Алпамыс БЕКТҰРҒАНОВ: ЕЛГЕ ЖЫЛЫМЫҚ КІРДІ, енді батыл да, ширақ іс керек

  • Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз Қазақстан Жазушылар одағының және оның Басқарма мүшесі, ел ішіндегі белсенді қоғамдық іс-әрекеті үшін оттан да, соттан да өтіп, қиянаттың кесірінен түрме көрген азамат Алпамыс Бектұрғанов.

– Алпамыс аға, жуықта «елбасы» заңы жойылды ғой: елдегі өзгерістерге деген үмітіңіз ұштала түсті ме? Әлде бәрі де бұрынғыдай алданыш па?

– Иә, үміт бар, әрине. Бірақ түгел жойылды деп айтуға болмайды, өйткені Конституция мен «Президент туралы заң» бойынша, экс-президенттің кепілдік құзырлары қалды. Назарбаевтың командасы да билікте тапжылмай отыр, сол күйінде қалды. Сондықтан бұл орайда бүгін-ертең түбірлі өзгеріс болады деп айту қиын.

Әйтсе де, аға, ең алдымен елдің қаймағы саналатын ақын-жазушылар, яғни зиялы қауым турасында сұрайын: бұрынғы режим кезінде бұйығы тірлік кешкен бұл ағайындар Назарбаевтан кейін бас көтере бастады ма?

– Жоқ. Мен кезінде, есіңізде болса, ертеректе сіздің газетте де интервью бердім: «Жазушылар одағы ма, жағымпаздар одағы ма?» деген тақырыппен. Одақ сол қалпында қалып отыр. Мысалы, мен Басқарма мүшесі ретінде сол одаққа барып, «Сара жол» деген қоғамдық ұйым құрамын деп айттым, басшылармен сөйлестім. Ондағылар әуелі бізбен неге ақылдаспайсың деді.

Енді кеше осы жігіттерден бірдеңе шығады-ау дегендеріне звондадым ғой: қоғамдық-саяси іске араласу үшін осылай істесек қайтеді деп. «Ойбай аға, біз ондайға бармаймыз, қосылмаймыз!» дейді. Қоғамның өміріне араласып, халықтың жағдайына орай қам жасауға ниеттері жоқ.

– Қайдам, жиын-тойдың бәрінде одақтағылар жапырылып жүреді ғой…

– «Тойдың генералы» болып жүрген не керек? Мәселен, мен біраз сұрақтар қойдым: төрт жыл болды менің басқарма мүшесі болғаныма, бір рет те пленумға немесе жиналысқа шақырдыңдар ма? Өз ақшаммен болса да келетін едім ғой, не бітіріп отырсыңдар? «Заң» газеті детектив жанрына конкурс жариялап, ақшалай сыйлықтар беріп жатыр, ал сендер не істегендеріңді мен көріп отырған жоқпын, бірақ сыйлық алып жатырсыңдар. «Алаш» сыйлығын шүлен таратқандай, аямай үлестіріп жатырсыңдар, бұл масқара ғой! Бұрын сыйлықты еңбегі сіңген адамдар ғана алушы еді. Әр жерден тиіп-қашып берекесіз әңгіме айтасыңдар, олай болмайды ғой. Бұрын одақтың жиналысына Қонаевтың өзі келіп отыратын. Қазір әкімшіліктен инспектор да келмейді. Сонда одақтың беделі қайда кетті?

Дегенмен, Назарбаев сауысқаннан сақ қылып тастаған зиялы қауым елбасысы қайтып келе ме деп әлі де жасқанатын сияқты. Басқасын қайдам, ауыздыға сөз бермейтін сол қауым «сойып айтыпты» дегенді естімедік. «Сұхбат берейін деп едім…» деп, біздің газетке жарыса келетін қоғам белсенділері арасында бірде-бір ақын-жазушы жоқ…

­– Олар «біз саясатпен айналыспаймыз» дейді. Ал саясат жазушылармен айналысып отыр. Қалың бұқара болса, «зиялы қауымның өзі қайда, сөзі қайда» деп, күтіп отыр. Өйткені халықтан береке қашты, Назарбаевтың бізге жасаған бір «жақсылығы» осы. Елді жүз-жүзге, ру-руға, топ-топқа бөліп кетті, қазіргі ырың-жырың жағдайымыз өте қиын.

Мен жасым 75-ке келсе де, «Сара жол» деген ұйым құрып, ел-жұрттың басын біріктірейік деп жүрмін. Ертең немерелерім сұрайды ғой: «Ата, біздің жағдайымыз қиын болғанда не істеп, не амал қылдың?» деп. Мен сонда не айтам? «Еркек тоқты» керек болса, мені шалсын, жаным құрбан, онсыз да көретін жердің бәрін көріп келдім ғой.

Ал мен Назарбаевты қайтып келеді деп ойламаймын, бірақ Тоқаевтың айналасын қоршап отырғанның бәрі – соның кадрлары. Президенттің аяқ-қолы байлаулы. Ол бірдеңе істегісі келеді, бірақ демеу болар команда жоқ. Елші, дипломаттарда қандай команда болушы еді? Олар бір елге барып, елшілігін жасайды, министлікте отырғандардың да әрбіреуінің дипломатиялық қызметі бар. Ал ел басқаруға, халықтың жағдайын түзеуге мықты экономистер, менеджерлер, заңгерлер, басқа да мамандар керек. Тоқаев соларды үкіметтік командасына ала алмай отыр ғой. Қандай алдырмасы кедергі болып отырғанын түсінбеймін.

Жуықта президент Тоқаев бір топ өнер мен мәдениет қайраткерлеріне Мемлекеттік стипендия берді ғой. Сол тізімде сіз сияқты провинцияда жүрген ақын-жазушы бар ма?

– Жоқ. Өйткені «ауылдағының аузы сасық» деген мақал бар. Біздерді жандары алқымға келгенде, керек кезінде іздейді. Ал «садақа» үлестіретін уақытта біз назардан тыс қаламыз. Әрине, әкімшілікке, басшыларға жақындарына беретін шығар, оны айта алмаймын, көрген-естігенім жоқ. Бізде халық мұңын айтқандарға сыйлық бермейді. Олар, әрине, президентке, билікке, үкіметке қарсы емес. Бірақ олар – өгей. Тіпті ізіне ит қосып қоюы да мүмкін.

Алпеке, дегенмен сіз сол провинцияда жүрсеңіз де, қоғам өміріне жанашырлық әлпетпен «Сара жол» республикалық қоғамдық ұйым құрған екенсіз. Ол не ұйым, мақсат-мүддесі қандай?

– Ең бірінші мақсатымыз – халықтың бірлігі. «Бірлік болмай – тірлік жоқ». Мен неге өңірден бастап отырмын? Өңір өзгермей, өмір өзгермейді. Бұл аксиома. Ал өңірді өзгерту үшін, алдымен өзімізді өзгертуіміз керек. Пиғыл, ниет, көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Ақша, байлық деп, дүниенің соңына түсіп кеттік. Енді елге мойын бұратын кез келді. Ең бастысы – осы ыдырап жүрген халықты бірігуге, ауызбіршілікке шақыруымыз керек. Мен деген жігіттердің басын қосуымыз керек. «Сара жол» деп отырғанымыз халыққа да, билікке де сара жол керек, екеуінің ортасын қосатын алтын көпір керек. Сол көпірдің қызығын ел болып көрсек деген ой бар. Мақсат сол.

Содан кейін әлеуметтік, тіл, жер, су, жұмыс халықтың бірлігінің арқасында шешіледі. Бұрын ата-бабалар кезінде прокурор, судья деген болған жоқ, ақсақалдар кеңесіне жүгінуші едік қой. Қазір «ОПГ» қайда – әкімшілікте, прокуратурада, сотта, полицияда. Жағдайын айтып, шеруге шыққандарды ит қосып қуады. Бұл масқара ғой!

Мұның барлығын Тоқаев істетіп отырған жоқ, соның маңайындағы әлі де «жылы орындарынан» кеткісі келмейтін шенеуніктер мен «саботажник бюрократтар» істеп отыр.

– Ал Қаңтар қайдан шықты, аға?

– Қаңтар оқиғасында да Тоқаев бекерден-бекер «атуға» бұйрық берген жоқ. Қысылтаяң туғанда, ол жерде мен де, сен де жоқ, қатты қиналды. Не самолетке отырып кетуі керек, не халықпен бірге қалу керек еді. Ол өлтірсе де мен дайын деп, халықпен бірге қалды. Бірақ өлтіруге олардың дәті бармады. Десек те қыруар халықты, жас сәбилерді құрбандыққа шалды. Сөйтіп, беделіңді түсіріп, абыройыңды айрандай төгем деп, қаскөйлер соны жасап кетті. Қазір президентке қиын боп тұр. Біріншіден, халықтың бірлігі жоқтығынан, екіншіден, жанындағы команданың бұрынғы қалыпта қалуынан.

Мен детектив жазушымын. Қасым-Жомарттың әкесі Кемел аға маған «жазушы бол» деп, батасын берген. Ол кезде ортамызда бізге ақыл айтатын жанашыр азаматтарымыз бар еді. Ал қазір ше, ақыл айтады деген ақсақалдарымыздың бәрі әкімдердің табанын жалап, жағымпазданып жүр.

– Ал сіз ел ішінде жүрсіз ғой: мемлекеттік медиа мен биліктің бағынысындағы БАҚ беттерінде «ауылдағы ағайынның жағдайы түзеліп келеді» деген пікірге алып-қосар не ойыңыз бар?

– Біріншіден, сол «медиа» туралы айтайын.Мен мемлекеттік басылымда жұмыс істедім. Өзім журналистпін. 1996-98 жылдары Маңғыстау облыстық телекомпаниясын басқардым. Біздің кезіміздегі журналистика мен қазіргі журналистика екі бірдей бағытта. Қазір журналистердің сөз саптауы мен ісі толған есеп болып кетті, премия, сый дәметіп жүреді. Жағымпазданғыш. Думан Мұхамедкәрім, Қойшыбек Мүбарак, Динара Елубаева, тағы басқа журналистер оппозицияға келді. Олар жақсылықтан шыққан жоқ, әбден азып-тозып, озбыр билікке жұмыс істемейміз деп кетті.

Егер Тоқаев елдің басын біріктіретін, ұлттық мүддені басты мақсатқа айналдыратын идеология жасаймын десе, бүкіл мемлекеттік басылымдар мен телерадионың бәрін өзгертуі керек. Мен президентке хат жазып, бүгінгі БАҚ-ты басқаруға қоғамшыл азаматтарды алыңыз дедім. Билік пен елдің арасын жақындататын ұлттық идеология керек дейтін болса, ақпаратқа еңбегі сіңген, жалтақтамайтын, адал, шыншыл, тәжірибелі журналистерді, талантты жастарды қызметке тарту керек.

– Ал ел ішіндегі жағдай қалай? Сол билікшіл БАҚ айтып, жазып жүргендей, жақсарып келе ме?

– Қайдан жақсарсын?! Біздің Оралда 10 жұмыртқа 800 теңге болды. Бұл не деген сұмдық?! Қашан халықты алқымнан алған бағаны ауыздықтаймыз? Баласын көтеріп, көшеде қайыр сұрап жүргендер көп. Әлеуметтік мәселе, медицина деген тіпті төмендеп кетті. Нан сұрап, қайыр тілеп жүргендер де көп.

Жалпы, үкімет отставкаға кетуі керек еді. Мына азық-түлік бағасының шарықтап тұрғаны – үкіметтің дәрменсіздігінен. Қымбатшылық күн сайын асқынып барады. Кеше Қарашығанақта 500 адам ереуілге шықты, мұның бәрі жақсылық емес. Маңғыстаудың, Жетібайдың мұнайшылары да көтеріліп жатыр. Айналып келгенде, мұнайдан ақша тауып отырмыз дейміз, ал сол мұнайды өндіріп жатқан мұнайшылардың жағдайы мүшкіл болатын болса, елде қандай экономикалық өзгеріс болуы мүмкін?

Дегенмен, аға, президент Тоқаевтың бастамасымен мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы мен халықтың ең төменгі жалақы деңгейі көтеріліп, әйелдердің пенсияға шығу жасы қысқарып, елбасы туралы заң жойылып, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жеңілдіктер жасала бастаған соң, ел ішіндегі халықтың бүгінгі билікке деген көзқарасынан жылымықтың лебі сезіле ме?

– Сезіледі. Бірақ қорқыныш та бар. Жақсы жетістікке жету үшін, Тоқаевта мықты экономикалық команда болуы керек. Елде қандай экономистер, қандай білгір, керемет саясаткерлер бар, соларды неге президент жанына алмайды? Ала алмай отыр, себебі биліктегі бюрократтар мен олигархтар оларды президенттің жанына жолатпайды. Оларға жақсылардың қажеті жоқ, тұр десе – тұрып, отыр десе – отыратын жалпақшешейлер керек.

Дегенмен ел-жұрт жақсылықтан үмітті. Елге жылымық кірді. Енді тек батыл да, ширақ іс керек. Президентке деген сенім бар. Президент Тоқаевтың имиджінде Қаңтардың ызғары қалса да, өзгерістен үмітті халықтың оған деген сенімі жойылып кеткен жоқ.

Бірақ президенттің жақсы бастамалары кібіртіктеп, әрең дегенде жүріп жатыр. Неге? Себебі Назарбаевтан қалған ескі команда саботаж жасап отыр. Мысалы, кеше сенатқа сайлау өтті, мықты жігіттер депутаттыққа барса екен деп тіледік. Біздің елден БҚО әкімінің орынбасары сенатқа кетті, ол жігіт ауыл шаруашылығында жұмыс істеген, біраз әкім болған жігіт, министрлікте комитет басқарған жігіт.

– Аға, Сенаттағы бірлі-жарым жігіттер төңкеріп тастайды, жағдайды өзгертеді деп ойлайсыз ба?

– Амал нешік, билікке барған, депутат болған жігіттерден басқа қандай үмітіміз бар? Халық болып, алаңға шығып, жағдайды наразылықпен өзгерте алмасақ, басқа не істей аламыз? Енді сол сияқты елдің жағдайын іштен көрген жігіттер бірдеңе жасайды-ау деп үміттенем. Ауылда 10 баласы бар, бір отбасында жалғыз ғана адам жұмыс істейтін үйлер бар. Осындай ауыр жағдайды көрген, өздері де ауылдан шыққан жігіттердің ел-жұртына жаны ашымаса, онда біздің елдігіміз де, халықтығымыз да құрыған шығар?

Дегенмен кеше 30 жастағы жігіттерді билікке, министрліктерге басшы қылып отырғызып қойды. Ол да жақсы болар. Бірақ экология министрі қылып 30 жастағы қыз баланы отырғызып қойды. Көрмеген адамым, кім екені белгісіз. Кеңес өкіметін жаман дейміз, бірақ ол кезде 40–50-ден асқан, тәжірибелі, еңбекте піскен адамдарды басшылыққа қоятын еді. Бізге «Болашақпен» оқыды деп Бәйбекті әкім қылып қойды, ол не істеді? Ішіп-жеді, қашып кетті, ал қазір қайда жүр?

– Аға, сіз өзіңіз де сенатқа сайлауға түскен екенсіз ғой. Нәтижесі не болды?

– Мен сайлауға қатысуға жастар шығатын шығар деп күттім. Өзім білетін қарымды, білікті жас жігіттерім бар еді, солар сайлауға барса, көмек жасайын деп күттім. Бірақ ешқайсысының ынтасы болмады. Бәлкім, сіз айтқандай, жалғыз сенат не тындырады деп ойлаған шығар.

Сосын қоғамдық ортадан ешкім шықпаған соң, 4 қаңтарда арызымды бердім. Негізі 14-не дейін өтініш қабылдануы тиіс болған. Сөйтсем, мен кешігіп қалыппын, сенат сайлауында дауыс беретін жергілікті депутаттар өз үміткерлерін күнібұрын таңдап алған екен. Комиссиядағылар: «Аға, сіз кешігіп қалдыңыз…» дегендей әңгіме айтты. Сонымен не керек, маған дауыс беретін депутат қалмапты. Жергілікті билік алдын ала тиісті депутаттарды тиісті үміткерлерге бөліп берген сияқты. Маған жетпей қалды.

Ал енді сол провинцияға қайтып айналып келер болсақ, ел ішіндегі ақын-жазушылардың кітабын мемлекеттік тапсырыспен шығару мәселесінде ауыл-аймақтағы шығармашылық иелері кендешілік көріп жүрген жоқ па?

– Мен Жазушылар одағының Батыс Қазақстан өңірлік бөлімшесін 15 жыл басқардым. Менің кезімде жағдай қиын еді. Бес облыс – Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстауды біріктірген бөлімшеде хатшы болдым. Мұнайшы жігіттер бар еді, соларға арқа сүйедім. Жергілікті жазушылардың кітаптарын солардың көмегімен шығардық. Бұл 1995–2008 жылдардың аралығы, жазушы түгілі, елдің жағдайы қиын кез еді, үкіметтен көмек болмады. Сондықтан біздің өңірден мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарған жазушы жоқ.

Қазір одақтың Батыс бөлімшесін Бауыржан Қалиолла деген баламыз басқарып отыр. Ақындар айтысына қатысатын керемет жігіт. Расын айтсам, Жазушылар одағының 50 пайыз жұмысын сол атқарып отыр. Біздің Батыс Қазақстан облысында жазушылар, әртістер, ақындар бәрі бірігіп, бір орта болып жұмыс істеп жүр. Лайым солай бола берсін!

Ал сіздің «госзаказбен» кітабыңыз шықты ма?

Жоқ! Бәрі өз ақшаммен шықты. Қазір «Бақ пен сор» деген трилогия жазып жатырмын. Бұл таза саяси детектив. Жоғарыда өзіңіз қойған сұрақтар да, менің жауаптарым да – бәрі осының ішінде. Мен қазір оны мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап ретінде ұсына алмаймын. Қабылдамайды. Өйткені оның ішінде түрмеде отырып, ашынып жазған дүниелерім бар.

Айтпақшы, аға, сіз түрмеге не үшін отырдыңыз?

Бір жылдарыБақтығожа Ізмұханбетов бізге әкім болып келді. Бұрын министр болған жігіт, елдің ақсақалдары «Жайық бойының баласы келді!» деп қатты қуанды. Бірақ бұл кісі келгеннен кейін, ақшалы жердің бәріне өзінің адамдарын қойды. Ақыры үстерінен қылмысты істер қозғалды. Сосын мен оған мынаны қойсаңшы, телевидениеге шығып, халыққа жағдайды айтайық дедім. «Жоқ, шықпаймын» деді. «Шықпасаң, мен пресс-конференция берем» дедім. Амал жоқ, баспасөз мәслихатын жинадым. Оны жергілікті тәуелсіз телеканал түсірді, 1 сағаттық сюжет болды. Мен газеттерде, интернетте ашық жазылып жүрген жағдайды айттым.

Мен әкімнің кеңесшісі, аппараттың ішінде отырған адаммын ғой. Содан әкім менің үстімнен жала жабылды, намысыма тиді деп, сотқа арыз берді. Ол кезде мен Астанада ауруханада жатқам, содан Қарасаева деген судья телефон соқты: «Аға, әкім сізді өзіне жала жапты деп арыз берді. Келіңізші, көп болса айыппұлын төлеп кетерсіз», – деді. «Жарайды, барайын, заңға бағынамын» деп, аурухана қағазын жаптырып, 1 тамызда келдім. Бұл 2009 жыл еді. Үйге түнгі сағат 2-де келсем, есік алдында бір қыз отыр. «Аға, сіз Бектұрғановсыз ба?». «Иә, мен». «Мен сізге соттан шақырту әкелдім» деді. Түн жамылып келетінімді біліп, әкім мені алдын ала күттіріп қойған ғой.

Ертесіне сотқа бардым. Журналистер де келді. Сөйтсем, мені кеңесшіліктен алып тастапты, ауруханада жатсам да, еш себепсіз кетіп қалды деп, мені жұмыстан шығарған. Содан не керек, бас-аяғы екі күнде бір жылға соттады да жіберді. Әртүрлі газетте маған жаламен мақалалар шығарған. Мен айттым: конференцияны түсірген телевидение, соны қараңдар деп. Оның ішінде ондай айтылған сөз жоқ. Сөйтіп мені бір жылға соттап жіберді.

Алты айдан кейін түрмеден шығуым керек еді, артымнан тағы бір іс ашыпты. Бұдан бұрын мен Жазушылар одағының төрағасы ретінде Нұрлан Оразалинге хат жазғам, «үш жазушының кітабы келіп тұр, соны сатып алсаңыз» деп. Содан мәслихат бюджеттен ақша бөліп, үшеуміз де кітабымызды алдық. Маған 120 мың теңгені артық беріпті. Содан сен қызметіңді пайдаланғансың деп, әртүрлі жаламен мені тағы 3 жылға қамады. Сөйтіп, түрмеден шықпай, әкім Бақтығожа тағайындаған «жазамды» әрі қарай жалғастырдым. Аяғында түрмеден пенсияға шықтым.

– Жазаны толық өтедіңіз бе?

– Мен енді бұрын сотталмаған адаммын, үштен бірін өтедім, 1 жыл 2 ай отырдым.

Ал аға, сұхбаттың соңында менің сұрақтарымнан тыс тағы не айтқыңыз келеді, көкейіңізде айтылмай жүрген тағы да қандай ойлар бар?

Көкейімдегі нәрсе – таршылықтан тарыққан, қымбатшылықтан қиналған елді көрсем, жүрегім жылайды. Жазушымын ғой. Халықтың арқасында өмір сүріп жүрміз. Халықсыз біз ешкім емеспіз. Кітабымызды халық оқиды. Ендеше сол халықтың жағдайын неге ойламасқа?

Сондықтан елдің бірлігіне, ертеңіне көз жіберетін болсақ, ұрпағымыздың жағдайы қалай болады? Қазақ деген ұлт бола ма? Қазақстан деген елдің қауіпсіздігі сақтала ма? Мені толғандырып жүрген мәселе – осы. Халықтың мұңы қай-қайсымызға да батады. Бағаның көтерілгені әсіресе балалы үйлерге қиын тиіп жатыр. «ДАТ» газетіне елдің көзқарасы дұрыс, осы қалыппен жұмыс істей беріңдер. Басылымнан жалғыз оқитын газетіміз осы! Мемлекеттен қаржы бөліп, сіздерді қамқорлығына алуы керек еді…

– Пәлі, Алпа-аға, «қызылкөз» газетке билік қалай қамқорлық жасайды?! Бізге сіз сияқты жанашыр ағайындардың көмегі жеткілікті. Редакциядағы жазылу бөлімінің жігіттері айтты: он бес адамды газетке жаздырған екенсіз, сізге көп рақмет! Жетпісті желкелеген шағыңызда елдің қамын күйттеп жүрген ықыласыңызды Құдай қолдасын! Аман болыңыз!

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн