БІЗДЕГІ «АЛТЫН АЛҚАНЫ» ЛОМБАРД ТА АЛМАЙДЫ

Немесе Көп балалы отбасыларға әр елде қандай көмек көрсетіледі?

Франция

Көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында 1921 жылы қабылданған «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, бала саны көбейген сайын, салық азая береді. Мысалы, төрт баласы бар отбасы салықтан мүлде босатылады. Бұл жеңілдік бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел таралған.

Германия

Дәл осындай жүйе Германияда да бар. Өмірге келген кезекті сәби үшін анасы салық жүйесінен жеңілдік бонус алады. 2015 жылы Германиядан қонаққа келген бұрынғы жерлесіміз (2005 жылы Қазақстаннан көшіп кеткен): «Үшінші ұлым үшін ай сайын 600 евро төлейді. Бала тумастан бұрын жеңілдікпен несие беріп, екі бөлмелі пәтерді үш бөлмеге ауыстырдық. Қоғамдық ұйымдар қысқы-жазғы балалар коляскасын, баланың төсегін және балаларға арналған біраз киім-кешектерді сыйлыққа әкеліп тастады. Германияда түріктер өте көп. Кейбір түрік отбасылары мүлде жұмыс істемейді. Себебі балаларға мемлекет беретін ақшалай көмек өмір сүруіне толық жетеді», – деген болатын.

Швеция

Көп балалы отбасыларға елеулі жеңілдіктер бар және ол кезекті сәби туған сайын өсе береді. Сондай ақ табысы аз отбасылар үшін қосымша жәрдемдер бекітілген. Мысалы: пәтерақы төлеуден босату, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне тегін қатысу және азық-түлікті тегін алуға арнайы талон беріледі.

Финляндия

Жәрдемақы мөлшері қомақты елдердің бірі. Бір қызығы, Финляндия аумағында босанған барлық әйелге берілетін (қай елдің азаматы болса да) «Шаранаға сыйлық пакеті» бар. Оның ішінде сәби бір жасқа толғанша керек дүниенің бәрі қамтылған.

Польша

Табысы төмен көп балалы отбасына арнайы жәрдемақы тағайындалады. Егер отбасында мүгедек бала болса және оның күтіміне байланысты ата-анасының бірі жұмысқа шыға алмайтын жағдайда – жәрдемақы мөлшері екі есе артады.

Чехия

Босанатын әйелге жеңілдіктер бекітілген. Өмірге әкелген әр баласы әйелдің зейнетке шығу жасын бір жылға кемітеді. Мысалы, он бала тапса, өз құрдастарынан зейнетке он жыл ерте шығады.

Израиль

Төртінші баладан бастап, әрі қарай ең кенжесі 18 жасқа толғанша жәрдемақы төленеді.

Біріккен Араб Әмірлігі

Шаңырақ көтерген жас отбасына елдің Неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарызды мүлде ұмытып кетеді. Дүние есігін ашқан сәби қыз болса, 50 мың доллар, ұл болса – 200 мың доллар шамасында сыйлық беріледі. Бұл ақшадан бөлек кішігірім вилла кілтін де қоса тапсырады.

Кейбір елдерде көп балалы отбасына берілетін жәрдемақы мөлшері: 
АҚШ – 200 доллардан бастап;

Франция. Отбасы табысы 5000 евродан аз болса, әрбір отбасы мүшесіне ай сайын 180 евродан бастап;

Германия. Әрбір балаға 170 евро;

Австрия. Әрбір балаға 160 евро;

Ресей. Үшінші баладан бастап, сәби 3 жасқа толғанша 6000 рубль.

Қазақстанда мұндай әлеуметтік жеңілдіктер туралы тоқталып жату артық болар… Біз бірқатар көп балалы аналармен де пікірлескенбіз. Бұл ретте Алматы қаласы, Жетісу аудандық «Көп балалы аналар» одағының мүшесі Рабиға Ақанованың айтуынша, көп балалы анаға берілетін жәрдемақы тіптен айтуға да келмейтін дүние.

– Мен 9 баланың анасымын. Көп балалы ана атанып, алтын алқаны өңіріме тақтым. Кейде жаным қысылғанда, сол алтын алқаны алып, ломбардқа өткізгім келеді. Бірақ оны ломбардтар да алмайды. Себебі сынамасы жоқ, таза алтын екеніне де күмән көп. Кезінде кеңес өкіметінде жарық, су, жолақысы көп балалы аналарға тегін болды. Мұнымен мен кеңес өкіметін аңсап отырған жоқпын. Сол Ресейде 5 балалы аналарға тегін үй беретін мемлекеттік қор бар екен. Ал бізде 16 мың теңгені бергендерін жыр қылады. Ол жәрдемақыны рәсімдеу үшін қаншама құжат жинауың керек?! Оны жұмыс істейтін әйелдерге бермейді. Кірісің көп деп. Ал жұмыссыз отырған әйелдерге 16 мың теңге бір айға жете ме?! Министрлер өзі сол 16 мың теңгенің түскі асын іше ме екен?! Бізде кейбір шенеуніктер бар, жағдайыңды айтып барсаң, «баланы тусаң, өзің үшін тудың» деп шығарып салады», – деді Рабиға Ақанова.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

Qamshy.kz

Республиканский еженедельник онлайн