Айтайын деп АЙТПАЙСЫҢ…

«…Көрмейін десем, көзім бар», – деп күйінген екен ертеректе өз заманының қылығына кейіген бір бейбақ.

Сол айтпақшы, шындықты бетке айтатын кейбір мерзімді басылым беттерінен елге, бүгінгі ұрпаққа жаны ашымай, ірі қызметін пайдаланып, мемлекеттің қыруар қаржысын шетел асырып тастап, соңынан өздері кеткендердің ит қылығын оқып, жиіркенесің.  Арды, ынсап пен ұятты, ұлттық намысты байлыққа тұншықтырып өлтірген сол тіріөліктер «бақытты» бірақ?! Не ішем, не жеймін демейді. Елдік, ұлттық намыста шаруалары жоқ. Шетел банктерінде тығулы жатқан қыруар ақшаларының айлық, жылдық мол өсім үлесі ғана керек оларға!.. Бір қызығы – сондай әрекет жасап жүрген алаяқтар – біздің елдің күні кешегі банкирлері мен әкімдері, министрлер мен үлкен шендегі ұлттық қауіпсіздіктен бастап, басқа да салалардағы «көкжалдар»!

Газеттегі мына деректерге назар салыңыз: 2008 жылдың сәуірінде Алматының экс-әкімі Храпунов деген күйеубала Швейцарияға қашты. Қолсөмкемен кеткен жоқ, әрине. «ТУ-154» дейтін алып ұшаққа 18 тонна құнды заттарын тиеп, 400 миллион долларға тарта капиталын ала кетті… Әрине, Храпунов әлгі ұшаққа темір керуерттерін, қаңылтыр шелектері мен шойын шөміштерін тиемегені анық… Сенсеңіз де, сенбесеңіз де – мұны біздің тыңшылар да, «ақылды» басшылар да, тіпті ана кісі де, мына кісі де… иә, ешкім де білмей қапты… Рас та шығар… Ұшақ барар жеріне жетіп, Виктор ақ сарайына орналасып, сол елдің азаматы ретінде тіркеліп алған соң барып, біздің «аңқаулар» сан соққан болды… Интерполға ойбайлап, іздеу салғандай ишара жасағанда, ел ішін басып күлгенін көрдік…

Қала әкімі болып тұрған кезде Храпуновтардың иелігінде Алматыдағы ең сүбелі, майлы, таңдаулы 48 жер телімі болған екен («Қала мен дала», 27 шілде, 2018 жыл). Тағы бір газет жазды: «…2017 жылы шетелдегі табысы мен мүліктері жөнінде 68 мың адам декларация толтырған. Оның 27 мыңы 108 елдің банктерінде жатқан 820 миллиард теңгесін көрсетіпті», – дейді ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің салық салу методологиясы департаментінің директоры Қ. Жолмұхамбетов.

Сондай-ақ 69 мемлекетте біздің кейбір көкжалдардың 12 мыңнан аса жылжымайтын мүліктері анықталған («Жас Алаш», 26 шілде, 2018 ж.). Бір қарағанда, біздің елде барлық мәселе толық шешілген секілді болып көрінеді. Биліктің баспасөзі мен телеарналарын қарап, ондағы тек табыстарды айтатын хабарларды көргенде, өзіңді ерекше өркендеген елдің молшылықта күн кешіп жатқан, жалақысы да, зейнетақысы да жетіп артылатын, бақытты адамы ретінде сезініп, «мәз» боласың, шіркін… «Пәленбайыншы жылы шалқып өмір сүретін боламыз»! «Айлық та, зейнетақы да та пәленбай есе өседі»! – деп, мәртебелі кісілер мәйпоздап тұрып бөседі. Әзірге оңды өзгеріс байқалып тұрған жоқ. Қазір қажыған елге алдарқатқан уәде емес, бүгінгі күннің ең түйінді сұрақтарына нақты жауап керек.

Зейнетақысы дәрі-дәрмек пен коммуналдық төлемдерден артылмайтын адамдардың жайын ойлап, тиісті шара жасап жатқан жан бар ма бізде?! Тағы да баспасөз беттеріндегі деректерге зер салайық: Исландия мемлекетінде зейнеткерлер ай сайын – 4724 АҚШ долларын алады екен. Бұл біздің теңгеге шаққанда, 1 703 283 теңге деген сөз. Ал біздің елдегі орташа зейнетақының мөлшері 77 000 теңгеден әрең асты деп жүрміз. Бұл – көбейгендегісі («ДАТ» газеті, 30.08.2018 ж.). Исландия, Нидерланды, Люксембург, Дания, Австрия, Швейцария, БАӘ, Бельгия, Норвегия, Италия, Финляндия мемлекеттерінде ай сайынғы зейнетақы мөлшері 1 703 283 пен 899 933 теңгенің аралығында екен. Ал біздегіні айтудың өзі ұят. Осыны оқи қалса, біз секілді болымсыз ақша алатын зейнеткерлер ғана емес, айлығымыз аз деп жүрген кейбір депутаттардың өзі еңіреп тұрып жылайтын шығар…

Айтақын ӘБДІҚАЛ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Республиканский еженедельник онлайн