Аружан Дүйсебаева: Өткен өмірмен емес, КЕЛЕШЕКПЕН өмір сүруіміз керек

– Аружан, Демпартия мен “Бәсе” ютуб-арнасының бастамасымен өткен сенбі күнгі митингтің ұйымдастырушылар қатарында жүргеніңді көрдік: бұл наразылық акциясы көңіліңнен шықты ма?

– Иә, Қытай экспансиясына қарсы ұйымдастырылған бұл жолғы наразылық акциясы біршама көңілден шықты. «Біршама» дейтінім – бұл митингіге жиналғандар қарасы бұрынғы митингілерден молырақ болды. Бұрынғыдай емес, елдің, жердің мәселесін көтеріп, ұлттық мүдде үшін күресіп жүрген азаматтар мен саяси күштердің топтасуы үлкен нәтиже. Балташ аға Тұрсымбаев бастаған «Ел мен жер» қозғалысы біздің бастаманы қолдап, митингіге белсене қатысты. Белгілі саяси журналист Гүлжан апам Ерғалиева бұл жолы митингіде қазақ тілінде сөйлеп, бұл жиынның ұлттың маңыздылығына мән берді. Сөйлеймін дегеннің барлығына сөз берілді.

– «Біршама» деген сөздің екінші астары да бар ғой: көңілге қонбаған жағы не болды?

– Ал «біршаманың» екінші жағы – халықтың қоғамдық белсенділігі әлі де болса баяу, самарқаулық басым. Ел-жұрттың «кухнялық наразылығы» мен «дивандағы дабыра» алаңға шыға алмай жатқыны рас. Сондықтан халықты саяси сауаттандыру жұмысын күшейту керек деп ойлаймын.

Оның үстіне, әкімдік жұмсаған «үгітшілер» мен жандайшаптар әдеттегідей белсенді азаматтарды жеке шақырып алып, беттерінен қайтармақ болды. Менімен сөйлескен біреуінің тілі майда екен: «Жаным-ау, әлі жассың ғой, болашағыңды ойла. Қытайлар зауыт салады да кетеді ғой, билікке қарсы шыққаннан опа таппайсың» деген сынды мән-мағынасыз әңгіме айтады. Оларға құлақ ассақ, елдігімізден айырылармыз, батпаққа батқанымыз – батқан.

– Иә, қалай болғанда да, митингке жиналған халықтың мөлшері көңіл көншітпегені анық. Осы орайда «біздің халық әлі оянған жоқ» деген жаттанды постулатпен келісесің бе, әлде басқадай тұжырымың бар ма?

– Бұл жолы халық бұдан да көп болар еді, егер «қарабеттер» (полиция деп атағым келмейді) бірнеше көшені жауып, қоғамдық көліктерді тоқтатып, көше торуылдап, митингіге келе жатқандарды кері қайтармағанда және интернетті өшірмегенде. Соған қарамастан алаңға біраз адам келді. Демек елдің рухы өшпеген, өзінің адами құқығы мен азаматтық ұстаны үшін күресуге дайын деген сөз.

Жалпы алғанда, мен «халық әлі оянған жоқ» деген пікірмен келіспеймін. Оянғанда қандай! Бірақ Назарбаевтың шіріген жүйесі халықты қатты қорқытып, үрей үйіріп тастаған. Билік халықтың бірігуінен өлердей қорқады. Мен айтар едім: алаңға атойлап шығатын әр адам – батыр. Қытайға қарызға батып, тәуелсіздікті қатерге тігіп отырған биліктің есін жиғызып, елдігімізді сақтап қалуға жаны құштар халық көп.

– Осындай саяси акциялар мен қоғамдық істерге қазақ жастары қаншалықты құлшынысты деп ойлайсың?

– Әрине еліміздегі әділетсіздік пен келеңсіздікке бей-жай қарай алмайтын жастар жетерлік. Бірақ жастардың басым көпшілігі елдегі еңіреген жағдайдан бұрын, жеке бастарының қамын көбірек ойлауға мәжбүр. Билік жастарды әлеуметтік-тұрмыстық тапшылықтың қорасына қамап тастаған. Көпшілігі алаңға шықпақ түгілі, өздерін мазалаған саяси сұрақтарға жауап іздеуге қорқады. «Аш пәледен – қаш пәленің» кебін жастардың басына кептеп тастаған. Оның үстіне, «Жас Отан» сияқты жандайшап ұйымдар Назарбаевтың жеке басына табыну үрдісін үдетіп жүр. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз да баршылық, олардың қатары күн өткен сайын өсуде. Елдегі ертеңгі өзгерісті жастар жасайтынына кәміл сенемін.

– Ал өзіңді қоғамдық-саяси жұмыстарға тәуекел еткен қандай түрткі? Әкімдіктің жандайшабы айтқандай, жасың болса, небәрі…

– Жасым әзірге жиырма екіде ғана… (күлді). Сыр бойынан, Шиеліден шыққан қызбын. Рас, «барлық өмір алда» деп, бір күндері бәрібір заманның өзгерерін күтіп, жайбарақат жүре беруге болар еді. Бірақ…

Бірақ мені қоғамдық белсенділікке жетектеген қандай түрткі дейсіз бе?.. Анау еді, мынау еді деп, таңбалап айту қиын… Ең бастысы – елдегі әділетсіздік пен биліктің өз халқына деген озбырлығына қаным қас. Көнбіс бола алмаймын. Халықты алдандырып, мың сылтау айтатын әкім-бишікештерді көргенде, жыным келеді. Шамасы, мені «түртпектеген» осындай түсінік болса керек.

Мәселен, Қытайдың елге салмақшы болған 56 кәсіпорынынң бірі – «Гежуба Цемент» зауыты 2017 жылы біздің Шиеліге салынады деген сөз шыққанда, өз қарсылығымды ашық білдірген болатымын. Әрине ол кезде небәрі 18 жастамын, бұған қарсы не істеу керектігін білмедім. Содан 2018 жылы ізденіп жүріп, Ингалар (Инга Иманбай – Жанболат Мамайдың келіншегі – ред.) ұйымдастырған «Өз Қазақстаныңды елестет» деген оқу курсына қатыстым. Осы оқу арқылы Қазақстанның жағдайына деген көзқарасым 100 пайыз өзгерді. Сонда билік ауылдық жерде теледидар арқылы халықтың миын улап, өтірік, орындалмайтын жолдаулармен, баянсыз бағдарламалармен алдандырып жүргенін түсіндім.

– Дегенмен қоғамдық іс-әрекетің үшін биліктің қудалауына тап болам деп қорықпайсың ба?

– Ештеңеден қорықпаймын деуім ессіздік болар, бірақ жердің, елдің мәселесі, ұлттың мүддесі қор болғанда, қорқыныш пен үрейді жүректен жұлып алып, өз жөніне жіберу керек. Егер Жаратқанның пешенеме жазуы бойынша, маған қатысты оқыс бірдеңе болу керек болса, мен қоғамдық іске араласайын, араласпайын, ол бәрібір болады. Сондықтан «сақтанғанды – сақтаймын» деген діни догма менің санама сіңбейді.

Кезінде елі мен жерін қорғап, жауға шапқан ата-бабаларымызда қорқыныш болмады емес, олар да өмір сүргісі келді. Бірақ олар қара бастың қамын емес, ұрпағының, руының, елінің болашағын ойлады, сол үшін жандарын шүперекке түйді. Бүгінгі біз үшін күресті, қанын төкті, жанын берді. Ал енді сол ержүрек дала батырларының бүгінгі ұрпағы – біздер, болашақты неге ойламауымыз керек? Мен өз өмірім үшін емес, менен кейінгі ұрпақ үшін қорқамын. Олар да мен сияқты жастық шағында диктатурамен күресіп жүрмесін, демократиялы елде өмір сүрсе екен деп тілеймін.

– Бәрекелді! Ал қаймығып жүрген жастарға – өз замандастарыңа қандай ақыл айтар едің?

– Айналамда ынтасыз жастарды көрсем, «дөңгелексіз арба» деп қынжыламын. Өз бетімен жүре алмайды, сүйрегенге көнбейді. Дөңгелегі болмаса, оны қара күшпен қозғағаннан не пайда?

Арғы жағын қайдам, бергі 40-50 жылда әлемдегі өзгеріске қозғаушы болған – жастар. Олар бұрынғыдай өмір сүргісі келмейді, сондықтан өзі жүрген ортаны өзгертуге құштар болады. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ жастарына қоғамдағы кез-келген мәселеге бей-жай қарауға болмайды деп ойлаймын. Себебі Қазақстанның болашағы және иесі бүгінгі жатар екенін ұмытпауымыз керек. «Батырдың ұрпағымыз» деп, ауызбен орақ орып, өткен тарихты малданғаннан дүние өзгермейді. Сондықтан өзім құралыптас жастарды егемендігімізді, жерімізді, ұлттық құндылықтарымызды қорғауға шақырамын. Біз өткен тарихпен емес, келер күнмен өмір сүруіміз керек!

– Айтпақшы, соңғы жылдары жалындап шыққан “Оян, Қазақстан” ұйымының жастарымен байланыстарың қаншалықты тығыз?

– Етене араласып кеттік деп айта алмаймын. Әркімнің өз бағдары, ұйымдық ұстанымы болған соң, өзіміздің «саяси пәтерімізден» шыға алмай жүрген сияқтымыз. Бірақ «Оянның» бір жетекшісі Әсем Жампишевамен бірнеше митингте бірге болдық. Өте жігерлі, білімді, табанды, қайсар қыз. Мақсат-мүддеміз бірге, назарбаевтық режимге қарсы болғандықтан алдағы уақытта «Оянмен» бірге боламыздеп ойлаймын.

– Жастар қозғалыстарын протестік мақсатқа жұмылдыру жолындағы басты қозғаушы күшті атай аласың ба?

– Бізге – жастарға динамика беретін ең басты генератор – ертеңгі елдің әлемдік өркениет көшіне ілесуге деген талпыныс болуы керек деп ойлаймын. Бірақ біздің қоғамдық өмірді тек қана жастар төңкеріп тастайды деген иллюзияға илануға болмайды. Соңғы 20-25 жылда қарсылық қозғалысында мол тәжірибе жинақтаған үлкендердің үлесін ұмытпайымыз керек. Ал бүгінде қоғамды өзгертуде Жанболат Мамай жетекшілік ететін Демократиялық партия қозғаушы күш болады деген сенімім зор. Сол үшін де мен осы партияның қатарында жүрмін.

– Айтпақшы, әлеуметтік желілерде Жанболат Мамайды “биліктің жобасы” дейтін алыпқашпа сөзге қатысты не айтар едің?

– Далбаса дабыра! Бұл дабыраның дәлел-дәйегі жоқ. Оны биліктің саясат технологтары тудырып, жандайшап блогерлер қоздырып жүр. Ал халықтың саяси сауатсыз тобы кімге сенерін білмей, дал болады. Мен оларға айтар едім: Жанболаттың сөзі мен ісіне қараңыз деп. Егер ол әлдекімдер айтқандай, «биліктің жобасы» болса, Назарбаев пен оның режиміне ашық қарсы шығар ма еді? Билік ондай «жобаға» жол бере ме? Ермұрат Бапи ағам Фейсбукта жазғандай: «Назарбаевты әулие қылған билік оны Жанболатқа іреп-сойдырып қоя ма?».

Назарбаев билігінің қулығына құрық бойламайтынын түсінбей, дәйексіз бос сөзге еретіндерге таңым бар. Даурықпа сөзді құлақпен емес, жүрекпен, санамен саралап тыңдайық, ақылға салайық. «Биліктің жобасы» деп айтып жүргендердің басым көпшілігі бірде-бір рет алаңға шығып көрмегендер. Ал Жанболаттың бір ерекшелігі – ол ешкімді қараламайды. Қоғамдағы кейбір ұйымдар билікпен емес, Жанболатпен күресіп жүргендей көрінеді маған. Ал ЖАнболат өзіне жасалған кедергілер мен қысымға қарамастан, өз жолынан таймаған нағыз азамат. Елдің арасында халықтың көкейіндегі сөзді сөйлейтін бір адам шықса, соны талап тастауға даяр тұратындар өре тұратыны жанды жейді.

– Енді үш жылдан кейін, көзді ашып-жұмғанша келесі президенттік сайлаудың уақыты келеді. Ал сол кезге дейін Демпартияны тіркеуден өткізудің мүмкіндігін өзің қалай болжайсың?

– Демократиялық партияны тіркету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бастамашыл топты қолдаған 1000 адамның қолы дайын тұр. Бейбіт күні кедергі жасаған билік карантин кезінде мың адамды жинатпайтыны белгілі. Сондықтан партияның құрылтайын өткізуге кідіріс болып тұр. Әйтпегенде, ендігі партияны тіркету жұмысы Әділет министрлігіне тіреліп тұрар еді. Бірақ қалай болғанда да, елдегі ковидтік жағдай түзелген сәтте-ақ тіркеу үрдісін жалғастыратын боламыз.

– Аружан, жастық жігердегі сұхбатыңа рақмет! Бастаған істеріңді Құдай қолдасын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн