нақты анықталып отыр.

Сол себептеп Серікжан Бияшқа қарсы қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары Астанада болып жатқанын заңсыз деп санаймын. Тіпті оған айып ретінде тағып отырған барлық іс-әрекет Алматыда жасалған деп санайтын болса, онда тергеу де Алматыда жүргізілуі керек. Оны ұрлап әкетіп, астанаға апарды. Енді келіп, қоғамның бұл туралы білгенін қаламай отыр.

Республиканский еженедельник онлайн