БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ТОПТАП СОТТАУ билікті қатерден құтқара ма?

  • 3 тамызда Алматы сотында прокурор “тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты” деп айыпталған 13 белсендінің ісі бойынша айыптау актісін оқыды.

Сот процесінен ерекше еске алатын бір жәйт – Алмалы аудандық сотының судья Ернар Қасымбеков айыпталушылар мен адвокаттардың бір де бір талабын қанағаттандырмады. Тергеу абақтысында отырған бес бірдей айыпталушы өздеріне тікелей қатысты қылмыстық іс сотына онлайн режимінде Zoom қосымшасы арқылы қатысты.

Адвокаттар Жанар Балғабаева, Ғалым Нұрпейісов, Шынқуат Байжанов қамауда жатқан айыпталушылар Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов пен Ноян Рахымжановты денсаулығына байланысты үйқамаққа шығару туралы талап-тілек түсіргенімен, сот олардың бұл өтінішін қанағаттандырмады.

Прокурор айыптау актісін шамамен төрт сағат оқыды. Айыптау актісінде 13 белсенді азаматтың Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағы (“экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру”) және сол баптың 2-тармағы бойынша (“экстремистік ұйымның ісіне араласу”) айып тағылғаны айтылды. Прокурор таңған айып бойынша, сотталушылар оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы мен “Көше партиясына” қатысы бар, олар ұйымдастырған заңсыз митингілер мен акцияларға, пикеттерге қатысты деп айыпталатынын айтты. Белсенділердің әлеуметтік желілерде таратқан видеоүндеулері мен филиологиялық-психологиялық сараптама қорытындысы сияқты деректер дәлел ретінде ұсынылды. Прокурор айыпталушылар мемлекетке, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіргенін, “Көше партиясына” бірігіп, “мемлекеттік билікті құлатуға әрекет жасағанын” айтты.

Сот үстінде мынадай қызғылықты жағдай болды. Судья Ернар Қасымбеков сот тергеуі барысында “экстремистік ұйымның ісін ұйымдастырды” және “экстремистік ұйымның ісіне араласты” деген айыппен қамауда жатқан Асхат Жексебаевтан (фото) жауап алған кезде, қорғаушы Ғалым Нұрпейісов Жексебаевтан “ҚДТ” қозғалысы мен “Көше партиясының” байланысы туралы түсіндіріп беруді сұрады. Жексебаев “ҚТД” қозғалысы экстремистік ұйым деп танылған соң, бастамашыл топ “Көше партиясын” халық қозғалысы ретінде құрғанын айтты (Azattyq.org).

– “ҚДТ” мен “Көше партиясы” бір қозғалыс па? Әлде мүлде бөлек ұйымдар ма? – деп сұрады адвокат Нұрпейісов.

– Бізді құқық қорғау органдары сырттай “ҚДТ”-ның мүшесі етіп қойды. Еш себепсіз. Мысалы, конституциялық құқығымды талап етіп митиніге, не жеке пикетке шықсам, мені бірден “экстремистік ұйымның мүшесі” деді. Біз сол үшін де жеке, тәуелсіз қозғалыс құрғымыз келді. “ҚДТ” мен “Көше партиясы” бөлек ұйымдар, – деп жауап берді айыпталушы Жексебаев.

– Бұрын-соңды “ҚДТ”-ның мүшесі болдыңыз ба?

– Жоқ, болмадым…

– Прокурор сізді экстремистік әрекетке барды деді. Қандай экстремистік әрекетке бардыңыз?

– Ешқандай. Біз неге жалғыз адамдық пикеттерге шықтық? Саяси тұтқындарға бостандық талап еттік, биліктің өз халқына геноцид жасамауын талап еттік. Қандай әрекетке барсақ та, адам құқығын сақтау керек дедік.

– Қанша рет пикетке шықтыңыз?

– Шамамен 60 рет.

– Пикетке шыққаныңыз үшін әкімшілік жауапқа тартты ма?

– Жоқ.

– Мемлекет Қазақстанда “саяси тұтқындар” жоқ дейді. Сіз “саяси тұтқындарға” бостандық талап еттіңіз. Сіздің пайымдауыңызша, “саяси тұтқын” дегенміз кімдер?

Осы кезде қорғаушы мен айыпталушының сөзін бөлген судья “сұрақты алып тастағанын” хабарлады. Судьяның бұл әрекетіне қорғаушы Нұрпейісов қарсы шықты. Айыпталушының “саяси тұтқын” сөзін судьяға түсіндіріп беруге мүмкіндік беруін сұрады. Судья: “Біз саяси сұрақты қарамаймыз” деді. Ал айыпталушы Жексебаев “Саяси сұрақ болмаса, саяси қозғалысты қалай қараймыз?” деп қайыра сұрады. Судья жауап берудің керегі жоқ екенін айтып, келесі сұрақты қоюды өтінді.

Қорғаушы айыпталушының жауабын алып тастауға судьяның құқығы жоқ екенін айтты. Осы кезде судья қорғаушыға алғашқы ескерту жазатынын, адвокаттық лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Нұрпейісов мұны қорғаушыға жасалған қысым деп бағалады.

– Жұмыс уақытында адвокатқа лицензиядан айыру туралы сөз айту – өрескел заң бұзу, – деді Нұрпейісов.

Сонымен, бұған дейінгі сот шешімімен «экстремистік ұйымдар» деп танылған «ҚДТ» мен «Көше партиясы» атынан кімдер сотталып жатыр:

  • Дархан Уәлиев (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Бақдәулет Әлібеков (405-бап, 2-бөлім)
  • Ноян Рахымжанов (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Марат Курбанов (405-бап, 2-бөлім)
  • Ермек Козиев (405-бап, 1-2 бөлім)
  • Диана Баймағамбетова (405-бап, 2-бөлім)
  • Қайрат Қылышев (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Асхат Жексебаев (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Нинагүл Жұманиязова (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Гүлзипа Жәукерова (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Абай Бегімбетов (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Дәметкан Аспандиярова (405-бап, 1, 2 бөлім)
  • Болат Смағұлов (405-бап, 2-бөлім).

Бұл екі арада астананың №2 Сарыарқа аудандық соты “қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты және ұйымдастырды” деп айыпталған азаматтық белсенді Ербол Есхожинді 2 жыл 6 айға қамау туралы үкім шығарды.

ДАТ-ақпарат.

«DАТ». 05.08.2021.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн