БЛИНКЕН НЕГЕ КЕЛДІ?

  • Қазақстанға ресми сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екеуара бір жарым сағат сөйлесті. Әрине, біз бұл оңаша кездесудің нақты мән-жайын білмейміз. Бірақ Халықаралық Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Темур Умаровтың пікірінше, Блинкен бұл сапарында Қазақстан мен Орталық Азия (ОА) елдеріне ықпал етіп, Украинадағы соғысқа қатысты позициясын нақтылауға көндіруге тырысқан. Бұл орайда Блинкеннің сапарына дейін сарапшы не деген еді?
  • САПАРҒА ДЕЙІН

«Азаттық»: Америка Орталық Азия әлі де маңызды екенін, әсіресе Украинадағы соғыс жағдайында аймаққа ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсеткісі келген шығар?

Темур Умаров: АҚШ мұны әртүрлі әдіспен көрсетуге тырысады. Америка өзін әлемдегі ең маңызды әрі қуатты держава санайды. Сондықтан мемлекеттік хатшы Блинкен мен АҚШ өкілдері Орталық Азияға ғана емес, өзінен алыс орналасқан, бірақ Вашингтонның ұлттық мүддесіне кіретін басқа да мемлекеттерге барып тұрады.

Украинадағы соғыс, шынымен, ОА елдерінің өз жағдайы туралы түсінігін өзгертіп, АҚШ үшін аймақтың маңызын арттырды. Бірақ Америка өңірге оралатындай маңызды емес. Соғыс жүріп жатыр екен деп, ОА елдері мен АҚШ арасында ешқандай құрылымдық өзгерістер болмайды. Әріптестіктің жаңа форматы, экономикалық өрлеу, әскери серіктестіктің нығаюы сияқты елеулі өзгерістердің иісі де жоқ. Қазір АҚШ бар күшін Украинаға салып жатқандықтан, ОА елдеріне ұсынатын ресурстары шектеулі. АҚШ гуманитарлық көмек, ауылдық өңірлерді дамыту, аз қамтылған отбасыларға білім беру немесе миллион доллардан аспайтын мөлшерде қайтарымсыз көмек бөлу сияқты ұсыныстар айтса – таңқалмаймын. Америка маңызды әрі елең еткізетін дүниелер ұсынады дегенге күмәнім бар.

Қазір АҚШ-ты Ресей мен Украина текетіресін басты назарға алуы ғана шектеп отыр. Сондықтан олар ОА елдеріне қысым жасап, олардың соғысқа қатысты позициясын нақтылауға тырысады. Яғни, Орталық Азия елдерін Ресейге қарсы тұруға үгіттеп көреді.

Бұл – ОА елдері үшін күрделі стратегиялық мәселе. Өңір мемлекеттері Ресейге тәуелді болғандықтан, АҚШ сұрады екен деп, Ресейге қарсы шыға алмайды. Олар Ресейдің аймақта әлі ұзақ болатынын түсінеді. Ортақ шекарасы болғандықтан, Қытайдан да жақын арада іргесін аулақ сала алмайтынын біледі. АҚШ – қысқа мерзімді жоба, Вашингтон дегеніне жеткен күні Орталық Азияға қызығушылығы басылады. Яғни, Ресейге қарсы шықса, АҚШ аймақ елдерінің қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Сондықтан бұл мәселе Блинкенді тығырыққа тірейді. АҚШ әкімшілігі осыны біліп, ОА елдерін Ресейге қарсы позицияда болуға көндіруден ештеңе шықпайтынын түсінсе, бұл тақырыпта мәлімдеме жасамайды. Сырт көзден тыс жерде бейресми талқылауы мүмкін. Ал қоғам алдында АҚШ пен ОА елдерінің әріптестігі жалғасады деумен шектеледі.

«Азаттық»: ОА елдері мейлінше бейтарап болуға тырысып келеді. Жақында Беларусь президенті Александр Лукашенко Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуде Орталық Азия елдері «үндемей құтылып кете алмайтынын» ескертіп, одақ мүшелерін күш біріктіруге шақырды. Бір жағынан, дәстүрлі ойыншы – Ресей Лукашенко арқылы «қай тарапты қолдайтыныңды таңда» деп отыр, екінші жағынан – Батыс та позициясын нақтылауға шақырды. Аймақ елдеріне қысым күшейді ме?

Темур Умаров: Қысым күшейеді, өйткені аймақ елдері екі оттың ортасында қалды. ОА елдері барлық тараппен жақсы араласады. Көпвекторлы саясаттың кері салдары – осы. Бәрімен дос болған соң, әр тарап келіп өз қалауын айтады, қолдау күтеді. Бір мемлекеттер сыпайы, дипломатиялық жолмен сұрайды, Лукашенко сияқтылар қоқан-лоққы көрсеткенді ұнатады.

Лукашенко мұны бірінші рет жасап отырған жоқ. Ол «Өзбекстан ел ішінде қауіп төнгенін қаламаса, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мойын бұрғаны жөн» деген еді. Лукашенко бұл жерде мәселеге өз көзқарасы тұрғысынан қарап отыр. Беларусь Ресейге толықтай тәуелді болып қалды. 2020 жылғы тамызда жаппай наразылық салдарынан Лукашенконың режимі құлауға шақ қалды. Кейін соғыс басталды. Лукашенко лезде агрессор мемлекетке қосылып кетті. Ол өзін жайсыз сезініп отыр, өйткені бұрынғыдай Мәскеуге қарсы аргументі жоқ.

Наразылыққа дейін Лукашенко «Мәскеу шартымызды орындамаса, Еуропа қуана-қуана әріптес болады» дейтін. Бірақ Лукашенко Ресейдің қолдауының арқасында билігін сақтап қалғандықтан, қазір оның басқа амалы жоқ. Ендігі жалғыз амалы − қатарына мейлінше көп мемлекетті қосып алып, тәуелді елдер санын көбейту. Сонда Беларусь өзін сыртқы саясатын анықтай алмайтын, Ресейге тәуелді мемлекет емес, үлкен бір ұжымның бөлшегі сезінер еді. Лукашенконың пікірін осылай түсіндіруге болады. Бұл міндетті түрде Кремль Лукашенко арқылы ОА елдеріне месседж жіберіп отыр дегенді білдірмейді. Бұл Лукашенконың өз позициясы болуы да мүмкін.

«Азаттық»: Әртүрлі ойыншылардың қысымы артса, Қазақстан Украина мәселесінде әлі қанша уақыт тепе-теңдік сақтап, бейтарап қала алады?

Темур Умаров: Әлі ұзақ осылай жүруге болады деп ойлаймын. Бұл – Тоқаевқа әуелі Байден, кейін Путин хабарласып, әр тарап Қазақстанды өз жағына тартуға тырысатындай қысым емес. Бәрі мемлекетаралық қарым-қатынас деңгейінде жүреді. Түпкілікті шешімді Қазақстанның өзі қабылдайды. Шешім шығарарда, қысымға емес, өзіне, сыртқы саясатқа тиімділігіне назар аударады.

Сыртқы саясатқа келгенде бірде-бір мемлекет эмоцияға сүйенбейді. Бәрі өз қоғамы мен саяси режиміне тиімдісін таңдайды. Сондықтан Қазақстан әр жаңалық, оқиға болған сайын, әлемдегі жағдай қалай өзгеріп жатқанына қарап, қанша қажет болса, сонша уақыт тепе-теңдік сақтауға тырысады.

«Азаттық»: Мемлекеттік хатшының ОА істері бойынша көмекшісі Дональд Лу аймақ елдерінің Ресеймен қарым-қатынасы терең екенін, бұл байланыстар жақын арада үзіледі деп күтпейтінін айтты. Бірақ «Оларға ойнай алатын рөл ұсынып отырмыз» деді. Лу қандай рөлді меңзеп отыр?

Темур Умаров: Орталық Азия елдері бұл кикілжіңге ықпал етіп, яғни аймақ елдері Путинді немесе Зеленскийді пікірі мен әрекетін өзгертуге мәжбүрлей алмайды. Олардың мүмкіндігі шектеулі. Жағдайға қарай бейімделуден басқа амалы жоқ. Бірақ бейімделудің өзін әртүрлі жүзеге асыруға болады. [Тәжікстан президенті Эмомали] Рахмон сияқты Ресейден өзіңізге көбірек назар аударуды сұрап, өз пайдаңызды ойлап, кикілжің туралы ештеңе айтпауға болады.

Қазақстан сияқты жұрттың алдында әскери қимылдарды қолдамай, бейбітшілік пен халықаралық заңдарды бұзбауға үндеп, іс жүзінде Ресейдің қазіргі жағдайынан пайда көруге тырысып, сауда айналымын арттырып, көршісінің импорт тауарларға сұранысын қанағаттандырып отыру деген нұсқа да бар.

  • САПАРДАН КЕЙІН

Джо Байден әкімшілігінің Қазақстанға келген ең жоғары лауазымды өкілі – АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанада ОА елдерінің дипломатиялық саммиті – С5+1 жиынына қатысты. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері келді.
С5+1 саммиті 2015 жылдан бері бірнеше рет өкізілген. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл саммитті «АҚШ-пен бірлесе отырып, ортақ мәселелерді шешетін, тәуелсіз, гүлденген және қауіпсіз Орталық Азия құру мақсатын» көздейтін жиын деп атады.

Жиында қандай мәселе қозғалғаны белгісіз, себебі оған журналистер жіберілмеді және оның күн тәртібі жарияланбады.

«Барлығыңыз жақсы білесіздер, АҚШ Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және жер тұтастығын толық қолдайды. Кейде бұл сөздерді жай айтамыз, бірақ олардың шынайы мағынасы бар, әсіресе дәл қазіргі уақытта оның салмағы анағұрлым ауыр», – деді Блинкен Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесу кезінде.

АҚШ сыртқы саясат мекемесінің басшысы Украинадағы соғыс контексінде «егемендік, тәуелсіздік және жер тұтастығы» деген тіркесті жиі қайталаумен болды.

«Елдердің Ресей агрессиясына қарсы тұруының ең маңызды жері – Украинаны қорғауға көмектесу емес, осы принциптерді қорғауға жәрдемдесу. Себебі біз оларды бұзып, ол үшін жазасыз қалуға мүмкіндік берсек, бұл Ресейдің басқа елдерге де агрессияны жалғастыру туралы ойлануына жол ашады», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Энтони Блинкен Ресейден қашып келген «200 мың Ресей азаматын панасына алып отырғаны үшін» және украин халқына азық, киім-кешек, дәрі-дәрмек, басқа да гуманитарлық көмек жібергені үшін, соның ішінде «соғыстан қашқандар жылынып, пана табатын» киіз үй тігіп бергені үшін Қазақстанға алғыс айтты.

Блинкен сапары қарсаңында сарапшылар «АҚШ өкілі Украинаға шабуылы үшін Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуде Мәскеуге көмектесіп жатқан Орталық Азия елдеріне Вашингтон ескерту жасайды» деген болжам айтқан. Журналистерді де осы сауал көп қызықтырды.

Санкция туралы сөз болғанда да, Блинкен халықаралық құқықтың БҰҰ хартиясында айтылған басты принциптері – жер тұтастығы, тәуелсіздік және егемендік туралы айтты және «бұл принциптердің Орталық Азия елдері үшін маңызы зор» екеніне тоқталды.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресеймен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқан Астанаға санкциялар «ауыр тиіп жатқанын» айтты.

«Қазақстанның Ресеймен және Украинамен арада тарихи байланысы бар. Біздің экономикамыз бұрыннан өзара байланысқан. Сондықтан бұл оқиғаның барлығы бізге, біздің экономикамызға ауыр әсер етеді. Біз санкциялардың жағымсыз әсерін болдырмауға тырысып жатырмыз. Қазақстан – Еуразия экономикалық одағының мүшесі, біздің Ресеймен және осы одақтың басқа елдерімен арамызда кеден жоқ, сондықтан шекаралар арасындағы қызмет пен тауардың еркін саудасын қамтамасыз етіп, әрі Ресейдің және өзге шетел компанияларының санкцияларды бұзуына жол бермеуді қадағалау қиын», – деді Тілеуберді.

Энтони Блинкен «Ресейден қол үзіп, іргесін аулақ салуға уақыт қалдыру мақсатында» Ресей компанияларымен тығыз байланысқан мекемелерге арнайы лицензия беретінін және ОА елдерінің сауда жолдарын әртараптандыруына мүмкіндік жасайтынын айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, Вашингтон аймақ елдеріне «Экономикалық тұрақтылық бастамасы» аясында 25 миллион доллар бөлмек. Бұл бастама Орталық Азия аймағының «бір ғана елге тәуелді болмай, сауда жолдарын дамытуына және жеке сектордан инвестиция тартуға» мүмкіндік береді.

Энтони Блинкен Қазақстандағы Тоқаев жариялаған реформалар жүзеге асарына үміттенетінін айтты.

«Президент Тоқаев өткен наурызда жариялаған реформаларды қолдайтынымызды тағы да қайталаймын. Қазақстан халықтың саяси процеске араласуын, үкіметтің жауаптылығы, жемқорлықты ауыздықтау, президент өкілетін қысқарту және адам құқықтарын қорғауды көздейді, сол жоспарды орындайды деп сенеміз», – деді Блинкен. Оның айтуынша, шетелдік инвесторлар сол реформаларға үміт артып, Қазақстанға инвестиция салып жатыр. 1990-жылдардан бері АҚШ Қазақстанға 50 млрд доллардай инвестиция салған.

Саммит жиынынан кейін Тілеуберді мен Блинкен брифингке шыққан соң, Қазақстанның екі, АҚШ-тың екі журналисінің сауал қоюына мүмкіндік берді. Сыртқы істер министрлігінің өкілі «сауалдар кездесу тақырыбына сай болуы керектігін» ескертті. «Азаттық» тілшісі Қаңтар оқиғасында қаза тапқандар ісінің тергелуі, онда адам құқықтарының сақталуы туралы көзқарасын сұрап, сауал қоймақ болған. Оған мүмкіндік берілмеді.

Есесіне АҚШ өкілі Украинаның Мәскеуге тегеурінді қарсылығын «жетістік» деп атап, мұнда азаматтық қоғамның да үлкен үлесі бар деді. Блинкеннің айтуынша, Украинаның Ресей агрессиясына төтеп беруіне Украина әскерінің «ерекше батылдығы және қарулы күштерінің жанкешті әрекетімен» қоса, ондағы «мықты азаматтық қоғам» да ерекше үлес қосқан. «Мықты қоғамның үкімет ішіндегі ғана емес (бұл да маңызды, әрине), одан тысқары жатқан берік институттары болады. Мұның ішінде еркін баспасөз бен еркін азаматтық қоғам бар. Бұлардың екеуі де – Ресей агрессиясына төтеп берудегі Украина жетістігінің бір бөлігі», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

  • Azattyq.org жарияланымдары негізінде топтаманы дайындаған Алма Жақсылыққызы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн