БАҚЫТЖАН ҚЫЗ БАТЫР АТАНДЫ

  • Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина АҚШ мемлекеттік хатшысының «Батыл әйел» халықаралық сыйлығын иеленді. Он жеті жыл қатарынан бұл сыйлық өз өмірін қауіпке тіге отырып, адам құқығын қорғаумен айналысқан әйелдерге беріліп келеді. Биыл марапаттау рәсімі алғаш рет Ақ үйде өтпек. Оған Төреғожинадан бөлек, әлемнің өзге елдерінен 10 әйел іріктелген.

АҚШ мемлекеттік департаменті қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның 25 жыл бойы адам құқығын қорғаумен айналысқанын, 2022 жылғы қаңтардан бері Қаңтар оқиғасының құрбандарына көмек беру және оқиға кезінде адам құқығы бұзылғанын құжаттау жөніндегі «Qantar 2022» коалициясына жетекшілік еткенін атап өткен.

«Кәсіби жолында Төреғожина азаптау, зорлық-зомбылық және саяси қудалау құрбандарының мәселесін қозғауда белсенді болды» деп жазды мемлекеттік департамент. «Осы жұмысты атқарғаны үшін қорқытып-үркітуге және харассментке душар болды. Оның ондаған жылға ұласқан еңбегі құқық қорғаушылардың үкіметтерге жауапкершілік жүктеуде, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайтуда зор рөл атқаратынын дәлелдеп отыр».

Қазір Вашингтонда жүргенін айтқан Бақытжан Төреғожина бұл сыйлықты кәсіби қызметі мен Қаңтар оқиғасын құжаттаудағы белсенділігі үшін алғанын айтты. «Куәгерлермен және зардап шеккендермен жүздеген сұхбат жазылды, жаппай оқ атудың мыңдаған құжаты, суреті мен видеосы жиналды. Бұл жұмысты болашақта ешкім тарихты бұрмаламасын деп жасадық…» деп жазды құқық қорғаушы.

Бақытжан Төреғожина бастаған «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қоры Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан, із-түссіз жоғалған, азапталған азаматтардың аты-жөнін анықтап, биліктен жариялықты талап етіп келеді. Оқиға кезінде 238 адамның мерт болғанын айтқан Қазақстан билігі алғашында түрлі себепке сілтеп, марқұмдардың аты-жөнін жариялаудан бас тартып келді. Алайда құқық қорғаушылардың талабынан соң, былтыр тамызда ресми тізімді жариялады. Бірақ онда тек марқұмның фамилиясы мен есімінің алғашқы әрпі ғана жазылды. Сыншылар билікті Қаңтар оқиғасын әділ тергемей отыр деп айыптайды. Елде Қаңтар тақырыбын белсенді көтерген журналистер кейінгі айларда шабуылға ұшырап келеді.

Еске салсақ, бұл сыйлық 2007 жылғы наурыздан бері жыл сайын беріледі. АҚШ өз елшіліктері қызмет ететін мемлекеттерден әйел құқығын нығайту, әділдік пен бейбітшілікті насихаттау, адам құқығы мен гендерлік теңдікті қорғау ісінде көзге түскен әйелдерді іріктеп, мемлекеттік департаментке таңдауға ұсынады.

Бүгінге дейін бұл марапат 80 елдің 180 азаматына табысталған. 2018 жылы бұл сыйлық «жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер мен балалар құқығын қорғағаны» үшін қазақстандық адвокат Айман Омароваға берілген.

2020 жылы «Батыл әйел» сыйлығын Қытайдан Қазақстанға қашып, Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысым көргені жайлы алғаш мәлімдегендердің бірі – Сайрагүл Сауытбай алған еді. Қытай тумасы Сайрагүл Сауытбай ұлты қазақ болса да, Қазақстанда босқын мәртебесін ала алмай, отбасымен бірге Швецияға көшуге мәжбүр болған еді.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн