БОРАТСТАНДА МҰНДАЙ ДА ЖАЗА БОЛАДЫ

«Бүгін масқара сот болды. Қазақстандағы Назарбаев сотының оңғаны жоқ қой, бірақ бүгінгі сот шешімі тіпті қисынға келмейді. Бауыржан Байбек туралы, оның ұры, жемқор екені туралы фильмді /желіден/ өшірмегеніміз үшін, сот Zhanbolat Mamay екеуміздің жүргізуші куәлігімізді тартып алды. Байбек туралы фильм мен көлік жүргізу құқығының арасында қандай байланыс бар? Әлде Байбек сотқа ықпалы мен бар әкімшілік күшін көрсетпек пе?

Қош! Білгеніңді істе. Сенің ұры, жемқор екеніңді бәрі біледі, оны біз дәлелдей алдық. Сен сүйенген шіріген жүйе құлаған күнгі күйіңді әлі көреміз! Ал бізді мұндай сорақылықпен ешкім тоқтата алмайды. Күресті күлімдеп, басты тік көтеріп жалғастырамыз, тарихи жеңіс бәрібір біздің жақта!».

Бұл тәуелсіз журналист Инга Иманбайдың жұртшылыққа жеткізген хабары. Иә, дәл солай, қазақ елінің соты Жанболат екеуінің автокөлік жүргізушісі куәлігін алып қою туралы шешім шығарған. Көшенің кәдімгі бұзақысы сияқты «шпаналық» шешім шығарған соты бар елді қалай «Боратстан» деп атамайсың?!

«Азаттыққа» сілтеме жасап, болған «бораттық болмыстың» тігісін жазып айтар болсақ, «16 қарашада Алматының Әуезов аудандық соты саяси белсенді Жанболат Мамай мен журналист Инга Иманбайды жүргізуші куәліктерінен уақытша айырды. Бұған дейін жеке сот орындаушылары «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы видеоны өшіруден бас тартып, сот шешімін орындамаған Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен сотқа шағым түсіріп, жауапкерлерді көлік жүргізу құқығынан айыруды сұраған еді», деп жазады «Азаттық».

Бұл базбұзарлыққа Байбектің өтініші себепкер болған. Байбек айтты екен деп әй-шәйға қарамай, сот оның сұранысын қолма-қол және айна-қатесіз орындап берген. Иә, байбектер басшылық құрған Боратстанда мұндай да сот жазасы болады екен!

Cудья Толқын Далабаеваның сөзінше, Инга Иманбайдың 2007 жылы алған жүргізуші куәлігі 10 жылға беріліп, 2017 жылы уақыты өткен. Тиісінше мерзімі өтіп кеткен куәліктен айыру мүмкін емес, бірақ Иманбай жаңа куәлік те ала алмайды. Ал Жанболат Мамай жарамды жүргізуші куәлігінен уақытша айырылды.

Мұны саяси тапсырыспен орындалған іс деп бағалаған белсенділер апелляциялық шағым түсірмекші. «Бұл жерде ешқандай да әділдікті, шындықты көріп тұрған жоқпын. Сот шешімін орындамағаны үшін жүргізуші куәлігінен айыру бұрын-соңды болмаған. Алимент үшін, не болмаса /арақ/ ішіп алып көлік жүргізгені үшін, өрескел заң бұзып, жол көлік апатына қатыссаң – жүргізуші куәлігінен айыруы мүмкін. Бірақ сот шешімін орындамады деп куәліктен айыру – болмаған. Бұл саяси тапсырыспен жасалған сот процесі», – деді Жанболат Мамай.

Біздің тілшіміз бұған дейін Жанболат Мамаймен сұхбаттасқан еді. Демпартия жетекшісі желіге жүктелген фильмді өшірмеймін деді. Ол БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комитетіне де арызданбақ, «егер комитет Байбек адал екен, сендердікі жөн болмапты» десе ғана өшіруге болады», – дейді Жанболат Мамай.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн