Ауғанстан қазақтарын ТАЛИБАН тепкісінен құтқарайық

Сонымен, Ауғанстанды тәліптер басып алғаннан кейін, Орта Азия елдерінде сыртқы саясаттың жаңа контуры пайда болды. Талибан билігінен қашып, жансауғалаған халық сырт елдерді паналауға ұмтылуда. Сол жанұшырған халықтың бірі – ауған қазақтары.

Қазақстан президенті Тоқаев мырза өткен аптада «қажет болса, қазақтарды елге көшіру керек» деп, тиісті ведомстволарға тапсырма берді. Бірақ оның «қажет болса» деген сөзі көңілге күдік ұялатады. Себебі – президенттің аузынан шыққан «қажет болса» деген сөз тиісті мекемеге жеткенше «қажет болмай» қалуы әбден мүмкін. Оған Тоқаев өкімет басына келген соңғы екі жылда әбден көз жетті.

Міне, сол «қажет болса» деген сөз ауыздан шыққалы бір апта уақыт болды, бірақ Қазақстан билігі ауған қазақтарын елге әкеле бастады деген хабар жоқ. Бұл екі арада АҚШ, Ұлыбритания және басқа да Батыс елдері Ауғанстаннан өз азаматтарын жөңкіле көшіруде. Соңғы ақпаратқа қарағанда, АҚШ әкімшілігі өзінің және одақтас елдер азаматтарын ауған жерінен алып шығу үшін, Кабулға күніне жүзден астам ұшақ жіберуде. Ал Қазақстан әзірге сыртқы дипломаттарын елге әкелді деген хабардан басқа ләм-мим дерек жоқ.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадяровтың «Хабар 24» ТВ-арнасы арқылы айтқан мәліметіне қарағанда, «Ауғанстанда барлығы 15-ке жуық қазақ отбасы тұрады, барлығы шамамен 200-дей адам». Ауған жеріндегі барлық қазақты жиып-теріп елге алдыруға небәрі төрт АН-74 жүк ұшағы (сиымдылығы – 52 орын) қажет болады екен.
Ал өз кезегінде Ауғанстандағы қазақтар Талибан тепкісінен құтқаруды Қазақстан билігінен жалына-жалбарына сұрап жатқан хабарлар ақпарат желілері арқылы тарап жатыр. Сол хабарлардың бірін бүгінде АҚШ-та жүрген танымал құқыққорғаушы азамат Серікжан Біләш өзінің «YouTube» желісіндегі арнасы арқылы таратты. Төменде біз сол видео-хабардың ықшамдалған мәтінін жариялап отырмыз.

ДАТ-ақпарат.

Серікжан БІЛӘШҰЛЫ:

Өзбекстанға қашып келген қазақ Ауғанстанда қалған анасын және өзінің бала-шағасын құтқарғысы келеді. Оның әкесін ертеректе тәліптер атып өлтірген, нақақтан нақақ, еш себепсіз, еш сұраусыз атқан да, өлтіре салған. Ал жігіттің өзі шекарадан өтіп, өзбек шекарасына келіп, ауған /телефон/ нөмірі арқылы «Атажұрт еріктілерінің» ең негізгі белді мүшелерінің бірі Тілек Ниязбекұлына қоңырау шалған. Ауғанстан қазағының Тілекпен сөйлескен аудиосын қазір біз сіздерге тыңдатамыз.

Естеріңізге сала кетейік, Ауғанстанның қазағы, біз осыдан бірнеше күн бұрын мәлімдеме таратқандай, олардың дені Кіші жүздің қазақтары. Бізге хабарласқан жігіт те Кіші жүз қазағы, өзінің арғы аталарының Қызылордадан екенін біледі, өзі Қазақстанда болмаған, бірақ тап-таза, қазақша сөйлеп отыр.

Бізге ауған қазақтары, яғни Совет одағы құлағаннан кейін, Қазақстанға көшіп келген ауған қазақтары хабарласып, ұйымдасып, өздерінің Ауғанстанда қалған таныстарын, білістерін, әке-шешесінің таныстарын, нағашыларын, тіпті жора-жолдастарының таныстарын, руластарын, солардың деректерін беруі керек. Мынау біздің бюрократтар, білесіздер, тәтті сөйлеуге шебер, халыққа үнемі кәмпит беріп, алдап келгелі отыз жыл болды. Дамыған отыз елдің қатары, «2030» деп жүріп, «2050»-ге де келдік, алдыда «2090» деген бағдарлама жасалса, оған дейін де ұйықтап отыра бермейік.

 Ендеше, біз үкіметті осы жұмысты істеуге мәжбүрлеп, өз талабымызды қоюға тиіспіз. Ал Қазақстан үкіметі бұл жолда тек тілмен жұмыс істеп, қаракетке кіріспейтін болса, халықаралық қауымдастықтың алдында быт-шытын шығаруға дайын болуымыз керек. Сондықтан, бүкіл қазақ баласы аттанысқа кел, әсіресе батыстағы Кіші жүздің қазақтары осындайда өзіңнің батырлығыңды, ерлігіңді, мықтылығыңды, әлі рухынның сынбағанын көрсетіп қал!

Ауғанстанның қазағы осыдан бір ғасыр бұрын батыстан /Маңғыстау/, Қызылордадан кеткен қазақтар – өздеріңнің Кіші жүздерің, бауырларың. Ендеше, әрбір ұлтшыл қазақ, «мен – қазақпын» дейтін қазақ, «әр қазақ – менің қазағым» дейтін қазақ орныңнан тік тұрып, үкіметке талабыңды қойып, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, Ауғанстан қазағын құтқаруға кірісіңдер!

Ендеше газет оқырмандарына, Тілек Ниязбекұлы мен осы Ауғанстан қазағының аудиосының жазба нұсқасын ұсынамыз (диалог ықшамдалған):

– Аты-жөніңіз кім?

– Алло… Ахмет менің есімім. Пәмиләм – Абдурахим. Ауғанстан азаматымын, ұлтым – қазақ, руым – Кіші жүз. Нөміріңізді «YouTube»-тан алдым, бір ағамыз сіздің нөміріңізді жазып берді. Бұл жерде жағдайымыз қиынырақ. Не істерімізді білмейміз. Нөміріңізді берді «осымен хабарлас» деп.

Сіз қазір қайдасыз?

– Мен Өзбекстанға қашып келдім, қазір Термездеміз.

Өзбекстанға көшіп келдіңіздер бе?

Қашып келдік біз, жағдайымыз қиын болғаннан кейін. Бес балам бар, анам бар, әкем қайтыс болған. Үйде бір өзім… жалғыз. Әйелім – түркімен.

Өзіңіз қай жылғысыз?

Мен 84-жылғымын. Ауғанстанда қалған қазақтарды не істейміз, ағай? Жағдай ауыр, енді шекара ашылды, үйде қалғандарды уайымдап отырмын. Қазақ тілінде таза сөйлей алмаймын. Менің анам – түркмен, әкем – қазақ, Кіші жүз Шөмекей, оның ішінде Сарықасқа. Қызылорда жақтан 82-жылы келген.

Сіз өзіңіз сол Ауғанстанның азаматысыз ба?

– Жоқ-жоқ, Ауғанстанның азаматымын, ағай. Қазақстанға барған жоқпын. Енді /қазақ үкіметі/ қазақтарды аламыз деп жатыр екен, соны естідім. Өзбекстанға кіргізді бізді… Біз өзбек емеспіз, қазақпыз. Уақытша баспана берді бізге.

Сіздер мүмкіндігінше Өзбекстанда Қазақстанның елшісі бар, соған хабарласып көріңіздер: «Біз – қазақпыз, Қазақстанға өткіміз келеді, бізге виза беретін қандай көмектеріңіз бар?» деп, сіздер ұсыныс-талаптарыңызды айтып көріңіздер. Олар сіздерге жәрдем беруі керек. Егер көмек бермей жатқан жағдайда, осы ақпараттарыңызды ашық жариялаймыз. «Біздің қазағымыз осындай жәрдем сұрап келген еді, көмектеспей жатыр» деп, ашық жариялау арқылы сіздерге көмектестіреміз, құдай қаласа. Өзбекстанның қай жеріндесіңдер?

– Терміз деген қаласындамыз. Иә, егер де мен Ауғанстанға қайтып, Қазақстанның елшілігіне барсам…

– Жоқ Ауғанстанға бармаңыз, Өзбекстандағы Қазақстанның елшілігіне барыңыз!

– Себебі менің үйдегілерім Ауғанстанда қалды, паспорты жоқ, ешқандай құжаты жоқ, ешнәрсе бермеген бізге. Бізді адам ретінде көрмейді Ауғанстанда. Ол жерде /негізінен/ тәжіктер, кейін пуштундар, өзбектер – олардың дәрежесі бізден жоғары тұрады.

– Ауғанстанның қандай ауылында тұрасыздар?

– Біз Мазари-Шерифте тұрамыз, ағай. Ол жерді де талибандар басып алды. Өзбекстанға өтуге мәжбүр болдық.

– Сіздер тұрған жерде қанша қазақ отбасы бар, көп пе?

– Жоқ ағай, қазақтан мен ғана бар… Асат деген бір жігіт бар. Оны Ауғанстанда талибандар түрмеге қамап қойған, ол да кеше шығыпты, менімен хабарласты.

– Қанша жан барсыздар сол сіздер тұрған ауылда?

– Біз екі адамбыз, екі отбас бар… Менің әкем жоқ, қайтыс болған. Анам бар, бес тал бала-шағам бар… екі қыз, үш ұл, әйелім бар.

– Аға-бауырларың жоқ па?

– Жоқ-жоқ, бір өзім, ағай, жалғыз…

– Ал жаңағы Асхаттың әке-шешесі жоқ па? Оның әйелі, бала-шағасы жоқ па?

– Оның бала-шағасы бар, әкесі жоқ. Әкесі қайтыс болып кеткен. Інісін тәліптер атып өлтірді… Менің әкемді де талибандар өлтірген. Ешкім сұрамайды, мешіттен шыққан кезде өлтіріп кеткен. Бізге телефон бермейді, /поштадан/ телеграмм арқылы хабарласамыз. Ойым – отбасымда… алаңдап тұрмын.

– Өзбекстан үкіметінің қызметтерінен, Қазақстанның елшілігіне барып, көмек сұраңыз. Қазақстанның елшілігіне барып, жолықсаңыз, бізге де бір хабарын беріңіз.

– Ағай, рахмет, жәрдеміңіз бізге керек болып тұр! Ауғанстанға да барсам деп тұрмын.

– Ауғанстанға барғаныңмен, жеке басыңның қауіпсіздігі қалай болар екен? Бала-шағаңнан хабар алып тұрсың ба? Аман-сау ма екен?

– Ие, хабарластым, үйден шыға алмайды. Қазақ, қырғыз, түркімендерге қарамайды, ұлтың – тәжік, өзбек, пуштун болуы керек екен. Осыдан біраз уақыт бұрын Өзбекстанға келгенімде, құжаттарымды жоғалтып алдым. Маған жәрдем бере аласыздар ма? Ауғанстандағы қазақ елшілігі көмектесетін болса, бала-шағамды ертіп, ол жаққа баруға да дайынмын.

– Тұратын жерің мен Ауғанстанның астанасы – Қабулға қанша шақырым?

– Мазари-Шарифтен 400 келеметр…

– Баруға бола ма? Шекарадан өте аласың ба? Жеке басыңның амандығына көңіл бөл, бала-шағаңды бір жерге жасырып қой…

– Ие, өзім бара аламын. Бала-шағамды апару – қауіпті. Бару да оңай емес, тәліптер жолдан ұстап алып, құжаттарды тексереді екен, ал бізде құжат жоқ. Төлқұжатымды қайтадан алу үшін, ақысын төлеп, құжат өткізгеніме екі ай болды. Бірақ әлі бермей жатыр. Өздерінің ұлтына (өзбектер, тәжіктер, пуштундар) бір-екі күнде құжат беріп жатыр. Күн сайын барсақ та, Кабулдан құжаттар келген жоқ деп шығарып салады.

– Бір амалын тауып, Қазақстанның елшілігіне бара алсаң, көмек сұрап көр, қандай кеңес береді екен, көмектесе алмаса, оны да жасырмай айт, ашық ақпарат көздеріне жариялаймыз. Шаруаңды бітіріп, елге келіп жатсаң, бізге хабарлас.

– Жарайды, аға!

Бауырлар, Ауғанстанның қазағы – аталары Қызылорда жақтан көшкен. Ол заманда діни қайраткерлер көшкен, орыстар басып алған кезде, 1916-17 жылдарда – бір ғасыр бұрын, орыстың үкіметіне қарсы шыққан діни қайраткерлер, туыс-туғандарымен, руларымен шекарадан ары қарай өткен. Аман қалған қазақтың қаймағы, қасқасы мен жайсаңы Ауғанстанға өткен.

Бұл жігітті Ауғанстанға қайтармай, Өбекстан өкіметі уақытша болса да жол жүру куәлігін жасап, Қазақстан жағына өткізуге болады.

Видео-хабардың газеттік мәтінін дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ.

«DAT». 26.08.2021.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн