Ахметов айтқан УӘДЕСІН ұмытып кетті ме?

Бүгінгі қазақта «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген сөз бар еді. Сол сияқты «айта-айта Тарбағатайды, Ақжар халқы қартайды» десек, әсте жаңылмаспыз. Орталығы Ақжар кенті болған Тарбағатай ауданын (ШҚО) Ақсуаттан бөліп, қайтадан ашу жөнінде талап қойған халықтың біразы о дүниелік болды. Жастар жағы жұмыс іздеп, қала-даланы кезіп кетті. Ал Ақжарда қалған халық, расында да, қартайды.

Дегенмен, «Ұра берсе, құдай да өледі» деген тәмсілге тәнті ақжарлықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еститін мемлекеті» бар екені рас болса, түбі бір дауысымыз жетер деген үмітпен жоғары жаққа жалбарынудан жалығар емес.

Біз Шығыс Қазақстан облысындағы Ақжар мен Ақсуатты Алматы облысындағы Кегеннен Нарынқолды бөлген сияқты, бұрынғы Тарбағатай ауданын қайтадан қалпына келтіру қажеттігін бұған дейін де бұқаралық ақпарат бетінде бірнеше рет жазған едік. Атап айтқанда, «ДАТ» газетінде (19 қыркүйек 2019 жыл) «Тарбағатай ауданын Тоқаев қайтара ма?» деген мақаламыз жарық көріп, онда біз жаңадан сайланған президентімізден шығыстағы шекаралық аймақ – Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіріп беруін сұрап, «ендігі бар үмітіміз – сізде» деп жазған едік.

Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру мәселесін біз бірінші рет көтеріп отырған жоқпыз. Бұрынғы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бақандай 23 жылдан кейін өзі жаптырған ауданды қайта қалпына келтіріп беретін шығар деген үмітпен бірнеше рет жергілікті халық атынан үндеу жолдадық. Өкінішке орай, біздің ел президентіне жазған өтінішіміз айналып келгенде облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолына тиіпті. Мәселені шешуге құзіреті де жүрмейтін ШҚО әкімшілігі сипай қамшылап, «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» жалтарма жауаптар қайтарды. Бұл «иесі итін жұмсайды, иті құйрығын жұмсайды» дегеннің сықпыты болып шықты.

Тарбағатай ауданын бұрынғы әкімшілік шекарасымен қайта қалпына келтіруге облыс әкімі Д.Ахметов есептеп отырғандай, «аудан ашқанда, тек қана жаңа жұмыскерлердің баспана мәселесін шешу үшін 9 миллиард кетеді» деген уәжімен келіспей, соншалықты қыруар қаржы кетпейтінін дәлелдеп бердік. Тарбағатай ауданының бұрынғы орталығы Ақжар ауылында ауданды қайта құруға ең қажет деген басты мекемелер әкімшілік, сот, прокуратура, полиция, мектеп, мәдениет үйі, аурухана, кітапхана, қажет десеңіз, тойхана ғимараттары халыққа дін аман қызмет көрсетіп тұр. Бәрі де өте сапалы, заманауи ғимараттар, ешқандай жөндеуді де қажет етпейді. Жаңа ғимараттар салудың ешқандай қажеттігі жоқ.

Оның үстіне қаншама халық көшіп кетіп жатыр дегеннің өзінде 22 мыңнан астам тұрғыны бар дайын ауданды қайта қалпына келтіруге не кедергі екенін, кім қарсы болып тұрғанын, қандай саясат екенін халық түсінбейді. Негізінде ең маңызды және ең басты назарға алатын жағдай – бізге ауданымыздың бүгінгі орталығы Ақсуат ауылынан гөрі тура іргеміздегі бізді шайнап-шайнап, бүрке салуға әзір отырған көршіміз Қытай әлдеқайда жақын. Өкінішке орай, бұл жағдай биліктің назарынан тыс қалып, осы жағдайға «төменгі жақ» қана алаңдап, «жоғарғы жақ» оны қаперіне де алмайды.

Мәселен, ШҚО-дағы Абай ауданында небәрі 13 мыңнан астам ғана халық бар. Дербес аудан болып өмір сүріп жатыр. Оның қасында біздің Ақжар өңірінің халқы Абайдан екі еседей көп қой. Кезінде осы Тарбағатай ауданының Жантекей мен Көкжыра ауылдарын су басып, тасқын шайып кеткен кезде 2 ауылға су жаңа заманауи әкімшілік үйі, мектеп, аурухана, байланыс торабы ғимараттарын және жиыны 400-ге жуық тұрғын үй салып бергенде, 7-ақ миллиард теңге қаражат жұмсалған. Бөлінген мемлекет қаражатының мөлшермен 1 миллиардын жемқорлар қолды қылды дегеннің өзінде 2 ауылға жиыны 6 миллиард жұмсалған шығар. Осылай есептейтін болсақ, дайын аудан орталығы Ақжар туралы айтпағанда, 9 миллиардқа бір кішігірім қала тұрғызуға болады ғой.

Шарасыздықтан жазылып отырған осы мақаламызда біз Даниал Кенжетайұлынан аспандағы айды алып беруді сұрап отырған жоқпыз, тек қана Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырза сияқты өзінің жергілікті халқын қолдап, біздің бұрынғы Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру туралы талабымызды Ақордаға, ел президентіне, үкіметке жеткізіп, сол ұсыныстың қолдау табуына қамқоршы болса – жеткілікті.

Сөйтіп жүргенде, «қайыршыға жел қарсы» дегендей, аяқ астынан қара бұлттай төніп, Қытайдан коронавирус індеті жетті. Бірақ карантин кезінде (2020 жылғы наурыз айы) Омбы – Майқапшағай керуен жолын салуға қытайлықтар шекарадан ешбір кедергісіз өтіп жатқан кезде Зайсан мен Ақжардың тұрғындары ереуілге шығып, індеттің ошағынан келіп жатқан қытайлықтарды елге өткізбеуді талап етті. Сол наразылықтың нәтижесінде өңірге арнайы келуге мәжбүр болған облыс әкімі Д.Ахметов тиісті шешім қабылдап, халық біраз тынышталғандай болды.

Бірақ Ақжардағы толқуды тыныштандыруға облыстан арнайы комиссия келген кезде «бұрынғы жараның аузы қайта ашылып», сол баяғы Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру мәселесі бірден көтеріліп, ашынған халықтың талабы бойынша облыс әкімі Даниал Ахметов халықпен кездесуге мәжбүр болды (суретте). Жергілікті халықтың ашулы райынан қаймыққан әкім уәдені үйіп-төгіп, ауданды қайтадан ашу мәселесін қолға алатынын айтқан-ды.

Бірнеше сағаттық айтыс-тартысқа ұласқан сол кездесудің соңында облыс басшысы Даниал Ахметов былай деген еді (қаз-қалпында): «Ең үлкен мәселе – аудан мәселесі, өте күрделі, мен сіздерді естідім. Енді қазір маған бірсыпыра уақыт керек, неге десеңіздер, ол менің шешімім болмайды ғой, сіздер оны жақсы білесіздер, мен өзім үкіметке осы мәселені жеткізем. Келістік пе? Қыркүйек айында (2020 ж.) өзім осында қайтадан келем, сонда тағы кездесеміз, асықпаңыздар, әлі менен шаршайсыздар» деп, уәдесін берген-ді. Сондай-ақ өңірдегі газ қорын анықтатып, газ тарту мәселесін де шешетін болып, Ақжар өңірі халқының аманатын арқалап, аттанып кеткен болатын.

Содан бері, міне, жылға жуық уақыт өтті. Күз өтіп, қыс та түгесілер кез келді. Облыс әкімі тарапынан жым-жырт өлі тыныштық, жылт еткен жаңалық жоқ. «Күз деп еді, қыс болды, бұл не деген іс болды?». Шамасы, Даниал мырза не уәдесінде тұрмады, не наразылық ереуіліне шыққан халықтың аптығын басқанға мәз болып жүрген болуы керек. Егер Ахметовке ереуіл қажет болса, біз оны қайтадан бастауға дайынбыз!

Дегенмен, халқымызда «ештен – кеш жақсы» деген сөз бар, сондықтан «әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, мейлі қандай жауап болса да, облыс әкімінен күте тұрамыз. Бірақ шыдамның да шегі бар: егер ауданды қалпына келтіру мәселесі шешілмейтін болса, Ақжар өңірінің халқы қайтадан наразылық ереуіліне шығады. Бұл қорқыту-үркіту емес, тоз-тозы шығып, әділетсіздіктен әбден қажыған, қиыншылықтан қалжыраған халықтың талабы.

Сержан ШӨКЕЕВ,

Ақжар ауылы (ШҚО)

Желідегі жазба

Қаңыраған аудандар ҚАРЖЫСЫЗ ҚАЛДЫ

Шекаралық Тарбағатай мен Марқакөл аудандарын дамытуға деп бөлінген миллиардтаған «Ән салғыш фонтан» мен тас ескерткіштердің салынуы, тіпті әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуден өтуі де халықтың көшіне тосқауыл бола алмайды. Ақжар мен Марқакөлді аудан орталығы етіп қайтадан қалпына келтірмесе, бәрі де далаға ұшқан қаржы болып қала береді.

Өйткені шекаралық аудандарды дамытуға деп бөлінген қаржының басым бөлігі бұрынғы аудан орталығы статусынан айырылған өңірлерді дамытуға емес, керісінше, қазіргі аудан орталықтарын ары қарай дамытуға бұрылып кетіп жатыр. Бір ғана мысал айтайын: Осы жолы медицина саласына деп бөлінген 40 миллион теңгелік, барлық жаңа технологиялармен жабдықталған автобус та, орталықтандырылған оттегі станциясы да 22 мың тұрғыны бар шекаралық аймақ – Ақжар өңіріне емес, 16 000 халқы бар аудан орталығы Ақсуатқа берілді. Ал Ақжардың ауруханасы сол баяғыша оттегі баллондарын қала-даладан тасып, әлек болып жүр. 

 Тіпті екі өңірдегі жөнделген жолдар мен әр ауылдардағы шаруа қожалықтарының тұрмысына қарап-ақ бөлінген қаржы мен ауыл шаруашылыққа арналған арзан несиенің қай жаққа қарай көбірек бұрылатынына көзіңіз анық жетеді. 

Ал қазіргі аудан орталығы Күршім мен Марқакөлді де салыстыруға келмейді. Күршім ауылы көшесі самаладай жарқырап жайнап тұр, ал Марқакөл орталығындағы бір көшесінен басқа асфальт төселген көше көрмедім. Күршімдегі мейрамхана мен дәмханалар қаладағыдан ешбір жері кем емес. Ал Марқакөлде баяғы бір ескі асханадан басқа қонақ шақырып, қуанышыңды бөлісер жер де жоқ. Өйткені жергілікті кәсіпкерлер 5 мыңнан аса тұрғыны ғана қалған Марқакөлдің болашағына күмәнмен қарайтын сияқты. 

Шекаралық аудандарды дамытамыз десек, республика мен облыстан бөлінген қаржыны толықтай аудан орталығы статусынан айырылған өңірлердің әлеуетін көтеруге жұмсау керек. Оның өзінде де бөлінген қаржының басым бөлігі әкімдіктегілер мен мердігерлердің ортасындағы «оппаға» түсіп кетпей, ел игілігіне жұмсалуын қатаң қадағалау қажет.

Бұлай етпесе, шекаралық аудандар ешқашан дамымайды.

Ермек ҚҰРМАНҒАЛИТЕГІ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн