БІЗДІҢ Навальный ҚАЙДА?

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, экс-дипломат:

Қазақстандық Навальный бар және олардың саны көп. Бірақ Ресейден бір үлкен айырмашылығымыз бар, біздің навальныйларымыздың дені әлеуметтік желіде отырады. Ал шын мәнінде айтсақ, бізге жалпы оппозиция күштерін біріктіруші және халық сенетін жаңа көсемдер керек. Жол көрсететің жарық түсіретін Данко қажет. Қазіргі уақытта өзін көсем деп санайтын тұлғаларға әртүрлі себеппен сенім жоқ. Билік олардың саяси сахнаға шығатын жолдарын, есіктерін «шегелеп тастаған».

Соңғы сайлау биліктің сондай әрекеттерін жақсы көрсетті. Енді қоғам өз қатарынан жаңа көсемдерді шығаруы қажет. Ал шығармаса, тұйыққа тірелеміз. Негізінде, алдымызда бір ғана тандау тұр: не жаңа көсемдермен алға жылжимыз, не осы қалпымызда қаламыз да, кейін еліміздің тәуелсіздігінен айрыламыз. Сондықтан, оян, азамат және ойлан, азамат!

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ-Болашақ» қозғалысының жетекшісі:

 Владивостоктан Санкт-Петербургқа дейін Ресейдің барлық қалаларын шарпыған шеру-толқу бізгеде ой салып кетті. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, даудың басында заңгер –оппозиционер Алексей Навальный тұрғанымен, шерулердің түп-төркінін ақтарсаң, басқа нәрсе бар екенін көруге болады. Ол – халықты путиндік биліктің жалықтырғаны, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі, экономикадағы күйзеліс, Кремльдің империялық амбициясының кесірінен АҚШ бастаған Батыс елдерінің саяси-экономикалық санкцияларына душар болуы, үркердей бай-манаптардың халыққа тиселі байлықты тонауы т.б. Мұның бәрі қара халыққа ауыр тиді.

Ақыры халықтың шеруге шығуына алып келді. Ресей жұрты Путинді алмастыратын тұлға іздеуде. Әзірге оның «рөлін» Навальный ойнауда.

Ақиқатын айтар болсақ, біздегі жағдай да Ресейге ұқсас. Бізде де билік халықты бала секілді алдап ұстағысы келеді. Бар байлық азғантай олигархтардың қолында, экономикада өсім жоқ, халықтың тұрмыс-тіршілігі төмен. Заң-закон билікке оңтайластырып қана жасалады. Саяси реформалар жоқ. Жемқорлық дендеп барады. Парламентте сол баяғы үш партия, онда билікке жаққан депутаттар отыр. Мемлекеттің негізі болатын орта буржуазия қалыптасқан жоқ. Тілдің түрі анау, сан ағымға бөлінген дініміз мынау. Тізе берсек проблема жетеді.

Қазіргі Қазақстандағы жағдай жарылғалы тұрған бітеу жара іспетті. Егерде ресми астана Ресейдегі болып жатқан жағдайдан сабақ алып, халыққа мойын бұрғысы келмесе, бізде де бір Навальный шығып, билікке қарсы «қалмақтың шаңды жорығын» жасары әбден мүмкін.

Арман Шораев: Навальныйды не үшін ӨЛТІРМЕК болғанын енді түсіндім

  • Ресейдегі митингілерге байланысты Аrasha.kz сайты «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы әрі авторы Арман Шораевтың пікірін білген екен. Біз танымал азаматтық сол пікірін ықшамдап жариялап отырмыз.

– Ресейде Навальныйды қолдап, алаңға жүз мыңдаған халық шықты. Митингке шыққан халықтың екпіні басыла ма, жоқ әлде одан сайын арта түсе ме?

– Соңғы 20 жылда бері Ресейді жемқорлар басқарып, халықты әбден кедейлендіріп жіберді. Менің ойымша, халықтың алаңғы шығуы артпаса, кемімейді. Өйткені Навальныйдың Ютубтағы Путиннің сарайына қатысты деректі фильмін 80 миллионнан астам адам көрді. Бұл 80 миллион адамның 50 миллионы ресейліктер. Ресейде 140 миллион халық тұратынын ескерсек, шал мен кемпір және де балалардан басқа халықтың 80 пайызы осы фильмді қараған деген сөз. Осыдан кейін тіпті бұрын Путинге дауыс беріп, қолдап жүрген азаматтардың ойлары өзгерді. Сол себепті Ресейдегі көтерілістің екпіні одан сайын арта түседі.

– Путин биліктен өз еркімен кете ме, жоқ әлде революция ықпал ете ме?

– Путин ешуақытта биліктен өз еркімен кетпейді. Егер ол биліктен кететін болса, онда ол сотталуы мүмкін. Сондықтан ол өзінің билігін соңына дейін қорғайды. Нақтырақ айтсам, ол қан төгуден де тайынбайды. Бір сөзбен айтқанда, Путин биліктен революция арқылы ғана кетуі мүмкін. Ресей халқы әр жүз жыл сайын роволюция жасап отыратын халықтың бірі деп ойлаймын. Қазіргі таңда халықтың жағдайы нашарлап, шыдамы таусылды. Оның үстіне мұнай мен газ, жер асты қазба байлықтарының бағасы арзандап, әлеуметтік жағдай күн өткен сайын нашарлап бара жатыр. Менің ойымша, Ресейде алдағы 3-4 жылда күрделі жағдай туындайды.

Путин оңайлықпен өз билігін бере салмайды. Әскер мен полиция, құқық қорғау органдары арқылы екі жақтың арасындағы егес 3-4 жылға дейін созылады деп ойлаймын. Жалпы, Ресей мен Қазақстанда оңайлықпен демократия орнамайды.

– Қазір халықтың талабы Навальныйды босату болып отыр. Бұл талап орындала ма, жоқ па?

– Жоқ, қазір Навальныйды босатпайды. Деректі фильмді көргеннен кейін, биліктің Навальныйды не үшін өлтірмекші болғанын түсіндім. Өткені фильмді шығармау үшін оны өлтіруге дайындалған екен. Сондықтан да оған қандай да бір жалған айыптар тағып, 5-6 жылға бас бостандығынан айырады.

– Қазір халықтың талабы Навальныйды босату болса, кейін бұл талап Путинді тақтан тайдыруға дейін жалғасуы мүмкін ғой…

– Әрине! Біздің елде ғана 10-20 жыл билікте отыра беретін жүйе қалыптасқан. Негізі ондаған жыл биліктен отыра беру дұрыс емес. Билік жиі-жиі ауысып отыру керек. Сонда ғана жемқорлық және тағы басқа зияды дүниелермен күресе аламыз.

– «Егер Путин орнынан кетіп, оның орнына демократ басшы келсе, біздің елде де оң өзгеріс болады» деген пікір бар. Бұл пікірдің қаншалықты жаны бар?

– Әрине Ресейде билік өзгерсе, бізде де оң өзгеріс болады. Негізі, біздің елде парламенттік емес, мықты президенттік басқару болуы керек. Бірақ ол президенттер екі мерізіммен 4-5 жылда ауысып отыруы керек. Осындай талап орындалған жағдайда ғана оң өзгерістерге жете аламыз. Әйтпесе, баяғы жартас – сол жартас болып қалады.

– АҚШ-қа Байденнің президент болып келуі Ресейге қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Ресей Трамптың кезінен де қатты таяқ жейді. Негізі республикалық және демократиялық партияның Ресейге көзқарасы жақсы болып, көмек жасаған емес. Ал демократтар керісінше өздерінің прициптеріне сәйкес, Путиннің көзін құртуға тырсады.

Бірақ менің бір байқағаным – Америкаға Путиннің тағы 10-15 жыл билікте отырғаны тиімді. Өйткені Ресейдің ең бірінші жауы – Америка немесе НАТО емес, Путин мырза. Путин өз достарымен бірге Ресейдің ту-талақайын шығарып жатыр. Путиннің алаяқтық саясаты жалғаса берсе, Ресей Федерациясы саяси картадан жойылып кетеді.

– Яғни, осы арқылы татар, башқұрт секілді түркі халықтарының тәуелсіздік алуға мүмкіндігі бар дейсіз ғой…

– Әрине, түркі халықтарының тәуелсіздік алуға ықтималдығы және құқығы да бар. Мәселен, Кремль «Қырымдықтар өздерінің болашағын референдум арқылы шешті» деп айтып отыр ғой. Егер дәл сондай құқықты татар, башқұрт, дағыстан ингуш, шешен және қарашайларға берсе, олар бір күнде референдум арқылы тәуелсіздік алып кетер еді.

Жалпы қазақтар бақытты халықпыз ғой. Қазақ деген атымыз бен Қазақстан деген мемлекетіміз бар. Башқұрт, татар, бурят, тувалықтардың неге осындай мүмкіндігі болмауы керек? Олардың да жеке мемлекет болуға құқығы бар.

Менің ойымша, болашақта Ресей бытырап, оның аясы Мәскеумен шектелетін болады. Осы кезде қазба байлықтары мол якут халықтары өз алдына бөлек мемлекет бола алады. Дәл солай қалмақ сынды халықтар бой көтереді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Аrasha.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн