БАЙЗАҚТА Ресей НЕ ІЗДЕДІ?

Назар аударыңыздар, жарылыстан үш күн бұрын Кабулға бір топ кремльдік десант түскен, оның ішінде шұғыл хабарлар бойынша маман Александр Коц та болған. Белгілі болғанындай, тәліптер бұл десантқа Ауғанстанның кез келген жеріне баруға бірден рұқсат береді, ал Талибан информация министрі Коцпен жеке кездеседі. Келесі күні Кабул әуежайында жарылыс болады. Хабар сол бойда бүкіл әлемге таратылады. Әуежайдағы жарылысқа ең бірінші болып РФ СІМ хабарлама беріп бастайды.

Енді салыстырайық. Жамбылдағы жарылыс бойынша ең бірінші хабар тарата бастаған кім? Бүге-шігесіне шейін көрсетіп, әлемді құлақтандырған кімдер деп ойлайсыз? Жарайды, ойлы адамдар түсінді деп ойлаймын, ал ойсызға, сірә, бәрібір – бас десең, құлақ деп отыра береді.

Енді осындағы Кремльдің мақсаты не? Мақсат – АҚШ-тың Ауғанстаннан тыныш кетуіне барынша кедергі келтіру. Сірә, кетіп жатқаннан кейін, енді содан барынша, мүмкін болғанынша өздеріне информациялық пайда көріп қалу. Осыны пайдаланып, АҚШ-қа: «Бұларға сенуге болмайды, кез келген уақытта сатып кетеді» – деген репутациялық шығын келтіру, Украинаға сондай ым-ишара жасау. Оған РФ-ның досы Трамп та қосылып, екі жақтап дүниежүзілік шу шығару.

Басында айттық, АҚШ-тың әу баста Ауғанстанға келу себебі – Әл-Каиданы індете қуу, тәліптер өз арасына жасырған Осама бен Ладеннің көзін жою болатын. Ол мақсат орындалды. Ерте ме, кеш пе, АҚШ-тың Ауғанстанда қалмайтыны анық, әйтеуір түбі бір шығатыны белгілі болатын. Сол кез Байденнің тұсына тап келіп тұр. Қайтерсің, өмір солай. Бұл Байденнің рейтингін біршама түсірді, 53%-дан 49%-ға дейін төмендеді. Бірақ, әрине, РФ БАҚ-тары жазып жатқандай, ол катастрофа емес. Ал Трамптың «Байден доғарысқа кетуі керек» деп байбалам салуы біздер үшін нағыз иттік, көргенсіздік, демократиялық елдер үшін оппозициялық көзқарас қана.

Жарайды, Жамбылдағы жарылысты жариялаудағы мақсат не? Меніңше, біріншіден, бұл РФ тарапынан жалпы Қазақстанға жасалып жатқан әзірге информациялық шабуылдың бір тармағы ғана. Екіншіден, бұл бізді тәліптермен қорқыту, сөйтіп Ресейдің қолтығына тығыла түсу мақсатын көздеуі мүмкін. Былайша айтқанда, бұл мемлекеттік масштабтағы бопса. Жігіт болсаң, бопсаға шыда деуші ме еді қазақ? Ал шыдап қара, Тоқаев мырза!

Бірақ бұл Ермекбаев сияқты РФ президентінің қолынан орден алып жүргендер жауапкершіліктен құтылып кетуі тиіс деген сөз емес. Доғарысқа кетіп, үн-түнсіз көрінбей кетпеуі керек. Он бес адамның қаны мойнында, сондықтан ол сотталуы керек…

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН бауырын төрт күн күтті

Әскери бөлімнің өртке қарсы күрес және құтқару қызметінің басшысы, із-түссіз жоғалған кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев пен ТЖД өрт сөндірушісі, кіші сержант Әділет Әділбековтің туыстары хабар күтіп отырғанына төрт күннен асты. Соңғы дерек бойынша, 14 марқұмның денесі табылған. Тағы екі қызметкер іздестіріліп жатыр.

Бейсенбіден бері Қайнар ауылының кіре берісінде күн астында туғанының хабарын тосумен жанары суалған Талғат Дәуітбайұлы жалғыз ұлы Бауыржанын қимайды. Ауыр мұң жұтынған әке ұлының келіншегі бесінші перзентіне жүкті екенін айтады. 33 жастағы Бауыржан Дәуітбаев жарылыс болар күні жұмыста болған.

Туыстарының бірі: «Бәріне басшылары кінәлі, қоймада қауіпті қару барын біле тұра, жігіттерді отқа айдап салды! Солдаттарды әскери бөлімнен шығарып жіберген-дағы, ал келісімшарт негізінде жұмыс істейтін өрт сөндірушілерді алып қалған. Оларға шамасы келмейтінін біле тұра, қоймадағы алапат қызыл жалынды өшіруге тапсырма берген. Басшылары қоймада өте қатерлі оқ-дәрінің сақталғанын анық білді ғой», – деп ашынды.

Әлі табылмай жатқан екінші кіші сержант, 25 жастағы Әділет Әділбек Қанатұлының туыстары ресми органдардан көңілі қалғанын айтып, пікір білдіруден бас тартты. Екі жігіттің жақындары әскери прокуратураның түсінік беруін, алдына келіп оқиға барысы мен тапсырма негіздемесін түсіндіруді талап етіп отыр.

Оқиға орнында іздестіру жұмысын жүргізіп жатқан Қорғаныс министрлігінің Бас инспекция басқармасының басшысы, полковник Жұмабек Хасенов «Қазақ-таймс» тілшісіне берген жауабында бүгін түске дейін 3 мәйіттің жеке бас дерегі нақтыланатынын хабарлады.

Әскери бөлімнің түбіндегі Қайнар шағын ауылында 17 үйде 90-ға тарта тұрғын мекендейді. Аудан көлемінде 118 үй-нысан бүлінген. Аймақтағы атқарушы билік өкілдері екі ай мерзімде барлық материалдық және инфрақұрылым шығындарын қалыпқа келтіруге уәде берді.

Ондаған адамның өмірін жалмаған жойқын жарылысқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың топшылауынша, жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін. 

Асан АНАРБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн