Ауторы ақын емес, ЖАЗУШЫ ЕКЕН…

Газетіміздің 27 маусым күнгі (№25) санында «Желедегі жазбалар» айдарымен «Кеңеске кімдер және неге барады?» деген тақырып бойынша, Фейсбуктен іріктеліп алынған топтама жарияланған еді. Осы топтамада  «Арамтамақ парламентті қуыңдар!» деген тақырыппен берілген жарияланым Тыныштықбек Әбдіәкімұлының жеке парақшасынан алынғанымен, ол басқа желі қолданушының жазбасы болғандықтан (репост жасалған), оны ақынның ауторлығына телімеуді сұраймыз. 

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдіәкімұлы жаңадан құрылғалы жатқан «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне» қатысты қазаққа қарайлас пікірді дөп басып айтыпты деген оймен, жеке парақшасындағы сөз иесі ақынның өзі екен деп, риясыз сеніммен жарияланым иесінің аты-жөніне мән бермеген газет қызметкеріне ескерту жасалды.

Тыныштықбек ақынның «бұл менің жазбам емес» деп, редакцияға әлденеше рет телефон соғуынан кейін, жарияланымның ауторлығын анықтаған кезде, бұл жазбаның иесі – қарымды жас қаламгер, елдің болашағына бей-жай қарамайтын талантты жазушы қызымыз Аягүл Мантай болып шықты. Осы техникалық жаңсақтық үшін, Тыныштықбек Әбдікәкімұлынан кешірім сұрай отырып, ағасы айныған жазбаны Аягүл арудың атымен қаз-қалпында қайтадан жариялап отырмыз.

Редакция алқасы  

Ұлттық кеңес құрдыңдар дейік, демек, оның құрамына кіретін адамдардың қонақүйін, жол қаражатын мемлекет есебінен төлеп бересіңдер ғой. Ұлттық кеңес құратын болсаңдар, парламентті таратыңдар! Аузын буған өгіздей, ағылшынның патшайымы секілді салтанат құрып отырған арамтамақтарды (көпшілігі арамтамақ екені рас) қашанға дейін асыраймыз? Енді жетпегені ұлттық кеңес еді! Айтыңдаршы, осындай бюджеттен ақша шашатын “идеяны” қандай “данышпан” ойлап табады? Парламенттің дəрменсіздігін, биліктің іші пысқанда ойнайтын ойыншығы екенін ашық мойындап, таратып, орнына ұлттық кеңесті құрсаңдар басқа əңгіме!

Биліктің пиар-менеджерлері, Ұлттық кеңесті тіпті құрмауға болмаса, фейсбукта жұлдыз боп, лайк санап отыратындарды емес, “ертең маған мынау пиар жасап береді” деп емес, əлеуметтік желіде отыруға уақыты жоқ мықты ғалымдарды, медицина, білім, экономика саласында жүрген мықты қайраткерлерді шақырыңдар. Əйтпесе Ұлттық кеңесті де отандық арналар секілді шоуға айналдырып жібересіңдер. Өздеріңе əлеуметтік желіде пиар жасап беретін серіктестерді жинап, мемлекет мүддесі кейінге ысырылып қалады.

  • Аягүл Мантайдың ФБ-парақшасынан алынды
Республиканский еженедельник онлайн