Алып барыс туралы аңыз

Ерте ерте ертеде, бірақ ешкі жүні бөрте болған заманнан сәл бертініректе бір алып барыс өмір сүріпті. Дегенмен оның шынымен де, алып болған-болмағаны туралы тартысты пікір көп. Себебі оны сол кездің өзінде «барыс емес, мысық еді» дейтіндер жиі ұшырасыпты.  Доңыздар елі мен жыландар халқына жақындығына әрі құрық бойламас қулығына қарап, оны «шата болған» дейтін деректер де там-тұмдап көзге түседі.

Алып барыстың айбыны

Барыс елі әу баста батыр болғанға ұқсайды. Өйткені ата-бабалары кезінде дүниені дүр сілкіндірсе керек. Соның дәлелі – барыстарға бақ қонған. Асты-үсті байлыққа тұнып тұрған өлкеге барыстар иелік етіпті. Содан күндердің күнінде, барыс елінің тізгіні бір қарасаң – барысқа, енді бір қарасаң – сілеусінге ұқсайтын түлкіниетті біреуге бұйырса керек. Сол мезеттен бастап ол айналасындағыларға өзін «алып» деп атауды бұйырыпты. «Алып» деген сөздің сәнге айналғаны соншалық, барыстар кез-келген қуанышты алыптың атымен байланыстыруды әдетке айналдырыпты. Айталық, таң атып, күн шықса, «Алыптың арқасында шуақ көрдік» десіпті. Көктем шығып, жер жіпсісе, «бұл да – Алпекеңнің шапағаты» дейді екен.

Осыған мастанғаны болар, Алып енді әлемде өзіне тең келер ақыл иесі бар дегенге күмәнмен қарай бастапты. Арыстан мен жолбарыс бір-біріне айбар шексе, сала-құлаш құйрығын сүйретіп барған ақылман Алпекең «бұл мәселені біздің үйде отырып шешейік» дейді екен. Айдаһар мен аю жемтікке таласса да, Алып өзін бітімгер бейнесінде елестетіп, құйрығын жоғары көтерген деседі.

Бір қызығы, жан-жануар біткеннің ешбірінің шежіресінде Алыптың айғай басып арашашы бола алғаны туралы дерек сақталмаған.

Алып қалай адасты?

Алыптың кісісүйер бір қылығы – өзінен тараған ұрпаққа еміреніп қарапты. Көзін ашқаннан аяқ-қолдарын жерге тигізбепті. Әрі құлақтарына Алыптан туғанын сіңіре беріпті. Еркек-ұрғашысына қарамай, ес білгендерін елдің шетіне шығарып, қолдарына билік беріпті. Қысқасы, «барысқа біткеннің бәрі – сендердікі» деген ғой. Қандарының «асыл екенін» жан-тәнімен сезінген ұрпақтары күннен-күнге күпініп-ісініп, жарылуға айналса керек. «Ақылы кем болса да, Алып тұқымы сөйлесін!» деген мақал сол тұста пайда болған делінеді.Олар барыс жұртын көзге ілмепті. Қаласа – қамапты, қарсы келсе, сабапты. Бара-бара барыс елін былай қойып, Алыптың өзіне ақыл айтатынды шығарыпты. Әсіресе өзінің ұрғашы күшігіне ұялас болған Жарты алып мұның табаны жетпейтін бір қиырға шығып алып, мысықша мияулапты: «Алып емес, азғынсың, ниеті жаман байғызсың!».

Оның нені меңзеп жатқанын барыс жұрты сол тұста түсінбеген көрінеді. Бір ақиқат, Жарты алып өзі қашып барған мекенде аңшылардың торғайға құрған торына оралып өлсе керек. Аңыздың кейбір нұсқаларында «әлгі тордың бір түйінінде Алып тырнағының ізі қалған» деген деректер де кездеседі.

Алыптың ақыры

«Алып «алып» болғалы мұндай соққыны сезініп көрмеген еді» деп басталады аңыздың соңғы тарауы. Сонда Алыпқа не болған? Оны біреу ту сыртынан сілейткен бе, әлде қастық қылған ба? Жоқ, мұның біреуі де емес: ойламаған жерде барыс жұртының алдында беті күйген. Күйгенде де, оңбай қалған! Қалай? Міне, осы сұрақ сол тұста бүкіл әлемді дүр сілкіндірсе керек. Себебі Жарты алыптың тұяғы әкесі құсап, қол жетпес қиырға шығып алған соң, дүйім жұртқа естіртіп былай депті: «Менің жаным – тырнағымның ұшында. Мені өлтіргелі жүр. «Сырқат жұқтырған, дертті ілбіс» деген сөз таратты, олар. Бірақ дертті екенімрас. Өйткені мен Жарты алыптан емес, Алыптың өзінен туғанымды білгенде, у шөп жеп өлгім келді. Содан бері жаным да, тәнім де жаралы».

Аңыздың «апырмай-ә!» дегізетін жері де – осы тұс. Өйткені барысың былай тұрсын, мұндай сұмдық мысықтұқымдас жануарлардың ешбірінде кездеспеген. Егер әлгі ілбістің сөзі расқа шықса, ақылы асқан Алпекең өз күшігімен ұйыққан болып шығады. Түсініп тұрсыз ба, мәселенің мәнін?!

Содан кейін не болған? Міне, осы тұсқа келгенде аңыздың айтпағы кесірткенің терісіндей алашұбарланып кетеді. Өйткені «былай болған екен» дейтін нұсқаның санында есеп жоқ. Бір нұсқада ол «мал-мүкәмалын алып, ел білмейтін жаққа қашқан, бірақ ұсталып, барыс жұртының талауына берілген». Енді бір нұсқада «сол қашқаннан таптырмай кеткен, жыландар елінде айдаһардың інін паналап, бақа-шаян жеп жатыр». «Жоқ, қашпаған. Ол ұяттан өлген жоқ, өз ажалынан өлді» дейтін тағы бір нұсқа бар. «Қашқан да жоқ, өлгенде жоқ, әлі тірі. Ол шынымен мәңгілік екен» дейтіндер де толып жатыр.

Неге бұлай? Біздіңше, барыстар өз тарихын дұрыс жаза алмаған сияқты. Сол себептен ауызекі әңгемеде әр тарапқа ала қашқан айырма көп.

…әлде аңыздың ақиқатқа жақын тұсын айтар кезең әлі тумады ма екен?  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн