Ашулы әйелдер «БАТЫРДЫҢ» сазайын берді…

  • Бір топ әйел Алматы әкімдігінің алдына жиналып, мәслихат депутаты, спортшы Ермахан Ибраимовтан «көп балалы әйелдер туралы айтқанын» түсіндіруді талап етті.

Е. Ибраимов журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатта Жамбыл облысы Жаңатас кентінде бір отбасының бес сәбиі қаза болған қайғылы оқиға туралы «бес баланы сыртынан жауып, кетіп қалуды» нағыз «түк көрмегендік» деген.

«Жылы кабинетте отыра бермей, «түк көрмегендердің» жағдайын өзі шығып көрсін. Ондай жағдайдан шығу үшін, не істеу қажеттігін өз аузынан естиік. Біздің арамызда мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, көп бала өсіріп отырғандар бар. Солардың жағдайын көрсін. Балаларды үйге қамап, не үшін шығып жүргенімізді көрсін. 60-70 мың теңге жалақы табуға жағдайы жоқтықтан шығып жүргенін көрсін», – деді мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Іңкәр Жанәділқызы.

Алматы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров тысқа шығып, әйелдердің талаптарын тыңдады. Ибраимовтың өзіне хабарласып, әйелдерге түстен кейін мәслихат депутатының өзімен кездесуге болатынын айтты.

Кейіннен Ибраимов әйелдермен «Нұр Отан» ғимаратында кездесті. «Мен саясатқа енді-енді келіп жатырмын, бір сөздерден жаңылысқан шығармын, оған түсінушілікпен қарау керек қой. «Батыр аңғал келеді» дейді. Енді айтқан шығармын, оған шынына келген кезде түсінушілікпен қарауларыңызды сұраймын», – деді Ермахан Ибраимов.

20 ақпанда Youtube-те жарияланған сұхбатта спортшы Ермахан Ибраимов бес қыздың қазасы «Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді» деп айтқан. Спортшы балаларды үйде жалғыз тастап кетпес бұрын «қауіпсіздікті қарастыру қажет еді» деген.

«Бес баланы түні бойы қалдырып кету өте дұрыс емес. Туған-туысқаны бар. Әке-шешесі бар. Бір сөзбен айтқанда, балаларды олай қалдыруға болмайды. Бес баланы сыртынан жауып, кетіп қалу – ол нағыз … түк көрмегендік» деген спортшы.

Бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, халықаралық бақылаушылар сынаған мәслихат сайлауының нәтижесінде депутат болған Ермахан Ибраимовтың үстінен бұған дейін белсенділер арыз түсірген. Оған 10 қаңтарда орталық алаңда полиция әділ сайлауды талап еткен белсенділерді қоршап тұрған кезде спортшының «ұсақ бұзақылық жасап, наразылардың плакатын жыртуы» себеп болған.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн